Еуропада мэр болған тұңғыш мұсылман

0
4913
9 миллион халқы бар Лондонның тізгіні 2016 жылдан бері Садик Ханның қолында

2016 жылдың көктемінде өткен Лондон мэрінің (әкім, – ред.) сайлауында Лейбористік партиядан ұсынылған кандидат Садик Хан сайлаушылардың 44% дауысын иеленіп, Корольдік тарихында Ұлыбритания астанасының тізгінін қолына ұстаған алғашқы мұсылман болды. Сол тұста Германияның әлемге әйгілі «Der Spiegel» апталық журналы Садик Ханның жеңісіне «Исламофобияның жеңілісі» деп баға берді. Ал, оның сайлаудағы жеңісіне барша мұсылманның қуанғаны да жасырын емес. Әлемдегі 1,8 млрд мұсылман текке қуанбапты. Өйткені, өзінің мықтылығын дәлелдай алған Садик Хан былтырғы Лондон мэрінің сайлауында екінші рет жеңіске жетті. Сонымен, ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін 2024 жылға дейін 9 миллион халқы бар Лондонды басқаратын Садик Ханның өмір мен саясаттағы жолына тоқталады.

28 жылдан бері жұптары жазылмай келе жатқан Садик пен Саадия Хандар

АРАҚ ІШПЕЙТІН, ОРАЗА ҰСТАЙТЫН МЭРДІҢ ӨНЕГЕЛІ ӨМІРІ

Садик Хан 1970 жылы 8 қазанда Лондонда дүниеге келді. Оның ата-анасы болашақ мэрдің өмірге келеріне аз уақыт қалғанда Пәкістаннан Англияға қоныс аударған. Ал, ата-әжесі кезінде Пәкістанға Үндістаннан көшіп келген деседі.

Ол – үйдің бесінші перзенті, сегіз ағайынды (жеті ұл, бір қыз). Әкесі Амуналла ұзақ жылдар бойы автобус жүргізушісі, анасы Сехрун тігінші болды.

Көп балалы отбасы Лондонның оңтүстік-батыс бөлігіндегі шағын үйде тұрды. Қарапайым отбасынан шыққан Садик Хан жергілікті мектепте, Эрнест Бевин атындағы колледжде білім алды. Мектепте жүргенде-ақ саясатқа қызыға бастады. 15 жасында Лейбористік партияның қатарына енді.

Садик Хан бала күнінде тіс дәрігері болуды армандаса да, Солтүстік Лондон университеті мен Гилфордтағы заң колледжінде заңгер мамандығын алып шықты.

Университетті аяқтағаннан кейін бір заңгерлік компанияда тағылымгер (стажер), тіпті үш жылдан кейін сол компанияның серіктесі болды. Ал, болашақ мэр 2005 жылы Тутинг аймағынан Ұлыбритания Парламентінің төменгі палатасына мүшелікке (Қауымдастар палатасы, – ред.) өтті. Парламенттегі алғашқы сөзінде саясаткер әкесінің жастайынан Мұхаммед пайғамбардың өмір жолы мен хадистерін үйреткенін еске алғаны еуропалық мұсылмандардың мерейін үстем етті. Осылайша, британдық беделді саясаткердің біріне айналған Садик Хан 2009 жылы Көлік министрі қызметіне тағайындалды. Бүгінде əлемдегі ең ірі мегаполистердің бірі – Лондонның басшысы.

Қала мэрі қызметіне кірісер алдында Садик Хан мұсылман ретінде шарап ішпейтінін, Рамазан айында ораза ұстайтынын, мешітке жиі баратынын айтқан болатын.

Жеке өміріне тоқталар болсақ, Садик хан 1994 жылы заңгер Саадия Ахмедке (тұрмысқа шыққанда күйеуінің фамилиясын алды, – ред.) үйленді. Қос заңгер Аниса (23 жаста) мен Аммара (21 жаста) есімді қыздарын тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана.

Айта кетсек, бұған дейін кәрі құрлықта еуропалық астана тізгінін ұстаған мұсылман саясаткер болған емес.

2021 жылғы Лондон мэрінің сайлауында сайлаушылардың 55,2% дауысын (1,2 млн адам) алған Садик Хан мегаполисті 2024 жылға дейін басқарады

«КЕЛІМСЕКТІҢ» ҰРПАҒЫ ЛОНДОННЫҢ МЭРІНЕ ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫ?

Жоғарыда жазғанымыздай, 2016 жылы Лондон мэрінің сайлауында Садик Ханға сайлаушылардың 44%-ы дауыс берді. Оның басты қарсыласы – Консерваторлар партиясының үміткері, миллионер Зак Годсмит сайлаушылардың 35% дауысын еншіледі.

2016 жылға дейін Лондонды сегіз жыл бойы басқарған Борис Джонсон (қазіргі премьер-министр) бұл науқанда өзінің партияласы Зак Годсмитке қолдау көрсетті. Алайда, ақсүйектік тегі де, әкеден қалған байлығы да, әйелінің атақты фамилиясы да, тіпті консерваторлар жетекшісі Дэвид Кэмерон мен Борис Джонсонның қолдаулары да Зак Голдсмитке тегі пәкістандық Садик Ханның алдын орап кетуге көмектесе алмады. 

Бұған дейін христиандық Еуропа мұсылман дініндегі азаматты билік басына сайламақ түгілі, кәрі құрлықта мұсылмандар санының артып келе жатқанына наразы болды. Осы орайда «Сайлауға қатысқандардың 44 пайызы Британ корольдігін паналап келген «келімсектің» баласына неге жақтап дауыс берді?» дейтін заңды сұрақ туындайды. Сөйтсек, Садик Ханның қарапайым халыққа жақындығын британдықтардың басым бөлігі баяғыда-ақ мойындаған екен.

Рас, Лондон басшысы өзінің еңбекқорлығы мен адалдығының арқасында саясаттағы орнын ойып тұрып алды. Астана халқының Лондон мэрінің тізгінін Садик Ханның қолына екі рет сеніп тапсырулары сондықтан болар. Осы тұста сөзіміз дәлелді болуы үшін бір мысал келтіре кетсек артық болмас.

2016 жылғы сайлау алды науқан кезінде жүз жылдық тарихы бар атақты британдық BBC (Би-Би-Си) теле-радио компаниясының тілшілері екі үміткердің, атап айтқанда, Садик Хан мен  Зак Голдсмиттің халыққа қайсысы жақын екенін тексеріп көру үшін бір сынақ ұйымдастырса керек. Тілшімен бірге таксиге отырған мэр қызметіне үміткерлер Лондонның метро бекеттерінің атын атап, көшелерін түстеп беруі тиіс болыпты. Сонда аталған сынақтан Садик Хан сүрінбей өтсе, Зак Голдсмит метромен көп жүретінін алға тартса да (миллиардер баласының бұл сөзі лондондықтардың күлкісін тудырғаны жасырын емес), жақын маңдағы метро бекеттерінің атын атауға қатты қиналып, масқара болғанда, Лондон мұражайының қай жерде орналасқанын айта алмай мүдіріп қалыпты. Осылайша, қараша халықтың алдында ұятқа қалған Зак Голдсмит сайлаушылардың басым бөлігін өз бағдарламасына сендіре алмаған екен.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Садик Хан 2020 жылға дейін лондондықтарға қоғамдық көліктердің бағасын қымбаттатпай, сол күйі қалдыруға, баспана бағасына тұсау салып, әлеуметтік тұрғын үйлерді көптеп салуға және полиция құрамында саны аз этнос өкілдерінің санын көбейтуге уәде берген болатын. Ал, уәде – Құдай сөзі екенін Лондон басшысы жақсы түсінеді. Сондықтан өзі басқарып отырған қала халқының, тым құрығанда оған дауыс берген 1,3 миллион тұрғынның сеніміне селкеу түсірмеу үшін тынбай еңбектенді. Сайлау алдында берген уәделерінің басым бөлігін орындады. Мысалы, 2021 жылдың басында полицияны қаржыландыру және оқушылар мен зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүру үшін қалалық тұрғын үй салығын 9,5%-ға көтерді. Мэрдің бұл шешіміне Лондон халқы қарсы болған жоқ. Ал, 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты өзінің айлығын 10%-ға қысқартып, көпке үлгі болды. Садик Ханның іскерлігін жоғары бағалаған Лондон халқы былтыр оған мегаполис тізгінін қайта сеніп тапсырды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here