Батыр қалалар Қазақстанда неге жоқ?

0
5153
Волгоград қаласындағы (Ресей) 85 метрлік «Родина-мать зовёт!» монументі

Ерлік тағдыр соққыларын жеңіл көтереді, алайда тағдырдың жетегінде кетуге болмайды. Кез келген соғыс – адамзат үшін үлкен апат. Соғыс кезінде опат болғандармен қатар халық шаруашылығының барлық саласы үлкен шығынға ұшырады. Онымен бірге бейбіт жатқан қалалар да жермен-жексен етілді. Соғыстың үлкен-кішісі болмайды. Бомба жарылып, оқ атылды ма, ол аймақ соғыс жағдайында болады.

ЕЛІМІЗДЕ БАТЫРЛАР БАР, БІРАҚ БАТЫР ҚАЛАЛАР ЖОҚ

Соғысқа Кеңес Одағының барлық халқы бірдей үлес қосты. Антигитлерлік коалицияға қарсы соғысқан ұлттардың арасында қазақ халқының да қосқан үлесі зор. Соғысқа 1,8 млн аға-апаларымыз қатысып, ұлы ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Осыған орай Бауыржан Момышұлы: «Соғыс қазақ халқының тарихын күрт өзгерткен, бұрылыс әкелген, миллиондаған отандасымыздың арасында өшпес із, жазылмас жара қалдырды», – деген болатын.

Соғыс тарихы бізді ерлікке және өз Отанын сүюді үйретті. Одан алар тағылым да, қайсарлық та бар. Ерлік, шын мәнінде, ұлы іс. Екінші дүниежүзілік соғыс әлемге қолданыстағы марапаттау жүйелеріне сәйкес келмейтін жаппай батырлықтың мысалдарын тудырды. Оның түпкі негізінде біржақты ұғымдар категориясы қалыптасты. «Жеңісті әкелген ұлы орыс халқы, көп зардап шеккен де, көп шығынға ұшыраған да Ресей халқы» деген түсінік қалыптастырды. Сондықтан ол Ресей қалалары мен халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру үшін ортақ қазынадан мол қаржы бөлуге алып келді. Осылайша, Ресейде алғашқы Батыр қалалар пайда болды. Ол үшін арнайы Ережелер түзілді. Сөйтіп, Ресейде даңқты қолбасшылар мен батыр қалалардың алғашқы тізімі жасалды. Кейін Батыр қалалардың географиясы ұлғайтылды. Әйтсе де, бір нәрсе ескерілмей қалды.

Соғыстың ең алғашқы күнінен Қазақстанның жау тылында қалған барлық қорғаныс зауыттарын, академиялық орталық пен өндіріс орындарын қабылдап, тылды азық-түлікпен қамтамасыз етуі ескерілмеді. Жауға атылған әрбір үшінші оқтың Қазақстанда жасалғаны да тарихтан тысқары қалды. Қазақстанның Батыс өлкесінің блокадада қалуы да мүмкін еді. Алайда, Қазақстан жауынгерлері неміс барлаушыларымен бетпе-бет келіп, жаудың бетін қайтарды. Ресей тарихында бұл туралы айтылмайды. Есесіне, біз орыс әскерлерінің ерлік істерін ұмытқан да, оларды жазудан да тайынған емеспіз. Ол туралы Ресей тарихында бір ауыз сөз айтылмайды. Ресей жалғыз өзі соғысып, жауды жеңіп шыққандай әсер қалдырады.

Бүгінде елімізде батырлар бар да, батыр қалалар жоқ. Демек, біздің жерімізде соғыс болған жоқ, фашистердің бомбасы жарылып, оғы атылған емес. Тарихи ұғым солай қалыптасқан. Оны қалыптастырған КСРО тарихы. Себебі, «соғыста жеңімпаз – орыс халқы» деген ұғым!

ФАШИСТІК ГЕРМАНИЯ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАТЫСЫН НЕГІЗГІ ПЛАЦДАРМ
РЕТІНДЕ ҚАРАСТЫРҒАН БА?

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары фашистердің арнаулы барлау қызметі Батыс Қазақстан облыстарына арнайы десанттар түсіріп, стратегиялық маңызы бар орындарды қиратқандығы туралы кеңестік тарих құпия деректерді ашпай келеді. Фашистердің «Цеппелин» атты диверсиялық барлау тобы 1942-1944 жылдары Қазақстанға әуе кеңістігінен агенттік топтар түсіріп, қол жетпеген жерлерді бомбаның астына алған. Диверсиялық топ антикеңестік үгіт-насихат жүргізу мақсатымен елімізге әуе жолдары арқылы агенттерді түсірген. Ол туралы қанша жерден жасырғанмен, тарих бетіндегі «тыртықты» сылып тастай алмасымыз анық.

Жалпы, фашистік Германия Екінші дүниежүзілік соғысқа ұзақ жылдар бойы дайындық жұмыстарын жүргізген. Ол үшін алдын ала КСРО-ның аумақтық картографиясы сызылған. Ол картада КСРО-ның жекелеген республикаларына, аумақтары мен аса маңызды стратегиялық облыстарына географиялық шолу жасалған. Бұл қатарға КСРО-ның Еуропалық бөлігі мен стратегиялық шикізатқа бай Қазақстанның батыс аймағы жатқызылған. Қазір ол карта Ресейдің Бас штабында аса құпия белгімен сақталған.

Бұған дәлел ретінде халқымыздың хас батыры Бауыржан Момышұлының 75 жылдан соң архивінен табылған мына айғақты тартуға болады. Неміс карталарының екінші бетіне өз жазбаларын түсірген Баукең сол кезде оған аса мән бермеген сыңайлы. Ол карталар 1939-1941 жылдары шыққан. Карта А4 форматында басылған іспетті. Алғашында Еуропаның шығыс бөлігіне таяу орналасқан Түркия мен Италия аймағы түсірілсе, Қазақстанның солтүстік-батыс аймағын алып жатқан Қостанай облысы да анық қамтылыпты. Осыған орай фашистік Германияның қазақ жерінің Батыс аймағын басып алуын жоспарлағанын көреміз. Әрине, бұдан немістердің Қазақстанның стратегиялық аймағы саналатын Орал, Атырау, Ақтөбе аумағын да негізгі плацдарм ретінде қарастырғанын байқауға болар еді.

Сталинград майданының ең жақын тылы Жәнібек пен Бөкей ауданы болған. Сол кезде соғыс болып жатқан іргедегі Сталинград пен Батыс Қазақстан облысы 500 шақырымдай шекараласып жатқан. Шабуыл салдарынан теміржол вокзалы, мектеп, аурухана мен өндіріс орындары қирап қалған. 1942 жылы неміс-фашист авиациясы Сталинград майданына апаратын теміржол байланысын үзіп тастау үшін Орал облысының Сайқын, Шұңғай, Жәнібек станцияларына шабуыл жасап, 538 рет әуебомбасын тастаған. Шабуылдан бейбіт тұрғындар қаза тапқан. Ресми деректер сол сұрапыл жылдары Жәнібек ауданына – 40, Сайқынға – 38, Шоңғайға – 24 рет әуе соққысы жасалғанын айтады. Соның салдарынан 300-ден аса бейбіт тұрғын қаза тауып, 250-ден астам әскери жауынгер ауыр жарақаттанған. Бейбіт халық жауынгерлермен бірге туған жерлерін ерлікпен қорғап, жаудың 16 әскери ұшағын атып түсірген.

Фашистік Германия Қазақстан мен Орта Азияға кең көлемде диверсиялық барлау жұмыстарын жүргізу арқылы осы аумақтағы түркі халықтарынан «бесінші колонна» жасақтауды көздеген. Сондай-ақ, Гурьев облысының мұнайлы аймақтарына да диверсанттар түсіп, барлау жұмыстарын жүргізген. Жау барлаушылары Новобогат, Жылыой аудандарында қаскүнемдік әрекеттері үстінде жергілікті чекистердің күшімен қолға түскен. Осылардың бәрінде жергілікті халық еріктілері мен қауіпсіздік қызметкерлері тарапынан тойтарыс тапқан. Олар көбіне өнеркәсіп нысандары мен мұнай құбырларын құртуды көздеген. Алайда, жаудың бір оқпен жаулап аламыз деген ойының күл паршасы шыққан. Осылайша, қазақ отбасылары бала-шағасымен өз жерін өздері қорғаған. Зерттеушілердің анықтауы бойынша, бүгінде қазақ жерін көктей өтетін Астрахань мен Саратов темір жолы бойында 50-ге жуық Бауырластар зираты бар көрінеді. Бұл нені көрсетеді?!

Сталинград майданында болып жатқан соғыс қимылдарына жанында тұрған Батыс Қазақстан облысының барлық құрылымы тартылған. 1942 жылы КСРО Қорғаныс комитетінің шешімімен Сталинград майданының ең жақын қорғаныс тылына – Орал, Ақтөбе, Гурьев облыстары тартылып, соғыс жағдайына енгізілді. Осыған сай 1942 жылы 16 қазанда Батыс Қазақстан өңірі аймақ бойынша майдан орталығына айналып, арнайы комитет құрылған. Аймақ КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен оперативтік әуе шабуылынан қорғану пункттерінің санатына енгізілген. Бүгінде осылардың бірде-бірінің сайда саны, құмда ізі жоқ.

Иә, оны жер-жерлерде қойылып жатқан ескерткіштермен алмастыра алмайсың.

Міне, жеңістің салтанат құрғанына биыл 77 жыл толады. Енді бірер жылда 80 жылдығын атап өтеміз. Алайда, біз осы уақытқа дейін өзгенің тарихымен өмір сүріп келеміз. Ресейдің соғыста «Біз жеңдік!» деуі де сондықтан. Оған себеп ретінде соғыс кезінде жергілікті тұрғындардың өздері қорғаған, бүлінген, жау қолында қалған қалаларын қайта қалпына келтіріп, олардың соғыс кезінде фашизмге бірлесе қарсы тұрып, ұлы ерлік көрсетуін дәріптеуде алдына жан салмауы болып отыр. Соғыс тақырыбын мәңгілік мұра етіп алған Ресей билігі оны ұрпаққа үлгі етудің идеологиялық жолы ретінде «Батыр қалалар» атауын тауып алуы да үлкен жеңістің бірі ретінде тойланып келеді. Ал, «Біздің жерімізде соғыс болды» деген елімізде қандай белгілер бар? Осы тақырып бізді қатты ойландырады.

Бұрнағы жылы Бөкей және Жәнібек аудандарының тұрғындары аудандарға «Қаһарман аудан» атағының берілуін сұрап, республика халқына үндеу де тастаған болатын. Мәселе өте орынды еді. Оны біз Ресей үкіметінен емес, өз үкіметімізден сұрап отырмыз. Бұл аудандардың шекаралық аудан екенін ескере отырып, бүгінгідей алмағайып заманда оның аса маңызды ұлағатты шара екенін де ескеруіміз керек. Бұл – өте құптарлық бастама!

«БАТЫР ҚАЛА» АТАҒЫН БЕРУДЕ АЛАЛАУ БОЛДЫ МА?

Жалпы, «Батыр қалалар» атауы қалай шықты және қандай жағдайда орын алды? Енді сол туралы бірсыдырғы шолу жасап көрейік.

 Ресейде қалыптасқан дәстүрлі тәжірибелер бойынша әскери бөлімдерді марапаттау бұрын да бар болатын. Оларға құрметті атаулар мен Қызыл Тулар берілетін. Ал, ерлік пен елдіктің, батырлық пен Отаншылдықтың символы болған қалаларды қалай марапаттауға болады? Осы жағдайларды ескерген партия басшылығы жаңа дәреже енгізді. Ол – соғыс кезінде жауға қарсы жаппай күрескен қалаларға «Батыр қала» атағын берумен ұласты.

«Батыр қала» атағы – алғаш рет КСРО Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Иосиф Сталиннің 1945 жылғы 1 мамырдағы № 20 бұйрығымен бекітіліп, ол ресми мереке ретінде «Еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күніне» орай мерекелік салют беру арқылы атап өтумен шектеліп келген-ді. Мерекеге орай одақтас он бес республиканың астаналарында, сондай-ақ Батыр қалалар – Ленинград, Сталинград, Севастополь және Одессада артиллериядан 20 мәрте от шашулар беруге бұйрық берілетін.

1945 жылғы мамыр айына дейін КСРО азаматтарында аталмыш мәселелер бойынша ешқандай сұрақ туындаған жоқ. Алайда, бұл тізімді одан әрі кеңейтуге болатыны, бірақ оны қысқартуға болмайтыны белгілі еді. Ленинград, Сталинград, Севастополь және Одесса қалаларының жаудан қорғану кезіндегі ұлы ерліктерін ескермеу мүмкін емес еді. Қалған қалалармен бұл мәселенің басы ашық болатын. Мәскеудің айналасында, сондай-ақ жеті одақтас республиканың астаналарында қызу шайқастар болғаны белгілі. Сонымен қатар, одақтас республикалар астаналары (Минск, Киев, Кишинев, Вильнюс, Рига, Таллин) жау қолында қалғаны да мәлім. Жұмсартып айтқанда, олар назардан тыс қалған-ды. Бұл жерде батыс майданының әскери қолбасшылығының толық құрамда атылып кеткенін қалай ұмытуға болады? Вильнюсте соғыстың екінші күні орын алған кеңес жүйесіне қарсы көтеріліс оны автоматты түрде құрметті мәртебесінен айырды. Таллин мен Рига неміс оккупациясы кезінде өздерін сындарлы жағынан көрсете алмады – олар оны тым оң қабылдады. Ал, бұл қалаларды азат ету, анау айтқандай, қуаныш бола қоймады, ол керісінше белгілі бір ащы өкініш тудырды. Алайда, қорғаныс қабілеті жаппай халықтық тұрғыда болған басқа қалаларды қалай қабылдауға болады?

Шын мәнісінде, кейбір қалаларды қорғауда, әскерден басқа халықтың да қарсы тұрғанын ұмытпағанымыз абзал. Бұл мәселе саяси тұрғыда шешім қабылдауды талап етті. Жанама түрде ол КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1961 жылғы 21 маусымдағы «Киевті қорғағаны үшін» медалін шығару туралы Жарлығында жан-жақты айтылды. Киев – «Орыс қалаларының анасы», «Батыр қала» деп аталды. Бұл Жарлық Киевті саяси тұрғыда ақтап, қайта қалпына келтіруге жол ашты. Егер Ленинград, Сталинград, Одесса және Севастополь қалаларын «Азат еткені үшін» медалі 1942-1944 жылдары бекітілсе, Украина астанасын қорғағаны үшін медаль тек саяси жылымық орнағаннан кейін барып пайда болды. Неге? Бұл да тұнып тұрған саясат болатын.

1961 жылы Никита Хрущев КСРО-да билік басына келді. Ол саяси билік тұғырына Киевтен көтерілді. (1938 жылы ол Украина КП (Б) ОК-нің бірінші хатшысы болды). Хрущев 1941 жылы Оңтүстік-батыс бағытындағы әскери кеңестің мүшесі болды. Ол майданның Оңтүстік-батыс майданының жеңілісінде елдің жоғары саяси басшылығының кінәсі болғанын сезіне білді. Хрущевтің саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтауда да еңбегі болды. Украина астанасын ақтау Хрущевтің арқасында жүзеге асты. Жедел түрде Киевті «Азат еткені үшін» медалі шығарылды және оған бейресми емес «Батыр қала» мәртебесі берілді. Ресми мәртебе кейінірек шығарылды. Жеңістің 20 жылдығына орай, 1965 жылғы 8 мамырда № 3566-VІ Жарлығымен Киевке ресми түрде «Батыр қала» құрметті атағы беріліп, ол туралы Ереже бекітілді. Онда мынадай жолдар бар еді:

«1. Жоғары дәрежелі ерекшелік белгі – «Батыр қала» атағы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Отан қорғауда жаппай ерлік пен батылдық көрсеткен Кеңес Одағының қалаларына беріледі;

  1. Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Батыр қала» атағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен беріледі;
  2. Жоғары дәрежелі «Батыр қала» атағына ие болған қалаларға:

а) КСРО-ның жоғары наградасы – Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі қоса тапсырылады;

б) КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Грамотасы беріледі;

  1. Ленин ордені, «Алтын Жұлдыз» медалі және «Батыр қала» ерекше белгісі, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Грамотасы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумының қаулысымен қала жұмысшыларының өкілдеріне беріледі;
  2. Ленин ордені, «Алтын Жұлдыз» медалі және Президиум Грамотасы КСРО Жоғарғы Кеңесінің атқарушы комитетінде сақталады;
  3. Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Батыр қала» атағына ие болған қаланың туында Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі бейнеленеді;
  4. «Батыр қала» атағына ие болған қалада Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалі мен КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы Жарлығының мәтіні бейнеленген обелиск орнатылады».

 Алғашқы ресми «Батыр қала» атағы – Ленинград, Одесса, Севастополь, Сталинград және Киев қалаларына берілді. Сонымен қатар, Брест қамалына «Батыр бекініс» арнайы атағы тағайындалды.

Соғыстың алғашқы күндері мен айларындағы қайғылы оқиға «опасыздықтың салдарынан болған шабуылға» жатқызылды. Кеңес үкіметі өз қателіктерін мойындауға дайын еместігін осылайша ақтап алуға тырысты. Бірақ, бұл қателіктер өз халқын кінәлауды тоқтату үшін пісіп-жетілген еді. Осылайша, Брест қамалының қорғаушыларымен де осындай тарихи әділеттілік орнатылды.

Айта кету керек, «Батыр қала» атағына ие болған қалаларды ерекше жақсартылған жабдықтармен қамтамасыз ету немесе басқа да экономикалық преференциялар беру көзделмеді. Алайда, бұл кезде КСРО бойынша орден, медальдармен марапатталғандарды және басқа да мемлекеттік наградалармен наградталғандарға жеңілдіктерден өзге ай сайын қосымша ақшалай төлемдер жасалатын еді.

1973 жылы 14 қыркүйекте «Батыр қала» атағымен марапатталғандардың тізімін Новороссийск пен Керчь қалалары толықтырды. Новороссийск, дәлірек айтқанда, 1943 жылы Кіші жер атауын алған жер. Ол жерде Леонид Ильич Брежнев соғыс кезінде саяси басшылықта болып, жеке даңққа бөленген шағын арал болатын. Брежнев 1943 жылы 1-ші армияның құрамында саяси бөлім бастығы қызметін атқарды және оның құрамында Новороссийск – Таманск және Керчь – Эльтиген бағытындағы стратегиялық операцияларға қатысты.

1974 жылы 26 маусымда Минскіге «Батыр қала» атағын беру туралы Жарлық шықты, бұл нақты әскери операциялармен ғана емес, Беларусьтің Жеңіске қосқан жалпы үлесімен байланыстырылды. Ол Украинаға құлаған жұлдызды сарқырамамен салыстырғанда анық бағаланбаған болып көрінді. Алайда, бұл құрметті мәртебенің Могилев қаласына неге берілмегені белгісіз күйде қалды. Оның қорғаушылары көрсеткен табандылық, батылдық пен батырлық қай жағынан қарағанда да батырлық дәрежеге лайықты еді. Сондай-ақ, 1944 жылы Вермахт армиясының ең үлкен қырғынға ұшыраған жері ретінде Витебск қаласына да батыр атағы берілуі қажет еді.

1976 жылы үлкен даурықпамен Мәскеу үшін болған шайқастың 35 жылдығы аталып өтті және осыған байланысты 1941 жылы қызу шайқастар орын алған Тулаға да «Батыр қала» атағы беріліп, ол ерекше аталып өтілді.

Айтпақшы, кеңес тәжірибесі Югославияда да үлкен сұранысқа ие болды. 1970 жылдары Югославияның сегіз қаласы «Халық Қаһарманы» орденімен марапатталды. Шын мәнінде, бұл «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталғанмен тең еді. Балқан жағдайында тиісті шешімдер көбінесе саясатқа байланысты болды. Дрвар мен Прилеп шынымен ұлт-азаттық соғысының ең үлкен операциялары болған жерлер болатын. Любляна, Загреб, Приштина, Цетине және Нови-Сад бұл құрметті атақты Югославияның құрамына кіретін республикалар мен автономиялық аймақтардың астанасы ретінде алды. Ал, Белград (Мәскеу сияқты) астана мәртебесіне сай марапатқа ие болды. Мәскеу «Алтын Жұлдыз» медалін 1965 жылы алды. Оған таңқалғандар да болды. Себебі, Мәскеу үшін болған барлық шайқастар іс жүзінде Мәскеуден тысқары 100 шақырым жерлерде болған еді.

Кеңес Одағында соңғы болып, 1985 жылдың 6 мамырында Смоленск пен Мурманск қалалары «Батыр қала» атағын алды. Бұл құрмет Жеңістің 40 жылдық мерейтойына қабаттастырылып берілді. Бұл мерейтой бүкіл Кеңестер Одағы болып атап өткен соңғы той болды. 1990 жылы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы әлі де тірі болатын, әйтсе де ол соңғы демін алып жатқан-ды. Ал, соғыс тақырыбы «әшкерелеу» тұрғысынан қарастырылды.

РЕСЕЙ «ҚАҺАРМАН ЕҢБЕК ҚАЛАСЫ» АТАҒЫН ТАҒАЙЫНДАДЫ

 КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіз мемлекеттердің әрқайсысы соғысқа және жеңіске деген көзқарасын өздігінен қорытындылауға тырысты. Бірақ, тарихты қайта жазсаңыз да, біз одан Жеңістің ортақ екенін жоя алмайтынымыз анық. Бір окопта украин мен адыгей, қазақ пен қырғыз, шешен мен татар соғысқаны белгілі. Ал, беларусь және украин жерлері қазақ, грузин, латыш, өзбек, армян, беларусь, украин және орыс қанымен жомарт суарылды. Соғыста жауынгерлер шашының түсіне, көздің қиығына қарамастан, ортақ жауға бір адамдай қарсы тұрды. Бауырластар Еуропаның жартысын көктей өтіп, Рейхстаг қабырғасына бірге қол қойды.

Бүгінде Ресейде «Батыр қалалар» туралы арнаулы Ереже қалыптасқан. Олар туралы идеологиялық арнайы шығарылымдар түзіліп, түрлі документальды фильмдер түсірілген. Сондықтан Ресейдің кез келген мұжығы патриот тақырыбы бойынша сенімен айтысуға бар. Ал, бізде ше?!

Ресей билігі бұрнағы жылдары Ресей қалаларын қайта тірілтуге тағы бір пәрмен шығарды. «Қаһарман еңбек қаласы» деген атаумен Ресейдің бірде-бір оқ-дәрі түспеген алыс аймақтарындағы 12 қалаға құрметті атақ берілді.

Әлқисса. 2009 жылы «Батыр қалалардың мемлекетаралық одағы» коммерциялық емес серіктестігі «Қаһарман еңбек қаласы» құрметті атағын беру туралы Ережені бекітіп, оны бірқатар қалаларға беру туралы ұсыныс берген. Осы ұсынысқа орай, Ресейде Ұлы Отан соғысы кезінде тыл еңбеккерлері батылдық, төзімділік және жаппай ерлік көрсеткен қалаларға берілетін «Қаһарман еңбек қаласы» құрметті атағын беру туралы федералдық заңдардың жобалары Мемлекеттік Думаға енгізіліп, арнаулы шешім қабылданған. Ол бірнеше процедуралардан өткізілген.

2017 жылы «Қаһарман еңбек қаласы» құрметті атағын бекіту туралы тағы да бастама көтеріліп, ол «Ресей қоғамдық бастамасы» порталында жарияланды. 2019 жылы 14 желтоқсанда «Қаһарман еңбек қаласы» туралы Федералдық заң жобасы Мемлекеттік Думаға жолданып, ол Мемлекеттік Думада қолдау тапқан. Ол 2020 жылы 26 ақпанда Ресей Федерациясының Кеңесінде мақұлданған. 2020 жылғы 1 наурызда Ресей Федерациясының «Қаһарман еңбек қаласы» құрметті атағы туралы» заңға Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қол қойды.

«Қаһарман еңбек қаласы» – Ресей Федерациясындағы құрметті атақ болып саналады. Ол 2020 жылғы 1 наурыздағы Федералдық заңмен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде тыл еңбеккерлерінің ерлігін мәңгілік есте қалдыру мақсатында» Ресей Федерациясы қалаларын марапаттау үшін тағайындалған. Оларға қала тұрғындары «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қол жеткізуге қосқан зор үлесі мен қалаларда орналасқан өнеркәсіп кәсіпорындардың әскери және азаматтық өнімдер өндірісін үздіксіз қамтамасыз еткені және жаппай еңбектегі ерлігі мен адалдық көрсеткені үшін» беріледі.

2020 жылдың 2 шілдесінде «Қаһарман еңбек қаласы» атағы Ресей Федерациясының 20 қаласына – Боровичи, Екатеринбург, Иваново, Ижевск, Иркутск, Қазан, Магнитогорск, Нижний Новгород, Нижний Тагил, Новокузнецк, Новосибирск, Омбы, Пермь, Самара, Саратов, Томск, Ульяновск, Уфа, Челябинск, Ярославль қалаларына берілді. Ал, 2021 жылы 21 мамырда бұл құрметті атаққа Барнаул, Каменск-Уральский, Киров, Коломна, Комсомольск-на-Амуре, Красноярск, Магадан, Пенза, Рыбинск, Северодвинск, Түмен және Чебоксары қалалары ие болды.

Біз қалаларымызды мақтан етпек тұрмақ, осы уақытқа дейін қолға түскен атақ-абыройымызды да түгендей алмай жүрміз. Бүгінгі күнге дейін Батыр апаларымыз Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың Кеңес Одағының Батыры айырым белгісін айғақтайтын алтын медальдерінің алынбағанын да білмейміз. Осы жолдардың авторы кезінде Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісіне жазған хатына бірсыдырғы жауап алғанын айта кетсем деймін.

Ұлттық сананы тарихи сана қалыптастырады десек, бізге дәл бүгін патриотизмді оятатын түрлі шаралар қабылдау қажет болып тұр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында өткенімізге бағдар жасап, болашаққа тың жоспарлар ұсынған, жаңа идеялар мен ұсыныстар айтқан болатын. Мемлекет басшысы өз мақаласында патриотизм мәселесіне ерекше екпін беріп отыр. Осыған орай, Президентіміз: «Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ортамен араласып, адамзаттық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады», – деген болатын. Ал, тарихын білген кез келген азамат одан тағылым алатыны айқын.

Ресей философы Ильиннің бір шығармасында: «Орыстың әдеби шығармаларында, ертегілерінде орыстың батырлары, ормандары, өзен-көлдері қайта-қайта айтыла беруі керек», – деген сыңайда ой айтылады. 1991 жылы ГКПЧ ылаңы кезінде Ақ үйді қорғау мақсатында танкінің астына түскен, тұрақты жұмысы, басыбайлы үйі жоқ жандарға Ресей билігі Батыр атағын берді. Бұл – Ресейдің жаңа патриотын дайындаудың кезекті бір мазмұны еді. Міне, бұл біздің ескеретін тұсымыз.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Алда Жеңістің 80 жылдығы келеді. Осыған орай, соғыс жылдарында әскери орта қалыптастырып, соғысқа қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешек аттандырған, жоғарыда аты аталған Орал, Атырау, Ақтөбе қалаларына «Батыр қала», Жәнібек, Исатай (Новобогат) аудандары мен Сайқын, Шоңғай стансаларына «Батыр бекініс» атақтарын берудің жолдарын қарастыруымыз керек. Тәжірибе көрсеткендей, оны Ресей билігінен сұраудың қажеті жоқ, оны ішкі ережелеріміз арқылы жүзеге асыруымыз қажет. Сондықтан жоғарыда аты аталған Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы халқының талап-тілегін ескере отырып, облыс әкімшіліктері мен маслихат депутаттарының корпусы Мемлекет басшысы мен Қазақстан Үкіметі алдына мәселе етіп қоюы тиіс. Кезінде Балқан түбегі елдерінде осылай жасалған. Бұл бізге, жастарымызға, жалпы қоғамымызға өзінің қасиетті туған жерінің әрбір уыс топырағын сүйіп, оған қызмет етуге шақыратын ұран болар еді.

Отан қорғаушылар мерекесі күні Алматыдағы 28 Панфиловшылар саябағына барып, Мәңгілік алауға бір сәт тағзым еттім. Мәңгілік алауды қоршап тұрған Батыр қалалар тұғыр тасын аралап шықтым. Әттең, осы тастардың алдыңғы қатарында жоғарыда аты аталған қалаларымыз тұрса ғой деп ойладым. Батыр қалалар белгісінің арасында тұрған айрықша тас жанарымды өзіне тарта берді. Үңіле түссем, онда: «Бұл жерде Ұлы Отан соғысында туысқан халықтардың қаны төгілген қаһарман қалалардың қасиетті топырағы сақтаулы», – деп жазылыпты. Сонда біздің ата-апаларымыздың қаны қайда қалды?!

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here