Жамбыл жастарына баспана үшін жеңілдетілген несие беріледі

0
911

Биыл «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында аймақтағы жастарға жеңілдетілген баспана несиесі беріле бастайды. Алайда, оның өзіндік талаптары болады. Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте осы мәселе жан-жақты сараланды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің Баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа аталған өңірлік бағдарламаның орындалу барысы туралы баяндады.

«Былтыр бағдарламаның тиімді іске асырылуын бақылау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізілді. 94 тармақтың 80-і орындалса, қалғаны ұзақ мерзімге жоспарланған. Зерделеу нәтижесінде Тараз қаласы мен аудандарда бірнеше кемшіліктер анықталды. Аталған әкімдіктердегі салалық бөлімдер тапсырманың мерзімінде орындалуына баса назар аудармаған және таныспаған. Кемшіліктер бойынша әкімдіктермен тиісті ұсынымдар беріліп, кемшіліктер түзетілді», – деген басқарма басшысы Сарысу, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Мойынқұм ауданының әкімдері бағдарламаның аудан көлемінде іске асырылуын бақылауға алу керектігін айтып өтті.

Серікбол Берікқожаның айтуынша, бағдарлама шеңберінде облыста жаңа бастама ретінде Жамбыл облысының жастарына жеңілдікпен несие беру жобасы биыл шілде айында іске аса бастайды. Жоба өңір жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатында дайындалды.

«Бағдарламаны әзірлеуде облыстың ерекшеліктерін ескере отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында оң нәтиже берген пилоттық бағдарламалар да назарға алынды. Бұған дейін облыста жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған арнайы бағдарлама болмаған», – деп нақтылады Серікбол Берікқожа.

Жалпы облыста тұрғын үй алуға 7 140, жер телімін алуға 10 787 жас кезекте тұр. Ал, бұл жоба аясында жастарға берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 13 млн теңгені құрайды. Несие беру уақыты – 19 жыл. Пайыздық мөлшерлеме – 5%, бастапқы жарна – 5%. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі ҚР азаматы қатысады және негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады.

Басқарма басшысы жобаға кезекте тұрған мемлекеттік, бюджеттік қызметкерлер қатыса алмайтынын, негізінен басқа ипотекалық бағдарламаларда қамтылған санаттарға жатпайтын, бірақ төлем қабілеті бар жастарға басымдық беріліп отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, Жамбыл облысында мемлекеттік жастар саясатын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы облыстық мәслихаттың шешімімен 2020 жылы 15 қазанда қабылданып, іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Іс-шара жоспары 11 бөлім, 94 тармақтан тұрады. Кешенді жоспарды іске асыруға 5 жылға 1,3 млрд теңге қарастырылған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here