Тарихтағы жойқын жер сілкіністері қашан және қайда тіркелді?

0
3126

25 ақпан күні магнитудасы 6,1 болған зілзала Жапонияның солтүстігінде және күші 5,3 магнитуданы құраған жер сілкінісі Түркияның орталық бөлігінде тіркелді. Ал, 6 ақпанда магнитудасы 7,8-ге жеткен Түркия мен Сирияда болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 50 мыңнан асты. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін тарихта тіркелген ең жойқын жер сілкіністеріне тоқталады.

Өкінішке қарай, осы ғасырда ең көп адамның өмірін қиған екі бірдей жойқын жер сілкінісі Үнді мұхитындағы Индонезия* мен Кариб теңізіндегі Гаитиде* орын алды. Зілзала бірінші елде 2004 жылы, екінші елде 2010 жылы тіркелді. Алғашқысынан 230 мыңнан астам, соңғысынан 222 мыңнан астам адам көз жұмды. Ал, 1556 жылы тіркелген Қытайдың Шэньси провинциясындағы 8 балдық жер сілкінісі ең көп адам шығыны болған апат ретінде тарихта қалды. Алты ғасыр бұрынғы зілзаладан 830 мыңнан астам адам қаза тапты.

Адамзат тарихында күші 8,5 магнитудадан жоғары болған 14 зілзала белгілі. Соның он үші мұхитты жағалай орналасқан елдерде болған. Күші 9,5 магнитудаға жеткен жер сілкінісі 1960 жылы Чилидің портты қаласы Вальдивияда тіркелді. Жағалауын Тынық мұхиты шайып жатқан Оңтүстік Америка құрлығындағы елде 5,7 мың адам апат құрбанына айналған, 100 мың адам баспанасыз қалған.

Айта кетейік, магнитудалық шкаланы 1935 жылы америкалық сейсмолог Чарльз Рихтер қолданысқа енгізді.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Ескерту: Гаитиді Атлант мұхиты мен Кариб теңізі, ал Индонезияны Тынық пен Үнді мұхиттары шайып жатыр.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here