Археологтар ерте темір ғасырына жататын отбасылық қабір тапты

0
635

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Досбол Байғұнақовтың жетекшілігімен Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы қазба жұмыстары кезінде ерте темір ғасырына жататын отбасылық қабір тапты.

Зерттеу жұмыстары «Қазақстанның оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарының (Шу-Іле алқабы, Тарбағатай және Алакөл ойысы) мәдени мұрасын пәнаралық археологиялық және тарихи-этнографиялық зерттеу» атты мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында жүргізілді.

Далалық жұмыстар барысында ауылдың оңтүстік шетіндегі Кіші Алматы өзені жағалауындағы қорған зерттелді. Қорғанның диаметрі – 30 м, биіктігі – 0,5 м. Орталық бөліктен 1,2 м тереңдіктен бір деңгейде жатқан, бірақ жерлеу рәсімінде айырмашылықтары бар екі қабір аршылды.

Бірінші жерлеу орны батыстан шығысқа қарай бағытталып, ұсақ тастардың үстінде жатыр. Жерленген адамның бас жағына жануарлардың сүйектері, сондай-ақ құмыралар, аласа шыныаяқтар мен тостағандар түріндегі қыш ыдыстар қойылған. Сонымен қатар, жерлеу орнынан қола айна мен алтын фольгаға оралған моншақ та табылды. Жерленген адамның сол жағынан 3 керамикалық бұйым табылды. Жерлеу шұңқырының шығыс бөлігінде тонаушылардың ізі байқалды, бұл қаңқа сүйектерінің көпшілігінің жоқ болуын және біртұтас әшекей бұйымды құраған алтын моншақтардың көп бөлігінің жоқ болуын түсіндіреді.

Екінші жерлеу орны біріншісінен оңтүстікке қарай 1,5 м жерде орналасқан. Жерлеудің тас төсендісі жоқ, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа бағытталып жатқызылған. Жерлеу орнынан 6 керамикалық ыдыс пен үстіне пышақ қойылған малдың сүйектері анықталды. Сондай-ақ, бас сүйегінің сол жағынан қола айна табылды. Бас сүйектің үстінен әшекей болуы мүмкін алтын фольга қалдықтары аршылды. Бағалы тастармен көмкерілген алтын сырға да бас сүйек қорапшасы жанынан табылды. Тағы да алтын моншақ бөлігі алынды. Мәйіт ұзынынан созылып жатыр, оның аяқ сүйектері сақталмаған. Сондай-ақ, оң қол саусақтарының тұсынан сақтарға тән акинак (қанжар) табылды. Темір акинактың ұзындығы 30 см, сонымен қатар қынаптың алтын жабынының қалдықтары да анықталды. Екі саусақты ұстағышы мен суағары бар керамикалық ыдыстардың бірі үйсін заманымен мерзімделуі ықтимал.

Жерлеу рәсіміне қарағанда бұл қабірлер әр түрлі уақыт аралығында салынды деп айтуға болады. Экспедиция жетекшісінің пікірінше, қорған үйіндісінің астында тағы да жерлеу орындары болуы мүмкін. Келешекте қорған толығымен зерттелмек. Қазіргі уақытта табылған барлық олжалар далалық зертхана жағдайында зерттелу үстінде. Табылған археологиялық кешендер жетісулық көне тұрғындардың заттық және рухани мәдениетінен мәлімет береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here