Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің жаңа қадамдары

0
625

Бүгінгі таңда мемлекет пен қоғам алдындағы маңызды міндеттің бірі – студенттер қауымдастығына қамқорлық жасау. Бұл ең алдымен оқу корпустарын жарақтандыру және білім алушылар үшін қолайлы жағдайлар жасау – кез келген жоғары оқу орнының алдында тұрған игі мақсаттың бастысы. Сондықтан жаңа басшылықтың келуімен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті студенттерінің өмірінде көптеген түйінді проблемалар жинақталғаны анықталды. Еліміздегі ең ірі аграрлық жетекші оқу орнында қалыптасқан бұл келеңсіз жағдайлар көптеген ғимараттардың тозуына алып келді, әрі оны қысқа мерзімде қалпына келтіру оңай шаруа емес еді.

Жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен, оқу ғимараттары, жатақханалар қазіргі уақыт сынына сай келмейтін күйге түскен. Шатырлардан су ағып жатты, соның салдарынан шатырдың астындағы кеңістікте тұрып қалған ылғал бөлмелерде көгеру мен саңырауқұлақтардың пайда болуына әкелді. Сумен жабдықтау және жылыту жүйелері өте тозған, жоғары қабаттарға мүлде су көтерілмеген. Тіпті, қарапайым мысал, терезелерде ысырмалы перделер болмаған. Бүгінде барлық жөнделген ғимараттарда жаңа перделер ілінді.

ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы – Ректордың инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиевтың айтуынша, бүгінде бюджеттік қиындықтарға қарамастан, университеттегі қоғамдық пайдалану кеңістігін жаңғырту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оқу орнының 8 оқу корпусына және 7 студенттік жатақханаға ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде және екі жатақхананың шатыры күрделі жөндеуден өткізілді. Жөндеу барысында төбе шытыры және еден жабындысы толығымен ауыстырылды, қабырғалар жылу ұстайтын материалмен қапталып, жарықтандыру жүйесі толықтай жаңғыртылды. Сонымен бірге, Орталық  стадион мен Ветеринариялық клиниканы толықтай қайта тұрғызу жұмыстары аяқталуға жақын. Мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары университетте соңғы 10 жылда жүргізілмеген еді.

Бұрын  есептен шығарылған 180 кереует-орындық №6 студенттік жатақхана күрделі жөндеуден кейін университеттің тұрғын үй қорына қайтарылды, сондай-ақ бөгде адамдарды көшіру есебінен студенттер үшін қосымша тағы да 100 кереует-орын босатылды.

Осымен бір мезгілде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының күшімен барлық оқу-зертханалық корпустары мен жатақханалардың айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

ҚазҰАЗУ-да негізінен ауылдан келген жастар, оның ішінде аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың оқитыны белгілі. Білім алушылардың талап-тілектері ескеріле отырып, студенттік жатақханаларға тоңазытқыштар сатып алынды. Енді оларды заманауи интерьермен жабдықталған, кең де жарық, сабақтарды өткізуге қажетті компьютер, проектор, интерактивті тақта және зертханалық құралдар қойылған әсем аудиториялар күтіп тұр.

Тағы бір үлкен жаңалық – университеттің профессор-оқытушылар құрамының тиімді қызмет істеуі үшін барлық әлеуметтік қолдау жасалуда. 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап профессор-оқытушылар құрамының жалақысы тағы да 50 пайызға артады. Сөйтіп, осы жылдың басынан бастап олардың жалақысы кезең-кезеңімен 100 пайызға өсті. Рейтингтік бағалау негізінде профессор-оқытушылар құрамының ең белсенді бөлігі жалақыға арнайы қосымша ақы алатын болады.

ҚазҰАЗУ басшылығының шешімімен күрделі жөндеу жұмыстарына, жалақыны көтеруге, тоңазытқыштар мен кір жуғыш машиналарды сатып алуға жұмсалған бұл қаражат университеттің басқару аппараты мен қызмет көрсету персоналын едәуір қысқарту арқылы, нарықтық бағаға сәйкес жалға берілетін ғимараттардың жалдау құнын ұлғайту есебінен бөлінді.

Қазіргі уақытта жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сүйене отырып, ҚазҰАЗУ дамуындағы жаңа бет бұрыс басталады. Университет құрамына 6 ірі ғылыми-зерттеу институты және 2 тәжірибелік шаруашылық берілді. Біздің ЖОО функционалдық интеграцияланған жүйе болып табылатын «ғылым – білім – өндіріс» жүйесіндегі қазіргі заманғы зерттеу университетінің сапалы жаңа деңгейіне көтерілді.

Осылайша, студенттердің оқуына, спортпен айналысуына, бос уақыттарын тиімді өткізуіне және алаңсыз өмір сүруіне қажетті барлық оқу-ғылыми инфрақұрылым жүйесі жаңа оқу жылына дайын.

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here