ҚазҰУ Франция университеттерімен байланысын арттырады

0
709

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Францияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Дидье Канесспен кездесті.

Кездесуде ректор Франция мен Қазақстан университеттері арасындағы ынтымақтастық байланыстарға тоқталды.
Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Францияның жоғары оқу орындарымен, институттарымен, ғылыми, мәдени ұйымдарымен серіктес.

Солардың бірі – Лотарингия университеті. Бұл білім ордасы ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде «Механика және энергетика» қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта 100-ден астам магистрант пен 20 докторант дайындалды. Химия және химиялық технология факультетінде Лотарингия университетімен бірлесіп «Мұнай-газ ісі» және «Абай-Верн» бірлескен білім беру бағдарламалары, ал Реймс Шампань-Арденна университетімен бірге «Математика (УРША)» қосдипломды бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Өткен жылы Париждегі кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Францияның жоғары оқу орындары ректорларының VІІ форумы шеңберінде «Эрасмус+» бағдарламасы бойынша студенттермен Шампань-Арденна Реймс университетімен алмасу туралы шартқа қол қойылды. Қазіргі уақытта халықаралық қатынастар факультетінің төрт  студенті Реймс университетінде «Эрасмус+» бағдарламасы бойынша оқиды.

Академиялық ұтқырлық шеңберінде 2023/24 оқу жылында ҚазҰУ-дың 36 студенті, 5 докторанты, 12 оқытушысы Франция университеттеріне барып, түрлі конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына қатысып, бірлескен жобаларды іске асырды. Университетте Францияның жоғары оқу орындарынан 11 студент оқиды, француз ғалымдары дәріс оқуға және PhD докторанттарына ғылыми жетекшілік етуге тартылады. 2018-2023 жж. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға Франция жоғары оқу орындарының 16 профессоры келді.

«Францияның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты одан әрі арттыру мүмкіндіктері мол. Университеттік AUF, Франкофония агенттігінің, «Эразмус+» және «Горизонт 2023-25» бірлескен жобаларын жүзеге асырумен қатар, Француз Орталық Азия зерттеулер институтымен (IFEAC) өзара іс-қимылды күшейте отырып, біз мәдениет пен тіл бойынша өзекті мәселелерді зерделеу бойынша ғылыми орталықтар құра аламыз. ҚазҰУ-да Францияның жетекші университетінің филиалын ашу мүмкіндігін де қарастыра аламыз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Елші Дидье Канесс өз сөзінде ҚазҰУ-да Франция университетінің филиалын ашу идеясына және ЖОО басшылығының басқа да бастамаларына қолдау білдіретінін айтты. Кездесу барысында тараптар ғылым және жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here