Тамыры терең тартқан тағылым: Кегенде «Таза ауыл» акциясы кең өріс алды

0
458

Көктем келсе, Кегеннің қойнауы жаңарып, табиғатпен бірге адам жаны да жаңғырады. Самал жел сыбдыр қаққан сайын туған жерге деген іңкәрлік тереңдей түсетіндей. Осындай шуақты шақта өткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы «Таза ауыл» бастамасы – ел мен жер тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың ортақ үніндей естілді. Бұл – табиғатты түлету ғана емес, ұрпақ санасына тазалық пен жауапкершілікті сіңіретін тағылымды қадам. Кегеннің көктемі биыл ерекше тыныс алды. Таңғы самалмен бірге табиғатқа деген жанашырлықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің лебі есіп тұрғандай. Аудан көлемінде өткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы «Таза ауыл» игі бастамасы – соның айқын айғағы.

Жер-Анаға жан бітірген бұл шараға аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы бастаған ел ағалары, ақсақалдар алқасының мүшелері, түрлі мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары белсене атсалысты. Бір мақсат, бір мүдде жолында бас қосқан жұртшылықтың жүзінен туған жерге деген шынайы қамқорлық пен жауапкершілік анық сезілді.

Шараның салтанатты ашылуында аудан әкімі табиғатты қорғау – баршаның ортақ міндеті екенін ерекше атап өтті.

– «Туған жердің тазалығы – әрбір азаматтың ішкі мәдениетінің айнасы. Біз “Таза ауыл”, “Үлгілі көше”, “Үлгілі аула” секілді бастамалар арқылы тек бүгінгі күнді емес, ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағын қалыптастырып жатырмыз. Табиғатты аялау – елге деген жанашырлықтың ең биік көрінісі. Барша аудан тұрғындарын осы игі іске белсене атсалысуға шақырамын», – деп жүрек жарды пікір білдірді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы.

Бұл күні Кеген өңірі жасыл желекке тағы бір қадам жақындай түсті. Ауданның барлық ауылдық округтерінде бір мезетте ұйымдастырылған акция – ел бірлігінің, халық ынтымағының көркем көрінісіне айналды. Өткен жылы 9500 түп ағаш егілсе, биылғы меженің 11250-ге жетуі – табиғатқа деген қамқорлықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын аңғартады. Ал бүгінгі күннің өзінде аудан бойынша 3425 түп көшет отырғызылды. Өрік пен теректің, шырша мен қайыңның, туя мен талдың, итмұрынның жас шыбықтары тамыр жайып, ертеңгі күннің саялы бақтарына айналары сөзсіз.

«Ағаш егу – бір күндік науқан емес, ол – ұзақ мерзімді экологиялық жауапкершіліктің бастауы. Бүгін отырғызылған әрбір көшет – ертеңгі ұрпаққа қалдырылған аманат. Біздің басты мақсатымыз – тек сан қуалау емес, егілген әр талдың тамыр алып, жайқалып өсуіне жағдай жасау. Сондықтан көшеттерді дұрыс таңдап, жерсіндіру, күтіп-баптау жұмыстарын жүйелі жүргізу – басты назарда. Кегеннің табиғаты – бізге аманат, оны сақтау мен көркейту – бәрімізге ортақ міндет», – деді Кеген ауданы орман шаруашылығының басшысы Айболат Солтанғазиев.

Орман шаруашылығы басшысының бұл байыпты пікірі игі шараның маңызын айқындай түсіп, жасыл желекке деген жанашырлықтың тек сөзбен емес, нақты іспен дәлелденуі керектігін аңғартты.

Осындай игі істер арқылы Кеген жұрты туған жердің ажарын ашып қана қоймай, табиғатпен үндес өмір сүрудің үлгісін көрсетіп келеді. «Таза ауыл» акциясы – бір күндік шара емес, ол – саналы қоғамның, сергек ұрпақтың өмір салтына айналуы тиіс құндылық. Жердің көркі – жасыл желек, елдің көркі – бірлік десек, бүгінгі бастама осы қос ұғымды тоғыстырған тағылымды қадам болды. Акция алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, Кегеннің келбетін көркейте беретініне сенім мол.

Кегендегі бұл игі бастама – табиғатқа жасалған құрмет қана емес, ұлттың рухани жаңғыруының көрінісі. Жасыл желекке оранған әр көшет – ертеңгі күнге деген сенімнің символы. Бірлік пен жанашырлық тоғысқан мұндай шаралар елдің еңсесін тіктеп, ұрпаққа үлгі болары анық. «Таза ауыл» – тек акция емес, ол – өмір салты, ол – болашаққа бағытталған парасатты таңдау.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here