Қарқара төрінде жыр жаңғырды

0
215

Тұрған кезде Байрағым құлайын деп,

Тұрған кезде намысым сынайын деп,

Талайсыз жұрт үгіліп, уайым жеп,

Тұрған кезде тоз-тоз боп  шұбайын деп,

Ел бағына тудың сен, Райымбек!, – деп бабасына арнап өлеңін жазған, талантты ақын Асанқадыр Исабек  өлең өлкесінде өзіндік соқпағын салып келеді. Қарқарадай қасиетті өлкеден түлеген Асанқадыр ақынның жырларынан сол өңірдегі әдемі құстарының, мөлдір бұлағының сыңғыр үні естіліп, көк шалғыны, қырмызы гүлдері көз алдыңа келіп жатады. Ақынның:

Ешкімге өзің бар да болман таба,

Өзіңнен тылсым қуат қонды арқама.

Иіткен мейірімді туған жерім –

Жасарып, мәңгі жайнай бер, Қарқара!, – деп жырлауы осыдан. Өлеңдерінде тау мінезі, тау өзенінің екпіні бар ақын халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Республикалық «Жалын» журналының Төлеген Айбергенов атындағы сыйлығының иесі. Бірсыпыра жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Мұның бәрі ақынның жырына, мол дарынына, талантына көрсетілген орынды құрмет. Бір сөзбен айтқанда, Асанқадыр Исабек Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов, Мұқатай Жылқайдаров секілді айтулы ақын ағаларының ізін жалғап келе жатқан  ақын. Өлең сөздің қадірін білер, ешкімге ұқсай бермес соны соқпағы бар дарын иесі.

Қазақ даласының қай түкпірін алсаңыз да, әр төбесі  тарих, әр тасы тағдыр. Сол қасиетті мекендердің бірі Қарқара. Қойнауы құтқа толы, суы шәрбәт, табиғаты тұнған жырға сұранып тұрған бұл өңір талай талантты түлеткен киелі топырақ.

Қарқараның қасиетті төрі тағы бір рухани думанның куәсі болды. Тау самалына жыр үнін араластырған кеш – ақын Асанқадыр Исабектің елу жылдық мерейтойына арналды. «Қойны құт, суы шәрбәт, бал Қарқара!» атты шығармашылық кеш тек бір ақынның емес, тұтас бір өңірдің рухани мерекесіне айналды. Кеш шымылдығы мәдениет үйінің алдында басталып, ақ жаулықты әжелердің әуелете салған әні мен шашуы жиналған жұрттың жүрегін бірден жылытты. Дәстүр мен тағзым қатар өрілген бұл көрініс туған жерге деген тағылымды құрметтің айқын белгісіндей әсер қалдырды.

Салтанатты кешке арнайы келген ел ағалары мен өнер өкілдері мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Омар Қиқымов, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, журналист Ұлбосын Исабек, ақын Шеризат Мекебаев сынды зиялы қауым өкілдері кештің мәртебесін биіктете түсті.

Шығармашылық кештің шымылдығы Асанқадыр Исабектің «Он алтының ойраны» поэмасынан алынған тағылымы терең үзіндімен түрілді. Тарихтың тарлан беттерін жырмен сөйлеткен туынды көрерменді бір сәтте өткеннің өнегелі белесіне жетеледі. Сөз зергерінің қаламынан туған әр жол – ел жадындағы ерлік пен елдіктің көркем шежіресіндей әсер етті.

Елу жас – ердің жасы. Осы белеске биік шығармашылықпен жеткен ақынның жыр әлемі кеш барысында кеңінен өріс алды. Өлең сүйер қауымға ұсынылған туындылар жүрек қылын шертіп, тыңдарманды терең толғанысқа бөледі. Әуезді әндермен әрленген кеш мазмұны көркемдік пен руханияттың үйлесімін айқын танытты.

Қарқараның қоңыр самалына жырдың үні араласқан бүгінгі кеш – шынайы поэзияның мерекесі болды. Асанқадыр бауырымның өлеңдері туған жердің топырағынан нәр алған, елдің мұңы мен қуанышын қатар көтерген шынайы дүниелер. Оның әрбір жыры  уақыттың тамырын дөп басқан, жүрекке жетіп, санада жаңғыратын терең толғаныс. Елу белес қана емес, кемелдікке бастар асу. Сол асудан абыроймен асып, халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ақынның еңбегі қашанда құрметке лайық. Бүгінгі кеш соның айқын айғағы. Қарқарадай киелі жерде жырдың туын биік ұстаған азаматтың шығармашылық ғұмыры ұзақ, қаламы мұқалмасын, – деп ізгі тілегін білдірді ақын Шеризат Мекебаев.

Сахна төрінде сөз алған қадірлі қонақтар ақынға ақжарма тілектерін арнап, ел ықыласын жеткізді. Ізгі ниетпен табысталған құттықтау хаттар мен марапаттар – шығармашылық еңбектің әділ бағасы іспетті.

Асанқадыр Исабектің шығармашылығы – туған жердің тынысымен тамырлас, халықтың жүрек лүпілімен үндес. Оның жырларынан біз тек поэзияны ғана емес, елдік пен ерлікті, уақыт пен тағдырдың терең иірімдерін көреміз. Осындай тағылымды кештер – ұлттың рухани жадын жаңғыртып, сөз өнерінің қадірін арттырады. Қарқарадай қасиетті мекенде өткен бұл басқосу мен үшін ерекше әсер қалдырды. Ақынның жаңа белесі құтты болсын, жыр керуені тоқтамасын, – деді «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, журналист Ұлбосын Исабек.

Кеш соңында «Бір қараңғы, бір шуақ» атты жаңа кітаптың тұсаукесерімен қортындыланды. Бұл туынды  ақын жүрегінің терең қатпарларынан сүзілген сыр, уақыт пен тағдыр таразысынан өткен толғам. Әр бетінде мұң мен үміт, сағыныш пен сенім қатар өріліп, оқырманды ой мен сезімнің тылсым әлеміне жетелейді. Жиналған жұртшылыққа кітаптың тарту етіліп, рухани байлықтың, сөз өнеріне деген шынайы құрметтің белгісіндей әсер қалдырды.   

Кештің соңында Асанқадыр Исабек бірнеше жаңа өлеңдерін оқыды. Осынау жыр кешінің өткізілуіне мұрындық болған азаматтарға, аудан әкімдігіне жүрекжарды алғысын білдірді.

Қарқара төріндегі бұл кеш – жыр мен жүректің ғана емес, ұлт рухының жаңғырып, тарих пен тағдырдың тоғысқан тағылымды сәтіне айналды. Туған жердің топырағында өткен бұл басқосу ақын мерейін асқақтатып қана қоймай, елдің де еңсесін көтерген рухани мерекеге ұласты. Ән мен жыр астасқан, ақ тілек пен шынайы ықылас өрілген кеш көптің көңілінде ұзақ сақталары анық. Осындай тағылымды басқосулар ұлт руханиятының тамырын тереңдете түсіп, келер ұрпаққа өлшеусіз мұра қалдырады. Қарқара тағы бір мәрте жырға бөленіп, өнердің алтын бесігі екенін айқын дәлелдеді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here