Торғай төсіндегі торқалы той

0
5342
Фото: Рамазан Құлет

Ұлт ұясы Торғайда ұлттың ұлы тұлғасы Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы 20-21 қыркүйекте дүркіреп өтті. Алты алашқа сауын айтылған дүбірлі думан ел тарихына алтын әріппен таңбаланатын айтулы оқиғаға айналды. Сан алуан рухани, мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, елдің түкпір-түкпірінен меймандар жиналды.

Фото: Бердіболат Көркембаев

АЛАШ АРЫСЫНА – ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШ

Жақаң тойы Қостанай қаласында еңселі ескерткішінің ашылуымен басталды. Салтанатты рәсімге Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, белгілі жазушы Төлен Әбдік және Міржақып атамыздың ұрпағы, зиялы қауым қатысты. Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақанұлы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

«Төл тарихымызда азаттық үшін аянбай күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлғалар аз емес. Соның бірі әрі бірегейі – Міржақып Дулатұлы. Ол қазақтың асқақ арманы мен мұң-мұқтажын терең түсініп, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет етті. Жұрттың сана-сезімін жаңғырту жолында еңбек етіп, жасампаз рухтың жаршысы болды. Адамзатқа ортақ құндылықтарды кеңінен дәріптеп, жастарды өнер-білімге үндеді. Міржақып Дулатұлы әдебиетімізді жаңа деңгейге көтеруге зор еңбек сіңірді. Халқымыздың біртуар перзентінің қайраткерлік қасиеті мен азаматтық ұстанымдары өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге болары сөзсіз», – делінген Президент құттықтауында.

Мәжіліс спикері де бұл мәртебелі мерейтой мемлекеттің, ұлтының Алаш арысына берген бағасы, көрсеткен құрметі екенін тілге тиек етті.

– Біз қазір де тарихи, тағдырлы шақта өмір сүріп жатырмыз. Алаш арыстары аңсаған Тәуелсіздікке қолымыз жетті. Еңселі ел болдық. Соңғы жылдары Президенттің жүйелі, кешенді реформалары халқымыздың жан-жақты қолдауын тауып отыр. Елдегі оң өзгерістер қоғамның болашаққа деген сенімін нығайтып келеді. Біздің бүгінгі мақсатымыз – Әділетті, Қуатты, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құру. Айналып келгенде, кешегі Алаш арыстарының да, бүгінгі біздің де арман-аңсарымыз осы, – деді Ерлан Қошанов.

Жазушы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдік ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алып, Ақаң мен Жақаңа арнап шығарған өлеңін оқып берді.

– Алаш арыстарының мерейтойын тойлап, мұндай еңселі ескерткіштерін көреміз деген ой бір кездері біздің басымызға келген жоқ. Бірақ заман өзгереді, адам да өзгереді. Қазір Құдайға шүкір, тәуелсіз ел болдық. Соның арқасында мінекей Алаштың ұлы көсемдерін ұлықтап жатырмыз. Большевиктердің сойылын соққан белсенділер бір кездері ойлаған болуы керек: «біз Алаштың азаматтарын құрттық» деп. Бірақ, олар артында халқы бар да ұлыларды құрту мүмкін емес екенін түсінген жоқ. Соның куәсі міне, ескерткіш ашылып отыр. Осы ескерткішті жасаған кезде бірнеше нұсқасы ұсынылды. Дәл осы түрін қорғап, сақтап, осыны қояйық деп қорғағандардың бірі мен едім. Осы ескерткіш маған ерекше ыстық. Сондықтан тарихи күн. Бізден кейін де талай ұрпақ келеді. Көзқарасы бізден де басқаша болуы мүмкін. Олар бізден де әлдеқайда Алаш азаматтарын көкке көтереді деп сенеміз, – деді Төлен Әбдік.

Міржақып Дулатұлының жиені Ерлан Сатыбалдиев те тебірене ой толғап, Алаш қайраткерінің рухына тағзым етті.

– «Оян, қазақ!» деп халықтың жүрегін оятқан, қайтсек те ел боламыз деп санасын көтерген, ұлт тағдыры үшін жанын пида еткен атамыздың аты қазақ халқының мәңгі есінде. Осы атаулы күндері Дулатовтың ұрпақтары Мемлекет басшысына, облыстық, аудандық әкімшілікке, ескерткіштің қойылуына ықпал еткен және маңызды іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілуіне атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Бұл ескерткіш Міржақып Дулатұлының рухына құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі. Жас ұрпаққа жол көрсеткен өнегелі іс деп білеміз, – деді Алаш қайраткерінің ұрпағы Ерлан Сатыбалдиев.

Жаңа ескерткіштің мүсіндік портреті қоладан, тұғыры гранит тастан жасалған. Оның биіктігі – 3,5 метр. Мүсін авторлары – белгілі мүсіншілер Жеңіс Жұбанқосов пен Тимур Ермұхаметов. Бұл тарихи оқиға «Оян, қазақ!» деп ұрандатқан ұлт арысының есімі мәңгі жасай беретінінің, оның мұрасы ұрпақ санасында жаңғырып тұратынының дәлелі.

Фото: Бердіболат Көркембаев

МАРАФОН-БӘЙГЕ ТОРҒАЙ ТӨСІНЕН БАСТАЛДЫ

Жақаң жерлестерінің қуанышын бөлісуге ҚР Парламенті Мәжілісінің спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар, қоғам белсенділері арнайы сапарлап барды. Көптеген іс-шараға куә болып, айтулы жобалардың тұсаукесеріне қатысты.

Құрметті меймандар әуелі Торғайдың бір қиырында орналасқан, бабамыз мәңгілік тыныстап жатқан Бидайық ауылына ат басын бұрды. Міржақып кесенесіне кіріп, рухына тағзым етті, музейін аралап, қазіргі жай-күйімен, жәдігер-мұралармен танысып шықты. Кешен мерейтой қарсаңында жөндеуден өтіп, бастан-аяқ жаңартылған болатын.

Осыдан соң Ерлан Қошанов бастаған делегация аудан орталығына бағыт бұрды. Бұл кезде киіз үй қалашығында той көрігі қызып жатқан еді. Кенттің шетіне барлық аудан-қала 80-нен астам киіз үй тіккен. Қалашық басына қалың қауым жиылып, қазан көтеріліп, ас әзірленіп, ән әуелеп, күй күмбірлеп, сауда-саттық сөрелері жайылып, мерейтой дүбірі алысқа естіліп жатты…

Міне, осы қалашық қасында теңдесі жоқ ірі жобаның тұсауы кесілді. Атап айтқанда, Міржақып тойы аясында халықаралық «Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесіне старт берілді. Бұл маңызды оқиғаға Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов, облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Парламент депутаттары және жалпы көпшілік қатысты.

Мәжіліс спикері құттықтау сөзінде «Ұлы дала жорығының» өткізілуі ұлттық спорт түрлері жанданып келе жатқанының жарқын дәлелі екенін мәлімдеді. Ол халқымызға көптеген көрнекті мәдени және қоғам қайраткерлерін тарту еткен қасиетті Торғай жерінде ат марафонын өткізудің символдық мәнін айрықша атап өтті.

– Бәйге десе қаны қызбайтын қазақ жоқ. «Ұлы дала жорығы» рухымызды асқақтататын іс-шараға айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерін дамытуға көп көңіл бөлетіні белгілі. Ел Президентінің қолдауымен былтыр Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ойдағыдай өтті. Ал қазір Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына орай ауқымды ат жарысы мен ақынның шығармашылығына назар аударуға мүмкіндік беретін өзге де көптеген іс-шаралар өткізілуде. Қазақ халқының ұлы перзенті де атқұмар, саятшы болғаны, жирен қасқа Алакөз атын жанындай қастерлегені мәлім. Шабандоздарды тарихи орындарды басып өтетін тартысқа толы ұзақ жол күтіп тұр. Бұл ұлт спортын ұлықтаудың, тарихқа тағзым, тұлғаға құрмет көрсетудің іс жүзіндегі көрінісі. Барша қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді Ерлан Қошанов.

Әлемдегі бірегей марафон-бәйге 2022 жылы басталған-ды. Осы жылдары жалпы қашықтығы 4 мың шақырым еңсерілген. Бұл рекорд алтыншы рет өткізіліп отырған марафонда жаңарып, жоба тарихының жаңа беттері жазылмақ. Жақаң тойында жаңғырған жорық бес күнге ұласады. Бұған еліміздегі 13 өңірдің, сондай-ақ Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің намысын қорғайтын командалар, ұзын саны 90 шабандоз 500 шақырым қашықтықты жүріп өтеді.

– Бұл бәйге – халықаралық деңгейде ат туризмін дамытуға бағытталған маңызды қадам. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ат спортын дамытуға ерекше ден қойылып келеді. Соның ішінде Қостанай тұқымын сақтап қалу үшін арнайы заң қабылданғанын айта кеткен жөн. Бүгінгі аламанда да Қостанай тұқымы додаға қосылады. Торғайда бастау алғалы отырған бәйге – ел мерейін көтеретін оқиға, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Айта кетейік, 25 қыркүйек күні Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің алтыншы кезеңі аяқталды. Таңертең 7 команда жорықты жалғап, Амангелді ауданынан шығып, Арқалық қаласына келіп тоқтады.

500 шақырымның қорытындысы бойынша, Қырғызстанның бірінші командасы жеңімпаз атанды. Ақтөбе облысының командасы екінші, Қостанай облысының бірінші командасы үздік үштікті түйіндеді. Оларға қаржылай сыйлықпен Ұлы дала жорығының арнайы кубогы табысталды.

Жол қашықтығы 500 шақырымды құрады және бағыт Қостанай облысының аумағын қамтыды. Сол күні Арқалық қаласында Халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі мәреге жетіп, жеңімпаздар анықталды.

Фото: Мұрат Жүнісұлы

АТ СПОРТЫ ДАЛАНЫ ДҮБІРГЕ БӨЛЕДІ

Торғайдағы тойдың ауқымды іс-шараларының бірі – ұлттық ат спорты. Торғай іргесіндегі атшабарда жанкүйерлердің делебесін қоздырған көкпар, аударыспақ, ат жарыстары жоғары деңгейде өтті. Аударыспақтан білекті де жүректі азаматтар үш салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ұлы бәйге 70 шақырымға межеленіп, Ақшығанақ ауылынан мәре алды. Көкпар ойындарына қатысқан сегіз команда екі күн бойы қарымды қарқынынан жаңылмады. Атшабар басы халыққа лық толып, еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін ойындарды тамашалады.

– Торғай азаматтарының ұйымшылдығының арқасында 3 автокөлік, 38 бас жылқы және 31 миллион теңге ақша жиналды. Ұлттық ат спорты ойындары бойынша 4 мәреге 200-ге жуық ат тіркелді. Жүлде қоры: ұлы аламанға 8 орынға дейін, Аламан бәйге 6 орынға дейін, құнан бәйге 4 орынға дейін, «Алтын тай» жарысы 5 орынға дейін тағайындалды. Көкпар командаларына 8 орынға дейін, сондай-ақ аударыспақ ойынына 4 орынға дейін жүлде берілді, – дейді ұйымдастыру алқасының мүшесі Айбат Әбдір.

Қорытындысында көкпардан 1-орынды Арқалық қаласы командасы жеңіп алып, 2 млн теңге және бір жылқы жүлделеді. Ал 70 шақырымдық ұлы аламанда Ақтөбеден келген тұлпар алдына қара салмады. Жеңімпаз шабандоз темір тұлпар тақымдады. Басқа да ойын түрлерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қомақты жүлделермен қанжыға майлады.

Сондай-ақ қазақ күресінен ересектер арасында өткен республикалық турнир де жанкүйерлердің нағыз делебе қоздырған додасына айналды. Алаш арысының тойына тігілген арнайы ақшаңқан киіз үйлердің жанында көрініс тапқан күресті қоршау орнатылған сайыс алаңын ентелей иінтірескен халық білектілердің күш сынасын таң әлетінен бастап түннің бір уағына дейін тапжылмай тұрып көрді.

Сайыс палуандар арасында бірнеше салмақ дәрежесінде сарапқа салынып, бас жүлде жеңімпаздар арасында жеребе тарту арқылы анықталды. Күрес төрт салмақ дәрежесінде кіл мықтыларды анықтап, түйе палуанға 21 үміткер шықты. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген палуандардың арасында сан сайыста топ жарған спортшылар көп. Бас жүлдеге автокөлік, өзгесіне жылқы және қаржылай қомақты сыйлықтар тігілді. Нәтижесінде Сужарған ауылының тумасы Алмас Жұмағали (Жанкелдин ауданы) темір тұлпарды тақымдады. Сертификатты «Топжарған» стадионында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов салтанатты түрде табыстады. Өзге де жеңімпаз спортшылар қомақты сыйлықтармен марапатталды. Жалпы, жарысқа 200-ге тарта балуан қатысты. Сондай-ақ, артқан тартыс, қол күресі, гір көтеру спорттары да өте тартысты өтті.

Фото: Мұрат Жүнісұлы

ТАҒЫЛЫМҒА ТОЛЫ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ

«Міржақып Дулатұлы және ұлт руханияты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналып, пленарлық мәжілісте мерейтойлық құттықтауларға кезек берілді.

Конференцияны ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл жүргізіп отырды. Алғашқы құттықтау сөз Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовке берілді. Ол конференцияның тек еске алу емес, ұлы тұлғаның идеяларын зерделеу, оны жас ұрпақ санасына сіңіру, Тәуелсіз Қазақстанның рухани жаңаруына жол ашатын терең таным мен парасатты пікір алаңы екенін айтты.

– Міржақып Дулатұлы елінің ертеңі үшін жанын шүберекке түйген, туған халқының азаттығы жолында аянбай еңбек еткен қайраткер. Оның ұлт руханиятына, білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі орасан. «Оян, қазақ!» деп дүр сілкіндірген Міржақыптың үні бүгін де өзектілігін жоғалтпаған асыл мұра. «Қазақ» газетіндегі публицистикалық еңбектері білім беру, ана тілі, ұлттық сана туралы айтқан тұжырымдары бүгін де өзекті, болашаққа бағыт берер темірқазық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Ұлт зиялыларының асыл арманы Тәуелсіздік еді. Біз сол армандардың орындалған дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Енді олардың аманатына адал болу басты міндетіміз» деген болатын. Бұл сөз біздің әрбір жұмысымыздың, әрбір бастамамыздың темірқазығы болуы тиіс. Міржақыптың рухани мұрасын насихаттау тек тарихты танып білу емес, жаңа дәуірдің саналы азаматын қалыптастыруға бағытталған үлкен жұмыс, – деп атап өтті Бақытжан Нарымбетов.

Президиум төріндегі мәртебелі қонақтар қазақтың заңғар жазушысы, жерлесіміз Төлен Әбдік, әйгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиев, міржақыптанушы ғалым Марат Әбсәмет сүбелі сөздің қаймағын қалқып, Міржақып Дулатұлының халқына сіңірген еңбегін жеріне жеткізе әңгімеледі. Қабырғалы қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайсар Әлім және басқалар жаңа кітаптар таныстырылымын өткізді.

Міржақыптың ұрпақтары атынан бірқатар елдің айтулы азаматтарына мерейтойлық медальдар табыс етілді. Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов тойдың өтуіне демеушілік жасаған ел перзенттерін Алғыс хатпен марапаттады. Жанкелдин ауданының әкімі Дінмұхамед Бидашев конференцияға арнайы келіп деңгейін жоғарылатқан Міржақып Дулатұлының ұрпақтарына, конференция спикерлері және модераторына ел атынан шынайы алғысын білдірді. Міржақыптанушы ғалымдарға және Міржақыптың ұрпақтарына сый-құрмет көрсетті.

Фото: Бердіболат Көркембаев

ҚОС АРЫСҚА ТАҒЗЫМ

Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз сөйлеп, мерейтой аясында атқарылып жатқан игі істерді тілге тиек етті. Міржақыптың ұрпақтары жыл соңына қарай аталарының рухына арнап үлкен ас беруді және облыс орталығында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу жоспарланып отырғанын алға тартты.

Міржақып Дулатұлының ұрпақтары атынан сөз алған Ерлан Сатыбалдиев, жерлесіміз, қоғам және мемлекет қайраткері Ғалым Байназаров ұлы тұлғаларды ұлықтаудың ел болашағы үшін үлкен маңызы бар екендігін айтып, атқарылып жатқан істерге алғыстарын білдірді.

Салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімінде бірінші себетті – облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен Міржақып бабамыздың ұрпақтары, екінші себетті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса, Берік Бейсенғалиев, үшінші себетті ҚР Еңбек ері Сайран Бұқанов пен Ақмола әкімінің орынбасары Жасұлан Айтбаев көтеріп шықты.

Салтанатты іс-шара одан әрі аудан орталығындағы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби-мәдени музейін тамашалаумен жалғасын тапты. 

Фото: Бердіболат Көркембаев

АЙТУЛЫ ДУМАН – АЙТЫС АЛАМАНЫ

Ұлт өнеріне сусаған жырсүйер қауым баба рухына арналған «Ұлт руханиятының шамшырағы» атты республикалық айтысты да асыға күткен еді. Ақындар аламаны тойдың алғашқы күні түстен кейін шымылдық көтерді. Қара өлең қастерін білген қалың қауым сөз сүлейлерінің бәсекесін тамашалауға «Топжарған» орталық стадионына ағылды.

Елдің әр түкпірінен ауыздықпен алысқан жыр жүйріктерін жинаған доданы да іс-шараның бас мейманы Ерлан Қошанов құттықтау сөзімен ашып берді.

– Киелі Торғай даласының жүрегі болған ауылға арнайы ат басын бұрып келіп отырмыз. Себебі, Міржақып атамыздың Алаш жұртына ортақ ұлы тойын өзі туған топырақта қорытындылап жатырмыз. Бұл тарихи әділдікке беріліп жатқан той, құрылып жатқан салтанат деп түсінемін. Торғай – тарихы терең, руханияты өте бай қасиетті өлке. Сондықтан Президентіміздің осы өңірді түлетуге ерекше назар бөліп, Үкіметке тапсырып отырғаны бекерлік емес. Жақаң жұрты жайнап, жандана берсін! Ал айтыс аламаны осы тойдағы ерекше іс-шаралардың біріне айналып, елдің ең үздік ақындары халыққа ұмытылмас әсер сыйлайды деген сенімдемін. Ақындарымыздан соқталы ойлар, тарихымыздың, арыстарымыздың жаңа қырларын танытатын тың, салмақты сөздер естиміз деп үміттенемін, – деді Ерлан Жақанұлы.

Айтысқа азуын айға білеген айтулы 14 ақын қатысты. Атап айтсақ, Бекарыс Шойбеков (Түркістан), Мұхтар Ниязов (Қызылорда), Мейірбек Сұлтанхан (Астана), Әсем Ереже (Семей), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар), Қанат Мырзахан (Алматы), Жанарыс Тілеубек (Қарағанды облысы), Мейіржан Жақып, Нұрлан Есенқұлов (Шымкент), Марат Ахметов (Ақтөбе), Серікбол Панабердиев (Атырау) және Бекзат Асқаров (Түркістан) дода басынан көрінуге дәмеленіп келді. Ал Қостанай облысының намысын өңіріміздің үкілі үміттері – Батырлан Сағынтаев пен Тоба Өтепбаев қорғауға бел буынып шықты.

Қазылар алқасында ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс өнерінің көшбасшысы Жүрсін Ерман (қазылар төрағасы), Қазақстанның Халық ақыны, даңқты жерлесіміз Әсия Беркенова, айтулы айтыс ардагері Мэлс Қосынбаев, торғайлық дүлдүл, айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев, айтыс сарапшысы Қойлыбай Асанов бар. Айтыс тізгінін қазақтың аяулы ақыны Аманжол Әлтаев ұстады.

Бұл аламанды Қостанай облысы әкімдігі ұйымдастырғанын айта кетейік. Тағы бір ерекшелігі – жүлдеге екі бірдей автокөлік тігілді. Қос «темір тұлпардың» бірі облыс әкімдігі атынан жүлдеге берілсе, екіншісін Мәжіліс депутаты, жерлесіміз Берік Бейсенғалиев қосты.

Шапқан сайын шабытына қамшы басқан сөз жүйріктері дайындықтарының жоғары деңгейде екенін көрсетті. Міржақып атамызды, қатпарлы тарихты, елдікті, бірлікті өлеңге қосып, көпшіліктің көкейіндегісін тап басып айтты ақындар. Ашық аспан астында түс ауа басталған дода қас қарайып, түн түскенше жалғасты. Қалың көрермен де жыр-жарысты тарқап кетпек түгілі, орындарынан тапжылмай тамашалады. Алғашқы айналымда жеті жұп ақын бабы мен бағын сынасса, шешуші кезеңге төрт ақын өткізілді. Финалда Бекарыс Шойбеков пен Мейірбек Сұлтанхан, Мұхтар Ниязов пен Әсем Ережеқызы бәсекеге түсті.

Айтыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен 3-орын Аспанбек Шұғатаев пен Нұрлан Есенқұловқа берілді. Олардың әрқайсысы 1 млн теңгеден жүлде алды. 2-орын да екі ақынға еншіленіп, Мейірбек Сұлтанхан мен Әсем Ережеқызы 2 млн теңгеден қоржынға басты. 1-орын түркістандық айтыс арыстаны Бекарыс Шойбековке бұйырып, Chevrolet Kobalt көлігін тақымға басты. Ал айтыстың бас жүлдесі – үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, қызылордалық азуы алты қарыс ақын Мұхтар Ниязов! Оған «Jetour» маркалы темір тұлпардың кілті табыс етілді. Басқа ақындарға қатысқаны үшін 500 мың теңгеден үлестірілді.

Фото: Бердіболат Көркембаев

ЖАУҺАР ӨНЕР – ЖЫР-ТЕРМЕ

Торғайдағы торқалы той «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» атты республикалық жыр-терме орындаушылар байқауымен жалғасын тапты. Күміс көмей, жезтаңдай әншілердің өнер жарысы Нұрхан Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті.

Бірегей жобаға ел көзайымына айналып жүрген тоғыз өнерпаз өз өңірлерінің үмітін арқалап келген. Астана қаласынан үш бірдей дәстүрлі әнші – Ұлдана Нұртуған, Жасұлан Есімхан, Фархат Жәніш, Шымкенттен Бекарыс Көштаев қатысса, Қостанай облысынан бес бірдей өнерпазымыз сынға түсті. Олар – федоровтық Арғынбек Бейбітхан, Қостанай қаласынан Сәуле Жұмабай, Айжан Санай, Гүлбағым Қайыржанова және Торғайдың атынан Байдос Қожасағиев.

Қазылар алқасында белгілі жыршы-жырау, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алмасбек Алматов, әнші, халық музыкасын зерттеуші Бағылан Бәбіжан, дәстүрлі әнші Ерболат Шалдыбеков, республикалық ән байқауларының лауреаты Айтбек Нығызбаев және «Тобыл-Торғай әуені» музыка антологиясын құрастырушы, ғалым, айтыскер ақын Батырлан Сағынтаев болды.

– Тобыл-Торғай өңірінің мақам, саз, әуендері қазір фонетикалық қорда сақталған. Тарихта аты қалған жергілікті жыршы-термешілердің орындауында өздеріне тән көп дыбыс бар. Түйенің өзі болса, ізі бар ғой. Жыр мұрасы қалып тұр, демек олар қайта түлеп, Арқада жыраулық өнер қайта табады деп сенеміз. Осы байқаудың қатысушыларынан да көп үміт күтеміз. Мұнда әдеттегідей 19-20 ғасырдың басындағы ақын-жыраулардың шығармалары ғана орындалып қоймайды, сондай-ақ Мірақыптың азаткерлік рухы жазылған туындылар осы байқаудың жаңалығы болмақ. Өйткені, біз бұған дейін кітап күйінде немесе жинақ түрінде сөреден көрген болсақ, бүгін мақам-саздарға оранып, халыққа өзгеше рухани қуат береді деп ойлаймыз, – деген еді қазылар төрағасы Алмасбек Алматов байқау алдындағы сұхбатында.

Байқау ережесі бойынша, әр қатысушыға екі шығармадан орындау міндеттелген. Алғашқысында олар Міржақыптың кез келген бір өлеңін таңдап алып, оны өз мақамына қосуға тиіс. Ал екінші туынды ретінде Тобыл-Торғай өңіріне тән жыр-терме дайындап әкелуі керек. Барлық қатысушы берілген тапсырманы шама-шарықтарының жеткенінше жоғары деңгейде орындап шығуға жан салды. Байқағанымыз, басым көпшілігінің таңдауы Міржақыптың «Қайда едің?» және «Алашқа» атты кең танылған екі өлеңіне түскен екен. Ал екінші туынды ретінде көбі Нұржан Наушабайдың шығармаларын әзірлепті. Ол да түсінікті: бұл әншілердің барлығы дерлік «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» республикалық жыр-терме байқауының тұрақты қатысушылары. Білікті өнер майталмандарының және қалың көпшіліктің алдында сахнаға шыққан үміткерлердің қай-қайсысы да көрермен қауымның ықылас-қошеметіне бөленді.

Қорытындысында қазылар алқасының шешімімен байқаудың бас жүлдесіне елордалық әнші Ұлдана Нұртуған лайық деп танылды. Дауысының бояуымен, бөлек ырғағымен ерекшеленген Ұлдана 700 мың теңге жүлдемен қанжыға майлады. 1-орын өзімізде қалды, Федоров ауданының әншісі Арғынбек Бейбітханның өнерін мамандар жоғары бағалады. Қоржынында – 500 мың теңге. 2-орын иегері – астаналық Фархат Жәніш (400 мың теңге). Ал үшінші орынды қостанайлық Гүлбағым Қайыржанова мен торғайлық Байдос Қожасағиев бөлісті. Әрқайысысына 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Қалған қатысушылар да құр қол қайтпады, 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлығын алды. 

Фото: Бердіболат Көркембаев

МҮШӘЙРА ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Міржақып мерейтойына бағышталған мәдени-рухани іс-шаралар мұнымен де аяқтала қойған жоқ. Осы дүбірлі думанның алдында «Оян, қазақ» облыстық мүшәйрасы да жарияланған еді. Қорытындысы той басталардан бірер күн бұрын ғана белгілі болып, жүлдегерлер Торғай төрінде марапатталды.

Жазба ақындар бәйгесін облыстық Мәдениет басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Қостанайдағы қосыны бірлесіп ұйымдастырды. Әуелде жүлде қоры 1,5 млн теңге болып, үздік жеті ақынға 200 мың теңгеден бөліп беріледі делінген. Кейін демеушілер қаржы қосып, жүлдегерлер саны онға дейін көбейтілді.

– Бәйге басына келген атқа да бір көлік береді, жарты сағат айтысқан ақын да бір машина мінеді. Ендеше, қаламын қару еткен қауым да қалтарыста қалмауы керек. Жүрек майын тауысып, жанын сауып жыр жазған поэзия өкілдерінің де еңбегі елеуге тұрарлық. Міржақып атамыздың тойында өңірдегі жазба ақындарға да бәйге ұйымдастырылғаны қалай да бір ғанибет болды. Қолдап жатқан Торғай халқына, мүшәйраға жүлде қосқан азаматтарға алғысымызды айтамыз, – деді ақын, ҚЖО Қостанай филиалы төрағасының орынбасары Абылай Мауданов.

Мүшәйраға қолдау білдіріп, қаржылық демеу көрсеткендер қатарында Рүстем Сыздықов, Берік Сомтемір, Халел Рағатов, Шилі ауылының 86-жылғы түлектері және Зейнолла Сәнік атындағы қордың Астанадағы өкілдігі бар. Сондай-ақ өзіміздің қарашаңырақ – облыстық «Қостанай таңы» газеті редакциясы да екі ақынға арнаулы жүлде тағайындады.

– Алаш ардақтысы Міржақып атамыздың көптен күткен ұлы тойы құтты болсын, ағайын. Осынау ұлы тұлғаға арнап жүрегін жарып шыққан туындыларын ұсынған ақындарымыз мерейтойға өзіндік үлесін қосты дей аламыз. Сондықтан дарынды қаламгерлерімізге біз де редакция атынан қолдан келген қолдауымызды көрсетуді жөн санадық, – деді облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы.

Мүшәйраға облыстың әр түкпірінен 35 ақын өлең жолдаған. Сиясы кеппеген шығармаларды танымал ақын-жазушылар – Серікбай Оспанұлы, Ақылбек Шаяхмет, Жанұзақ Аязбеков және Әбутәліп Әмір бағалады. Осылайша, Нұрқанат Құлабаев бастаған, Абылай Мауданов қостаған Аслан Қанғожин, Жандос Жүсіпбек, Батырлан Сағынтаев, Салтанат Өтелбаева, Марғұлан Оспанов сынды ақындар «үздік жетілік» сапына еніп, 200 мың теңгеден жүлде алды. «Қостанай таңы» газетінің 100 мың теңгелік арнаулы қос жүлдесі Данияр Сәдуақасов пен Бағила Балмашеваға берілді. Зейнолла Сәнік атындағы қордың арнаулы жүлдесі Нағашыбай Қабылбекке бұйырды. Мүшәйраға қатысқан барлық 35 ақынның шығармасы таяу арада жеке жинақ болып жарық көріп, қалың оқырманның қолына тимек.

Демеушілік дегеннен шығады, Жақаң тойы шынымен де Торғай жұртының бекем бірлігі мен ұйымшыл елдігін дәлелдеп берді. Мерейтой Торғай төсінде салтанат құратыны туралы алғашқы жаңалық жария болысымен, жалпы аудан халқы, әр жылғы түлектер, алыс-жақындағы торғайлық азаматтар өз еріктерімен қаржы жинап, мал-мүлік қосып, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне мейлінше атсалысты. Ақпаратқа сенсек, Торғай халқының өзі туған жердегі дүбірлі думан үшін 31 млн теңгеден астам қаржы, 37 жылқы, қырықтан астам қой жинап берген. Мерейтойдың мәртебесін асыруға үлес қосудың жарқын үлгі-өнегесі осындай-ақ болса керек!

Фото: Бердіболат Көркембаев

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жақаң тойы Қостанай облысы өнерпаздарының, Төреғали Төреәлі, Ғаділбек Жанай, Маржан Арапбаева бастаған эстрада жұлдыздарының концертімен түйінделді. Екі күнге ұласқан дүбірлі думан Торғай жұртының еңсесін бір көтеріп тастады.

Серік ШАЙМАН,
Жандос ЖҮНІСБЕК,
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here