Отандық кәсіпкерге Шымкентте банан өсіру идеясы қайдан келді?

0
2913

Бүгінгі заман талабына сай ауыл шаруашылығы жаңа бағыт іздей бастады. Әлемдік нарықта сұранысы жоғары банан өндірісі – сол ізденістің айқын жемісі. Көпшілігіміз үшін банан – алыстағы елдердің сыйы секілді көрінетін. Бұл – еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы жаңа белес, жаңа тыныс. Сондықтан, соңғы жылдары отандық агросекторда батыл әрі тың бастамалар легі артып келеді. Тропикалық аймақтағы елдерге ғана тән өсімдік саналатын банан енді оңтүстік Қазақстанда, дәлірек айтқанда, Шымкент маңындағы Қайнарбұлақ ауылында өсіріліп жатыр. Бұл тек аграрлық саладағы тәжірибе ғана емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадамның батыл да ауқымды көрінісі. Бүгінде мұндай жаңашыл жобалар ауыл шаруашылығын әртараптандыру, импортқа тәуелділікті азайту және отандық өндірісті дамыту саясатының нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Ал енді осы ерекше бастаманың қалай жүзеге асқанын, оның әлеуметтік-экономикалық әсерін және келешек мүмкіндігін саралап көрейік.


ТРОПИКАЛЫҚ АРМАННАН ШЫНАЙЫ ӨНДІРІСКЕ ДЕЙІН

Оңтүстік өңіріміз – жылылығы мен күн сәулесінің молдығымен ерекшеленеді. Табиғи артықшылықты тиімді пайдаланған кәсіпкерлер мен ғалымдар банан өсіру жобасын Түркістан облысында жүзеге асыра бастады. Бүгінде «GenGroup Qazaqstan» компаниясы салған жылыжай кешені – Орта Азиядағы алғашқы өнеркәсіптік банан плантациясы.

2023 жылы Түркістан облысының Қайнарбұлақ ауылдық округінде 5,3 гектар аумақты қамтитын жылыжай кешені салынды. Мұнда жылына шамамен 1 000 тонна банан өндіреді. Жобаның бастамашысы – кәсіпкер Сабыржан Өтешев, ал өндірісті басқару ісін Ислам Әлиев жауапкершілікке алған. Идеяның туу тарихы да қызық: кәсіпкер Өтешев Түркияның Алания қаласында демалып жүргенде бананның сапасына назар аударып, «мұны неге Қазақстанда өсірмеске?» деген ойға келген. Түркиялық агрономдармен бірлесе отырып, топырақ пен климат жағдайын зерттеген соң, оңтүстік өңірдің жылы ауа райы мен су ресурстары мұндай тәжірибе үшін қолайлы екенін анықтаған.

2022 жылы жылыжай құрылысы басталып, 2023 жылдың көктемінде алғашқы 9 400 түп «Анамуз» атты түрік сортындағы банан көшеттері отырғызылды. Бұл сорт орташа климатқа бейім, өсімдіктің биіктігі табиғи банан ағаштарындай 10 метр емес, шамамен 5-6 метр ғана.

Банан – жоғары температура мен тұрақты ылғалдылықты қажет ететін өсімдік. Сондықтан жылыжай микроклиматы – табыстың негізгі кілті. Жобада Түркиядан жеткізілген агротехнологиялық жүйе мен тыңайтқыштар қолданылады екен. Түркияда тұратын бас агроном жыл бойы өндіріс процесін қашықтан бақылайды және жергілікті мамандармен тығыз байланыста жұмыс істейді екен. Жылыжай заманауи технологиялармен толық жабдықталған: автоматты суару және климаттық бақылау жүйесі, тропикалық ылғал мен жарық балансына сай жасанды орта, су мен энергия үнемдейтін «ақылды» агротехника бар. Мұндай ортада банан ағаштары өздерін туған жеріндей сезінеді. Бір жыл ішінде алғашқы өнім алынған. Әр гектардан 20 тоннаға дейін жеміс жиналуда.

«Оңтүстіктің ауа райы бұл тәжірибе үшін ең қолайлы нүкте болып есептеледі. Алматымен салыстырғанда температура 5-7 °C-қа жоғары, бұл банан үшін үлкен артықшылық. Дегенмен, алғашқы жылдары ауа райының күрт суытуы, мысалы 2023 жылғы қыста -28°C-қа дейін төмендеген температура айтарлықтай қиындық тудырды. Қазір бұл мәселе жылыжайдың жылу жүйесін жетілдіру арқылы шешілді. Жылыжайдағы агрономиялық бақылау онлайн форматта жүргізіледі», – деді Ислам Әлиев.

ТҮРКІСТАН ӨҢІРІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ БАНАН ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛА МА?

Бүгінде елімізге жыл сайын шамамен 100 мың тонна банан Эквадор мен Филиппиннен импортталады. Ішкі нарықтағы өнімнің 99%-ы шетелден әкелінеді. Ал, Шымкенттегі жылыжайдың үлесі әзірге небәрі 1% болса да оның экономикалық және имидждік маңызы зор. Нақтырақ айтсақ, 2025 жылдың екі маусымында 70 тонна банан жиналды. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 500 тоннаға дейін жетеді екен. Болашақта өнім көлемін 1 000 тоннаға жеткізбек ниетте. Қазірдің өзінде жергілікті өнімнің бағасы импорттық жемістен шамамен 100 теңгеге арзан. Шетелдік банандардың орташа бағасы 700-750 теңге, ал шымкенттік банандар 600-650 теңгеден сатылады.

Жұмсалған инвестиция көлемі – 4 миллион доллар. Сарапшылардың есебі бойынша, бұл қаражат 5 жыл ішінде толық өтеледі. Өнім әзірге Шымкент пен Түркістан өңірлерінде сатылып жатыр. Оған қоса Алматы, Тараз және Астана қалаларынан да сұраныс артып отыр.

Бұл көлем – Қазақстан импорттайтын банандардың жалпы мөлшерінің шамамен 1 пайызына тең. Қазіргі баға жағдайын және логистикалық шығындарды ескерсек, отандық банандардың құны ішкі нарықтағы бағамен бәсекеге қабілетті. Сондықтан, жоба сәтті жүзеге асып жатыр. Тіпті, бүгінде қызығушылық жоғары – бүкіл өнім партиясы алдын ала тапсырыспен сатылып кеткен деуге болады. Халыққа жетіп үлгере ме, жоқ па – оны айту қиын. Ірі сауда желілері өнімді көп көлемде сатып алуға ниет білдіріп отыр, – деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Оның айтуынша, жалпы жұрттың экзотикалық дақылдарға деген қызығушылығы артып келеді. «Қашан өз апельсинімізді, мандаринімізді, бананымызды өсіреміз?» деген сұрақ жиі қойылады. Мәселе – мұны өсіру мүмкін еместігінде емес, оның экономикалық тиімділігінде.

– Эквадор мен Бразилияда табиғи климат жағдайы қолайлы болғандықтан, олар қосымша шығынсыз-ақ мұндай дақылдарды өсіре алады. Ал, бізде бұл жылыжай жағдайында жүзеге асады. Демек, электр қуаты, жылыту жүйесі, өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштар секілді шығындар бар. Қазіргі таңда осының өзімен біз өнімнің өзіндік құнын өтеп, рентабельді деңгейге шығып отырмыз. Ал, басқа дақылдар, мысалы, манго бойынша әлі қосымша зерттеу қажет. Сол себепті Ресей де қызығушылық танытып отыр – себебі біздің климат жағдайында жеке компанияның осындай бәсекеге қабілетті өнім өндіре алуы – айтарлықтай жетістік, – деп пікір білдірді вице-министр.

Қазақстан жыл сайын 60 мың тоннадан астам бананды импорттайды. Бұл – шамамен 120 миллион доллар көлеміндегі қаржының шетелге кетуі деген сөз. Ал, енді өз жерімізде өсірілген банан өндірісі осы тәуелділікті азайтып, ел экономикасына жаңа дем береді.

Жергілікті өнімнің басты артықшылықтары: тасымалдау шығыны аз, экологиялық таза өнім, жаңа жұмыс орындары, ауылдық инфрақұрылымның дамуы. Жыл сайын жылыжай аумағын тағы 5 гектарға кеңейту жоспарлануда. Демек, болашақта Түркістан өңірі Орталық Азияның банан орталығына айналуы әбден мүмкін. Бұл жетістік кездейсоқ емес. Ғалымдар мен агрономдар бірнеше жыл бойы бананның қазақстандық климатқа бейімделген сортын зерттеп, сынақтан өткізді. Нәтижесінде суыққа төзімді, өнімділігі жоғары сорт таңдалды.

Банан ағашының биіктігі – 2,5 метр шамасында. Бір түп жылына 100-150 бананнан өнім береді. Тамшылатып суару жүйесі мен биологиялық тыңайтқыштар өнімнің сапасын арттырады. Мұның бәрі – ауыл шаруашылығында жаңа технологиялардың, инновация мен еңбектің үйлескен жемісі. Банан өндірісі тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар жоба. Түркістан облысында жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жергілікті жастар жаңа мамандықтар меңгеріп, агротехника саласында тәжірибе жинақтауда. Бұл бастама ауылдастардың бойына сенім ұялатты. Кеше ғана шетел өнімін сатып алатын ел едік, бүгін өзіміз өндіретін, тіпті экспорттайтын деңгейге көтерілдік.

ЖАҢА АГРОТУРИЗМ БАҒЫТЫ – БАНАН БАҒЫ

Банан жылыжайы қазір тек агроөндірістік нысан ғана емес, танымдық және туристік бағытқа айналып үлгерді. Биыл мамырдан бастап жылыжайға келіп көрушілер үшін есік ашылды. Мұнда келгендер тропикалық табиғатты сезіне алады. Шынайы банан ағаштары, құстардың үні, шағын су ағындары мен жасыл желек ерекше атмосфера сыйлайды.

 «Мен алғаш рет тропикалық елде жүргендей күй кештім. Бар-жоғы 25 шақырым жол жүріп, өз елімде осындай табиғатты көру – ерекше әсер етеді», – дейді Шымкент тұрғыны Ардақ Амалбек.

Тағы бір қонақ Карина Мұхамед жылыжай ішіндегі үлкен банан жапырақтарын көріп таңғалғанын айтады: «Жемістердің бір шоғыр салмағы 100 кг-ға жуық. Мұндайды тек теледидардан көретін едік. Ал енді өз көзімізбен көру – үлкен жаңалық», – дейді ол. 

Бүгінде жылыжай туристік бағыт ретінде де дами бастады. Келушілерге арналған экскурсиялар, фотосессиялар, фермерлік өнімдерді сату бұрыштары ұйымдастырылған. Бұл – ауылдық жердегі шағын бизнес пен агротуризмнің жаңа үлгісі.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, банан топыраққа жақсы бейімделген. Демек, енді қазақ даласына басқа да экзотикалық жемістерді өсіру мүмкіндігі бар. Болашақта жылыжай аумағында авокадо, манго, ананас сияқты дақылдарды сынақ ретінде отырғызу жоспарланған. Ал, қазірдің өзінде үш гектарда көкжидек өсіріліп жатыр. Нәтиже жаман емес – фермерлер бұл дақылды 20 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Бірегей бастама еліміздің агроинновациялық бағытын айқындайды. Егер тәжірибе сәтті жалғасса, еліміз тропикалық жемістердің отандық брендіне ие болуы мүмкін.

Бүгінде қазақстандық банандар сауда сөрелерінде сатылуда. Жұрт таңырқай қарайды: «Шынымен бе, өз елімізде өсірілген бе?» Иә, бұл – еліміздің еңбекқор азаматтарының еңбегінің жемісі. Болашақта отандық банан тек ішкі нарықты ғана емес, көршілес елдерді де қамтамасыз етуі мүмкін. Бұл – ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыратын нақты бағыт. Қарапайым ауыл еңбеккерінің алақанына енді тропиктің дәмі дарып, қазақ жерінің құнарын жаңа сипатта паш етуде. 

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Шымкент маңындағы банан жылыжайы – жай ғана агрожоба емес, Қазақстандағы ауыл шаруашылығының жаңа бағыты. Ол табиғат мүмкіндігін дұрыс пайдалану, шетелдік тәжірибені пайдаланып отандық өндірістің үлесін арттыру мүмкіндігін көрсетті. Бұл жобаның экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тиімділігі қатар көрініс табуда. Яғни, импортты отандық өніммен алмастыру арқылы ел экономикасына пайда әкеледі. Ауыл жастарына жаңа жұмыс орындары ашылады. Агротуризм арқылы өңірдің имиджін көтеруге болады. Ең бастысы – бұл бастама отандық шаруалардың тәжірибелі, инновацияға бейім және батыл екенін көрсетті. Түркістан облысының тек жылы климатымен ғана емес, жергілікті бананымен де танылатын күн алыс емес. Қазақстандағы банан өндірісі – климаттық тұрғыдан тәуекелді, бірақ стратегиялық тұрғыдан табысты қадам. Бұл жоба ауыл шаруашылығын әртараптандырудың нақты үлгісі. Экономикалық және экологиялық тұрғыдан үлкен серпін береді.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here