Амалбек Тшанов: «Егемендік декларациясы – елдікке бастаған тарихи құжат»

0
2297

1990 жылы 25 қазанда өткен Жоғарғы Кеңестің сессиясында мемлекетіміздің егемендігіне қатысты «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» тұңғыш декларация қабылданды. Сол тарихи сәттің куәгері, 1990-1994 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылымында Шымкент облысынан сайланған депутаттардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшановпен хабарласып, Кеңес Одағы ыдырай қоймаған қысылтаяң кезеңде Егемендік декларациясының қалай қабылданғаны жайында сұрап білген едік.

ЕГЕМЕНДІК ДЕКЛАРАЦИЯСЫ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАНДЫ?

– Амалбек Қозыбақұлы, сол уақыттағы Жоғарғы Кеңестің депутаты, халық қалаулысы ретінде «Қазақ КСР-інің Егемендік декларациясын» қабылдаған кезді еске алсаңыз.

– Ол ел өмірінде үлкен бетбұрыс болған жылдар ғой. 1989 жылдың желтоқсан айында Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1990 жылы наурыз айында ХІІ шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес депутаттарын сайлау туралы қаулысы шықты. Оның өзге сайлаулардан ерекшелігі, депутаттыққа кімді кандидат етіп ұсыну арнайы тапсырмамен анықталған жоқ, үміткерлер тек жергілікті жерлерден ұсынылды. Ол уақытта «Оңтүстік құрылыс конструкциясы» мекемесінің директоры едім. Әріптес әрі замандастарымның ұсынысымен депутаттыққа үміткер ретінде тіркелдім. Сөйтіп, сол кездегі сайлау тәртібі бойынша 10 адамның ішінен Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайландым. Жоғарғы Кеңеске сайланған 365 депутаттың 60 пайызы сайлау округтерінен, қалған 40 пайызы Коммунистік партия мен ұйымдардың атынан сайланды. Бұл сайлау шын мәнінде демократиялық сайлау болды.

Бірінші сессияның алғашқы күніндегі отырыстың күн тәртібіне Қазақ КСР-і Президентін тағайындау мәселесі енгізіліп, сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Президент болып сайланды. Депутат ретінде қат-қабат жұмыстың ішінде жүріп 1990 жылғы өзгерістер кезеңіне де келдік. Осы жылдың мамыр айында Балтық бойындағы үш ел мен Армения Одақтан шығарылып, Әзербайжан мен Грузия егемендік туралы декларациясын жариялады. Қазақстан мен Қырғызстаннан басқа республикалар маусым-тамыз айларында егемендік декларациясын қабылдап та үлгерді. Біз Президентті сайлап алғаннан кейін егемендік туралы декларацияны әзірлеуге кірістік. Қазан айында декларация жобасын талқылау басталды. 3 бет, 22 парақтан тұратын декларацияны бір айдай талқыладық. Қызу пікірталастар өрбіді. Депутаттар тарапынан қарсылықтар болды. Тіпті, балама жоба ұсынғандар да табылды. Тек қана басқа ұлт өкілдері қарсы болды деп біржақты түсінуге болмайды, олардың ішінде өзіміздің қазақтар да бар еді. Сол кездегі депутаттардың 42 пайызы қазақ болатын. Олардың көпшілігі «Кеңес Одағынан шықсақ, қалай өмір сүреміз, иесіз қалмаймыз ба?» немесе «Федерация болайық» деген сияқты ойларын айтты. Бұл 70 жыл бойы кеңестік идеологияның қыспағынан шыға қоймағандығымызды, саяси сана деңгейіміздің қаншалықты екендігін байқатты. Соған қарамастан 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендік туралы декларациясы қабылданды. Сөйтіп, Қазақ КСР-інің егемендігін жариялау арқылы Қазақстан алдағы даму жолын дербес анықтауға әрі елдің тұңғыш Ата Заңын әзірлеуге жол ашылды. Осы жылдың желтоқсан айында Жоғарғы Кеңестің қаулысымен 35 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылды.

Әр саланың кілең мықтыларынан, елдің танымал тұлғаларынан құралған Жоғарғы Кеңес өз қызметін жоғары кәсіби шеберлікпен атқарды. Елдің маңызды нышандарына қатысты, әртүрлі салаларға байланысты кешенді заңдар қабылданды. Мұның бәрі тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тұрып, ел болып кетуіне бағытталған қадамдар еді. Мен осы аса жауапты кезеңде тәуелсіз еліміздің алғашқы уығын қадаушылар қатарында болғанымды үнемі мақтаныш етемін.

– Депутаттар «декларацияның кейбір тұстарына қарсылық білдірді» дедіңіз, сонда оларға декларацияның қай бабы жақпады?

– Декларацияны қабылдау барысында кейбір депутаттарға «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі», «Қазақ ұлты тағдырының жауапкершілігін сезіне отырып» деп келетін тұжырымдар ұнамады. Сессия кезінде «басқарушы және негізгі коммунистік партия болып табылады» деген 6-бапты алып тастау туралы ұсынысқа коммунистер қатты қарсылық көрсетті. Тіпті, құжатты қабылдауды кейінге ысыра бергенді жөн көргендер де табылды.

– Сол кезде бұларға Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев сияқты депутаттардың қарсы шыққанын білеміз…

– ХІІ шақырылымда сайланған депутаттардың арасында мүйізі қарағайдай заңгерлер, академиктер, ел сыйлайтын тұлғалар көп болды. Сессияларда олардың даусы қаттырақ шығатын. Заң мәселесіне келгенде ешкім олардың алдын орап кете алмайтын. Сондай тартысты сәттерде Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Шерхан Мұртаза, Ғазиз Алдамжаров, Камал Смаилов, Әбіш Кекілбаев сияқты қазақтың марғасқа азаматтары ұлт намысын қолдан бермеді.

БҰРЫНҒЫ ДЕПУТАТТАР МЕН БҮГІНГІ ДЕПУТАТТАРДЫҢ АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

– Декларацияны қабылдағанда қандай көңіл-күйде болдыңыз?

– Әрине, қуандым. Бұл құжатты қабылдау оңайға түскен жоқ. Бұл құжат ел егемендігін паш еткен тұңғыш заңнамалық акт болды. Қазақстан осы құжат бойынша халықаралық қатынастарда дербес мемлекет ретінде сыртқы саясатта өзінің мүдделерін айқындап, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға мүмкіндік алды. Табиғи байлығымыз, экономикалық және ғылыми әлеуетіміз өз меншігімізге қалды. Елімізде орналасқан барлық әскери құрылымдар мемлекет қарамағына өтті. Қысқасы, декларация орталыққа бағынышты болудан арылтып, Мәскеумен және өзге де елдермен тең әріптес ретінде ынтымақтастыққа қол жеткізді. Осыдан кейін іле-шала «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды. Сол бір ел тәуелсіздігінің алғашқы құжаты болған тарихи оқиғаға куә болып, оны қабылдауға атсалысқаныма тәубе деймін. Елдің тұңғыш Президентін сайлағанда да, «Мемлекеттік тіл туралы» Заңды қабылдағанда да ішінде болдық. Қазіргі көппартиялы Парламент деген идеяның алғашқы алғышарттары да сол кезде жасалған болатын.

– Амалбек аға, сол кездегі депутаттар мен қазіргі депутаттардың айырмашылығы қандай деп ойлайсыз?

– Ол кезде депутаттар жалақы алмайтын. Азын-аулақ депутаттық жәрдемақыға Жоғарғы Кеңестің асханасынан түскі ас ішетінбіз. Ондағы ас мәзірі қаладағы басқа асханалардан артық емес-тін. Жоқшылық уақыт қой, депутаттарға аса көп жеңілдіктер болмайтын. Әрқайсысымызға бекітілген көлік болған жоқ. Депутаттар үшін ұшақ пен теміржол билеттері тегін болды. Бірақ, қайда бара береміз, Алматыға 4-5 айда бір рет Жоғарғы Кеңестің сессияларына келіп кететінбіз. Дегенмен, сол кездегі депутаттар өте белсенді болды.

– Жалпы, егемендік декларациясының мәні мен маңызын, оның мемлекетіміз үшін құндылығын жете түсіне алдық па? Мұны бүгінгі буынның көкейіне мықтап орнықтыру үшін не істеу қажет? Декларацияны насихаттау жұмыстарына көңіліңіз толады ма?

– Мұның барлығы идеологиялық жұмыстарға байланысты. Бүгінгі қоғам кешегі кеңес өкіметі кезіндегідей үгіт-насихатқа, құрғақ ұранға сенбейді. Әсіресе, бүгінгі жастар бұған мүлде көнбейді. Мемлекет басшысының бастамасымен 25 қазан – Республика күні болып қайта белгіленді. Мен мұны өте дұрыс шешім деп есептеймін. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз бұл күнге қажырлы еңбектермен, үлкен сеніммен жеткен едік. Ол күндер әлі күнге дейін көз алдыма. Күн-түн демей, уақытпен санаспай, үзеңгі қағыстыра қызмет еткен азаматтардың қатары бүгінде сиреп барады. Мені қынжылтатыны, сол азаматтардың декларацияны қабылдау кезіндегі еңбектері көп айтыла бермейді. Қалай айтсақ та, егемендік декларациясы – тәуелсіз Қазақстанның алдағы бағыт-бағдарын айқындаған маңызды құжат болды. Мұнда қаншама азаматтарымыздың білім-білігі, қажыр-қайраты, маңдай тері мен ұлтжанды пейілі жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here