Алаш тарихына қомақты үлес қосқан Торғайды түлету – мезгілі жеткен мәселе

0
26774
Торғай ауылындағы А. Байтұрсынұлы мен М. Дулатұлының әдеби музейі ғимаратының алдында орналасқан ескерткіш.

Тобыл-Торғай алабы киелі, ұлттық дәстүрді сақтай білген әрі алыптар өсірген өңір. Соңғы екі ғасырда қалың қазақ елінің мақтанышына айналған сегіз арысымыздың ішіндегі Абай мен Әлиханнан басқа Шоқан мен Ыбырай, Ахмет пен Міржақып, Әліби мен Амангелді алтауы осы алабтың тумалары екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Сәл тереңірекке үңіліп, Ырғызбай мен Торғай аталарын айтсақ, ұлы Абайдың да тамыры осы жақтан шыға келеді. Солардың арасынан 140 жылдығына арналған біршама шараларға арқау болып отырған кісі – Міржақып Дулатұлы. Торғай елі Ахаңның 150 жылдығы ойдағыдай өтпеген соң, бұл күнді көптен күтті. Оған дайындық Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов бекіткен «140 жылдыққа – 140 шара» арнайы бағдарламасы бойынша жүйелі түрде жүргізілді.

Міржақып Дулатұлы қазақтың ел шетіне жау шапқанда ғана қолданатын «Аттан, Аттан» жан айқайын жалпыұлттық «Оян, қазақ!» ұранына айналдырып, халқымыздың самарқау тіршілігіне жаңа екпін беріп, тың төңкеріс жасаған тұлға.

Бұл кісі бұрынғы Торғай облысының Торғай уезіне жататын Сарықопа болысында туып, өскен. Қазір ол мекен Қызбел деп аталатын біздің ауыл. Онда кеңес заманында мал бордақылап, клейковинасы 42%-ға жететін астық өсірген Қызбел, Бидайық, Алтынсарин қеңшарларының ешқайда көшпей не көше алмай қалған мүшелері тұрады.

Осы Торғай өңірінің соңғы жүзжылдықта көрмегені жоқ. Қазан төңкерісіне дейін мал бағып, аң аулап күн көрген қалың ел, одан кейінгі 15 жыл ішінде жұтқа, қолдан жасалған аштыққа жолығып, бет-бетіне бытырап, далада өліп, азайды. Олардан аман өткендері елге қайта оралғанда серіктестіктер мен қауымдастықтарға тартылып, ауыр еңбекке жұмылдырылды. Араларынан «халық жаулары» табылып, Сібірге айдалды, атылды. Армия қатарына шақырылып, соғыста шейіт болды. Одан кейінгі ауыр тұрмыста ауруға шалдығып, қатарлары тағы сиреді.

Тек колхоздар жаппай қеңшарларға айналдырылғаннан бастап қана, бұл өңір етек-жеңін жиып, даму жолына түсті. Оған көтерме жол жеткізілді, саманнан шатырлы үйлер, онжылдық мектептер тұрғызылды. Әр совхоздың орталығына самолет қонып, телеграф пен пошта іркіліссіз жұмыс істеп тұрды. Бірақ, нарыққа көшу кезінде біздің Жангелдин ауданының бұрынғы жағдайы адам айтқысыз өзгеріске түсіп, жергілікті тұрғындар жөңкіле қоныс аударды. Оны үш өңірмен бірге Торғай облысының жабылуы да күшейтіп жіберді.

Қазір бұл ауданды «құрлықтағы арал» деуге болады. Ол облыс орталығынан 550, ал оның елді мекендері 650-700 шақырымдай қашықтықта жатыр. Торғайдың өзіне дейін асфальт осыдан сегіз-ақ жыл бұрын төселді. Ал, ауданның басқа бір де бір елді мекеніне ондай жол әлі жүргізілген жоқ.

Туған жеріміздің шалғайлығы мен жолсыздығынан туындайтын талай әлеуметтік-экономикалық, күнделікті тұрмыстық қиындықтарға қарамай, елде қалып, өз қызметтерін абыроймен атқарып жүрген жерлестерімізге ризашылығымыз бен мақтаныш сезіміміз өте мол.

Дей тұрғанмен, біздің өңірдің осы бағыттағы қазіргі жағдайын республиканың басқа аудандарының деңгейімен салыстыра келе жасайтын қорытындың ішіңді ашытатыны шындық.

Осындайда ұлан-асыр жеріміздің мол мүмкіндіктері мен жұртымыздың бай тәжірибесін қайта жаңғыртуға әлі кеш емес екеніне де сенесің.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан үш жыл бұрын үш облысты бірден қайта ашып, жұртымыздың ойынан шықты. Енді сондай шешімді Торғай елі де күтіп отыр. Ол үмітті бұл өңірге байланысты басталған Арқалық аэропортын қалпына келтіру мен Астана – Батыс Қазақстан тура тас жолы үлкейте түсті.

Шындығында, Қазақстанның қақ ортасындағы Торғай өңірі неге сонша шетқақпай бола береді?! Қазір жағдайымыз жақсарған жоқ па?! Оның сыртында бұл өңірдің берері мол. Кезінде төрт түлік мал өсірді, клейковинасы 42%-ға жеткен бидай екті. Бұл мүмкіндіктерді ешкім ешқайда алып кеткен жоқ. Ұшы-қиыры жоқ жерлеріміз бен өзен-көлдеріміз тың игеру кезінде тым көп шашылған тыңайтқыштардан аман қалды.

Бұл біздің өңіріміздің қуаңшылығынан көрген пайдамыз және мұндай экологиялық тазалық қазір өте сирек. Сондықтан күнделікті ішіп-жеп отырған азық-түлігіміз жоғары дәрежелі, соңғы уақытта «органикалық» деп аталып жүрген таза деңгейінде. Қазірдің өзінде Астана халқы Торғайдың қымызын, майы мен қаймағын, еті мен балығын ерекше бағалайды.

Мұндай өнімдер Еуропада екі-үш есе қымбат, халық оларды іздеп жүріп алады. Тек оны көлемді түрде өндіріп, айғақтай білсең болды.  

Оған қоса Торғай халқы ертеден мал бағуға байланысты өзінің жазда киіз үйін тігіп, жайлауға көшіп, қысқа қарай көңге (қыстаққа) кіретін ата дәстүрін ұмыта қойған жоқ. Оны әр кез мерейлі даталарға тігілген үйлер мен өтіп жататын неше түрлі қазақи ойындар да жиі есімізге түсіреді.

Соңғы кезде бұл көріністерді этноауыл деп жүрміз. Жақында Абайдың 180 жылдығына сонша сан үй тігіліпті. Бірақ олардың бәрі де бір-ақ күндік. Той өткен соң бәрін жинап тастап, жым-жырт қыламыз, із қалдырмаймыз.

Сондай этноауылдарды «жалт етті де жоқ болды, көрген түстей, сағымдай» қылмай, неге жаңа деңгейде күнделікті өмірге қайтармасқа?! Қазір энергия алатын шағын ебелектер, күн батареялары, су шығаратын қондырғылар, қажет жағдайда тез байланысқа шығатын құралдар да баршылық. Киіз үйдің жаңа түрін жасайтын шеберлер де жоқ емес.

Оларды бір жерге ондап, жүздеп шоғырландыру міндетті де емес. Шаруа мен кәсіптің ыңғайына қарай бір-екі немесе үш-төрт үйлер бірге тігілсе де жетіп жатыр. Және олар бірнеше елді мекенде көрініс тауып, күнделікті өмір салтына бейімделіп жатса ғана тұрақты этноауыл сипатын алып, ішкі және сыртқы туризмге қызықты объект қана болмай, өндіріс пен дәстүрлі салтымызды жаңғыртар деңгейге жетер еді.

Шынына келгенде, бұл істі Республика үкіметі қолға алуға тұрарлық шара деуге болады. Оны тәжірибе ретінде алдымен Жангелдин және Амангелді аудандарының тұрғындарының келісімін ала отырып жүргізсе, тіпті керемет болар еді.

Ол үшін осы екі ауданның негізінде дербес «Торғай аймағын» құрып, оны алғашқы этноөңірге айналдырса, ал ондағы кәсіпкерлер мен тұрғындар қай шаруаны да дәстүрлі қазақи қалыпта, бірақ міндетті түрде қазіргі ғылыми-техникалық жетістіктер арқылы жүргізіп, негізгі өнімдерді нарыққа органикалық сапамен шығаруды басты мақсаты етсе, іс алға басар еді.

Бұл шараға сөзсіз жоғарыда айтылған Астана – Батыс Қазақстан тас жолының салынуы да жағымды әсер етер еді.

Егер бұл этноөңірдің алдына қойылған мақсаттары орындалатынына көзіміз еркін жетіп жатса, ол секілді өңірлерді Ырғыз – Шалқар, Шет – Жаңаарқа, тағы басқа далалы, шөлейтті аудандардың негізінде көбейте түсіп, оларды қазақи дәстүр мен мал өсіру ісіне сәйкестірілген республикалық үлкен этнопояс дәрежесіне дейін көтеруге болар еді.*

Оған әртүрлі қомақты стимулдар қарастырып, қалада босып жүрген ауылдықтарды қайтарып, даланы қайта түлетер едік. Сонда бұл жоба қазақ жерінде тәуелсіздік заманында ата-бабаның тума дәстүрін жаңаша жаңғырта отырып, далалы аумақта мал шаруашылығын дамытуды тың жерлерді игеру кезіндегі шаралардың деңгейіне дейін көтеруге бағытталған ерекше бағдарлама болып шығар еді.

Басқаша айтқанда, бұл біздің елде мал өсіруді өз жерлеріміздің табиғатының ерекшеліктеріне сәйкестей отырып, кезіндегі тың игеру секілді биікке жеткізу, қара малды Бразилияша, қойды Австралияша көбейте түсу деген сөз.

Осы ауылдар бойынша тағы бір айтар мәселе – ауылдық жерлерде (сельские территории) 1993 жылға дейін республикалық 10 министрлік пен ведомстволар жұмыс істеп тұрған болатын. Олар: Ауылшаруашылығы, Астық өнімдері, Жеміс-жидек, Балық, Орман, Су, Ауылдық құрылыс министрліктері мен Ауылшаруашылығын техникамен жабдықтау, Ауылдарда шикізат жинау мекемелері және Тұтынушылар кооперациясы. Ал бізде солардың соңғы отыз үш жыл бойы біреуі – Ауылшаруашылық министрлігі ғана жұмыс істеді. Қалғандары жабылып, кейбірі түк праволары жоқ комитеттер, басқармалар мен департаменттерге айналдырылды. Жеке салалардың өзгешеліктері мен мамандар кәсібилігі ескерілмей, жайына қалды.

Мен ол кездерде Қазақ ауылшаруашылығы ғылым академиясында бас ғалым хатшы болдым. Жағдайды жақсы білемін.

Қазір Агроөнеркәсіп кешенінде бұдан екі жыл бұрын құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігін қосқанда екі-ақ ведомство тіке жұмыс істейді. Бұл ұлан-асыр ауылдық жерлерімізге өте аз. Осы екеуін, біздің ойымызша, әлде де қосымша кем дегенде Ауыл инфрақұрылымы, Балық шаруашылығы, Орман ресурстары мен көгалдандыру деген министрліктер құрып, осы үшеуімен күшейту қажет секілді. Сонда ғана Сарыарқаны, бүкіл далалы жерлерімізді қайта түлете алатын боламыз.

Бұл ойлар мен ұсыныстар басталып кеткен Астана – Батыс Қазақстан күре жолының маңызын да арттыра түсер еді. Соның арқасында Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтардың да туған жерлері деңгейлі даму дәрежесіне қол жеткізер еді.

Бұларсыз далалық аймағымыздағы елді мекендеріміз тағы талай жыл климаттық жағынан да, экономикалық жағынан да ешқандай тартымы жоқ, көріксіз, күнделікті тұрмыстық қызметтері қорасындағы саман үйлерімен көз сүріндіретін болады. Онымен қоса жасыл экономикаға байланысты қабылданған межелерімізге жету де, энциклопедияда көрсетілген мыңдаған өзендеріміз (85 мың) бен көлдерімізді (48 мың) елімізді дамыта түсу ісіне жұмылдырып, балық ресурсын көбейту де, оны ел ырысына айналдыру да қиындай түседі.

Бұлай істемесек Қазақстанды Сингапур секілді қалалық мемлекетке айналдырғысы келгендердің «қиялдары» орындалып, ауылдық аумақтарымыз алдымыздағы 15-20 жыл ішінде иесіз далаға айналып, көршілеріміздің көз алартуын көбейте берер еді.

Осы жерде айтпауға болмайтын тағы бір ой бар. Ол – біздің адами парызымызға жеңіл-желпі қарай салуымыз туралы. Бұл бағытта бәріміз бір жағымсыз әдетке үйреніп алдық. Мысалы, қай деңгейде де, бір күнделікті болмашы мәселеге көпіріп, бір сағат сөйлейміз. Ал жақсыларымыз бен жайсаңдарымызға келгенде таркөңіл бола қалып, уақыт есептей бастаймыз. Сөйтіп, арыстарымызды атай бастасақ, үшеуден асырмаймыз. Біреу-екеу аз, төрттен әрі тым көп деп, әрідегілерді Шоқан, Ыбырай, Абаймен шектеп, одан бергі Әлихан, Ахмет, Міржақыпқа ғана тоқталып, кейінгі Мұхтар, Ғабит, Сәбит үшеуімен аяқтаймыз. Олардан басқалар туралы ауыз ашуымыз сирек. Ал Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп, Смағұл Сәдуақасов пен Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, екі Досмағамбетовтер, Ақпай Жақыпов, Әлімхан Ермековтер, олар секілді ондаған жылдық тозақтан өткен, азаптан өлген жүздеген кісілердің қандай кінәлары бар.

Бұл бағытта Президентіміздің тапсырмасымен біраз жұмыс істелді. Бірақ, ол жер-жерлерге әлі жете қойған жоқ.

Мысалға өзім білетін біздің Қызбел ауылын алайықшы. Оны тұтас алаш ауылы десе де болады. Міржақыптан басқа онда туып-өскен, онымен тағдырлас және сол жылдарда жазаланған өзім білетін 15 адамды анық атай аламын. Олар: Асқар Дулатов, Бәйеке Жұмабаев, Сейдәзім Кәдірбаев, Әлмағамбет Қасымов, Әскербек Кәдірбаев, Мырзағазы мен Мырзахмет Есболовтар, Мағзум Асанбаев, Теміржан Есмағамбетов, Дузен Тұйғынбеков, ағайынды Қыпшақбаевтар, Дархан Кеншінбаев, тіпті сол кезде 14-15 жаста ғана болған Хайдар Асқарұлы Дулатов пен Боранбай Нұржанұлы. Бұл ауылдан кейін әртүрлі кінәлар тағылып, тағы «халық жауы» атанып Смағұл Арыстанбеков, Молдағали Бәйімбетов, Қаби ағамыздың әкесі Іңірбай, Жүніс Рахметов, Рақан Қаржауов 5 адам ұсталды. Бәрі 6 жылдан 25 жылға дейін каторгаға айдалып, көбі атылды. Олардың төртеуі Міржақыптың, оны менің туыстарым, қалғандары қатар өскен ауылдастар еді. Түгел сол кезде Ыбырай, не ауыл мектептерін бітірген, кейбірі Орынборда, Санкт-Петербургте, Қазанда, Орск мен Троицкіде білім алған кісілер болатын.

Бірақ ешқайсысы осы күнге дейін айтылмай, аталмай, кейінгі ұрпаққа бейтаныс бейбақтар кейпінде қалып келеді. Не тірісінде, не өлісінде бір тұшымды сөз арналмаған байғұстардың күні қашан туар?! Көбінің артында арнап дұға оқыр ұрпақтары да қалмаған. Қазіргі Қызбел жастары осы өз ауылдарынан ұсталған жоғарыда аталған 21 адамның Міржақыптан басқасын біле бермейтініне күмәнданбаймын.

Мұның бірден бір себебі – айту аз, жазу – кем, теледидардан көрсету – жоқтың қасы.

Жас тарихшылар бұл бағытта талаптанып жатыр. Солардың арқасында тек соңғы 3-4 жылдарда ғана Сейдәзім Кәдірбаев пен Мырзағазы Есболов туралы мәліметтер ғылыми айналымға шыға бастады. Мысалы, Сейдәзім Міржақыппен құрдас, бірге оқыған, мақсаттас кісі болыпты. Ұсталғанына дейін Әділет министрлігінің коллегия мүшесі, оның заң және қадағалау бөлімінің басшысы қызметін атқарыпты. Қазақшаға аударған заңдарының екі кітаптық шығармалар жинағы жарыққа шықты. Отызыншы жылдары Воронежге 6 жылға жер аударылып, 1938 жылы атылған.

Мырзағазы Есболов – Петербургтың Герцен атындағы университетін бітірген интеллектуал екен. Оның ізімен 1950 жылға дейін 7 жақыны осы университетті бітіріпті, ал 19 туысы Мырзағазының «халық жауынан» зардап шегіп, айдауда болған, кейбірі атылып кеткен.

Ауылымыздың үлкендерінің айтуына қарағанда, Қызбелде туып-өскен ірі қайраткердің бірі – Әлмағанбет Қасымов. Ол тәуелсіз Қазақстанның екінші Қорғаныс министрі болған Әлібек Қасымовтың атасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асқар Закаринді МГУ-да оқытып, қатарға қосқан кісі. Өзі Қызылордада Оқытушылар институтында, Әулиеатада техникумда, Алматыда қазақ мектебінде сабақ берген, оқулықтар жазып, Ленин шығармаларын аударған.

Ал Мағзұм Асанбаев ірі мемлекет және қоғам қайраткері Ерік Мағзұмұлы Асанбаевтың туған әкесі. Елге беделді, сауатты кісі болған.

Осы қызбелдіктердің қатарына алыстағы Орынборда туса да мен аяулы апамыз Гүлнәр Міржақыпқызы Дулатованы да қосар едім. Өзім апаймен 10-11 жылдай аралас, дәмдес болдым. Бұл кісі алашшылар қауымы мен қазіргі ұрпақ арасындағы алтын көпір, асыл арқау. Алаш көсемдерінің алақандарының жылуын біздің буынға жеткізе білген, әкесіне тартып туған, оның «Оян қазағын» «Ойлан қазаққа» жалғап, артына екі томдық сөз қалдырған, алаштану ілімінің басында тұрған адам. Өзінің ұзақ өмірінде қанша зәбір көрсе де еш түңілмеген, не қоғамға, не бір жеке адамға лағнет түгіл, жай өкпе айтпай өткен, мінезге мейлінше бай кісі еді. Осы өтіп жатқан шараларға бұл апамыздың да рухы риза болсын!    

Менің ойымша, алашшыларды ел есіне қайтару бағытындағы бұл үнсіздік – кісілікке жат мінез. Оны дұрыстауды, репрессия зардабын анықтауды ауыл мен ауданның, әр мектеп пен мәдени-ғылыми ошақтардың міндеті деп есептеу керек. Алдымен архивтерді ақтарып, ауылдар мен аудандарда көнекөз қариялардан халық жауы ретінде ұсталған, сотталған кісілер туралы мәліметтерді жинап, оның анық-қанығына жеткен дұрыс. Одан соң барлық облыстар бойынша Отан соғысының «Азалы кітабы» тектес кітаптар шығару да қажет болар.

Осыған байланысты тағы бір айта кетер мәселе – жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың өмірден өткендері мен әлі ортамызда жүргендерінің қайсысына қандай құрмет жасалып жатқанын көпшілік көріп отыр. Оларды салыстырмай-ақ қойғың келеді. Бірақ әділдікті ойлап, дал боласың.

Әлихан, Ахмет пен Міржақыптың, оларға ерген үлкен алаш тобының Отанымызға сіңірген жанқиды еңбегі, қаны мен шері деңгейлі бағаланды дей аламыз ба?! Ұлы Абайды үш-ақ сөзбен «Қазақтың бас ақыны» атаған А. Байтұрсынұлы, оның тұңғыш кітабының шығуына мұрындық болған Ә. Бөкейхан емес пе еді?!

Бұл қайраткерлеріміздің кезінде ойлары іске асып, мақсаттарына жеткен болса, тұстастары түрік көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік, кейінгі чех Вацлав Гавел мен поляк Лех Валенса секілді өз істерінің жемісін көріп, қаншама құрмет пен қуанышқа бөленбес пе еді?!

Сол Әлихан мен Міржақыптың аттарында қазір не бар? Олардың рухын қалай қастерледік? Кейінгі ұрпаққа олар өнеге боларлық қандай ұлттық, патриоттық, тәрбиелік мәні бар шешім қабылдадық?

Тіпті, қиян далада жатқан Ахаң мен Жақаңның ағайындары мен ауылдастарының қиын кезде бірігіп тұрғызған ескерткіштері кедейдің қараша үйіндей, шөккен түйедей ғана нәрселер. Көңіл құлазытады. Жол жоқ. Күре жолдан бірі 110, екіншісі 85 шақырым бүйірде. Басына барып, дұға қылып, тәу еткісі келген кісі қияметтің қиындығын көреді. Ол жерлерге сакральдық тізім мен картаға кіргізілсе де, туристер мен іздеушілердің баруы мен көбейуі екі талай.

Қалай болғанда да, қазақ халқы Алаш қайраткерлері мен оларды қолдап, сүйеу бола білген алашшыл қалың топқа мәңгі қарыздар. Қай замандарда да олардың жұлдыздары жоғары тұратын болады.

Сәбит БАЙЗАҚОВ, ҰҒА академигі

* Бұл жерде біз келтірген «аймақ» сөзін жатырқаудың жөні жоқ. Ол қазіргі облыстық деңгейдегі жер көлемін анықтайтын ұғым. Қажет болса оны ресми терминдер қатарына кіргізіп, уақыты келгенде басқа облыстардың аттарына да қосуға болады.

Сондай-ақ «этноөңір», «этнопояс» сөздерінен де қорқуға болмайды. Олардың «этноауыл» баламасы бізде ертеден қолданылып жүр. Және бұл терминдерді «резерват» сөзімен шатастыруға болмайды.

Ондай түсінбеушілік бұрын бір рет «Алтын дала» табиғи резерватының орталығын анықтау қажет болған кезде көрініс тапқан. Кейбір торғайлық атқамінерлер америкалық резерват секілді болғымыз келмейді деп, оның басты кеңсесін жер көлемінің 70% Жангелдин ауданына қараса да, қабылдамай қойған. Сөйтіп, жүзшақты қызметкері бар мекеме Амангелді ауданына қоныс тепкен.

Дей тұрғанмен, тіл мамандары олардың сәйкесті қазақша баламасын ұсынса, оған еш қарсылық жоқ.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here