«Тарихты жеңгендер жазады» деген сөз бар. Яғни, күшті елдер тарихи фактілерді бұрмалап жазуға, өзін зор, өзгені қор етіп көрсетуге құштар. Әсіресе, Қазақстанмен көрші отырған Ресей мен Қытай осы типке жататын елдер екенін несіне жасырайық?! Олар ақбас тарихты сыйлау дегенді білмейді. ҚР Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қариннің айтуынша, Президент тапсырмасымен «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық жеті томдық әзірленді. Әр томға арнаулы ғылыми институт жетекшілік етті. Бірегей жинақты дайындауға елімізден 250 тарихшы қатысты. Тарихымыз түгенделіп, барлық мәлімет объективті түрде сараланды. Ең бастысы, редакция алқасы мүшелерінің барлығы өз мамандарымыз. Тоқетерін айтқанда, өз тарихымызды өзіміз жазып жатырмыз. Осы орайда Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Арыс қаласының Құрметті азаматы Досалы Салқынбекпен ұлт руханияты, тарихымыздың мәселесі, еліміздің идеологиясы сынды өзекті тақырыптар жөнінде ашық әңгімелескен едік.
«ҰЛТЖАНДЫ АЗАМАТТЫ ТӘРБИЕЛЕУ ҰЛТ ТІЛІНЕН БАСТАУ АЛАДЫ»
– Досалы Исаханұлы, әңгімемізді өзіңіздің еңбек жолыңыздан бастасақ.
– Мен қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегімін. Университеттің тарих факультетінде білім алдым. 1989 жылы университетті үздік аяқтағаннан кейін мені Қазақ политехникалық институтына (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) оқытушылыққа жіберді. Бағыма қарай жақсы ортаға тап болдым. Ол кезде институттағы «Қоғамдық пәндер» кафедрасын тарих ғылымдарының докторы, профессор, соғыс ардагері Ахмет Ержанов деген тамаша педагог ғалым басқарады екен. Университеттегі еңбек жолымды оқытушылықтан бастап, одан кейінгі жылдары аға оқытушы, доцент, профессор лауазымдарында еңбек еттім. Он жылдан аса университеттегі «Қазақстан тарихы» секциясының меңгерушісі болдым. 2017-2021 жылдары жұмыс орнымды Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне ауыстырып, сонда директордың орынбасары, кафедра меңгерушісі болып еңбек еттім. Қазіргі уақытта Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ҰТЗУ-нің профессоры болып еңбек етіп келемін. Менің ғылыми-педагогикалық жұмысым және еңбек тәжірибем жоғары оқу орындарымен тікелей байланысты. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Педагогикалық ғылымдар академиясының шешімімен Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі ғылыми атағы берілді.
– Кеңестік кезеңде жастық шағыңыз өтті. Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдары жоғары оқу орнындағы қызметіңіз басталды. Кеңестік кезеңдегі де, тәуелсіз кезеңдегі де тіліміздің жағдайынан хабарыңыз бар. Осы орайдағы сұрайын дегенім, қазақ тілінің өсіп-өркендеуі қандай деңгейде, неге осы уақытқа дейін мемлекеттік тілдің ілгері дамуын дұрыс жолға қоя алмай келе жатырмыз?
– Өте күрделі мәселе. Тіл – әрбір халықтың рухани жан-дүниесінің өзегі. Ұлттық сана, ұлттық мүдде, ұлттық идея сынды асыл қасиеттердің барлығының негізі тілде жатыр. Ертеде шәкірттері қытай ойшылы Конфуцийден: «Егер бір елге басшы болсаңыз, алдымен не істер едіңіз?» – деп сұрапты. Сонда Конфуций: «Ойланбастан ұлттың тілін тәртіпке салар едім», – дейді. Мұны естіген шәкірттері қайран қалып, себебін сұрапты. Сонда Конфуций: «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Қысқасы, тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды. Мұндай жағдайдың алдын алған дұрыс», – деген екен. Осындай терең мағыналы ойларды одан әрі тарқатып, тереңінен қозғап, жетесіне жеткізіп, халқымыздың ғұламалары да айтты емес пе?! Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Тіл үшін күрес неге жүріп жатыр? Қазақ тілі деген не? Қазақ тілінің ар жағында жатқан мәселе – жер. Біз мына жерді қазақ болып, қазақша сөйлеп қана қорғай аламыз», – десе, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тілі жоғалған жұрттың – өзі де жоғалады», – дейді.
1989 жылы 22 қыркүйекте «Қазақ КСР-дегі тілдер және тілдер саясаты туралы» заң қабылданып, қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған еді. Ол кезде қазақ халқы өз жеріндегі халықтың шамамен алғанда қырық пайызын құрады. Былайша айтқанда, өшкеніміз жанып, қазақ тілінің өркендеп өсуіне үлкен үміт пайда болды. Және заң аясында қазақ тілінің ілгері дамуы үшін бірқатар шаралар қолға алынып, іске асырыла бастады. Бірақ, өкінішпен айтуымызға тура келіп тұр, артынан жап-жақсы заңды іске асырып, заңда көрсетілген тармақтарды бір кісідей жұмылып орындауға кірісудің орнына оны тірідей жүнін жұлған тауықтай етіп, быт-шытын шығардық. Белгілі бір мақсаты бар күштердің әрекетінен заңға артынша-ақ түзетулер енгізіп, айтыс-талас тудырдық. Мәселен, 1990 жылы 27 қыркүйекте Қазақ КСР Министрлер кеңесінің мемлекеттік тілге байланысты қаулысында «Мемлекеттік тілде іс жүргізуге көшу мерзімін жергілікті жердің өздері белгілейді» делінді. Ештеңені міндеттемейтін осындай қабылданған солқылдақ заңдардың мемлекеттік тіліміздің өрістеуіне елеулі зиянын тигізді. Бұл сол уақыттағы Үкіметтің үлкен ағат шешімі болды. Осы заңға сүйенген кейбір облыс басшылары, өздерінің дайын еместігін алға тартып, мемлекеттік іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіруді кейінге шегеріп тастады. Мемлекеттік тілге қатысты осындай бос белбеу саясат қазіргі таңға дейін жалғасып келеді.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қанатын кеңге жайып, бүкіл қазақстандықтардың ортақ тілі ету жөніндегі жұмыстар кейінгі жылдары да жүргізілмеді. 1997 жылы шілде айында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» (қазіргі қолданыстағы заң) заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу мен іс қағаздарын жүргізу тілі» делінгенімен оның жалғасы ретінде «Мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деумен шектеледі. 5-бапта «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп жазылған. Қазіргі таңда қазақ тіліне қарсы шығып жүргендердің сүйеніп жүргені осы бап. Жарайды, бұны бір қиюы қашқан дүние деп қоялық. Менің жаныма қатты бататыны біздің тәуелсіздік алғанымызға 34 жыл болды. Кеңестік кезеңде өскен, оқыған аға буын өкілдерінің өз ана тілін білмеуі, құрметтемеуі сталиндік тоталитарлық жүйе, хрущевтік волюнтаризм, брежневтік жалаң кемелденген социализм жылдарындағы халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі тапталып, рухани жан-дүниесі тығырыққа ұшырауынан, балабақша, мектеп, жоғары және арнайы оқу орындарындағы қазақ тілінің жағдайы өте төмен деңгейде болуынан, қоғамымыздың барлық саласында орыс тілі үстемдік етіп, қазақ тілінің екінші қатарға ығыстырылуынан көрдік және солай деп түсіндірдік. Ал енді осы тәуелсіздік жылдары өмірге келген бүгінгі жас ұрпақтың арасында өз ана тілінде сөйлеуді ар көретін, өзінің тарихын, ата-баба дәстүрін білмейтін жастардың өсіп жетілгенін қалай түсіндіреміз? Біз үшін бұл өте үлкен қайғы-қасірет. Неліктен осындай жағдай орын алып отыр? Осы қасіретке қазақ тілінің жанашыры Герольд Бельгер ағамыз былай деп жауап беріпті: «Қазақ тілінің басты жауы – ұлттық намыс пен рухтан жұрдай қазақтардың өзі. Олар сан жағынан басым, жыртылып айырылады. Қазақ тілінің бағы жанбай тұрғаны да сондықтан. Ата тегін ұмытқан қазақтардың өздері-ақ ана тілін табандап таптап, илеп жаншуда. Қазақ тілін қарабайыр санайтын надандық бұлтын сейілту үшін мынаны еске алу артық болмас. Егер бір ғана «Абай жолында» Әуезов 16 983 сөз қолданса, ал Шекспир мен Байронның барша лексиконы 15 мың сөзді құрайды. Демек, қазақ әдебиетінің дәмін көрмей жатып, әлемдік әдебиетке қол созудың өзі ақымақтық». Айтары жоқ нақты жауап.
Екінші жағынан, мына билік басында отырған мемлекеттік тілді білмейтін шенеуніктер де зиянын шаш етектен тигізіп келеді. Махатма Ганди: «Отаршылдардың тәрбиесінен шыққан элита – өз халқының ең басты жауы», – деп қалайша дөп асып айтқан десеңізші! Ақын Мұхтар Шаханов ағамыз айтқандай:
Үш жүз жылдай түсіп келген илеуге,
Ұлттық сана жылдан жылға күйреуде,
Ана тілін менсінбеген мәңгүрттер,
Неге құштар қазақ халқын билеуге, – деген сұрақты бұндайларға қоятын кез келді.
Осындайда не істеу керек деген сұрақ туады. Қазіргі таңда өз жеріміздегі халықтың 68 пайызын қазақ халқы құрап отыр. Құдай қаласа, алдағы уақытта 90 пайыз да боламыз. Республикамыздағы жоғары оқу орындарындағы (техникалық жоғары оқу орындары да бар) қазақ бөлімдерінің көрсеткіші 80 пайыздан асты. Санды айта отырып, сапаны ұмытпайық! Бізге елімізді, жерімізді, ата-бабадан қалған рухани мұрамызды қорғайтын ұлтжанды сапалы ұлт керек. Ұлтжанды азаматты тәрбиелеу ұлт тілінен бастау алады. Яғни, менің айтайын дегенім, рухани дүниемізде саналы сілкініс жасайтын уақыт келді. Олай етпегенде қолымыздағы барымыздан айырылып қалатын түріміз бар. Ең бірінші кезекте қолданыстағы тіл туралы заңды, тілге қатысты Ата заңдағы баптарға өзгерістер енгізу қажет. Дұрысы, жаңа сапалы тіл туралы заңды қабылдаған жөн.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылы 8 қараша айында бір топ ұлтжанашырлары дайындаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл туралы» заңының жобасы газет бетінде жарияланды (Қараңыз: «Жас Алаш». 2011 ж. 8 қараша. №89). Заң жобасында қоғамымыздың барлық саласындағы мемлекеттік тілдің атқаратын рөлі мен міндеті айырықша көрсетілген. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақстан халқын топтастырудың негізгі факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті» – деген сөйлем, бүкіл заңның болмысын ашып тұр. «Еліміздегі этникалық топтар тілдерінің мәртебелері бірдей болып табылады. Олардың ешқайсысына заң жүзінде артықшылық берілмейді. Әр этнос өкілдері өз ана тілінде сөйлеуге, оны дамытуға толық ерікті» – деп жазылған. Бұл заң жобасында қосарланған ресми тіл немесе басқа да қосарланған жазбалар жоқ. Қабылдауға дайын тұрған заң деп айтсақ болады.
Әрине, өз ішіміздегі және солтүстіктегі көршіміздің ішіндегі империялық, шовинистік пиғылдағыларға бұндай заң ұнамайтыны белгілі. Атой салары анық. Неше түрлі арандатулар жасайтыны тағы бар. Қанды соғыс жүріп жатқан Украинаны да алға тартар. Ал шын мәнісінде, Украинадағы Ресейдің басқыншыл соғысына тілдің ешқандай да қатысы жоқ. «Орыс тіліне қысым жасалып жатыр» деген сынды сынаққа сылтау іздеген Ресей билігінің өз халқын адастыруы. Олардың басқыншы соғысының астары басқада. Сондықтан, мемлекеттік тілімізге қатысты қандайда бір арандатулар болмасын төтеп беріп, мемлекеттік тілдің қоғам өміріміздің барлық саласында еркін дамуына барлық жағдай жасалуға міндетті. Мемлекеттік тіл барша қазақстандықтарды топтастырушы ғана емес, ол отансүйгіштік патриотизмнің локомотиві де болуы тиіс деп есептеймін.
«ӘР ҰЛТ ӨЗ ТАРИХЫН ӨЗІ ЖАЗҒАНЫ ЖӨН»
– Досалы Исаханұлы, сіз тарихшы ғалымсыз. Тарих ғылымы саласына арналған қаншама ғылыми еңбектеріңіз, оқу-әдістемесін жетілдіруге арналған оқу құралдарыңыз жарық көрді. Ұдайы ғылыми мақалаларыңыз баспасөз бетінде жарияланып келеді. Қазақ радиосынан өзіңізді жиі тыңдаймыз. Әлеуметтік желіде де қоғамымызда қордаланған мәселелер бойынша пікір білдіріп келесіз. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде халқымыздың тарихын дұрыстап жазу, тарихтағы ақтаңдақтарды қалпына келтіру, жастарымызға оқыту ісі қаншалықты дұрыс жолға қойылды деп ойлайсыз?
– Өзің қойған сұрақтардың төңірегінде қатпар-қатпар үлкен проблемалық мәселелер бар екенін ашып айтайын. Халқымыздың тарихы ол білім, ғылым және тәрбие. Сонымен қатар, мемлекетіміздің идеологиясын дұрыс жүргізудегі үлкен көмекші күш – жастарымыздың бойында отансүйгіштік сезімді оятатын, ұлттық рухты қалыптастыратын бірден-бір тәрбиелік құрал. Отаршылдардың қай халық болмасын ең бірінші кезекте оның тілі мен тарихын өшіруге бар күшін салғанын әрдайым қаперде ұстайық. Ұлттың орасан зор рухани күші – оның тарихында жатар. Осы биылғы жылы сәуір айында Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрінің елімізге сапары барысында, оның артынан келген Ресей Федерациясы Президентінің сапары барысында екі мемлекеттің саяси, экономикалық және тағы да басқа салалар бойынша келісімдер жасалды. Және осы сапар барысында Ресей сыртқы істер министрінің, Президентінің аузынан екі елдің ортақ тарихын жазу мәселесі айтылды. Бұндай ортақ тарих жазу мәселесін Ресей саясаткерлері бұрын да көтеріп жүрген болатын. Неліктен олар бұл мәселеге осыншама мән береді? Оның мәнісі тереңде. Өйткені, тарих – халықтың рухани жады, ұлттық санасы. Олар біздің елімізде болып жатқан тарихи санамыздың жаңғыруын, тарихи сана арқылы отаншылдық тәрбиенің жүріп жатқанын көріп, мұқият зерделеп отыр. Біздің елімізде тарихи тақырыптар бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында шығып жатқан қазақша, орысша мақалаларға талдау, сараптау жүргізеді.
Жақында әлеуметтік желіде «Қазақстандық 70-тен аса тарихшы Ресей Федерациясының Федералды қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бақылауында» деген материал жарияланды. Және оларға 20 жылдай мерзімге Ресей Федерациясына кіруге тыйым салынған. Осы мәліметтерді естігенде таң қалғаным жоқ. Өзім танитын бірнеше ғалымның Ресейдің шекара бекетінен өте алмай ел қайтып келгенін білемін. Яғни, оларда іріктелген нақты тізім бар деген сөз. Ол тізімге Ресейдің отаршылдық тарихын, еліміздегі аштық, саяси қуғын-сүргін және тағы да басқа Ресейге ұнамайтын тақырыптарды зерттеп жүрген тарихшы ғалымдарымыз енгізілген. Екіншіден, олардың тарихшы ғалымдарға сонша шүйлігуінің астарында халқымыздың тарихи санасының оянуы оларды қатты шошытуда. Олар Ресей мен Украина арасындағы жүріп жатқан соғыста халқымыздың басым бөлігінің азаттық үшін күресіп жатқан украин халқын қолдап отырғанын біліп отыр. Украин халқымен біздің тарихымыз ұқсас. Кезінде олар да біз секілді Ресей империясының, оның жалғасы болған кеңестік қызыл империяның отары болды. 1930 жылдары қолдан ұйымдастырылған аштықтың салдарынан бес миллионға жуық украиндар қаза болса, 1937-1938 жылдары жүргізілген саяси қуғын-сүргіннің зардабынан көзі ашық, көкірегі ояу мыңдаған украин халқының зиялылары атылды. Қазіргі Ресей басшыларының ортақ тарих жазуды қайта-қайта көтеріп отыруының астарында халқымыздың тарихи санасын өшіріп, «ұлы орыс халқының көмегінің арқасында» деген секілді ертегімен халқымызды құлдық санадан шығармау болып табылады. Менің айтпағым, отаршыл Ресеймен біздің ешқандайда орта мектептерде және жоғары оқу орындарында оқытылатын ортақ тарихымыз болуы мүмкін емес. Бұған мүлде жол беруге болмайды. Біз тәуелсіздік жылдары тарихымыздағы біршама ақтаңдақтарды түзеттік. Алда тағы да басқа жұмыстар жетерлік. Халқымыздың біршама тарихи санасының оянуы соның нәтижесінде деуге болады.
Ал енді орта мектептерге, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен оқу құралдары бар. Олардың кемшіліктері де бар екенін ұлт жанашырлары баспасөз бетінде жазып, оны түзету жөніндегі пікірлерін айтып келеді. Өзімнің де республикалық баспасөз беттерінде «Мектеп оқулықтарындағы кемшіліктер мен қателіктерден көз сүрінеді», «Тарихы жоқ халық – елі де, жері де жоқ халық», «Отан тарихы өкпе-реніш тарихына айналған ба?», «Отаншылдық ұлт тарихынан басталады» деген және тағы басқа мақалаларым жарық көрді. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының мұрындық болуымен 7 томдық «Қазақстан тарихы» академиялық еңбегі аяқталды. Осы еңбекте осыған дейінгі айтылып келген кемшіліктер түзетілген болар деп ойлаймыз. Қалай десек те, бұл біздің төл тарихымыз, оны өзіміз жазып, қатесі болса түзетіп, жастарымыздың тарихи санасын жаңғырту жолындағы жұмыстарды ілгерлете беруіміз керек.
Халқымыздың тарихына байланысты тоқтала кететін тағы бір мәселе – оны орта мектептерде және жоғары оқу орындарында оқыту жайы. Орта мектепті бітірушілер жоғары оқу орнына түсу үшін тест форматында емтихан тапсырады. Тест сұрақтарының ішкі мазмұнына үңілу, талдау, сараптау, қорытынды жасау деген атымен жоқ. Жоғары оқу орындарында мемлекеттік статусқа ие пәннен студенттеріміз мемлекеттік емтихан тапсырады. Ол мемлекеттік емтиханды тапсырудың түрін әр университет өздері шешетіндіктен бұл мемлекеттік емтиханымызды кейбір университет басшылары «аты барда, заты жоқ» қылып жіберді. Үлкен аудиторияға жүзге жуық студентті кіргізіп, тест түрінде емтихан алу ол қандай мемлекеттік емтихан? Бұл дегеніміз мемлекеттік емтиханның қадір-қасиетін түсіріп, пәнді сапалы оқытуға құлықсыздық танытып отырғанның айқын көрінісі.
Кейбір университет басшыларына ерік берсеңіз, жоғары оқу орнының бағдарламасынан «Қазақстан тарихы» пәнін оқытуды алып тастаудан кет ары емес. Олардың айтатын уәжі – оны мектепте оқыды. Ал, университет қабырғасында жан-жақты жетілген саналы ұрпақ, білікті маман, жеке тұлға дайындап шығу керек екендігіміз ондайларды ойлантпайды. Біздің қоғамда тарих ғылымының орасан зор әлеуетін дұрыс түсінбей жүрген билік басындағылар көп. Мүмкін ішкі пиғылы да басқа шығар, білмейміз ғой. Отандық тарих ғылымына, әсіресе орысша білім алғандар мен орысша тәрбиеленгендер тарапынан қарсылық пен немқұрайлықты көріп жүрміз. Өз елінің тарихын білмейтін адамнан ұлтым, елім деген қандай жеке тұлға қалыптасады деп ойлайсыз? Қазіргі таңда халқымыздың тарихын бұрмалаушылар көбейіп, «қазақтарда шекара болмаған, мемлекет болмаған» деген секілді сандырақтарын жат пиғылдағылар жиілетіп арандату әрекеттері көбейіп отырған кезеңде қайта біз керісінше отан тарихын орта мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытудың сапасын жақсартуға, мазмұнын жаңартуға баса көңіл бөлуіміз керек.
Жастардың бойындағы отаншыл рухты көтеруде «Қазақстан тарихы» пәнін оқытумен ғана шектелмеген жөн. Егерде тарих ғылымы «Тағзым және тағылым» атты қасиетті екі ұғымнан тұрады десек, Қазақ мемлекетінің тарихындағы тарихи тұлғаларды халық арасында кеңінен насихаттау жұмыстары қаншалықты жүргізіліп жатыр деген сұрақ туындайды. Мәселен, XVI ғасырдың бас кезінде Қазақ мемлекетін бір тудың астына біріктірген, нығайтқан, жеке күшті мемлекет ретінде Еуропаға дейін әйгілі еткен, халқымыздың алғашқы заңдар жинағының негізін салған Қасым ханға осы уақытқа дейін еліміздің бірде-бір қаласында ескерткіш орнатылмауын немен түсіндіруге болады?
Шежірелі тарихымыз жөнінде көп әңгіме айтуға болады. Тарихымызда әттеген-ай деп қапалана өкінетін оқиғалар да, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық ерлікке толы оқиғалар да көп. Ресей империясы қазақ жерін жаулап алу үшін 130 жыл мерзімге созылған күшін жұмсады. Ал, оңтүстігіміздегі көршілерімізді айналдырған 10 жылға жуық уақытта толығымен бағындырды. Кешегі кеудесін ешкімге бастырмаған ертүріктің ұрпағы қазақ халқының тарихы ұлт-азаттық күрес тарихы деуімізге болады. Дегенмен, үш жүз жылдай мерзімде Ресей империясы мен кеңестік қызыл империя кезеңіндегі отаршылдықтың халқымызға тигізген зардабы да жеткілікті. Әлем тарихын сараптап қарасаңыз, бейбіт дәуірде қолдан ұйымдастырылған аштықтың зардабынан халқының жартысынан айырылған қазақ халқы ғана. Бұл Сталиндік-Голощекиндік кеңестік биліктің біздің халқымызға қарсы жасаған тікелей геноцидтік саясаты болатын. Соның зардабынан әлі күнге дейін айыға алмай келеміз. Жүрегіңді қан болып жылататын осындай тарихи шындықтан бүгінгі ұрпақ сабақ алып қорытынды жасауы тиіс. Ата-бабамыздан келе жатқан «Үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды» деген тәмсіл бар. Отанды сүю, ел бірлігі, өз елінің патриоты болу сынды қастерлі ұғымдар жөнінде сөз еткенде, әрдайым тарихымызға жүгінеміз. «Өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ» деген қанатты сөз қоғам мен мемлекетіміздегі тарих ғылымының нақты міндеттері мен рөлін айқын көрсетіп тұр.
«ЕЛІМІЗДЕ РЕСЕЙДІҢ СОЙЫЛЫН СОҒЫП ЖҮРГЕН КРЕМЛЬДІҢ «ҚАРҒАЛАРЫ» ЖЕТЕДІ»
– Мемлекеттік идеологиямыз жөнінде не айтасыз?
– Қазақстандықтарды «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» ортақ идеологиямыз қай идеология, оның темірқазығы неге негізделген деген сұрақтарға нақты бізде жауап болу керек. Менің қалауымдағы біздің идеологиямыздың тірегі – ұлттық идеология. Ұлттық идеология – бұл белгілі бір халықтың, ұлттың бірлігін, тұрақтылығын және дамуын қамтамасыз ететін негізгі идеялар мен құндылықтар жүйесі. Ол мемлекеттің ішкі саясатына, мәдениетіне, білім беру саласына, тіпті күнделікті өміріне бағыт-бағдар, жол көрсетуші шамшырақ.
Қазіргі таңда әлемдегі геосаяси жағдай ушығып тұр. Мыңдаған адамдардың өмірін қиып жатқан соғыстар жүріп жатыр. Біздің еліміз ол соғыстарға тікелей қатыспағанымен де, елімізге қарсы «мылтықсыз майдан» жүргізіліп жатыр десек болады. Біз көрші Ресей мен Қытай елдерінің қырағы бақылауында екенімізді естен шығармайық. Олар еліміздің ішкі қоғамдық-саяси жағдайын, экономикалық тетіктерін жіті бақылауда ұстау арқылы қысымын да, ықпалын да арттырып келеді. Мақсаттары белгілі. Біздің елімізге саяси және экономикалық ықпалдарын арттыру арқылы бақылауында ұстау, айтқанын істету, айдауына жүргізу, табиғи байлықтарымызға иелік ету. 2014 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіміз, Қытаймен визалық режимнің мерзімін ұзартуымыз мәселені одан әрі күрделендіріп жіберді. Стратегиялық қазба байлықтарымызды бұл мемлекеттерге сатуымызды, үлкен көлемді жерлерімізді ұзақ мерзімге жалға беруімізді үлкен қателік деп есептеймін.
Ұлттық идеологиямызды жүргізу және қорғау саласындағы жіберіп отырған кемшілігіміз еліміздің ақпараттық кеңістігімізді қорғай алмай отырғандығымызда. Мәселен, еліміз ресейлік телеарналарға, әлеуметтік желілерге, басқа да ақпараттық желілерге ешқандайда бақылау жасап отырған жоқ. Соны пайдаланған ресейлік империяшыл шовинистік бағыттағы күштер қазақ елінің ішкі бірлігіне, тәуелсіздігіне қарсы әрекеттерді ұдайы жүргізіп, қоғамымыздағы саяси ахуалды ушықтыруға тырысып келеді. Мемлекетіміздің шекарасының тұтастығына қарсы әр сарындағы телехабарларды (БАҚ, әлеуметтік желілер) дайындап тарата отырып, еліміздегі сепаратистік күштерге дем беруде. Қазақстанның солтүстігі «орыс жері» деп сепаратистік ахуалды ушықтырып отырған да солар. Өкінішке орай, осындай дұшпандық әрекеттерден кейін елімізде (әсіресе солтүстік облыстарда) тәуелсіздігімізге үстірт қарап, мойындағысы келмейтін, мемлекеттік тілді үйренуге қасақана қарсылық көрсетіп отырған және екі қолын ысқылап сырттан басқыншыларды күтіп, шақырып отырған жат пиғылды «күтушілердің» көбейіп бара жатқандығын қалай жасырамыз?! Ресейлік арандатушылық ақпарат майданымен уланған, қарнының тоқтығынан басқа ешнәрсе керек емес, өзіміздің мәңгүрттер мен Ресейдің сойылын соғып жүрген Кремльдің «қарғалары» да жетеді.
Біздің елімізбен қаншама достық және стратегиялық серіктестік жөнінде қол қойып отырған солтүстіктегі көршіміздің істеп отырған тірлігі осындай болғанда, шығысымыздағы алып көршіміз де «ұрымтал» тұсты қалт жіберер емес. Еліміздегі өндіріс орындарында, ауыл шаруашылық салаларында, сауда-саттық саласындағы қаптаған қытайларды былай қойғанда енді олар еліміздегі білім және ғылым ордаларын «игеруге» кірісті. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген секілді, қазір қайда барсақ та алдымыздан қытай шығатын болды. Осы қарқынмен жалғаса берсе, алдағы он жылда жергілікті халықпен қытайлардың саны теңеседі. Халқымыздың ардақты перзенті Жүсіпбек Аймауытов: «Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек. Олар сауда жасап жүріп-ақ қатын-бала, үмек-шүмегімен сабынның топанындай ағылып келіп, сенің жеріңде ата-қонысындай орнығып алады. Ел алу, жер алу – Қытайға түкіргеннен де оңай. …Қаулаған өрттей басып қалады», – деп ескертіп, сақтандырып, халқының ертеңгі күніне алаңдап кетіп еді.
Идеологиялық салада ойсырай ұтылып отырғандығымыздың тағы бір көрінісі – еліміздегі діни ахуалдың жағдайынан көрінуде. 1992 жылы ақпан айында қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңдағы жіберілген кемшіліктерден бастап, осы уақытқа дейін елдегі діни ахуалды түзей алмай келеміз. Әу бастан діни бағдарымызды анықтап алуымыз керек еді. Жастарымызды діни білім алуға Египет, Түркия, Сауд Арабиясы және тағы басқа мемлекеттерге жібердік. Олардың әрқайсы сол жақтың діни білімін, ағымын алып келіп, жастар арасында таратты, уағыздарын жүргізді. Енді отырғанымыз өзара қырық пышақ болып. Кейінгі кезде «тәңіршілдер» үн қата бастады. Ата-баба жолы, ата-баба діні дегенді алға тартқан олар, ислам дініне қарсы жұмыстарын жүргізіп жатыр. Айналып келгенде бұлар «тәңіршілдік» деген ешқандайда дін емес, ежелгі түріктердің наным-сенімі болғанын білгісі де келмейді. Бұлардың да әрекеті қазақ қоғамының ішіне іріткі салу. «Арабқұлдар» мен «тәңіршілдер» деген айыптаулары мен бір-біріне тас лақтыру қым-қиғаш соғысын жүргізіп жатыр. Интернет сайттарындағы діни ақпараттарға басты назар аударатын кез жетті. Интернеттегі кейбір ашық платформалар діни экстремизм мен діни радикализм идеяларының таралуына себеп болуда. Бұның арты діни топтар арасындағы қақтығыстарға ұрындыруы әбден мүмкін.
Жалпы біз отаншылдық, ұлтжандылық құндылықтарын бірінші кезекке қойып, осы салалардағы жұмыстарды дұрыс жолға қоймасақ, басқа тірлігіміздің барлығы да бекершілік. Бізді тығырықтан алып шығатын да осы отаншылық және ұлтжандылық құндылықтары.
– Досалы Исаханұлы, ашық әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен: Есбол ТӨРЕҚҰЛ












