Хазария қасіреті немесе көпдінділік пайдалы ма, әлде зиянды ма?

0
4024
Хазар қағанаты (Хазария) – 650-969 жылдары өмір сүрген мемлекет | Фото: dasanderemittelalter.net

Өз арамызда өзге діндер мен діни бірлестіктер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кетті деген сөздер жиі айтылады. Сөйтсек, бұған басты себеп – 1992 жылы 15 қаңтарда қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңның кеңқолтықтығы екен. Өйткені, аталмыш заңның 4-бабында: «Барлық діндер мен діни бірлестіктер басқаларға қарағанда ешқандай артықшылықтарды пайдаланбайды», – делінген. Яғни, ескі заң бойынша қазақ халқының ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі ислам діні мен секталар тең құқылы деген сөз. Арамызда тіркеуден өтпей, жасырын түрде тайраңдап жүрген мысықтілеу миссионерлер қаншама?! Міне, заңда солай жазылған соң, 2011 жылға дейін оларға тосқауыл қоя алмай келдік.

ЕЛІМІЗДЕ ДІН ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢ КЕРЕК ПЕ?

Қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң 2011 жылы қабылданды. Ол мемлекет пен діни бірлестіктер арасында өзара міндеттер мен құқықтарды бекітті. Бұл заң дін саласында жауапкершілік қатынастардың қалыптасуында өз міндетін орындады. Дегенмен, 2011 жылдан бері дін саласында әлемдік деңгейдегі жағымсыз үрдістер күшейе түсті. Біздің елімізде қоғамның жағдайы мен оның діни саладағы сұраныстары өзгерді. Діншіл адамдардың үлесі артты, діни аудиторияға шетелден ықпал ету едәуір күшейді. Бұған ақпараттық кеңістіктің ашықтығы және жаһандану процестері әсер етуде. Бүгінде біздер діни ұйымдармен бірлесіп еңсеретін бірқатар қауіп-қатерлер пайда болды. Дамуымыздың жаңа кезеңінде діни қатынастарды реттеудің құқықтық тетіктерін жетілдіру ұсынылады. Заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Қазір елімізде дін туралы жаңа заң қабылдауға тырысып бағып жатыр. Алайда, қоғамда жаңа заң қабылдау қажеттілігіне екіұдай пікір бар. Сондықтан, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» маңызды шаруа. Қателесуге болмайды.

Қазақстанда 120-дан астам этнос өкілдері және елімізде ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3 824 діни бірлестік пен олардың филиалдары жұмыс істейді (2011 жылы 3 992 болған). Дәстүрлі түрде олардың ішінде ең көп саны ханафи мазхабындағы ислам (69,3%) және православиелік христиан (17,2%). Басқа діни топтар 5%-дан аз (еврейлер, буддистер, кришнаиттер, басқа топтар).

Соңғы жылдары Астанада дәстүрлі діндер съезі өтуде. Осылайша өзімізді бірлігі жарасқан ел ретінде әлемге көрсетіп жүрміз. Жөн-ақ. Бірақ та осылай болды екен деп, елдегі көпдінділікке жол беруге бола ма? Көп діни секталардың еліміздегі толеранттылықтың тірегі болмақ түгілі Конституцияға кереғар әрекеттері, адам құқықтарын аяққа таптап, ел ішінде дау-дамай тудырып, қазақты жік-жікке бөліп, айрандай ұйысып отырған отбасының ойранын шығарып жүргендері ешкімге де құпия емес.

ХАЗАРИЯ ҚАСІРЕТІН ҰМЫТУҒА БОЛМАЙДЫ

Осындайда еске түседі. Көпдінділік пайдалы ма, әлде зиянды ма? Ерте заманда Хазария елінің болғанын тарихтан білеміз. Сол ел өзге діндерге басымдық береміз деп, «аққу көкке, шортан көлге, шаян жерге тартып», соңында ел ретінде жер бетінен жойылып кеткен екен.

Осы орайда Хазария еліне қысқаша анықтама беріп көрелік. Үлкен совет энциклопедиясында (28 том, М., 1978, с.163) Хазар қағанаты хақында қысқа да тұжырымды мағлұмат берілген. Хазар қағанаты VІІ ғасырдың орта тұсында Батыс түрік қағанаты ыдырағаннан кейін төменгі Еділ мен Солтүстік Кавказдың шығыс бөлігінде пайда болған феодалдық мемлекеттік құрылым. VІІІ ғасырдың басына дейін хазарлардың астанасы Дағыстан жеріндегі Семендер, одан кейін төменгі Еділдегі Итиль қаласы болады. VІІ ғасырда хазарлар Азау (Азов) төңірегіндегі болгарларды, Дағыстан шегіндегі савирларды бағындырған, ал Кавказ Албаниясы хазарларға салық төлеп тұрған. VІІІ ғасырда хазарлар Солтүстік Кавказды, Азау аймағын, Қырым жағалауларын және Шығыс Еуропаның Днепрге дейінгі далалық және орманды жерлерін иемденген. 735 жылы Каспий жағынан басып кірген арабтар Хазар қағанатының әскерін қиратып жеңеді. Осыдан кейін қаған мен оның төңірегіндегілер мұсылман дінін қабылдайды.

Сегізінші ғасырда Хазар қағанаты мен Византия арасында тығыз қарым-қатынас орнауы христиандықтың таралуына қолайлы жағдай тудырды. Хазар қағанаты жерінде митрополия – діни орталық ашылып, жеті эпархия пайда болды. VІІІ ғасырдың ақыры мен ІХ ғасыр басында қағанаттың тізгінін ұстаған Обадия иудаизмді мемлекеттік дін деп жариялады.

Хазар қағанатының әлсіреуін көздеген Византия хазарларға қарсы айналасындағы көшпенділерді айдап салып отырды. Бірақ, Хазар қағанатына ең үлкен қатер орыс мемлекетінен келді. 913-914 және 943-944 жылдарда орыс әскерлері Каспий жағалауындағы елдерді қырғынға ұшыратты. Х ғасырдың ақырында Хазар қағанаты өмір сүруін тоқтатты.

Көне заманда дүниені дүрліктіргендей болып көрініп, бас-аяғы үш ғасырдан сәл ғана артық өмір кешіп, тағдырдың тәлкегіне ұшырап ғайып болған Хазарияның мән-жайына қанықтыратын зерттеудің бірі – С.А.Плетневаның «Хазары» деген монографиясы. Бұл мемлекеттің шығу тарихын кеңінен сөз ете келіп, С.А.Плетнева «Хазар өздерін Түрік қағанатының тікелей мұрагері, өздерінің билеушісін қаған, мемлекетін қағанат деп атаған» дейді. Хазария қағанатының аз уақытта қыруар аймаққа билік жүргізіп, күшті мемлекет орнату сырын зерттеуші хазарлар құрамына оларға тілі жақын көптеген түркі тайпаларының бірігуінен деп түсіндіреді.

Алыс, жақын көршілерімен соғыста көбінесе жеңіске жетіп, бағы өрлей бастаған Хазарияны әлсірету, бірлігін бұзу үшін дұшпандарды түрлі әдіс-айла қолданудан іркілмеген. Олар Хазария мемлекетінің этностық жағынан құрандылығын, көпдінділігін, мемлекет билеу жүйесінің әлсіздігін пайдаланып, алуан арам әрекетке барған. Сондай тәсілдің бірі – Хазария мемлекетінің беделді адамдарын, әсіресе елді билеуші әулеттің өкілдерін кейде түрлі сый-сияпатпен алдарқатып, енді бірде құдандалы болу арқылы христиан не еврей дініне кіргізудің өзі сырт күштердің асындай жүйелі, мақсатты, жат әрекеттерінің жемісі. Ол замандағы күшті империя – Византия да жауынгер көшпенді халықтардың арасына іріткі түсіріп отырған. Өзінің қарақан басының пайдасы үшін елінің дәстүрін, ғұрпын сатып кететін дүниеқоңыз жандарды іздеп, оларды бірте-бірте құрған торларына түсіру арқылы қарсыластарының шебін ыдырату христиан елдеріне мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілген еді.

Мемлекеті де, халқы да, тілі де жоғалған осы жұрттың тарихы, кәсібі, дәстүрі, тілі, діні, қалалары жөнінде түрлі тілдерде жазылған еңбектер бар. Мәселен, М.И.Артамановтың «Очерк древнейшей истории Хазар» (1937), С.А.Плетневаның «Хазары» (1976), М.Павичтің «Хазарский словарь» (2000) еңбектерінде де кезінде айбыны асқан Хазарияның басы таудай тарихының аяғы қылдай болуының нақты себептері баяндалған. Ал белгілі академик марқұм Рахманқұл Бердібайдың кезінде жазған «Хазария қасіреті» деп аталатын мақаласында жері де, халқы да бай, қаһарлы мемлекет Хазарияның өзге елдер секілді гүлденуге, көркеюге барлық мүмкіндігі бола тұра өрлеудің орнына кері кетіп, тарихтың құрдымына түсуінің негізгі себептерін атап өткен. Бұл мақала 2005 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген Р.Бердібайдың бес томдық шығармалар жинағының екінші томында жарияланған. Айталық, Рахманқұл Бердібай өз мақаласында төмендегідей бірнеше мәселені бөліп көрсеткен:

  1. Хазарияның қасіреті, ең алдымен, қағанның көз алдындағыдан әріге зердесі жетпейтін парасатсыздығына, қандай мемлекеттің де іргесі бүтін болуы халықтың басым көпшілігі тұтынып келген дін мен тілдің беріктігіне тәуелді мән бермей, дүниенің әр бұрышынан келген миссионерлердің жетегінде кеткендігіне байланысты;
  2. Хазарияда көпдінділікті қолдау саясаты мемлекеттің негізі халқы хазарлардың дәстүріне, ғұрпына, өзара бірлігіне орасан залал келтіріп, шексіз космополитизмнің үстемдік құруына жол ашқан. Мұндай көпдінділік Хазарияны елім, отаным дейтін отаншылдық сезім мен сенімді жоғалтқан, халық күнделік тіршілігінен басқаны ойламайтын тобырға айналған. Мұндай елді кез келген дұшпан қаусатып, құлға айналдыруға мүмкіндік туған; іштей тозығы жеткен мемлекет орыс князі Святославтың бір соққысына шыдамай, күллі көкке ұшуы осыдан;
  3. Ең сұмдығы сол – Хазария қағаны да, оның айналасы да дін деген қасиетті ұйымды ойыншық көріп, тілдің ұшымен ғана айтатын болған; қай күні қандай мықты мемлекет өкілдері келсе, солардың дініне бас шұлғып, ауанына жығылған; ақша, тарту әкеліп берсе, қас жауларымен де тіл табысқан;
  4. Хазарлар ежелгі діни сенімінен адасып, елі талан-таражға түсіп, өздері басқа жұрттармен мидай араласып кеткеннен кейін тілінен айырылуы таңқаларлық емес. Ғалымдар хазар тілінің қазіргі мұрагері қай тіл дегенде толық жауап бере алмай жүргендіктері де елмен, дінмен бірге тілдің де жойылуының салдары болса керек.

Иә, Хазария қасіретін ұмытуға болмайды. Оны жиі еске түсіріп тұру керек. Қазіргі әлемдегі дүрбелеңдердің түп-астарына үңілсеңіз, алып империялар дінді соғыс құралы етіп пайдаланып жатқанын анық көруге болады. Хазария қасіреті бізге соны үндейді…

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Хазария қасіретін еске түсіруіміздегі мақсат – ой-сана оянар ма дегендік еді. Асылы бізде «ел болайық, жұрт болайық» дейтін сөздер көп айтылады да, соның орындалуына келгенде жайбарақаттық танытамыз. Әйтпесе, дін туралы толықтырылған жаңа заң бізде неге кешеуілдеп жатыр? Нақты құқықтық құжаттар қашан жүзеге асады? Неге салақпыз, ірге қайтып қымталады? Ойланайық ағайын, көпдінділік түптің түбінде түпке жетіп жүрмесе неғылсын, қауіптенгеннен айтамыз…

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here