Бірлікке бастар білім: Түркі дүниесінің ғылыми негізі

0
591

Түркі дүниесі – сан ғасырлық тарихтың, ортақ тіл мен рухтың, ұлы өркениеттің алтын арқауы. Ұлы дала төсінен бастау алған бұл рухани бірлік  ғасырлар бойы ғылым мен білімнің дамуына да өз ықпалын тигізді. Орта ғасырларда Қорқыттың даналығы, әл-Фарабидің философиялық мұрасы, Жүсіп Баласағұнның адамгершілік ілімі мен Махмұд Қашқаридың тіл ғылымына қосқан еңбегі – күллі түркі әлемінің ортақ ғылыми қазынасына айналды. Бүгінгі таңда да түркі елдері арасындағы ғылыми ынтымақтастық – тамыры терең, келешегі кемел бір бағыт. Бұл тұтастық – тарихтың аманаты, болашақтың бағдары. Әлемдік өркениет тарихында түркі халықтарының рухани және мәдени мұрасы адамзат дамуының маңызды бөлігі саналады. Бай мұраны ғылыми тұрғыда зерделеу, оны заманауи ғылыми әдіснамамен байланыстыра зерттеу – ұлттық ғылымның стратегиялық бағытына айналып отыр.

Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен III халықаралық ғылыми конференция – түркі әлемінің рухани бірлігін, тілдік және мәдени сабақтастығын паш еткен маңызды ғылыми алаң болды. «Әлемнің этно-тілдік әртүрлілігі және түркі мұрасы» атты халықаралық жиынға Аустрия, Әзербайжан, Бельгия, Қытай, Қырғызстан, Ресей Федерациясының Алтай, Саха, Татарстан және Тыва республикаларынан, сондай-ақ Түркия мен Өзбекстаннан келген белгілі түрколог-ғалымдар мен сарапшылар жиналды. Конференцияның ашылу рәсімінде ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов сөз сөйлеп, унверситет ректоры Жансейіт Түймебаевтың шараға қатысушыларға арналған ыстық ықыласқа толы құттықтауын жеткізді. Сонымен қатар, түркі халықтарының ортақ рухани тамырларын сақтау мен дамыту бағытындағы бірлескен ғылыми ізденістердің маңызын атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде түбі бір түркі жұртының бауырластығын айрықша атап өтті. Осы идеяны жүзеге асыру жолында ғалымдарымызға үлкен міндет жүктеліп отыр. Түркілік мұраларды зерттеу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану – біздің жаңа ғылыми бағытымыз болуы тиіс. Жасанды интеллект түркі мұрасын зерттеудің жаңа құралына айналуы керек», – делінген ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың сөзінде.

Сонымен қатар, Еркін Дүйсенов университеттің зерттеу мәртебесі аясында түркология саласында жүзеге асырылып жатқан іргелі жұмыстары туралы баяндады. Ол ҚазҰУ ғалымдарының еңбегімен бұрын ғылыми айналымға енбеген көптеген түркі қолжазбаларының зерттеліп, ғылыми қауымдастыққа ұсынылғанын мақтанышпен атап өтті.

Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев өз сөзінде конференцияның түркі әлемін зерттеудегі маңыздылығына тоқталып, бұл басқосу түркі халықтарының ортақ рухани кеңістігін ғылыми тұрғыда жаңғыртуға серпін беретінін атап өтті.

«Тіл мен мәдениет – ұлттың жаны мен жады. Этно-тілдік мұраны зерттеу арқылы біз өркениеттер арасындағы өзара ықпалдастық пен мәдени сабақтастықты танимыз. Түркі академиясы түркі әлемінің ортақ ғылыми кеңістігін қалыптастыру бағытында бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырып келеді. Соның ішінде ортақ түркі әліпбиін әзірлеу, терминологиялық және академиялық сөздіктерді шығару, сирек және жойылып бара жатқан түркі тілдерін жинақтау жұмыстары бар. Мұндай ғылыми басқосулар – ортақ мұраттарымызды біріктіріп, жаңа идеялардың тоғысатын алтын көпірі», – деп атап өтті Халықаралық Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев.

Сондай-ақ «Үлкен Алтай» алтаистика және түркология ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Юлия Лысенко онлайн форматта баяндама жасап, Ресей мен Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы желілік ғылыми-білім беру жобасының жаңа бағыттарын таныстырды.

Жиын барысында ғалымдар түркітану мен алтайтану, этнолингвомәдениеттану және тілдік байланыстар теориясының өзекті мәселелерін талқылады. Қатысушылар этно-тілдік әртүрлілікті зерттеу мен түркі мұрасын жаңаша пайымдаудың әдістемелік тәсілдерін ортаға салып, ғылым мен тәжірибе тоғысындағы жаңа идеяларға жол ашты.

Еске сала кетейік, бұл конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру бағдарламасы аясындағы «Қоғамның рухани жаңғыруы жағдайындағы Қазақстанның түркі тілдері: графикадан эпикалық мәтінге дейін» атты ғылыми жобасы негізінде ұйымдастырылды. Конференция өз жұмысын жалғастырып, қатысушылар секциялық отырыстарда пікір алмасып, ғылыми ынтымақтастық бағыттарын кеңейтуді көздеп отыр.

ҚазҰУ қабырғасында өткен бұл ғылыми жиын – түркі дүниесінің бірлігі мен рухани сабақтастығының айқын көрінісі. Түркітану ғылымының жаңа белесін айқындаған конференцияда ортақ тарих пен тілдің, мәдениет пен танымның біртұтастығы тағы бір мәрте дәлелденді. Ғылыми ой мен рухани жаңғырудың тоғысқан тұсында өткен бұл шара – жас зерттеушілер үшін жаңа идеялар мен ынтымақтастықтың бастауы болмақ. Түркі дүниесінің ғылыми тұтастығы – бұл тек өткеннің мұрасы емес, бүгін мен ертеңді жалғайтын рухани көпір. Бір тамырдан тараған халықтардың білім мен ғылым жолындағы бірлігі олардың мәдени, экономикалық, технологиялық өркендеуінің кепілі болмақ. Ғылым арқылы түркі елдері өз тарихын жаңаша танып, өзара ықпалдастықтың биік үлгісін қалыптастырып келеді. Демек, түркі әлемінің ғылыми интеграциясы – ұлт болашағын нұрландырар мәңгілік құндылық. Бұл сала тек өткенді танытпайды, ол түркі дүниесінің болашағына жол сілтейді. Ғылым мен рухтың тоғысында туған түркітану – мәңгілік мұраттың айғағы.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here