Қайрат АЙТБАЙ: «Елге тұтқа болған тұлғалар – бізге жол сілтер шамшырақ»

0
3447

TARAZY ЖАНДАР АСАНМЕН

«Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Адал адам мен әділетті мемлекет – егіз ұғым. Адал адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауға тиіс»

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

Елдің төл тарихы мен мемлекет болып қалыптасудың тар жол, тайғақ кешуінде ұлт перзенттерінің, даңқты тұлғалардың жарқын тұлғасы мен олардың қоғам үшін атқарған ерен қызметі жадыда жаңғырып тұрады. Осы орайда қаймана қазақтың «Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деген ұлағатқа айналған сөзі есімізге оралады. Қилы заман, аласапыран кезеңде ұлтқа тұтқа, жұртқа пана болған ұлтымыздың бағына біткен бірегей азаматтарды дәріптеу, тұғырлы тұлғалардың қайраткерлік қадау-қадау істерін насихаттау – кейінгі буынның басты парызы, адами борышы. «Түркістан тұтас бол, түркі тілдес түгел бол» деп діні мен ділі бір, тілі мен тағдыры ұқсас халықтардың бекем бірлігі үшін аянбай қызмет атқарған Тұрар Рысқұлов сынды ардақтылардың және елі үшін еселі еңбек еткен есіл ерлердің қатарында ұлт руханиятында өшпес із қалдырған дәуіріміздің дара тұлғаларының қатарында Халық жазушысы Шерхан Мұртаза мен ғұлама ғалым Мекемтас Мырзахметұлының орны айрықша екені белгілі. Шындықтың шырақшысы бола білген арда азаматты тірлігінде көзіқарақты қауым «Шераға» деп ат қойып, айдар тағып, әспеттеді. Ал ғасырға жуық ғұмыр кешіп, ғылымда бірегей қолтаңбасын қалдырып кеткен Мекемтас Мырзахметұлы абыздық деңгейге көтерілгені хақ.

Заман өз адамын іздейді, заманына қарай адам да туады. Алғадай азаматтарды ардақтап жүрген жанның бірі һәм бірегейі – қоғам қайраткері, Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық Қорының президенті Қайрат Айтбай десек қателесе қоймаспыз. Сұхбатымыз аға буын алдындағы парыз бен қарыз, адалдық пен имандылық, туған жерді өркендету турасында өрбіді.

«ПАРЫЗДЫ ӨТКЕНГЕ ҚҰРМЕТ, КЕШЕГІ КҮНГЕ ІЛТИПАТ ДЕП БІЛЕМІН»

– Қайрат Орынбайұлы, әңгімеміміздің әлқиссасын парыз төңірегінен бастасақ деп отырмын… Бұған себеп те жоқ емес. Бұқаралық ақпарат құралдарын бағамдап отырсақ, Сіздің ұйытқы болуыңызбен қазақтың маңдайына біткен асыл азаматтарды ардақтау мақсатындағы шаралар жүйелі түрде іске асырылып келеді. Бұдан бөлек, елді бірлікке үндейтін, өскен өңір, туған жерді қастерлейтін, халықты имандылыққа баулитын баянды бастамалар тұрақты түрде өткізіледі. Қазіргідей уақытта осыншама игілікті істерді ұйымдастырудағы мақсатыңыз не?

– Парыз – бүгінгінің еншісіндегі іс. Парызды өткенге құрмет, кешегі күнге ілтипат ретінде санаймын. Парыз бен қарыз турасында арнайы пікір білдіруімнің өзіндік себебі де жоқ емес. Мен жетекшілік жасайтын Шерхан Мұртаза Қорының осы уақытқа дейін іске асырған жобалары мен жұмыстарының барлығы да осы парыз бен қарыздан бастау алады. Қазіргі таңда Қор бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде. Соның ішінде Шерағаң дүниеге келген өңірдегі киелі жерлер жаңғыртылып, ел игілігі үшін бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Шерағаның әдеби мұрасын насихаттау бағытында да талай ілкімді істер жасалуда.

Өзгесін айтпағанда, қазіргі күнде Астана қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясында жазушының заманауи мұражайын ашу ниетіміз бар.

Егемендіктің елең-алаң шағында Шерағамен етене танысып, ағалы-інілі болып араластық. Ол кісімен танысуыма студенттік өмірімнен бастап, осы күнге дейінгі өмірлік ұстазым болған өкіл әкем, есімі елге белгілі азамат, Қазақстанның денсаулық сақтау үздігі Мүсілімбай Дайырбеков себепкер болды. Бұдан өзге, ағамның арқасында Асанбай Асқаров, Кеңес Аухадиев, Заманбек Нұрқаділов, Нұрлан Сейітжаппаров, Амалбек Тшан, Қуаныш Төлеметов, Сарыбай Қалмырзаев, Жармахан Тұяқбай, Молдияр (Қалдан) Оразалиев, Сәбит Оразбаев сынды ардақты азаматтармен араластым. Пікірлесіп, сыйласып өттім.

Мүсілімбай көкемнің ата-анаға, туған-туысқандарға, бауырларға, ауылдастар мен жерлес ағайындарға қол ұшын созып, көмек көрсетуі менің де бойымда қалыптасып, Шерхан Мұртаза атындағы Қорды ашуға басты себепкер болды десем артық айтқаным емес.

Бастапқыда мақсатымыз жазушы ағамыздың шығармашылығын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау болса, кейін келе оның аясы кеңейе түсті. Халықтың тұрмысын арттыруға, әлеуметтік мәселелердің оң шешім табуына назар аудара бастадық. Әрине, руханият жағына да үлкен мән беріп келеміз. Міне, соның нақты бір айғағы – қолыңыздағы осы кітап.

– Бұдан бөлек, Сіз басқаратын Қордың отандастарымызды имандылыққа баулу бағытында да бірқатар істерге ұйытқы болып жүргендігінен хабардармыз…

– Имандылық күллі тәрбиенің – басы. Адамға қойылатын басты талап – асыл да ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген, ұлағатты азамат болып шығу. Өйткені адам – өзінің адамгершілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру – қор жұмысының негізгі бағыты екендігін жоғарыда айттым. Күні бүгінге дейін Түлкібас ауданындағы бірнеше елді мекендегі мешіттерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Қызыл ту және Келтемашат ауылдарындағы мешіттерге жан-жақты жөндеу жасалып, қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ 2022 жылы Таусағыз ауылында 300 адамдық жаңа мешіт ел игілігіне пайдалануға берілді. Осыдан бірер жыл бұрын Түлкібас ауылы мен Таусағыз елді мекенінің ортасындағы сонау VII ғасырдан бері қоршалмай келген «Шөлтөбе әулие» қорымын қоршап, абаттандырылды. Осы кезеңде Түлкібас ауылындағы теміржолдың үстіңгі жағындағы Жайлау көшесінің бойынан «Қыдырбай баба» мешіті салынып, ел игілігіне берілді. Ал 2020 жылы Түлкібас ауылымен Таусағыз елді мекеніне қарай жүретін жолдың бойындағы жабылып қалған бастау көзін ашып, «Шынар бастау» рухани даму, демалыс әрі денсаулық сақтау орталығы бой көтерді. Бүгінде «Шынар бастау» өңір тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Әрі десе мұнда аудан деңгейіндегі көптеген іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Мәселен, Наурыз мейрамы «Шынар бастауда» өзгеше форматта, жаңа бағытта жыл сайын ұйымдастырылды. Осы тақілеттес шаралар алдағы уақытта да дәстүрге айналып, жалғасын таппақ. Әрине, бұл бастамалардың іске асуына атымтай-жомарт атанған азаматтардың, достарымның да қосқан үлесі баршылық.

«ШЕРХАН МҰРТАЗА ӨЗ ШЫҒАРМАЛАРЫ АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҢ ТӘРБИЕШІСІНЕ АЙНАЛДЫ»

– «Елге қызмет ету – әр азаматтың адами парызы» деген екенсіз. Сізді ауылдың әлеуетін көтерудегі өзге үлгі боларлықтай ілкімді істеріңізді білеміз. Ауыл – әрбір қазақтың алтын бесігі. Әрбір қазақтың түбі ауылмен байланысты. Сол себепті де, ауылға бүйрегі бұрмайтын, ауыл десе, құлағы елеңдемейтін қаракөз кемде-кем. Осы ретте ауылдың әлеуетін көтеруде, туған жерді түлетуде Шерхан Мұртаза Қоры қандай жұмыстар атқаруда?

– Туған жерге аянбай қызмет етуді парыз санаймын. Ауылды көтеру – әр қазақты көтеру, қадірлеу. Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына игі қадамдар жасауды атамекенге деген перзенттік парызы іспетті іс санаған. Бұл біздің халықта ежелден келе жатқан жақсы дәстүр. Осы дәстүрді бүгінде жаңғыртуға тиіспіз. Ал енді сауалыңызға келер болсам, 2009 жылы «Жүз мектеп – жүз аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында Кемербастау ауылдық округіне қарасты Мәнтай Жәрімбетов ауылына 600 орынды мектеп салынуына тікелей себепкер болғаным әлі күнге дейін жанға қуаныш сыйлайды. Осы мектептің жанынан соғыста қаза тапқан боздақтарға, еңбек ардагерлері мен алтын құрсақты аналарымызға арнап «Батырлар аллеясын» да аштық. Ал келесі жылы Түлкібас ауылына Кеңес Одағының батыры, баһадүр Бауыржан Момышұлы бабамыздың атындағы 1 200 орынды жалпы орта мектептің салынуына тікелей көмек көрсеттік.

Сонымен қатар Мәнтай Жәрімбетов ауылына жастарға арналған спорт кешені де халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұдан өзге, оннан астам мектепке теледидар, музыкалық аппаратура, кітап қоры сыйға тартылды. Өткен жылы Ынтымақ ауылында жастарға арналған спорт алаңы ашылды. Қор қаражаты есебінен жиек жолдар салынып, көшелер жарықтандырылуда. Бұның барлығы да елге болсын деген ниеттен туған қадамдар. Ойым да, ниетім де – осы. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөзі бар. Кез келген мемлекет өзінің алға қарай қарқынды дамуын, болашақ жетістіктерін өсіп келе жатқан өскелең ұрпақпен байланыстырады. Өресі жоғары жастарға үнемі қолдау көрсетіп отыру да біздің басты мақсаттарымыздың бірі.

Мен туған ауыл Алатау мен Қаратау қауышқан Түркібасы өңірі. Түркібасты халқымыздың қасиетті қоныстарының бірі де бірегейі десем артық айтқаным емес. Шерағаң дүниеге келген Жуалы мен Түркібасы қоңсы қонған. Осының әсерінен болар, жастайымнан жазушының шығармаларын жата-жастана оқыдым.

Халқымыздың біртуар даңқты перзенті, Халық жазушысы, қарымды қаламгер Шерхан Мұртаза – ғұмыры ғибратқа толы жанның бірі. Шындықтың шырақшысы бола білген арда азаматты тірлігінде көзіқарақты қауым «Шераға» деп ат қойып, айдар тағып, әспеттеді.

 «Қызыл жебе» арқылы Тұрардай тағдырлы тұлғаның болмысы мен қайраткерлік істерін жадыма тоқысам, «Ай мен Айшаны» ана затына бұрын-соңды болмаған ескерткіш ретінде қабылдадым. Ал, қалың елдің қасиеті мен қасіретін «Бір кем дүние» арқылы жан-тәніммен сезіндім. Ұлт қайраткері Тұрар Рысқұловтың ғұмырбаяндық хамсасын жазып-ақ Шерхан Мұртазаның өзі де бүгінгінің тура сөйлер Тұрарына айналды. «Қызыл жебе» қаламгерді қайраткер деңгейіне жеткізгені рас.

Жалпы алғанда, Шерхан Мұртаза – бүкіл саналы ғұмырын қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына арнады. Ол – шын мәнісінде ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Ел мен жер, тіл мен дін мәселелерін дер кезінде көтере білді. Ол – қазақ журналистикасында өзіндік сара соқпағын салып, дара мектебін қалыптастырды. Талантты жастардың танылуына ықпал етті, талай дарынға қолдау көрсетті. Осылайша, «Шерағаның шекпенінен шыққандардың» үлкен шоғыры қалыптасты. Шерхан Мұртаза өз шығармалары арқылы тұтас бір ұлттың тәрбиешісіне айналды.

Қазіргі таңда қор бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде. Соның ішінде Шерағаң дүниеге келген өңірдегі киелі жерлер жаңғыртылып, ел игілігі үшін бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Шерағаның әдеби мұрасын насихаттау бағытында да талай ілкімді істер жасалуда. Мәселен, жазушының шығармашылығы бойынша байқауға демеушілік көрсетіліп, арнайы ғылыми конференция өткізілді. Сонымен қатар Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза білім алған мектепте кабинеттің ашылуына себепкер болдық. Жуалы ауданындағы Талапты ауылында мерейтойдың өтуіне бір миллион теңге көлемінде қаражат жұмсадық. Мұның барлығы да ардақты азаматтың ұлықтау мақсатындағы істер болатын.

«ТҮРКІБАСЫДАҒЫ БІРЕГЕЙ КЕШЕН «ШІЛТӨБЕ – МЕКЕМТАС БИІГІ» ДЕП АТАЛАДЫ»

– Мекемтас Мырзахметұлы – ғылым үшін туып, ғылыммен бірге өмір сүрген ғалым. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Мекемтас Мырзахметұлы бар салиқалы ғұмырын Абай мұрасын зерделеуге, отандық әдебиеттану ғылымының керегесін кеңейтуге арнаған зиялы тұлға еді. Ұлт руханиятының ілгері басуына сүбелі үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ұзақ жылғы қажырлы ізденістерінен туған құнды еңбектері лайықты бағаға ие болды. Сіздің тікелей ұйытқы болуыңызбен ғұламаға арнап Түркібасының төрінде арнайы кешен орнатылып жатқандығынан хабардармыз…

– Ғибратты ғұмыр кешіп, соңына өнегелі із қалдырған Мекемтас Мырзахметұлының аяулы есімі халқымыздың жадында сақтау – үлкен маңызға ие деп білемін.

Ресми құжатта туылған жылы «1930 жыл» деп жазылғанымен белгілі абайтанушы, ғұлама ғалым, кемеңгер тұлға Мекемтас Мырзахметұлы 1928 жылы дүниеге келген екен. «Мекемтас аға, биыл 95 жасыңызды атап өтеміз» дегенімде «97-ге толамын ғой» деп еді жарықтық жылы жымиып…

Мұсылманша жыл санау бойынша әр 30 жасқа 1 жылдан қосылатынын ескерсек, абзал да абыз  ағамыз дүниеден 100-ге қараған шағында қайтыпты. Ғасыр жасаған жүрек соғуын осылай тоқтатты. Амал нешік, ажал айтып келмейді. Әйтпесе, берісі күллі қазаққа, арысы түгел түркі әлеміне кемеңгерліктің кілтін ұсынған ғалым ағамыздың айтуынша, өткен ғасырдың 30-жылдарындағы Қазақ даласындағы аумалы-төкпелі кезеңде Мекемтас ағамыз анасы мен қарындасы үшеуі аштықтан жан тасалап, талғажау етер тамақ іздеп келе жатады. Ауылға шақырымға жуық жақындап қалғанда ашыққан бір топ қасқырдың қамауында қалады. Амалы қалмаған сорлы ана «Атадан еш болмаса тұяқ қалсын» деп, кеудеді сәби қызын жыртқыштарға қалдырып, ұлы Мекемтасты қолына алып, аман алып қалған екен. Зұлмат заман, қатігез тағдыр. Бір кем дүние…

Өмірін осындай «тағдыр тәлкегінен» бастап, ғұмыр соңына дейін биік абырой мен мұратқа жеткен – ғасыр жасаған Ғұламаның ғибратты ғұмыры бізге өнеге. Мекемтас ағамыз өзінің өсиеті бойынша кіндік қаны тамған қасиетті де киелі Түркістан өңірінің Түркібасы топырағындағы V-VIII ғасырлардан бері келе жатқан Шілтөбе (Шөлтөбе) қорымына қойылды. Иманы саламат, рухы жұмақтың төрінде болғай. Абзал азаматты соңғы сапарға шығарып салуға Қазақстанның түкпір-түкпірінен дүйім ел-жұрт жиналды. Бұдан былай Түркібасы төріндегі тарихы терең Шөлтөбе қорымы «Шілтөбе – Мекемтас Биігі» деп аталады. Қоштасу рәсіміне Мемлекет басшысынан бастап, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, есімі елге белгілі азаматтар көңіл айтып, ғалымның қазақ ғылымына қосқан орасан зор үлесін айтты.

Қазіргі күнде Мекемтас Мырзахметұлының қабірінің басында арнайы стелла орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл қорымның өзіндік тарихы бар. Айналасы алақандай Шөлтөбе қорымы V-VIII ғасырларда пайда болған. Ескі замандарда осы төбеге «Қырықтың бірі Қыдыр – шілтеннің жерленуі мүмкін» деген аңыз бар. Мекемтас ағамыз Шөлтөбе қорымына «Шілтөбе» деп дұрыс әрі тарихи атаудың қайтарылуына ұйытқы болды. «Шіл» парсы тілінен аударғанда «қырық» деген ұғымды білдіреді. Осыдан қазақта: «шілдехана», «шілде айы – 40 күн»  деген ұғымдар шыққан. Мекемтас Мырзахметұлы дүйім жұртқа ежелден келе жатқан «Ғайып ерен Қырық шілтен» тақырыбын, «Шіл, шілтен» мағыналарын тереңінен зерттеп-зерделеп, ұғымын айқындады.

Осы ретте атап өту керек, абзал аға көзі тірісінде Түркібас елді-мекенінде құрылысы тоқтап қалған 550 орынды жаңа мешітті қайта көтеріп, өзі тікелей басы-қасында жүріп бас-аяғы бір жарым жыл ішінде пайдалануға берілген имандылық үйіне «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген. Осы мешіт Түркібасы өңірінің тұрғындарын Алланың қалауымен қорғап жүретін Қырық қолдаушысы болсын» деп, мешітке «Қыдырбай баба» атын бергені елдің жадында. Ауылымыздағы «Қыдырбайдың қырық теңі» деген ежелден келе жатқан сөзді Мекемтас көкеміз осылайша салиқалы түрде жалғаған еді. Мекемтас ағамыздың денесі киелі де қасиетті «Шілтөбе» (Шөлтөбе) топырағына қойылғаны еске еріксіз: «Сол тарихи замандарда осы Шілтөбеге «Қырықтың бірі Қыдыр – шілтеннің жерленуі мүмкін» деген аңызды түсіреді. Ал өңіріміздің бүгінгі күннің тарихындағы «Ғайып ерен, Қырық шілтен» әулие-пірлері қолдап өткен қас батырлары мен маңдайалды тұғырлы тұлғалары Тұрар, Бауыржан, Шерхан, Мархабат, Мекемтас сынды ағаларымыздың ғұмыр жолы өскелең ұрпаққа – үлгі-өнеге. Зиялы қауым үшін зерттеуге тұрарлық терең тақырып, құнды мұра.

Айналасы алақандай Шөлтөбе қорымына «Шілтөбе» деп дұрыс әрі тарихи атауының қайтарылуына ұйытқы болған және сонда мәңгі қоныс тепкен Мекемтас Мырзахметұлының игі ісін одан әрмен жалғастыру қажет. Бұл бағытта ағамыз бастап берген арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастырғанымыз абзал. Ағамыздың туып-өскен ауданымыз бен осы өңірдегі елді-мекендердің тарихи атауын киелі Түркібасы әулиемен ұштастырып, бұрмаланып кеткен атауларды тарихи қалпына келтіруді бастап бергені көзіқарақты қауымға белгілі. Ағаның аманатын ары қарай жалғастыру біз үшін басты парыз.

Ағамыздың Шілтөбе биігінде мәңгі қоныс тебуі – өскелең ұрпаққа алдағы уақытта осы төңіректе іргелі зерттеу жұмысын жүргізуді аманаттап тұрғандай…

«QAZAQ»-ТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:

Қайрат Орынбайұлы АЙТБАЙ – қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының президенті.

1966 жылы қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген.

1991 жылы қазіргі Нархоз университетін, 1998 жылы Талдықорған заң институтын бітірген.

Еңбек жолын 1991 жылы Қазақ қор биржасының аналитикалық басқармасының қызметкерлігінен бастаған. 1994-2001 жылдары Алматы қаласы және Алматы облысы Кеден басқармасының инспекторы, бас инспекторы, 2001-2003 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының көмекшісі, 2003-2004 жылдары «Қараөткел» РМК директоры қызметтерін атқарған.

2004-2006 жылдары Қазақстан Республикасы Президенттік іс басқармасының сектор меңгерушісі, Астана қалалық соттары әкімшісі ретінде еңбек еткен. 2006-2007 жылдары Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде екінші хатшы – іс басқарушысы, 2007-2008 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің аппарат басшысы, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 2008-2013 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі, ҚР Президенті Кеңсесінің сектор меңгерушісі лауазымдарында еңбек етті.

2013 жылдан «SAT&Co» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «Транстелеком» АҚ аппарат басшысы, Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды.

Қайрат Айтбайдың авторлығымен 7 монография, оқу құралы, ғылыми мақалалар жарық көрген. Ғылыми жарияланымдарының негізгі тақырыбы – Қазақстандағы әкімшілік реформа, экономикалық даму және мемлекеттік басқару жүйесі салалары.

Қоғам мен мемлекет дамуы жолындағы белсенді қызметі үшін бірнеше мемлекеттік наградамен, салалық медальдармен марапатталған.

«АУЫЛДАҒЫ АҚПЕЙІЛ АҒАЙЫННЫҢ БАТАСЫ МЕНІ ҚАНАТТАНДЫРАДЫ»

–  Туған топырағынан жырақта жүрсе де, өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеуге бар күшін жұмсайтын азаматтар болады. Сізді етене жақсы танитындар осындай жандардың санатына қосады…

– Қай кезеңде де халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүріміздің алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені рас. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге тиіс деп санаймын.

Адами құндылықтардың негізі ауылдық тәрбиеде десек, артық айтқаным емес. Бүгінгі ғұлама да, ақын да, дана да кешегі ауылда асыр салып ойнап, ауылда өсіп, тәрбиеленгені тағы да бар.

Қызмет барысымен туған жерден жырақ жүрсем де, туған ауылым, өскен ортам, қазыналы қарашаңырақ бір сәтке де есімнен шықпайды. Ауылдағы ақпейіл ағайынның тілегі мен ниеті мені қанаттандырады. Жаңа істерге бастайды. Туған жерге аянбай қызмет етуді өзіме парыз санаймын.

Соңғы жылдар белесінде қор ауданда бірнеше әлеуметтік нысанның салынуына мұрындық болды. Ауылдағы білім беру мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Талантты, дарынды жастардың жан-жақты дамуына, танылуына, олардың түрлі байқауларға қатысуына демеушілік көрсеттік. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қолұшын созу да назарымыздан тыс қалмайды.

Түсіне білгенге, ауылды көтеру – әр қазақты көтеру, қадірлеу. Әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат өзінің өсіп-өніп шыққан ауылына игі қадамдар жасауды атамекенге деген перзенттік парызы іспетті іс санаған. Бұл біздің халықта ежелден келе жатқан жақсы дәстүр. Ілгеріде қазақ ауылдарындағы беделді әрі бай-қуатты адамдар өз қаржыларына дарынды балаларды оқытып, ұлттық элитаның түзілуіне ерекше қызмет еткені белгілі. Осы дәстүрді бүгінде жаңғыртуға тиіспіз.

Осы ретте марқұм Шынар анамның «Кез келген істі соңына дейін жеткіз. Әр іске мұқият бол. Көптің ақ батасын алуға тырыс. Ол сенің жолыңды ашады, ісіңді оңғарады» деген тағылымға толы сөзі әрдайым ойымда тұрады. Анашымның осы сөздері маған жол сілтер шамшырақ сияқты. Ол мені бағытымнан адастырмайды. Әрқашан қолымнан жетелейді де тұрады.

– Қайрат Орынбайұлы, бастамаларыңызға сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен: Жандар АСАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here