Бейсенбіден жұмаға қараған түні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапармен барды. Президентті АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Кристофер Ландау күтіп алды. Вашингтонға сапары барысында Мемлекет басшысы маңызды мәмілелерге қол жеткізіп, «Орталық Азия – АҚШ» саммитіне қатысты. Көпвектолы саясат ұстанған біздің елмен байланысын нығайтуға Дональд Трамп та кетәрі емес. Қазақстан мен Құрама Штаттар арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойды. Ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Астана мен Вашингтон арасы қалай жақындай түскеніне тоқталады.
ПРЕЗИДЕНТКЕ ОТАНДЫҚ ІТ СТАРТАПТАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Мемлекет басшысын АҚШ-та оқитын қазақ студенттері қарсы алды. Президент отандастарымызбен аз-кем әңгімелесіп, оларға табыс тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонға сапары Мемлекеттік хатшы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен, сондай-ақ АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен кездесуден басталды. Басқосуға қатысушылар екіжақты және өңірлік күн тәртібінің басты аспектілері жөнінде пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Вашингтонға сапары аясында халықаралық нарыққа шыққан отандық ІТ стартаптардың негізін қалаушылармен кездесті. Президентке еліміздің алғашқы «сыңармүйіз» стартапы – Higgsfield AI жасанды интеллектіге негізделген кинематографиялық сапалы бейнені генерациялауға арналған платформасы, Deep Infra – машиналық оқыту модельдерін орналастыруға және іске қосуға арналған қызмет, Valinor – биотехнология саласындағы стартап, ARC Drones – автономды дрондарды әзірлеуші, сондай-ақ басқа да перспективті жобалар таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Silkroad Innovations технология хабының қызметі туралы ақпарат берілді. Ол Кремний алқабында Орталық Азия елдерінің талантты жастары мен стартаптарына қолдау көрсетеді.
Кездесуге жалпы құны 1,4 миллиард долларды құрайтын 20-дан аса стартап өкілі қатысты. Бұл ұлттық ІТ экожүйесінің инновациялық әлеуетін танытады.
Мемлекет басшысы жоғары технология саласындағы отандық компаниялардың жетістіктерін жоғары бағалап, алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық міндеттің маңызын атап өтті.
– Президент ретінде баршаңызды қолдаймын. Жұмыстарыңыз еліміздің болашағы үшін өте қажет. Цифрландыру мен HighTech мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі саналады. Мен бұл туралы Жолдауымда айттым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
АҚ ҮЙДЕГІ САММИТ АСТАНА ҮШІН ҚАЛАЙ АЯҚТАЛДЫ?
«C5+1» саммитіне Мемлекеттік хатшы Марко Рубио мен вице-президент Джей Ди Вэнсті алып кірген Дональд Трамп АҚШ-тың Орталық Азиямен қарым-қатынасы бұрынғыдан да берік етуге ниетті екенін мәлімдеді. Ал аймақтан барған Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан президенттері қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталғанына ризашылық білдірді.
Ресми кешкі астың алдында Астана мен Вашингтон Қазақстандағы вольфрам кен орнын игеру жөнінде келісім жасасқанын мәлімдеді. Бұл кен орны әлемдегі ең ірі игерілмеген вольфрам кен орындарының бірі саналады.
Келісім аясында америкалық «Cove Kaz Capital Group» компаниясы Қазақстанның мемлекеттік тау-кен холдингімен бірлескен кәсіпорында 70 пайыздық үлеске ие болады. Мәміле құны 1,1 млрд долларға бағаланып отыр. АҚШ Экспорттық-импорттық банкі жобаны 900 млн доллар көлемінде қаржыландыруға қызығушылық білдіретін хат жолдап қойды.
Қазақстанмен вольфрам жөнінде келісім жасаған «Cove Kaz Capital Group» компаниясының бас директоры Пини Альтхаус бұл келісімді «Америка ұрпағының минералдарға деген мұқтаждығын өтеу жөніндегі жеңісі» деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде тарихи кездесу ұйымдастырғаны үшін АҚШ Президентіне алғыс айтып, С5+1 форматындағы саммит шын мәнінде Орталық Азия мен Құрама Штаттар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашқанына назар аударды.
Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамптың халықаралық саясаттағы рөліне айрықша тоқталып, оны көрнекті мемлекет қайраткері деп бағалады.
– Сіз жүргізіп отырған парасатты және батыл саясатты бүкіл әлем қолдауға лайық деп санаймын. Мен де Сіздің ұстанымдарыңызды қуаттаймын. Сіздің жетекшілігіңізбен Америка алтын дәуірге қадам басты. Біз «Американы қайтадан ұлы елге айналдыру» (Making America Great Again) деп аталатын көреген тұжырымдамаңызды жоғары бағалаймыз. Бұл мақсат «Заң және тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті, Қуатты Қазақстан құруды көздейтін ауқымды стратегиямызбен үндеседі. Бітімгер Президент ретінде сегіз айдың ішінде сегіз соғыстың тоқтауына ықпал еттіңіз. Осылайша, Американың халықаралық тұрақтылыққа тірек болған рөлін айтарлықтай күшейте түстіңіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның Құрама Штаттармен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
– Қазақстан мен АҚШ арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуды ұдайы қолдап келесіз. Мен мұны жоғары бағалаймын. Ақ үйде Президент лауазымын атқарған алғашқы кезеңде біздің қарым-қатынасымыз кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде заңнамалық тұрғыдан бекіді. АҚШ – Қазақстанға 100 миллиард доллардан аса қаржы салған ең ірі инвесторымыз, экономикамыздың қозғаушы күші саналады. Соңғы жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 5 миллиард доллар межесіне жуықтады. Америкадағы уранға сұраныстың шамамен 25 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания бизнес жүргізеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясында екі ел компаниялары жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын келісімдер жасасқанын айтты.
Жалпы, Қазақстан мен АҚШ-тың энергетика, аса маңызды минералдар, өнеркәсіп, көлік, қаржы, жасанды интеллект, білім секілді негізгі салаларды қамтитын экономикалық әлеуеті жарты триллион доллардан асады.
Президент америкалық компанияларды елімізде инвесторлар үшін жасалған оңтайлы жағдайды пайдалануға шақырды. Тіпті, оларға өзі қолдау көрсетінін жеткізді.
ҚАЗАҚСТАН ИБРАҺИМ КЕЛІСІМІНЕ НЕГЕ ҚОСЫЛАДЫ?
Ақ үйдегі кездесу барысында Қазақстан мен АҚШ президенттері Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Қазақстан Республикасының Ибраһим (Авраам) келісімдеріне қосылуы әңгімелесудің арқауы болды.
Мемлекет басшысы Президент Дональд Трамптың Таяу Шығыста бейбіт өмір орнатуға нақты алғышарттар жасап, көпшілік күмәнмен қараса да, елеулі нәтижелерге қол жеткізгеніне назар аударды. Ибраһим келісімдеріне қосылу арқылы Қазақстан қақтығысты еңсеруге, диалогты ілгерілетуге және БҰҰ Жарғысы негізіндегі халықаралық құқықты қолдауға үлес қосады.
Қазақстанның бұл шешімі ешбір мемлекетпен екіжақты қатынастардағы міндеттемелеріне нұқсан келтірмейді. Бұл – бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуды көздеген көпжақты дипломатияның заңды жалғасы әрі нақты көрінісі.
79 жастағы Дональд Трамп Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешімін жоғары бағалап, бұл қадам өзге елдерді аталған бастаманы қолдауға үндейтінін атап өтті.
– Бұл – бүкіл әлемде ынтымақтастық орнатуда айтарлықтай алға ілгерілеу. Бүгінде көптеген ел Ибраһим келісімдері арқылы бейбітшілік пен өркендеу жолын таңдап отыр, – деді Ақ үй басшысы.
Ибраһим келісімі Израиль мен Араб елдерінің қарым-қатынасын реттеуді көздейді. 2020 жылы Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімінде Ақ үйде Израиль, Бахрейн, БАӘ осы келісімге қол қойған. Артынша келісімге Марокко қосылды. 2020 жылға дейін араб елдері арасынан Египет пен Иордания ғана Израильді ел деп таныған еді. Ал Сауд Арабиясы, Катар, Алжир және басқа да араб елдері Палестина мемлекеті құрылмайынша Израильді мойындамайтындарын ашық білдірді.
Қазақстан – бұл келісімге кейінгі бес жылда қосылған алғашқы ел және Орталық Азиядан қол қойған бірінші мемлекет. Дегенмен, Қазақстан Израильді де, Палестинаны да 1992 жылы мемлекет деп мойындап қойған. Сарапшылар Қазақстанның келісімге қосылуы Астананың Вашингтонмен қарым-қатынасты дамытуға жасаған қадамы деп бағалайды. Орталық Азия мен Кавказдағы өзге елдер де, атап айтқанда Өзбекстан мен Иранмен шектесетін Әзербайжан да Ибраһим келісіне қосылуға ынта білдірді.
Айта кетейік, келісімнің атауы Құран мен Библияда аталатын Ибраһим пайғамбардың құрметіне қойылған.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының мұхиттың арғы бетіндегі Америкаға баруы саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да ерекше маңызға ие. Әлбетте, еліміз бір тараптың ықпалына жығылмайтыны түсінікті. Тоғызыншы территория үшін көпвекторлы саясат басымдыққа ие болып қала береді. Сол себепті тараптармен аймақаралық ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті нығайту әрдайым бірінші орында.
Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ











