Көрген-білген, ойға түйген: Ана деген осындай…

0
607

Апта сайын бір келетін жұма намазға қаламыздың орталығында орналасқан «Нұрдәулет» мешітіне баратынмын. Мешіт орталықта болғандықтан, келім-кетім жамағаттың қарасы көп. Өткен-кеткен адамдардың барлығы дерлік жұма намазға осы мешітке ат басын тірейді. Мешітке келуші жамағаттың көптігінен адамдар ішке сыймайды. Сол себепті мешіттің ауласы мен оның сыртындағы аллеяға дейін адам қарасына толып кетеді. Айтайын дегенім бұл емес, негізгі әңгіме осы мешіттің ауласында әр жұма сайын тұратын кейуана жайында. Әр жұма сайын мешіттің кіре берісінде сулы салфетка мен шұлық сатып тұратын әжемді бүгін тағы да көрдім. Барып амандасып, жағдайын сұрадым.

Мен әже деп отырған анамыз бойынан әлі кетіп, қалжыраған қарт кісі емес, керісінше бойы тік, жүріс-тұрысы ширақ, сөйлегенде сөздері анық, дауысы саңқылдап тұрған қуатты жан. Жасы жетпістен енді асқан. Тарам-тарам әжім басқан жүзінде жылулық пен мейірімнің ізі бар. Сырға толы қос жанарында өмірге деген құштарлық бар. Үстіне киген көйлегінің етек-жеңі ұзын. Көйлегінің сыртынан киген қазақы жакеті өзіне сондай жарасымды.

Әжені қашан көрсем де, басындағы орамалын орыстың әжелеріндей, иегінің астынан өткізіп бір байлап тартады. Ол кісіні бірнеше жылдан бері танитындықтан, жақынымдай көріп, емін-еркін әңгімелесіп кетемін. Ол кісі де мені әр көрген сайын төрт-бес қадам жерден танып:

– Әй, балам-ау, қалайсың? Аман-есен жүріп жатырсың ба? Мамаң қалай? – деп, күліп қарсы алады.

Бүгін де дәл солай болды. Әжемнің бүгін ерекше қуанышты екені жүзінен көрініп тұрды. Қуанатындай да жөні бар екен. Оны әңгімесін тыңдаған соң білдім. Жақында түрмедегі баласына барып, екі сағаттай кездесіп қайтқан екен. Сол қуанышын айтып берді.

Әжемнің әңгімесінде мені елең еткізген нәрсе – ананың баласына деген ерекше көңілі мен ықыласы еді. Өйткені, ол кісі әңгімесінің арасында ауық-ауық баласын мақтап, жан дүниесі елжіреп тұрды.

Негізі, әженің екі ұлы бар, екеуі де түрмеде ұзақ мерзіммен отыр. Күйеуі қайтыс болған. Қолында немерелері бар. Әжем қол жайып бос отырмай, оны-мұны сатып, нәпақасын тауып жүр. Арасында түрмеге барып, ұлдарымен кездесіп тұрады. Айтқан әңгімесінің қысқаша мазмұны былай:

– Баламмен екі сағатқа кездесіп шықтым. Баламның жағдайы жақсы. Қазір жұмысын ауыстырыпты. Бұрын сварщик болып істейтін еді, қазір астына су жаңа трактор беріпті, соны айдайды. Ой, менің балам кезінде үлкен-үлкен фураларды айдап, Украина мен Ресейді кезген адам ғой. Менің балам жұмысты жақсы істейді. Қолынан көп нәрсе келеді. Алты мамандығы бар. Қазір түрмеде болмағанда біз үлкен коттедж үйде тұратын едік. Балам жақсы. («Менің балам…» деген сөзді жиі айтты.) Тәртібі жақсы болған болар, әйтеуір балам жақында грамота алыпты. Ұлым түрмеде бос жүрмей, жұмыс істеп, ақшасын жіберіп тұрады. Бір жағынан, кітап оқып, білім алып жүр. Баламмен кездесіп шыққан соң, түрменің ауласынан жаңағы жап-жаңа тракторды көрдім. Сол жерде жұмыс істеп жүрген орыс жігіттен: «Бұл кімнің тракторы?» – деп сұрап едім, «Бұл – Коляның тракторы», – деді. Менің баламды бәрі Коля деп атайды ғой, – деп, әжем әңгімесін аяқтады.

Осы жерде мені ерекше толқытқан нәрсе – ананың баласына деген ерекше көңілі мен ықыласы, мейірімі мен сүйіспеншілігі еді. Ана жүрегі қайда болса да, әрдайым балаларымен бірге деген осы. Ұлдары бірнеше жылдан бері түрмеде отырса да, әжеміз балаларының тілеуін тілеп, еркіндік пен құрсаудың арасын жол қылып жүр.

Міне, ана деген осындай. Баласы қанша жерден қылмыскер болса да, қандай қателік жасаса да, ана жүрегі кешірімді. Тек аяулы ана ғана жүрегімен балаларына шын жақсылық тілейді. Бүкіл әлем сенен теріс айналса да, жалғыз анаң ғана сенің жағыңда болады. Сен ешкімге керексіз болсаң да, жалғыз анаңа керек екенсің.

Әженің әрдайым көңілді болып, жақсылықтан үміт үзбей жүруі мені таңғалдырады. Әжем бір сөзінде ұлдары аман шыққан соң жақсы үйде тұратынын, әдемі көйлектер киіп, қолына алтын тағып, қалаған жеріне қыдырып жүретінін айтқан болатын. Сол сөздерін өте сенімді түрде, балаша қуанып айтқанда мені қайран қалдырған еді. Әженің сол кездегі қуанышты жүзінен арманы таусылмайтын, өмірге құштар, ақкөңіл, жап-жас қыздың бейнесін көруге болады.

Әңгімесін жайдарлы жүзбен айтып берген әжем сөз соңында бір күрсініп, уәжін де айтты. Айтуынша, ұлына мерзімінен бұрын шығуға жеңілдік берілмей жатыр екен. Әлі 12 жылы бар дейді. Ал, екінші ұлына үш жарым жыл қалыпты.

Кейуанаға бір Алла жар болып, арманына жеткізсін. Ұлдары аман-есен оралып, бірге бақытты ғұмыр кешсін деп тілеймін.

Серікбол Назарбекұлы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here