Жыл аяқталуға жақын. Бұл уақытта межелі міндеттердің орындалуы сараланып, жаңа жоспарлар айқындалады. Қазір өңірлер «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңнан көп үміт күтіп отыр. Өйткені, берілген уәделер мен белгіленген жобалардың жүзеге асуы қазынадан қаралатын қаржыға тікелей байланысты. Бір ғасырдан астам тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін 2026 жылғы бюджетке және бюджет қалай қалыптасатынына тоқталады.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ: ШЫҒЫН КӨП, ТАБЫС АЗ
Бүгінде Қазақстанда 2026 жылға арналған бюджет қалыптасып жатыр. Оның жобасында Қаржы министрлігі кірістер 22,8 трлн теңге, ал шығыстар 27,2 трлн теңге көлемінде болатынын болжайды.
Еліміздегі бюджет қаражаттары Үкіметтің басымдықтарына сәйкес әртүрлі сектор мен бағытқа бөлінеді. Қазақстандағы бюджет қаражаттарының негізгі бағыттары мыналар:
- Әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау;
- Білім беру;
- Экономикалық даму;
- Инфрақұрылым және көлік;
- Қауіпсіздік және қорғаныс;
- Ауыл шаруашылығы;
- Экология және қоршаған ортаны қорғау;
- Мәдениет және спорт;
- Мемлекеттік басқару;
- Мемлекеттік қарызды өтеу және мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру.
Бұл қаражаттарға зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер, медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және халыққа медициналық қызметке қолжетімділікті қамтамасыз ету кіреді. Білім беру саласын қаржыландыруға мектептер мен университеттерді салу және жаңарту, педагогтарды даярлау, оқу бағдарламаларын әзірлеу және оқу құралдарын сатып алу жатады.
Бюджет қаражаттары шағын және орта бизнесті қолдауға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, инвестицияларды ынталандыруға және жұмыс орындарын құруға бағытталады.
Инфрақұрылым және көлік саласы жолдар, теміржолдар, әуежайлар, порттар құрылысын және жөндеу жұмыстарын, сондай-ақ энергетика және сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.
Бюджет қаражаттары қарулы күштерді, құқық қорғау органдарын қолдауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қылмысқа қарсы күресуге бөлінеді. Ауыл шаруашылығын қаржыландыру ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға, тұқым мен тыңайтқыш алуға, субсидия беруге, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымы мен технологияларын дамытуға бағытталады.
Бюджет қаражаттары табиғи ресурстарды қорғауға, экологиялық мәселелерді шешуге, ластануға қарсы күресуге және экологиялық таза технологияларды дамытуға жұмсалады. Мәдениет пен спортқа арналған қаражат мәдени және спорттық іс-шараларды қаржыландыруға, спорттық нысандарды салу және жаңартуға, өнер мен мәдени бастамаларды қолдауға арналады.
Мемлекеттік басқаруға арналған қаражат мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз етуге, әкімшілік шығыстарға және мемлекеттік қызметшілердің жалақысын төлеуге жұмсалады. Сонымен қатар, бюджет қаражаттары мемлекеттік қарыздарды өтеу, мемлекеттік дамуды және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ететін бағдарламаларды іске асыруға да бағытталуы мүмкін.
Бұл Қазақстан бюджетінің шығыстарының жалпы бағыттары ғана. Бюджет қаражаттарының нақты бөлінісі Үкіметтің биылғы жылдың басымдықтары мен елдің экономикалық жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін.
МЕМЛЕКЕТТІК БЮДЖЕТ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСАДЫ?
2026 жылға арналған бюджет жобасында кірістер 22,8 трлн теңге деп жоспарланған. Оның 18,8 трлн теңгесі (яғни 80%) салықтар арқылы жиналады.
Ең ірі кіріс көзі – қосылған құн салығы (ҚҚС). Одан тек 10 трлн теңгеден астам қаражат жиналуы күтіледі. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы ҚҚС-тан 6,5 трлн теңге кіріс күтілген. Бұл өсім, ықтимал түрде, 2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға дейін көтерілетінімен байланысты.
Сонымен қатар, бюджетке негізгі кірістер келесі көздерден түспек:
- Корпоративтік табыс салығы (КТС) – 5,2 трлн теңге (2026 жылдан бастап бизнестің әртүрлі мөлшерлемелері енгізіледі);
- Табиғи ресурстарды пайдалану төлемдері – 1 трлн теңге;
- Трансферттер – 3,6 трлн теңге.
Трансферт – мемлекеттік бюджетке қаражат аудару. Ол әлеуметтік маңызды жобаларды қаржыландыруға, мақсатты төлемдерге және шығыстарды жабуға қолданылады. Трансферт әртүрлі деңгейдегі бюджеттерден жүзеге асырылуы мүмкін. Олардың ішінде жергілікті бюджеттерден 879 млрд теңге аударылады.
Көп қаражат беретіндердің қатарында: Алматы – 492 млрд теңге, Астана – 125 млрд теңге, Атырау облысы – 262 млрд теңге.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт 2,7 трлн теңге жоспарланған. Салыстыру үшін 2025 жылдың алғашқы алты айында қордан бюджетке 3,1 трлн теңге аударылған, ал қор тек 1,8 трлн теңгеге толықты. 2024 жылы қордан 5,6 трлн теңге алынған, бұл таза активтердің шамамен алтыншы бөлігі.
Кеден төлемдерінен 2,3 трлн теңге, халықаралық саудаға арналған «басқа салықтардан» 94 млрд теңге жиналады. Салық емес кірістерден 330 млрд теңге күтіледі – мемлекеттік кәсіпорындардың дивидендтері, мемлекеттік мүлікті жалға беру, несие бойынша пайыздар және басқа да табыстар. Акциздерден 151 млрд теңге жиналмақ.
Бюджет жоспарына сәйкес, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2026 жылы 39,3 трлн теңгеден аспауы тиіс.
ҚЫРУАР ҚАРАЖАТ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
Негізінен бұл бес әлеуметтік бағдарламаға бағытталады:
- Денсаулық сақтау
2026 жылы денсаулық сақтау саласына 2,7 трлн теңге бөлінеді. Оның 2,4 трлн теңгесі әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жұмсалады – бұл МӘМС жүйесінің негізі.
- Тегін медициналық көмекке – 19 млрд теңге;
- Қоғамдық денсаулық сақтау – 39 млрд теңге;
- Балаларды емдеу және сауықтыруға – 1,5 трлн теңге;
- Медициналық инфрақұрылымды дамытуға және резервке – 102 млрд теңге;
- Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатқа – 46 млрд теңге;
- Ғылыми зерттеулерге – 4,3 млрд теңге жұмсалады.
- Әлеуметтік көмек
2026 жылы Еңбек министрлігіне 6,833 трлн теңге бөлінеді. Оның 6,805 трлн теңгесі жекелеген азаматтарға төлемдер мен қолдауға бөлінеді. Қалған 26,9 млрд теңге еңбек және жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат пен республикалық деңгейдегі әлеуметтік көмекке жұмсалады.
- Білім беру
- Білім саласына – 811 млрд теңге;
- Оқу-ағарту министрлігіне – 82 млрд теңге (оның ішінде мектептердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге 57 млрд теңге, техникалық мамандар дайындауға 6 млрд теңге, мұғалімдерді қайта даярлауға 10 млрд теңге, білім саласындағы саясатты жасауға 6 млрд теңге);
- Ғылым және жоғары білім министрлігіне – 588 млрд теңге (студенттерді оқытуға және университеттерде мамандар даярлауға);
- Қалған қаражат басқа салалардағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруға арналған.
- Көлік және жолдар
- Көлік министрлігіне – 738 млрд теңге (жолдарды дамытуға 48 млрд теңге, жөндеуге 44 млрд теңге);
- LRT (әуежайдан жаңа теміржол вокзалына) – 66 млрд теңге;
- Қалалық рельсті көлікті дамытуға – 20 млрд теңге;
- Теміржол саласына: әлеуметтік маңызды бағыттарды субсидиялауға – 66 млрд теңге;
- Вагондарды лизингке беруге – 86 млрд теңге;
- Әуе рейстерін субсидиялауға – 6 млрд теңге;
- Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беруге – 263 млрд теңге;
- Шекарада жаңа өткізу пункттерін салуға – 106 млрд теңге бөлінеді.
- Қоғамдық тәртіп
- Қауіпсіздікке – 1,4 трлн теңге;
- Ұлттық қауіпсіздік комитетіне – 672 млрд теңге;
- Ішкі істер министрлігіне – 500 млрд теңге (құқық тәртібі мен қауіпсіздікке – 351 млрд теңге, түрмелер мен түзету мекемелеріне – 95 млрд теңге, қылмыскерлерді іздеуге – 22 млрд теңге, жүргізуші куәліктері, жеке куәліктер және автонөмірлерге – 27 млрд теңге);
- Қорғаныс және қауіпсіздікке – 1,4 трлн теңге (төтенше жағдайларды жою және әскери даярлықты қамтамасыз ету) жұмсалады.
АЛҒАНЫНАН БЕРГЕНІ КӨП НЕМЕСЕ КІРІСІНЕН ШЫҒЫСЫ КӨП ӨҢІРЛЕР
Бюджетте бірнеше трлн теңге қарастырылған:
- Үкімет резерві – 500 млрд теңге;
- Кабинет жұмысына – 4,8 млрд теңге;
- Мемлекеттік органдар мен саясатты қалыптастыруға шамамен 1 трлн теңге;
- Мемлекеттік қарызды қызмет көрсетуге – 3,5 трлн теңге;
- Субвенцияларға – 5 трлн теңге (республикалық бюджеттен аймақтық бюджеттерге бағытталған қолдау).
Әлемдегі кез келген мемлекеттің дамыған, дамушы және дамымай артта қалған өңірлері болады. Бұл бір аймақтың тұрғындары пысық, екінші өңірдің халқы жалқау дегенді білдірмейді. Оның үстіне экономикасы шикізатқа тәуелді әрі жері көп, халқы аз Қазақстан үшін мұндай жағдайдың болуы да заңдылық та шығар.
Қазақстанның әр түкпірінде тұратын халықтың өмір сүру деңгейін аз да болса теңестіру үшін мемлекет кірістерді қайта бөлу тетіктерін қолданады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, ел билігі қаржыны бай өңірден алып, тұрмысы төмен аймаққа береді. Ақшаны бұлайша қайта бөлуді «Мемлекеттік бюджетті теңестіру» деп атайды. Бұл механизм ҚР Бюджет кодексінде нақты жазылған.
2026 жылы ең көп субвенцияны Түркістан облысы (1,137 трлн), ең азын Павлодар (5,8 млрд теңге) алады. Астана, Алматы, Атырау облысы донор болғандықтан, олар ештеңе алмайды.
Материалда ҚР Қаржы министрлігінің жобалық деректері қолданылды.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Мемлекеттік бюджетті теңестіру әлем елдерінің көбінде бар. Сондықтан, бұған үрке қараудың ешқандай жөні де, реті де жоқ. Оның үстіне бұл тақырып қозғалғанда «Кім кімді «асырап» жүр?» дейтін сұраққа жауап іздеудің өзі артық. «Өле жегенше, бөле же» дейтін қазақ үшін бұл таңсық болмауға тиісті. Тек айтпағымыз, бүгінгідей нарық уақытында Қазақстанның кез келген аймағында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік бар. Дотацияға күні қарап отырған барлық өңір өздерінің әлеуетін ұтымды пайдаланғанда ғана Қазақстан озық отыздықтың қатарынан ойып тұрып орын алады.
Есбол ҚУАТҰЛЫ










