Алматыда өткен VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы түркі әлемінің ақпараттық интеграциясын жаңа деңгейге көтерген маңызды алаң болды. Форумда Түркия, Қазақстан, Өзбекстан және басқа да елдердің медиа және коммуникация саласындағы жетекші сарапшылары бас қосып, PR-дың экономикалық ынтымақтастықтағы рөлін, дағдарыс кезеңіндегі коммуникация стратегияларын, медиабизнестің жаңа қаржылық моделін және жасанды интеллекттің медиаэкожүйедегі орны мен қауіптерін талқылады. Спикерлердің пікірінше, коммуникация мемлекеттер арасындағы сенімнің, экономикалық байланыстардың және қоғамның ақпараттық тұрақтылығының негізгі тірегі болып отыр. Сондықтан бұл жолғы форум түркі әлемі медиасының даму бағытын айқындап, ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыруға серпін берген кәсіби әрі мазмұнды іс-шара ретінде бағаланды.

Еске сала кетсек, Алматыда 18-19 қараша күндері Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған «Түркі әлемінің медиа кеңістігі: жаңа дәуірдегі міндеттер мен мүмкіндіктер» атты VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы өткен болатын. Екі күнге созылған ауқымды іс-шараға Қазақстан мен Орталық Азиядан, Түркия мен Еуропа елдерінен келген бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, танымал журналистер, халық қалаулылары, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйым жетекшілері, қоғам қайраткерлері, PR менеджерлер, баспасөз хатшылары, сондай-ақ журналистика факультетінің оқытушылары мен студенттері қатысты. Түркі әлемін ортақ ақпараттық кеңістік аясында жақындастыру, кәсіби ынтымақтастықты арттыру, медианың жаңа технологиялық кезеңіндегі мүмкіндіктерді бірлесе пайдалану форум жұмысының негізгі өзегіне айналды.
Алғашқы күні өткен пікірталас алаңдарында «Медиа және мәдени бірегейлік: БАҚ арқылы түркі әлемінің байланысын нығайту», «Түркі елдері арасындағы цифрлық көпір: PR-дағы жаңа технологиялар, платформалар және құралдар», «Медиабизнестегі тұрақтылық пен инновациялар: болашақтың моделі», «Жаңа дәуір шындығы: БАҚ-тағы жасанды интеллект» сияқты тақырыптар жан-жақты талқыланды. Түркі мемлекеттері арасындағы ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру жолдары, күллі түркі халықтарына ортақ мәдени мұраны танымал ету, әлемдік аренада түркі елдерінің имиджін нығайтатын PR стратегияларын үйлестіру, медиабизнесті әртараптандыру, ақпаратты кіріс көзіне айналдыру, контентті өндіру мен өңдеу үдерісінде жасанды интеллектті қолдану мүмкіндіктері де спикерлер назарынан тыс қалмады.


Форумның алғысөзін арнап, жиынды ашқан Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы бұл басқосудың маңызын атап өтіп, оның түпкі мақсаты түркітілдес журналистердің кәсіби шеберлігін арттыру екенін жеткізді. Оның айтуынша, кешегі кеңестік жүйенің жетпіс жылдан астам үстемдігі салдарынан бүгінгі күні түркі мемлекеттері бірін-бірі толық тани бермейді. «Тілдік және мәдени жақындастық әлсіреп, алфавиттер әртүрлі бағытта дамыды. Соның салдарынан өзара ақпараттық байланыс алшақтай түсті. Біздің қор осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп отыр. Қазақ журналистерін біріктіріп, ортақ жобалар арқылы ақпараттық ықпалдастықты күшейту – басты міндетіміз», деп атап өтті ол. Қор басшысының айтуынша, биыл Брюссельде өткен бесінші медиа форум кезінде Қазақстан, Бельгия және Нидерланд мамандарының бастамасымен Дүниежүзілік Түркі медиа ассоциациясы құрылған. Нәзия Жоямергенқызы әріптестердің қолдауымен осы ұйымның президенті болып сайланғанын айтты. «Бүгінгі форум аясында Германияның ұйымға қосылуы жоспарланып отыр. Ал Әзірбайжан мен Қырғызстан да мүше болуға қызығушылық танытып отыр. Біздің ең басты мақсатымыз сол, түбі бір түркі халықтарының ортақ құндылықтарын насихаттай отырып, ортақ ақпараттық алаң қалыптастыру, бір-бірімізді жақынынан тануға жағдай жасау», деді ол. Ол сөзінде келесі жылы да Брюссельде жетінші форум өткізу ұсынылғанын, сондай-ақ Нидерландта сегізінші форум ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты. Мұның барлығы қазақ журналистерінің мәртебесі мен кәсібилігін арттыруға оң ықпал ететінін жеткізді. Сонымен қатар ол алдағы уақытта ортақ деректі фильмдер түсіру, кәсіби біліктілікті шыңдауға арналған байқауларды бүкіл түркі елдерін қамтитын деңгейге көтеру, бірлескен ақпараттық жобалар әзірлеу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. «Түркітілдес журналистер қоры тоғыз жылдан бері «Еркін сөз» байқауын, сондай-ақ Халық банкі және Chevron компаниясымен бірлескен «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауыөткізіп келеді. Ендігі мақсат – бұл бастамаларды халықаралық деңгейге шығару», деді Нәзия Жоямергенқызы.


Медиа форумға қатысып, өз лебізін білдірген Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитеті Баспа БАҚ-на ақпараттық жұмыс басқармасының басшысы Қуаныш Игіман да іс-шараның стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, тарихы, мәдениеті және тілі жақын халықтардың ортақ медиа кеңістігін дамыту – тек кәсіби міндет қана емес, рухани әрі геосаяси тұрғыдан маңызды қадам. «Бұл форум ортақ идеяларымызды тоғыстырып, тәжірибе алмасуға жол ашатын маңызды алаңға айналары анық. Түркі мемлекеттері арасындағы ақпараттық ынтымақтастықты тереңдету – игілікті бастама. Бірлескен контент өндіру, өзара түсіністікті күшейту, ортақ құндылықтарды дәріптеу бәріміз үшін маңызды. Цифрлық дәуір жаңа мүмкіндіктермен бірге жаңа қауіптерді де алып келді. Ақпарат легінің шамадан тыс артуы, цифрлық платформалардың басымдығы, гибридтік ақпараттық қауіптердің күшеюі бізді жаңа әдістерді қолдануға міндеттейді. Осы тұрғыда жасанды интеллекттің рөлі орасан. Жасанды интеллект журналистиканың форматын өзгертіп, редакциялардың жұмысын жеңілдетіп жатыр», деді Қуаныш Игіман. Ол сөзінің соңында «ортақ тарихымыз бен құндылықтарымызды насихаттайтын ашық, сенімді, қуатты ақпараттық кеңістік қалыптастыру әрбіріміз үшін ортақ міндет» екенін ерекше айтып өтті.
Ал Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Шерехан Дастан форумның қаланың қоғамдық өміріндегі маңызын атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Оның айтуынша, халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шара медиа саласы өкілдерінің тәжірибе алмасып, пікір бөлісуіне мүмкіндік беріп, ақпарат кеңістігін дамытуға жаңа серпін береді. «Осындай маңызды шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған Нәзия Жоямергенқызына алғысымызды білдіреміз. Түркітілдес мемлекеттер арасында мәдениет пен өнер салаларында ынтымақтастық бұрыннан бар. Ал енді ақпараттық салада осындай форум өткізілуі үлкен жетістік», деді ол.


Түркі әлемінің бірлігіне бастар жол
Алматыда өткен VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы түркі дүниесінің ақпараттық интеграциясын тереңдетуге бағытталған маңызды пікірлер мен ұсыныстарға толы алаңға айналып келеді. Форум жұмысының жалғасы ретінде түрлі елден келген медиа сарапшылар өз ойларын ортаға салып, жаңа дәуір журналистикасының бағыт-бағдарын да сөз етті. Солардың қатарында Қырғыз Республикасы Журналистер одағының төрағасы Илязбек Балташев түркі елдері арасындағы ақпараттық ынтымақтастықтың өзектілігін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда өнер, мәдениет, кино және басқа да салалар бойынша байланыстар жақсы дамып келе жатқанына қарамастан, медиа саласында бірлескен жобалар жеткілікті деңгейде жолға қойылмаған. «Бұл форум ақпарат саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге арналған маңызды алаң. Түркі мемлекеттері бір-бірімен өнер, кино және мәдениет бағытында тәжірибе алмасып жатыр. Алайда медиа саласында әлі де атқарылатын жұмыс көп. Бірлескен бастамалардың артуы – ерекше құптарлық қадам», деді ол.
Илязбек Балташев қазіргі медиа кеңістіктің жылдам өзгеріп жатқанына тоқталып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қоғамдық сананы қалыптастырудағы ықпалына назар аударды. Оның айтуынша, ақпараттық жаһандану күшейген сайын мәдени кодты сақтау, ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті күшейту мәселесі маңызды бола түсуде. «Бұқаралық ақпарат құралдары тек хабар таратушы ғана емес, идеологиялық тұрақтылықтың, ұлттық бірегейліктің, рухани тұтастықтың кепілі болуы тиіс. Түркі әлемінің түп тамыры мен ортақ құндылықтары біздің бірлігіміздің негізі. Рухани тамырды сақтау ең басты міндет», деді ол. Спикер түркі елдерінде мықты медиа платформалар бар екенін, бірақ олардың бір-бірінің өнімдерін толық пайдалана алмай отырғанын айтты. Себебі ортақ стандарт, бірыңғай ақпараттық жүйе, жалпыға ортақ технологиялық платформа жоқ. «Егер біз жасанды интеллектке негізделген ортақ жаңалық агрегаторын жасап, түркі елдерінің жаңалықтарын автоматты түрде біріктіріп, бірнеше минут ішінде тарата алатын ортақ цифрлық платформа құратын болсақ – бұл үлкен стратегиялық серпіліс болады», деді Балташев.
Спикер сондай-ақ бірыңғай ақпараттық кеңістіктің негізгі бағыттарын атап өтті. Жаңалықтарды біріктіретін ортақ ақпарат ағынын жасау, автоматты аударма жүйелері арқылы тілдік бірлікті күшейту, TurkMediaHub сияқты ортақ агенттік құру, жас журналистерге арналған сандық академия ұйымдастыру маңызды бола түсті. «Цифрлық кеңістік – жаңа алаң. Түркі дүниесінің цифрлық тарихын бүгіннен бастап бірге жазу біздің ортақ міндетіміз. Қырғызстан журналистері бірлескен жобаларға дайын. Мақсат сол, әлемге бір түркі әлемі, бір ақпарат дауысы, бір рухани күш ретінде танылу», деді ол.
Форумда сөз алған Әзірбайжан Журналистер одағының төрағасы Эльчин Шыхли өңірлік қауіпсіздікте медианың рөліне тоқталды. Оның айтуынша, медиа тек ақпарат тарататын құрал емес, жүректерді байланыстырып, ой қалыптастырып, бейбітшілікке де, кейде шиеленістің күшеюіне де әсер ете алатын қуатты күш. «Медиа бейбітшілік пен түсіністіктің де, қорқыныш пен өшпенділіктің де қайнар көзі бола алады. Әсіресе Кавказ бен Таяу Шығыс өңірлеріндегі тәжірибелер осының дәлелі», деді ол. Спикер 2020 жылы Кавказдағы қақтығыстар кезінде әлеуметтік желілерде тараған жалған ақпараттың адамдар арасында өшпенділік пен үрейді күшейткенін мысалға келтірді. Дегенмен, оның айтуынша, «кейбір медиа ұйымдары шынайылықты, бейбітшілікке үндеу мен эмоциялық тұрақтылықты насихаттап, жағдайдың бәсеңдеуіне үлес қосты». Шыхли сөзінде Caucasian House жобасының қақтығысқа сезімтал журналистика бағытында атқарған еңбектерін, сондай-ақ Seeds of Peace және Al Jazeera телеарнасының The Stream жобаларының жастар арасындағы диалогты жандандыруға ықпал еткенін атап өтті. «Медиа бір жаңалықтың реңкі, бір сөйлемнің тілі арқылы да жағдайды ушықтыра алады немесе бірлікке бастай алады. Сондықтан медиа қорқынышты емес, эмпатияны, түсіністікті күшейтуі керек. Бейбітшілік тек саясат арқылы емес, ақпарат, тіл және мәдениет арқылы құрылады. Медиа үмітті күшейте алса, халықтар арасындағы сенім қайта оянады», деді әзербайжандық сарапшы.
Форум барысында өңірлік қауіпсіздікке қатысты ой бөліскен мамандардың қатарында Германиядағы Түрік медиасы қауымдастығының өкілі Аднан Өзтүрк те болды. Оның айтуынша, медиа халықтар арасындағы сенімді байланыстыратын көпір. Ол соңғы жылдары болып өткен түрлі шиеленістер кезінде медиа тілінің, визуалының, тақырып қою тәсілінің қоғамдағы жағдайға тікелей ықпал еткенін айтты. «2020 жылғы Кавказ қақтығысы кезінде жалған ақпарат қорқынышты күшейтті. Алайда кейбір медиа ресурстары тексерілген деректер мен прагматикалық көзқарасты ұсынып, жағдайды жұмсартуға үлес қосты», деді ол. Сарапшы Таяу Шығыстағы диалогтық жобаларды мысалға алып, жастардың бір студияда ашық пікір алмасуы миллиондаған көрерменнің санасында қалыптасқан стереотиптерді өзгерткенін жеткізді. «Шынайы журналист тек дерек жинайтын адам емес, адамды қорғайтын тұлға. Шынайы медиа – қорқыныштың емес, адамзаттың жағында тұруы тиіс. Хабар тілінің реңкі мен бір кадрдың өзі қоғамдағы ахуалға әсер етеді», деді Өзтүрк.
Еуропадағы танымал медиа маманы, Нидерландия Түркітілдес журналистер одағының төрағасы Өзджан Өзбай форумда дәстүрлі журналистиканың өлмес құндылығына тоқталды. Ол жасанды интеллект мүмкіндіктерін жоққа шығармайтынын, бірақ журналист еңбегінің рухани маңызын ешбір технология алмастыра алмайтынын айтты. «Жасанды интеллекті пайдаланбай, өз қолыммен мақала жазу маған ерекше ләззат сыйлайды. Журналистиканың шын дәмі – өз еңбегіңнің жемісін көру», деді ол. Төрт онжылдықтан астам тәжірибесі бар маман журналистке ең қажет қасиет адамгершілік екенін атап өтті. «Қазір бәрі жарысып, жасанды интеллектке сүйеніп жатыр. Бірақ мен әрдайым өз қабілетіме сенемін. Егер адамгершілік пен шынайылықпен еңбек етсең, қоғам да, әріптестерің де құрметпен қарайды», деді Өзбай. Оның бұл пікірі аудитория тарапынан ерекше қолдауға ие болып, қатысушылар журналистикадағы адами құндылықтар мен технологиялық мүмкіндіктер арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңызын атап өтті.


Жаңа дәуірдің бағдары
Форумда қойылған мәселелердің өзегі – түркі мемлекеттерінің ортақ мәдени мұрасын әлемге таныту, оны жаңа коммуникациялық тәсілдермен кеңінен дәріптеу және біртұтас ақпараттық кеңістік қалыптастыру. Осы бағытта бірқатар елден келген сарапшылар терең пайымдары мен салмақты ұсыныстарын ортаға салды.
Еуразиялық Ынтымақтастық қауымдастығының төрағасы Ахмет Түзүн түркі мәдени мұрасын әлемдік деңгейде ілгерілетудің жаңа тәсілдерін ұсынды. Оның айтуынша, мәдени мұра халықтың өткенін баяндайтын ғана емес, болашағын айқындайтын рухани бағыт-бағдар. «Ата-бабамыздан қалған қазынаға лайықты құрмет көрсету үшін заманауи коммуникациялық тәсілдер мен халықаралық мәдени шараларды белсенді пайдалану қажет. Біз біріккенде ғана нәтижелі жұмыс істей аламыз», деген спикер түркі әлемінің мәдени мұрасын танытудың негізгі бағыттарын атап өтті. Ол халықаралық мәдени, өнер, спорт және туризм шараларын көбейту, түркі елдерінің тарихы мен қаһармандарын мультфильмдер мен анимация арқылы жаһанға таныту, ортақ фестивальдер мен симпозиумдарды тұрақты форматқа айналдыру, Түркі мемлекеттері ұйымы мен ТҮРКСОЙ аясындағы жобаларды кеңейту секілді ұсыныстарын ортаға салды. Ахмет Түзүннің пікірінше, журналистер мен коммуникация мамандарының тығыз әріптестігі де мәдени мұраны әлемге шығарудың маңызды алғышарты. Спикер мәдени мұра тек материалдық нысандардан тұрмайтынын, ЮНЕСКО түсінігіне сәйкес дәстүрлі өнер, ауыз әдебиеті, салт-дәстүр, білім мен тәжірибелік дағдылардың бәрі де рухани мұраның ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Түркі әлемі бұл тұрғыда аса бай. ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне Қазақстаннан 6, Түркиядан 22, Өзбекстаннан 7, Әзербайжаннан 5, Қырғызстаннан 3, Түрікменстаннан 5 нысан енгізілгені соның дәлелі. «Әр ел бөлек жұмыс істегенде нәтижесі шектеулі. Ортақ іс-қимыл, ортақ жобалар – мәдени туризмді жаңа деңгейге шығарады», деген Ахмет Түзүн мәдени байланыстың елдер арасын жақындастыра түсетінін жеткізді.
Ол өз сөзінде түркі дүниесінің мәдени кеңістігінің сан алуандығын атап өтіп, Орхон ескерткіштерін бүкіл түркі өркениетінің іргетасы, Қырғызстандағы Бурана мұнарасын, Самарқандтың тарихи сәулетін, көне қалалардың келбетін ерекше атап өтті. Спикердің айтуынша, бұл нысандардың әрқайсысы – тамыры тереңде жатқан түркі дүниесінің ортақ байлығы. Ол Түркиядағы тарихи мұралардың молдығын мысалға келтіріп, «Ыстанбұл бұғазындағы Қыз мұнарасы – әлемдік деңгейде танылған ерекше ескерткіштердің бірі» деді. Сонымен бірге Алтай мен Тарбағатай тау жүйелерін түркі халықтарының тарихи бесігі ретінде атап өтіп, Шарын шатқалы, Қор-Сай өңірі және Каспий теңізі де ортақ мәдени-географиялық кеңістік құрайтынын жеткізді.
Ахмет Түзүн өз баяндамасында түркі әлемінің алдында тұрған қиындықтарды да назардан тыс қалдырмады. Ол Арал теңізінің бүгінгі жағдайын ортақ табиғи және мәдени мұраға деген жауапкершіліктің жеткіліксіздігінен туған салдар деп бағалады. «Арал – түркі тарихында ерекше орын алған. Оның төңірегінде сан түрлі жырлар, аңыздар, әндер туған. Бірақ қазіргі мүшкіл жағдайы жүрек ауыртады. Бұл мұраларды сақтаудың маңызын еске салады», деді ол.
Спикер түркі халықтарының дәстүрлі киімдері мен қолөнерінің эстетикалық және рухани байлығына тоқталып «Ұлттық киімдеріміздің артында тұтас мәдениет тұр. Әсіресе әйелдердің бас киімдерінің әрқайсысы жеке бір тарих», деді. Ол түркі халықтарының мәдениет фестивальдері қатарында міндетті түрде «Түркі әлемі музыка фестивалі» тұрақты өтуі керектігін, оған жас таланттардан бастап, әлемдік деңгейдегі өнерпаздар да қатыса алатынын айтты. Сонымен бірге Венгрияда өтетін Тұран құрылтайы, Моңғолиядағы Наадам, Түрікменстандағы Ақ Байрам, Татарстандағы Сабантуй, Түркиядағы Kırk Pınar күрес сайыстары секілді шаралардың мәдени тұтастықты арттырудағы ықпалына тоқталды. «Шетелдіктер біздің елдерге спорт немесе өнер үшін ғана емес, тұтас тарихымызды, дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды көру үшін келуге тиіс», деген ойымен ол түркі әлемінің мәдени әлеуетін әлемге паш ету керектігін атап өтті.
Форум барысында Өзбекстан Туризм министрінің кеңесшісі Лола Рахманбаева ортақ ақпараттық кеңістіктің құрылуын заман талабы деп бағалады. Оның айтуынша, түркі мемлекеттерінің ақпараттық байланысын бір арнаға тоғыстыру болашақтағы ең маңызды қадамдардың бірі болып отыр. «Бұған қол жеткізу үшін бірыңғай ақпараттық арнаның қалыптасуы қажет. Түркі мемлекеттерінің ортақ ақпараттық үні пайда болуы тиіс. Бұл үшін біз бірлесе жұмыс істеуіміз керек», деді ол. Спикер түркі елдерінің халықаралық деңгейде танылуын арттыру үшін ортақ коммуникациялық стратегия қажет екенін айтып, халықаралық орталықтарда PR тетіктерін игеру, мәдени және туристік әлеуетті тиімді таныстыру ортақ міндет екенін жеткізді. «Журналистер – біздің ең жақын серіктестеріміз. Олар түркі дүниесінің мәдениетін, рухани құндылықтарын, болмысын әлемге танытуда ерекше рөл атқарып келеді», деді Рахманбаева. Оның пікірінше, басты мақсат – түркі мемлекеттерінің ақпараттық интеграциясын күшейтіп, әлемдік ақпарат кеңістігіне ортақ үнмен шығу. Бұл елдер арасындағы коммуникацияны жеңілдетіп, ақпарат алмасуды жеделдетеді. Спикер Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікменстан елдерінде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатқанын атап өтіп, өзара таныстыру, бір-бірін насихаттау саясатының жүйелі қалыптасқанын айтты.


Түркі әлемі ақпараттық бағыты айқын
Алматыда өткен VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы түркі әлемінің ақпараттық, экономикалық және технологиялық дамуында жаңа серпін берген ауқымды алаңға айналды. Форумда әр елден келген сарапшылар мен спикерлер ортақ ақпараттық кеңістіктің болашағы, PR-дың экономикалық ықпалы, дағдарыс кезеңіндегі коммуникация, медианың тұрақты бизнес моделі және жасанды интеллекттің медиа саласына енгізілуі сияқты маңызды тақырыптарды терең талқылап, өз елдерінің тәжірибесін ортаға салды. Спикерлердің әрқайсысы бүгінгі ақпарат әлемінде коммуникацияның негізгі рөл атқаратынын атап өтіп, оны нығайтудың тиімді тетіктерін ұсынды.
Форумға қатысқан Түркияның TUSDER басқарма мүшесі, халықаралық коммуникация саласының тәжірибелі маманы Бихтер Айыылдыз PR саласының экономикалық серіктестікті дамытудағы негізгі қозғаушы күшке айналғанын ерекше атап өтті. Ол өз баяндамасында PR-дың мемлекетаралық, корпоративтік және қоғамдық коммуникациядағы тарихи эволюциясын баяндап, бұл сала бүгінде тек имидж қалыптастыру құралы ғана емес, экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық діңгегі екенін түсіндірді. «Қазіргі әлемде тиімді PR жаңа нарықтарға жол ашады. Коммуникацияның сапасы бизнес ортасына, инвестициялық тартымдылыққа және брендтердің жаһандық позициясына тікелей әсер етеді. Сондықтан PR экономикалық ынтымақтастықтың басты драйвері», деді ол.
Бихтер Айыылдыз коммуникативтік мәдениеттің тарихына да тоқталып, Осман империясындағы сарай хабарын жариялау дәстүрінен бастап, Танзимат реформалары кезеңіндегі мемлекеттік коммуникацияның қалыптасуын, қазіргі заманғы ұлттық имиджді танытатын Анытқабір сияқты нысандардың стратегиялық мәнін тілге тиек етті. Оның айтуынша, Түркия соңғы ғасырда коммуникацияның дамуын үнемі мемлекеттік деңгейде қолдап, PR тәжірибесін ел имиджін халықаралық аренада нығайтуға тиімді пайдаланған. Мұндай тәжірибе түркі мемлекеттері үшін де ортақ стратегиялық бағыт бола алады.
Форумда сөз алған HeadHunter компаниясының Орталық Азиядағы маркетинг және PR менеджері Мұхамед Бағдатұлы түркі әлеміндегі дағдарыс коммуникациялары мен беделді басқару мәселелеріне тоқталды. Спикердің айтуынша, қазіргі ақпараттық кеңістікте сенімді дерек көздері мен ашық коммуникация қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты фактор. HeadHunter компаниясы Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда еңбек нарығына қатысты нақты статистикалық мәліметтер таратып, халықтың жұмыс, табыс және мамандықтар туралы шынайы ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отыр. «Біз медианалық жалақыны негізге аламыз. Бұл еңбек нарығының шынайы көрінісін беретін ең әділ көрсеткіш. Халықтың басым бөлігі 250-300 мың теңге аралығында табыс табатынын осы талдаулар көрсетіп отыр», деді Мұхамед Бағдатұлы.
Ол дағдарыс кезеңіндегі коммуникацияның үш негізгі сипатын атап өтті. Ақпараттың тез өзгеруі, аудитория сенімінің құбылуы және жалған деректердің көбею қаупі. Мұндай жағдайда компаниялардың БАҚ-пен ашық жұмыс істеуі, ресми арналар арқылы нақты ақпарат таратуы жалған хабарлардың алдын алудың тиімді жолы. «Ақпарат бұрмаланса, жалған хабарлар көбейеді. Сондықтан біз түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп, ресми дерек көздерін ашық ұсынуға тырысамыз»,деді ол.
Форумда медиабизнес саласы да кең талқыланды. Өзбекстандық «Халық сөзі» газетінің сарапшысы Нұрлан Усманов қазіргі медианың қаржылық тұрақтылығы жаңа бизнес модельдерге тәуелді екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі медианарықта жарнамаға ғана сүйену тәуекелді шешім. «Жазылым, донаттар, жарнама және гранттық жобалар медианың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін төрт негізгі бағыт. Бір ғана табыс көзімен жұмыс істеу – ұзақмерзімді стратегия емес», деді сарапшы. Өзбекстанда ресми басылымдардың бума жазылым жүйесі әлі сақталғанымен, жақын уақытта сайт пен мобильді қосымша арқылы онлайн жазылым енгізу жоспарланып жатыр. Бұл оқырман санын арттырып қана қоймай, медиа компанияларға тұрақты табыс әкелетін модельге айналмақ. «Біз редакциялар мен аудитория арасында сенім орнату үшін оқырман қолдауы мәдениетін дамытуға тиіспіз. Бизнес құрылымдармен бірлескен жобалар да медианың қоғамдық рөлін арттыратын тиімді құрал», деді Нұрлан Усманов.
Сарапшының айтуынша, Өзбекстанда жарнама нарығы әлі қалыптасу кезеңінде болғанымен, брендтік контент пен әлеуметтік серіктестік жобаларға сұраныс артып келеді. Бұл медианың нарықтық дағдыларды игеру жолында үлкен өзгерістерге дайын екенін көрсетеді.
Ал қазақстандық Alatau Aqparat медиахолдингінің креативті директоры Қуаныш Ермекова медианың табыс моделін жаңа көзқараспен түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі медианың басты капиталы контент емес, аудитория. «Газет, сайт, әлеуметтік желілер» тізбегінен тұратын медиаэкожүйе жарнама берушілерге контенттің өзін емес, сол контентті тұтынатын аудиторияның назарын ұсынады. «Аудитория – басты құн. Егер аудитория медиаға сенсе, ол брендтен ешқашан алыстамайды», деді спикер. Ол аудиторияның үш түрін атап өтті: пікірталасқа қатысатын аудитория, сатып алатын аудитория және брендке байланған тұрақты аудитория. Газеттердің Air Astana рейстерінде, «Тальго» пойыздарында, мәдениет нысандарында таратылуы аудиторияны кеңейтудің жаңа тәсілдері екені айтылды.
Форумда жасанды интеллекттің медиасаласындағы орны да кеңінен талқыланды. AI-креатор Қанат Есіркепов редакциялардағы жұмыстардың 30-40 пайызы жасанды интеллект көмегімен автоматтандырылатынын айтып, AI-дың контент өндіру үдерісіндегі тиімділігін көрсетті. «Қаржылық есептер, спорт нәтижелері, ауа-райы туралы мәлімет сияқты деректерді AI дәл әрі тез дайындай алады. Бұл журналистердің уақытын үнемдейді», деді ол.
Спикер AI-аватарлардың кең таралып жатқанын, авторлардың дауысын, стилін, бейнесін көшіріп, үлкен көлемдегі материалды тұрақты шығара алатынын атап өтті. Сонымен бірге N8N, Make, Opal сияқты жүйелер автоматтандырылған «контент фабрикаларын» құруға мүмкіндік беруде. Алайда ол AI-дың қауіпті жағына да тоқталып: «Ең үлкен қауіп дипфейктер мен жалған ақпараттың көбеюі. Бұл медиаға деген сенімді әлсіретеді», деді. Спикердің пікірінше, жасанды интеллект түркі әлемінің ақпараттық интеграциясын жаңа деңгейге көтере алады. «AI мамандарды алмастырмайды, бірақ AI-ды қолданбайтын мамандарды алмастыруы мүмкін», – деген пікірі форумға қатысқан медиамамандарға ой салды.
Форумдағы пікірлер мен ұсыныстар түркі елдері үшін коммуникацияның экономикалық, ақпараттық және технологиялық әлеуетін бір арнаға тоғыстырудың маңызын айқын көрсетті. PR-дың экономикалық ынтымақтастықтағы рөлі, медианың тұрақты бизнес моделін қалыптастыру, дағдарыс кезіндегі ашық коммуникацияның мәні және жасанды интеллекттің болашағы түркі әлемі медиасының осылайша өзекті бағытына айналып отыр. Жаңа дәуірдің талаптары түркі халықтарына бірлесе әрекет етуді, ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруды және заманауи технологиялардың мүмкіндігін толық пайдалануды жүктейді. Бұл форум сол мақсатқа бастайтын маңызды қадам болды.
VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы түркі әлемінің ақпараттық ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған кәсіби пікірталас алаңына айналғаны анық. Форумда спикерлер PR-дың экономикалық байланыстарды дамытудағы маңызын, дағдарыс кезеңіндегі сенімді коммуникацияның рөлін және медиабизнестегі жаңа табыс модельдерінің қажеттілігін жан-жақты атап көрсетті. Яғни олардың айтуынша, дұрыс құрылған коммуникация стратегиясы мемлекеттер арасындағы сенімді арттырып, бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашады. Журналистикада медианалық деректерді пайдалану, ашықтықты сақтау және фейк ақпараттың алдын алу бүгінгі медианың басты міндетіне айналғаны айтылды. Сонымен қатар жасанды интеллекттің контент өндірісін жеделдетіп, редакция жұмысына жаңа серпін бергенімен, дипфейктер мен жалған деректерге қатысты қауіптің күшейгені де ерекше аталды. Түркі елдерінің ақпараттық кеңістігін жақындастыру үшін бірлескен жобалар, ортақ контент және кәсіби серіктестік қажеттігі баса көрсетілді. Демек аудитория сенімін сақтап қалу – медиа үшін ең басты капитал. Форум медианың жаңа дәуірдегі міндеттерін айқындап, түркі әлемінің ортақ ақпараттық болашағын қалыптастыруға бағытталған нақты ұсыныстар ұсынды. Осылайша, іс-шара түркітілдес елдер арасындағы ақпараттық интеграцияға тың серпін бергені сөзсіз.


Форумның екінші күні «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» атты семинар-тренинг өтті. Германиядағы Deutsche Welle телеарнасының Түрік редакциясының директоры Эркан Арыкан «Жасанды интеллект көмегімен жасалған жалған видеоларды анықтау» тақырыбында шеберлік сабағын өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарындағы фейк-контентпен күресудің жаңа тәсілдерін көрсетті. Оның айтуынша, қазіргі технологиялық заманда жалған ақпаратты анықтау журналистің базалық дағдысына айналуы тиіс. Сол күнгі іс-шаралар барысында «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ мен «Шеврон» компаниясы бірлесе өткізетін «Әлеумет – қоғам айнасы»-2025 және Halyk Bank АҚ серіктестігінде ұйымдастырылған «Еркін сөз»-2025 байқауларының жеңімпаздары марапатталды. Байқаудың да негізгі мақсаты қоғам мәселелерін көтеріп, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған журналистік еңбектерді қолдау екені белгілі.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Екі күндік форум тұтас түркі әлемі үшін ортақ ой мен мақсатты тоғыстырған, пікір мен ұсынысқа бай, тәжірибе мен идея алмасудың берекелі алаңына айналып қана қоймай, түркітілдес журналистердің басын қосқан бұл жиын ақпараттық интеграцияға жаңа серпін берді. Сондай-ақ алдағы жылдарға арналған бірқатар ортақ жобаның шеті көрінді. Бұл да болса түркі елдері арасындағы рухани жақындастық пен ақпараттық байланыстарды нығайтуға бағытталған жобаларға ұйысу жолындағы ортақ мақсаттың құрылуына жол ашты.










