Қазақстанда мемлекеттік қызмет Конституция мен арнайы заңдар арқылы реттеледі. Соңғы жылдары меритократияға негізделген кадрлық саясатты нығайтуға басымдық беріліп келеді. Ашық бәсекелестік, тестілеу арқылы іріктеу, мемлекеттік қызметшілердің нәтижелілігін бағалау жүйелері енгізіліп, ол өз жемісін беруде. Бұл шаралар мемлекеттік аппаратты кәсібилендірумен қатар, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға бағытталған.
Қазақстандағы мемлекеттік басқару жүйесі соңғы жылдары ашықтықты арттыру, қоғам сенімін нығайту және мемлекеттік аппараттың тиімділігін көтеру бағытында бірқатар реформаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Бұл өзгерістердің өзегінде мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі, жауапкершілігі және қоғаммен өзара қарым-қатынасы тұр.
Сонымен қатар, цифрландыру аясында көптеген қызмет автоматтандырылып, мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей қарым-қатынасқа түсуі жыл өткен сайын кемуде. Мұның өзі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етті. Дегенмен, ұйымдастырушылық мәдениет, басқарушылардың жауапкершілігі және этикалық нормалардың сақталуы әлі де өзекті мәселелердің қатарында.
Осы контекстте Әдеп кодексінің рөлі, мемлекеттік қызметшілер арасындағы тәуекел факторлары – мысалы, лудомания, сондай-ақ елдегі діни ахуалдың мемлекеттік қызметке ықпалы ерекше маңызға ие.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі — мемлекеттік аппараттың моральдық-этикалық негіздерін нақты айқындайтын негізгі құжат. Онда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби этикасы, азаматтармен қарым-қатынасы, қызметтен тыс мезгілдегі мінез-құлқы, мүдделер қайшылығын болдырмау тәртібі және мемлекеттік биліктің беделін қорғау талаптары бекітілген. Сондай-ақ, Әдеп кодексі – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мінез-құлқын реттейтін, адалдық, әділдік, ашықтық және жауапкершілік сияқты құндылықтарды бекітетін маңызды құжат. Оның басты мақсаты – азаматтар мүддесін қорғау, мемлекеттік аппараттың беделін арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау. Кодекс барлық қызметкерлерден заңға бағынуды, мемлекеттік ресурстарды тиімді әрі ұқыпты пайдалануды, сондай-ақ әріптестер мен халықпен қарым-қатынаста сыпайылық пен кәсіби мәдениеттілікті талап етеді.
Әдеп кодексіндегі басты қағидат — мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті қоғамның мүддесіне бағытталуы тиіс деген ұстаным. Мемлекеттік қызмет — қоғамдық сенімге негізделген институт, сондықтан қызметші өзінің жеке мүддесін емес, мемлекеттің, қоғамның мүддесін бірінші орынға қоюы керек.
Осы бағытта, қазір Әдеп жөніндегі уәкіл институты енгізіліп, уәкілдер этикалық мәселелерді шешуде елеулі рөл атқарады. Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл міндетін дербес атқаратын бір мемлекеттік қызметші, сонымен қатар, аудандарда бұл міндетті қосымша атқаратын 8 уәкіл тұрақты жұмыс істеп келеді. Уәкілдер Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарындағы мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, әдеп нормаларының бұзылуына жол бермеуді қадағалайды, қандай да бір мүдделер қақтығысы орын алған жағдайда тараптарды татуластыру тетігін ұсынады. 8 аудан әкімі аппараттары мен 25 басқармалардың мемлекеттік қызметшілерін қамтитын бұл бағыттағы жұмыстар қадағалау арқылы емес, әрбір мәселенің алдын алу және түсіндіру функциялары арқылы жүзеге асады. Ұжымдардағы психологиялық ахуалды анықтау мақсатында мемлекеттік қызметшілерден жасырын сауалнамалар алынып, соның нәтижелері бойынша жұмыс жоспарлары жасалады. Мемлекеттік қызметке жаңадан келген жас мамандарға арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті ақыл-кеңестер беріледі.
Лудомания — құмар ойындарға тәуелділік — халықаралық деңгейде әлеуметтік әрі психологиялық проблема ретінде қарастырылады. Қазақстанда да бұл мәселе мемлекеттік қызметшілер арасында назар аударуды қажет етеді. Тәуелділік қызметкердің қаржылық жағдайын нашарлатып, қызметтік міндеттерін адал орындауға кедергі келтіруі мүмкін. Бұған қоса, құмар ойындарға тәуелді адамдардың сыбайлас жемқорлыққа бару қаупі жоғары болады, өйткені қарызды өтеу немесе ойынға қаражат табу үшін заңсыз әрекеттерге бару ықтималдығы арта түседі.
Сондықтан да, Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызмет жүйесінде лудоманияның алдын алу бағытында бірнеше шараларды жүзеге асырып келеді. Олар:
- Құмар ойындарға шектеулер туралы ақпараттандыру – заң талаптарын түсіндіру, жауапкершілікті күшейту.
- Әдеп кодексінде бекітілген мінез-құлық нормалары – қызметтен тыс уақытта да адалдық пен жауапкершілікті сақтауды талап етеді.
Әдеп жөніндегі уәкілдердің ендігі бір міндеті – діни ахуал және оның мемлекеттік қызметке ықпалы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыру.
Қазақстан — көпконфессиялы мемлекет, онда діни тұрақтылық қоғам бірлігінің маңызды факторы болып табылады. Діни сенім бостандығы Конституциямен кепілдендірілген, дейтұрғанмен, мемлекеттің зайырлы сипаты мемлекеттік қызметте діни бейтараптықты талап етеді.
Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындау барысында белгілі бір діни топтың мүддесін алға тартуына, діни үгіт-насихат жүргізуіне, немесе жұмыс орнында діни мәселелерді таратуына жол берілмейді. Бұл принцип мемлекеттік аппараттың бейтараптығын және барлық азаматтарға тең қызмет көрсету міндетін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, радикалдық діни ағымдардың ықпалына түсу тәуекелі де қарастырылуы керек. Мемлекеттік қызмет жүйесі мұндай жағымсыз әсерлердің алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, тұрақты мониторингті және қызметкерлердің діни сауаттылығын арттыру шараларын қолданады. Бұл бағытта Алматы қаласы Дін істері басқармасының теолог мамандары тартылып, түсіндіру жұмыстары кәсіби деңгейде жүзеге асырылады. Мұның барлығы ұлттық қауіпсіздік пен зайырлы мемлекеттік құрылымды қорғауға бағытталған.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің дамуы кәсібилік, ашықтық және этикалық жауапкершілік принциптеріне негізделіп отыр. Әдеп кодексі мемлекеттік аппараттың моральдық бағытын айқындайтын құжат ретінде қызмет атқарады. Лудомания және радикалды діни ықпал сияқты тәуекелдер мемлекеттік қызметтің сапасына тікелей әсер ететін факторлар болғандықтан, олардың алдын алу және басқару — елдің тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Мемлекеттік қызметші — қоғам сенімін арқалаған тұлға, ал оның беделі мен мінез-құлқы мемлекеттің абыройына тікелей әсер етеді.
Мамай Ахетов,
Алматы қаласы әкімі аппаратының
Әдеп жөніндегі уәкілі









