Самұрықтық екі-үш бастықтың жалақысын қысса, газет-журнал мәселесі оңай-ақ шешілер еді…

0
139
Инфографика: Айнұр Қайратбекқызы

«Қазпошта» газет-журнал бағасын көтереміз деп былтыр да қиғылық салып еді. Субсидия соңғы үш жылда қысқарып келеді, ол ақшаны қазынадан бермесе, халықтан аламыз деп бас айналатын баға ұсынған болатын. Газет құнын көрген Бас редакторлар қолын төбесіне қойып, безіп кете жаздаған. Ол кезде мен «Қазақ газеттері» төрағасының орынбасары едім, жұмыла Ақпарат министрлігіне хат жолдап, қолдау тауып, министрлік қаржыны толтырып, әупірімдеп жүріп бағаны бұрынғы күйінде алып қалғанбыз. Ондағы әңгіме 2 000 000 000 (2 млрд.) теңге шамасында еді. Ақшаны алды, ал қызмет сапасын тексерген жан жоқ. Мәселен, 5-6 газетке жазылған өз басым бірде-бір нөмір алған жоқпын. Маған ілесіп жазылған екі-үш танысым да газет иісін сезбеді. Ал, есеп бойынша газет тасылып, субсидия игеріліп жатыр?!

Бізден бөлек, мыңдаған қазақстандық газет қайда деп шырқыраған сол жылы «Қазпошта» басшылығы Президентке бюджетке 45 000 000 000 теңге салық түсірдік, әлемдегі үздік елудің санатына кірдік деп мақтанды, демек табысы аз емес.

Биыл жалғыз акционері «Самұрық-Қазынаға» қарайтын мемлекеттік мекеменің мемлекеттік деңгейде проблема туғызғанын көріп отырмыз. Былтырғы әніне қайта басып, әр газеттің бағасын екі есе көтеріпті. Олай болмаса ақша бер деп тепсінеді. Және субсидияны 12 млрд. шамасында бір-ақ сұрапты. Аяқ асты құлқынды алты есе (бұрынғы 2 млрд.) кең ашуларының себебі түсініксіз. Негізі табысын құпия ұстап отырған самұрықтық екі-үш бастықтың жалақысын қысса, газет-журнал мәселесі оңай-ақ шешілер еді деп ойлаймын, тек қалтаны қысқаннан халықты қысқан оңай болып тұр. 5-6 мың теңге жазылыммен 3-4 мың оқырманды әзер жиып отырған газеттердің 2026 жылы мүлдем мүшкіл күйге түсері анық.

Мемлекеттік мүдде мен Ұлттық иммунитетті ойламайтын «Самұрық» пен «Қазпоштаның» басшылары бағаны екі есе көтергенде елдің әл-ауқаты екі есе өспегенін ескермепті. Үкіметке жеке компанияларға субсидия беріп, газет тасымалының басқа амалдарын қараудан өзге жол жоқ шығар немесе «Қазпоштаға» қазақ елінің қазынасынан, жер асты-үсті байлығынан молшылыққа малынып, талтаңдап жүргенін ұқтыру керек. Өйтпеген күнде қазақ баспасөзінің құлыптасына «»Қазпоштаның» қолынан өлген!» – деп жазуға тура келеді.

Серік Әбікенұлы,
«Хабар» агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here