Иә, мал екеш мал да бауыздар кезде тұяқ серпіп, қарсылық көрсеткенсиді. Қазақ баспасөзінің тұяқ серпуге енді шамасы келер ме екен? Өйткені, қазақ сөзін бауыздау процесі баяғыда басталып кеткен!..
Қазақ идеологиясын отыз жылдық опыру кезеңінен қалт-құлт етіп әрең өткен БАҚ жүйесіне шабуылды «Қазпоштаға» қосылып министрліктер мен басқа да үкіметтік құрылымдар бастап кеткелі қашан. Әнебір әпербақан министр (бүгінгі депутат) «мұғалімдерді басылымдарға мәжбүрлеп жаздыруды доғару» туралы мәселе көтеріп, заңдастырып еді, прокурорлар алақандарына түкіріп шыға келді. Сөйтіп, күллі БАҚ саласы қарлығаш қанатымен су сеуіп, жан бақтырып отырған ұстаз-оқырмандарынан айырылып тынды. Ал қалған аттың төбеліндей газет-журнал жанашырлары қолдарына жазылған басылымдары уақытылы тимеген соң, олар да күдер үзіп, теріс айналды. Оқырман азайса, «Қазпоштаға» жұмыс азаймақ. Ал жұмыс азайса, қаржы азаятыны сөзсіз. Енді олар азайған қаржысын газетті жеткізу құнын еселеп көтеріп, қалпына келтірмекші. Рухани байлықты, оқитын ұлт қалыптастыруды ойлап отырған «Қазпошта» мен оның құдіретті акционері «Самұрық-Қазына» жоқ! Оларды «тәйт!» деп орнына қоюға тиіс Үкімет селт етпейді. Мәселенің осынша ушыққанына жіті назар аударуы тиіс басиеміз Ақпарат және мәдениет министрлігі аузын ашып ол отыр.
Не істейміз қадірлі қаламдастар?! Тұяқ серпуге шамамыз келе ме, келмей ме?..
Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,
«Өлке тынысы» ЖШС директоры, ақын











