Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған «Ахан, Жақаң мұрасының сабақтастығы» атты танымдық дәріс өтті. Іс-шара қазақ руханияты мен ұлттық сананың қалыптасуына айрықша үлес қосқан тарихи тұлғалардың еңбегін жастарға және қала жұртшылығына кеңінен насихаттауды көздеді.
Дәріс басында қатысушылар музей-үйді аралап, Ахмет Байтұрсынұлы мен алаш қайраткерлеріне қатысты құнды жәдігерлермен, сирек кездесетін фотографиялық материалдармен танысты. Музей қызметкерлері әр экспонаттың тарихи мәнін түсіндіріп, архивтік құжаттар жөнінде қосымша мағлұмат берді.

Модератор Әділет Ахмет жүргізген дәрісте қатысушылар XX ғасыр басындағы қоғамдық-саяси ахуал, Алаш зиялыларының қызметі, олардың әдеби және ағартушылық мұралары туралы тың деректермен танысты.
Шара барысында Міржақып Дулатұлының Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан бастаған алаш азаматтарымен рухани байланысы, олардың ұлт тәуелсіздігі жолындағы ортақ мақсаттары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар сол кезеңдегі жағдайдың ұлттық қозғалысқа әсері де талқыланды. Қатысушыларға Міржақып Дулатұлының публицистикасы, поэзиясы және қоғамдық қызметінің қырлары туралы деректер ұсынылып, оның ағартушылық идеяларының бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпағаны атап өтілді.
Іс-шараға белгілі кәсіпкер, ұлттық мәдени бастамалардың қолдаушысы Сарқыт Қалиясқар, музей-үйдің жанашыр демеушісі әрі ұзақ жылдар білім саласында қызмет еткен зейнеткер ұстаз Гүлшара Есетқызы, Ақтөбе қаласынан арнайы келген журналист Марат Мырзалы, ақын әрі кәсіпкер Ерлан Қайса, сондай-ақ музей-үйге келген қала қонақтары мен магистранттар қатысты.
Қонақтар өз сөздерінде Алаш мұрасының бүгінгі ұрпақ санасын қалыптастырудағы рөліне тоқталып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттаудың маңызын айтты. Жиналғандар Міржақып Дулатұлының күрескерлік жолындағы қайсарлығы мен қаламгерлік мұрасын жоғары бағалап, оның идеяларының заманауи қоғамда да өзектілігін атап өтті
Қонақтар музейдің ғылыми-ағартушылық бағыттағы жұмысына оң бағасын беріп, ұлттық тұлғаларды ұлықтауға арналған мұндай шаралар жиі ұйымдастырылып тұруы қажет екенін жеткізді.
Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған танымдық дәріс мазмұндылығы мен ұйымдастырылуы тұрғысынан жоғары деңгейде өтті. Жиын тарихи сананы жаңғыртып, ұлттық рухты көтеруге бағытталған төл мәдениетіміздің маңызды бір кезеңін қайта еске салды. Қатысушылар Алаш мұрасының тереңдігіне көз жеткізіп, рухани ой түйіп қайтты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Филология факультеті, Қазақ әдебиеті мен әдебиет теориясы кафедрасы, Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс магистранттары











