Халықаралық дамуға бет алған Қазақстан: білім, ғылым және жас ұрпақ – ұлттық өрлеудің өзегі
«Turkistan» газеті қоғамдық-саяси, ұлттық идеяға, мәдениет пен қоғам өміріне бағытталған ақпараттық басылым ретінде елдік мүддені көтерген мазмұнды материалдарымен ерекшеленіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басылымның бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбатта ел дамуының өзекті әрі стратегиялық маңызы бар мәселелері кеңінен қамтылды.
2025 жыл Қазақстан үшін халықаралық аренада белсенділік танытқан, мәдени, спорттық және экономикалық жетістіктерге толы кезең ретінде есте қалды. Өткен жыл барлық салада маңызды оқиғалар мен ірі бастамаларға толы болды.
Президент өз сұхбатында елдің экономикалық әлеуетін арттыру, егемендігін нығайту және халықаралық аренадағы орнын күшейту Қазақстан дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осы бағытта қабылданған шешімдер үшін толық саяси жауапкершілікті өз мойнына алатынын мәлімдеп, халықаралық деңгейдегі ықпалдастықты күшейтуге ерекше назар аударды.
Аталған бағыттағы нақты іс-шаралар, ең алдымен, білім және ғылым саласында көрініс тапты. Қазақстанда әлемнің жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып, академиялық мобильділік, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер жүйелі түрде дами түсті. Бұл қадамдар адами капитал сапасын арттырып, елдің жаһандық білім кеңістігіне интеграциялануына ықпал етті.
Сонымен қатар экономикалық даму бағытында инвестициялық ахуалды жақсартуға, индустриялық-инновациялық жобаларды қолдауға, халықаралық қаржы және технологиялық серіктестікті кеңейтуге арналған жүйелі шаралар іске асырылды. Бұл бастамалар Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және халықаралық беделін нығайтуға бағытталды.
Фариза Сәрсекеева,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы
Цифрлық серпін және экономиканың жаңа тіректері: агроөндіріс, транзит, туризм
Биылғы 5 қаңтарда «Turkistan» газетіне берген сұхбатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның алдағы даму күн тәртібін бір ғана саламен шектемей, өзара тығыз байланысты бірнеше стратегиялық басымдық арқылы айқындады. Экономиканы жаңғырту, өңірлік және жаһандық бәсекеде тиімді орын алу, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайту осы сұхбаттың негізгі өзегіне айналды. Президенттің «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» деген тұжырымы ел дамуының бағыт-бағдарын айқын көрсетеді.
Президент 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауының мәнін нақтылай отырып, Қазақстанның «цифрлық державаға айналуы керек» екенін айтты. Бұл мақсатқа жету үшін елде бастапқы мүмкіндіктер барына тоқталды. Мәселен, мемлекеттік қызметтерді цифрландырудағы жетістіктер, IT-стартаптарды қолдайтын экожүйе және Astana Hub сияқты инновациялық кластердің жұмыс істеуі. Сұхбатта келтірілген нақты деректер бұл бағыттағы ілгерілеуді көрсетеді: 2025 жылы IT-қызметтер экспорты шамамен 1 млрд АҚШ долларға жуықтаған, CryptoCity пилоттық аймағы құрылу үстінде, жасанды интеллект жөніндегі кеңес пен тиісті заң қабылданған, арнайы министрлік құрылған. Сонымен қатар Alem.Cloud және Al-Farabium суперкомпьютерлерінің іске қосылғаны айтылды. Мұның бәрі цифрландыруды ұран деңгейінде қалдырмай, институттық негізге көшіру қадамы ретінде көрінеді.
Сауда және логистика мәселесінде Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік әлеуеті геосаяси бәсекенің маңызды бөлігіне айналғанын ашық айтты. Көлік-логистика тақырыбы бүгінде жоғары деңгейдегі халықаралық келіссөздердің тұрақты күн тәртібіне енген. Қазақстан аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі (5 теміржол және 7 автокөлік) Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүктің шамамен 85 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Президент «Бір белдеу – бір жол», «Солтүстік – Оңтүстік» және Транскаспий бағыты – Орта дәлізді дамытуға Қазақстанның белсенді қатысатынын, сондай-ақ Орта дәліздің жұмысына Қытайдың қосылуын құптайтынын атап өтті. Демек, дәліздер бәсекесінде Қазақстан үшін жылдамдық, болжамдылық, рәсімдердің тиімділігі шешуші артықшылыққа айналуы тиіс.
сұхбаттың елеулі бөлігі агроөнеркәсіп кешеніне арналды. Президент ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың нақты көлемін келтірді: 2024 жылы шаруаларға 580 млрд теңге, ал 2025 жылы 1 трлн теңге жеңілдетілген несие берілген. Алайда қаржы көлемінің ұлғаюы автоматты түрде тиімділікке әкелмейтінін атап өтіп, қолдаудың қайтарымы мен әділ бөлінуін күшейту қажеттігін баса айтты. Соңғы жылдары астық пен ұн экспорты рекордтық деңгейге жеткенімен, ендігі кезекте ауыл шаруашылығын әртараптандырып, әсіресе мал шаруашылығын дамыту маңызды екені айтылды. Бұл жерде кооперацияны дамытуға қайта оралу бастамасы ерекше: кооперативтер еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттырып, нарыққа жақындауға мүмкіндік береді деген пікір білдірілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы туризмді «экономика, мәдениет, қауіпсіздік және бизнес тоғысатын күрделі сала» деп бағалап, кәсібилік пен жауапкершілік қажет екеніне тоқталды.
Қазақстанның жаңғыруы – жекелеген науқан емес, басқару сапасын көтеретін жүйелі өзгеріс. Цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттік қызметтен бастап, экономиканың секторларына дейін өнімділікті арттыруға бағытталса, көлік-логистика дәліздер бәсекесінде елдің стратегиялық орнын күшейтеді. Ал ауыл шаруашылығы мен туризмде басты өлшем – бөлінген ресурстың тиімділігі, кадр және басқару мәдениеті. Су инфрақұрылымы мен ресурс үнемі болса, әлеуметтік тұрақтылық пен ұзақ мерзімді қауіпсіздіктің берік іргетасы болмақ.
Әлім МЫЛҚАЙДАРОВ,
география ғылымының кандидаты, География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының оқытушысы
Жаңғыру кезеңіндегі жоғары білімнің маңызы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты мақаласы ел дамуының алдағы стратегиялық бағытын айқындайтын маңызды саяси мәні бар құжат болып табылады. Бұл мақалада мемлекет дамуының жаңа кезеңінде адами капиталдың шешуші рөл атқаратыны айқын көрсетілген.
Жоғары оқу орнында қызмет ететін оқытушы ретінде аталған еңбекте адами капиталдың сапасына қойылатын талаптардың айтарлықтай артқанын анық байқауға болады. Қазіргі таңда ел дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, білім мазмұнының тереңдігімен, ойлау мәдениетінің деңгейімен және кәсіби жауапкершілікке негізделген кадрлар әлеуетімен өлшенетіні атап өтіледі.
Білім беру жүйесі қоғамның зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын негізгі тірек болып қала береді. Осыған байланысты Президент айқындаған жаңғыру бағыты жоғары оқу орындарынан формалды оқыту шеңберімен шектелмей, сапалы білім беруге, сыни ойлауды дамытуға және академиялық адалдық қағидаттарын берік ұстануға негізделген даярлықты талап етеді.
Сонымен қатар қазіргі кезеңде жоғары оқу орны оқытушысының рөлі де түбегейлі өзгеруде. Оқытушы енді тек білім беруші ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сананың қалыптасуына ықпал ететін, кәсіби және азаматтық жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде танылады. Ұсынылып отырған реформалардың нәтижелі жүзеге асуы білім беру саласындағы нақты мазмұндық және құрылымдық өзгерістерге тікелей байланысты.
Осы тұрғыдан алғанда Президент мақаласы жоғары білім беру жүйесі үшін болашаққа бағдар беретін маңызды стратегиялық құжат деп есептеймін.
Гаухар Қайранбаева,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушысы
Қазақстан жаңғыру жолын таңдады
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел дамуының жаңа тарихи белесіне қадам басқанын мәлімдеді. Бұл – уақыт талабынан туындаған, қоғамның сұранысына негізделген және мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесіне бағытталған стратегиялық шешім.
Бүгінгі таңда Қазақстан үшін басты мақсат – әділетті, тиімді әрі жауапты мемлекет қалыптастыру. Президент өз сөзінде жаңғырудың мәні тек құрылымдық өзгерістерде емес, ең алдымен мемлекеттік басқару мәдениетін өзгерту, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін нақты қорғау, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету екенін ерекше атап өтті.
Жаңа кезеңде саяси реформалар жүйелі түрде жалғасады, заң үстемдігі мен ашықтық қағидаттары күшейтіліп, экономиканы әртараптандыру арқылы тұрақты өсімге қол жеткізу көзделеді. Бұған қосымша, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту басты назарда болады. Халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту негізгі басымдыққа айналады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау ел дамуының берік іргетасы екеніне тоқталды. Әр азаматтың ел болашағына бейжай қарамауы, жауапкершілік пен адал еңбекті басты құндылыққа айналдыруы – жаңғырудың табысты болуының кепілі.
Бұл бастама – тек бүгінгі буын үшін емес, келешек ұрпаққа тұрақты, әділетті әрі қуатты Қазақстанды аманаттау жолындағы маңызды қадам. Қазіргі өзгерістер уақытша науқан емес, елді жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған терең реформалар екені анық.
Қазақстан жаңғыру жолын таңдады. Бұл жол – қиындыққа қарамастан, алға бастайтын, жауапкершілік пен бірлікті талап ететін жол.
Нұрхалық Абдырақын,
Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы, PhD
Ашық позиция қоғам сенімін арттырады
Жыл басында «Turkistan» газетінде жарияланған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты қазіргі кезеңдегі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындайтын маңызды материал деп есептеймін.
Сұхбатта көтерілген әлеуметтік-экономикалық даму, реформалардың жүйелі түрде жүзеге асырылуы, мемлекеттік басқарудағы жауапкершілік мәселелері елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған нақты ұстанымдарды көрсетеді. Әсіресе қоғамдағы өзекті проблемаларға ашық әрі салмақты көзқарастың білдірілуі Мемлекет басшысының жағдайды терең түсінетінін аңғартады.
Сонымен қатар Президенттің ұстанымдары реформаларды жүйелі іске асыруға және азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған. Мұндай нақты әрі ашық позиция қоғамда ұлттық даму басымдықтарына деген сенімді арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Ардақ Қалиолла, Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы
Жаңа кезеңге нық қадам
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетінде жарияланған «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты ел дамуының қазіргі бағытын айқындайтын маңызды саяси мазмұнға ие.
Сұхбатта Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформалардың жүйелілігін, әділетті қоғам құру мен заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызын атап өтеді. Жаңғырудың экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларды қатар қамтуы елдің тұрақты дамуына негіз болатыны көрсетіледі. Әсіресе әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне баса назар аударылуы бүгінгі таңда құптарлық жайт. Сонымен бірге ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, заманауи талаптарға бейімделу қажеттігіне назар аударады. Президенттің көзқарасы Қазақстанның жаңа кезеңге нық әрі жауапты қадам жасағанын аңғартады. Аталған сұхбат ел болашағына деген сенімді нығайтып, қоғамды ортақ мақсат жолында біріктіруге бағытталған маңызды ой-тұжырымдарды қамтиды.
Гүлжан Жанатаева,
Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының аға оқытушысы
ЖИ қолдану – заман талабы
Бүгінгі Қазақстанның даму жолы туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетіне берген сұхбаты халқымыздың алдындағы басты сын-қатерлерді ашық талқылап, нақты мақсаттарды айқындаған маңызды пікірталас болды.
Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық державаға айналдыру, жасанды интеллектіні барлық салаға енгізу еліміздің өркениетті мемлекеттер қатарына қосылуына бағытталған стратегиялық қадамдар екенін атап өтті. Ақпараттық технологиялар саласының қызметкері ретінде мен бұл бастамаларды толық қолдаймын. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану – заман талабына сай қадам ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, білім беру, денсаулық сақтау, бизнес және қызмет көрсету салаларында сапалы өзгерістерге жол ашатын маңызды бағыт. Бұл үдерістер ашықтық пен әділеттілікті нығайтып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Президент ұсынған осы басымдықтар еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жастарға жаңа мүмкіндіктер беріп, Қазақстанның тұрақты дамуына берік негіз қалайды деп сенемін.
Айгерім Саметова,
ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті деканының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары
Ұлттық жаңғырудың жаңа бағыты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңіне қадам басқаны жөніндегі саяси мәлімдемесі ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындайтын маңызды тұжырымдамалық құжат болып табылады.
Бұл бастама мемлекеттің саяси жүйесін жаңарту, экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік саясатты жетілдіру және зияткерлік әлеуетті арттыру сияқты өзара тығыз байланысты бағыттарды кешенді түрде қамтиды. Мемлекет басшысы ұсынған жаңғыру тұжырымдамасы қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі реформалар жиынтығы болып табылады.
Аталған құжатта басқару мәдениетін жетілдіру, құқықтық мемлекетті нығайту және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Бұл өз кезегінде ғылыми білімнің, гуманитарлық зерттеулердің және сараптамалық ойдың рөлін күшейтеді. Президент ұсынған реформалар логикасы қоғамдық сананы жаңғырту мен білім беру саласының мазмұнын терең трансформациялауды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда жоғары білім мен ғылым ел дамуының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр.
Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңі шығыстану бағыты үшін де айрықша мүмкіндіктер ашады. Біріншіден, бұл бастама Қазақстанның Азия кеңістігіндегі тарихи, мәдени және өркениеттік байланыстарын қайта пайымдауға ғылыми негіз қалыптастырады. Шығыстану саласы арқылы Орталық Азия, Таяу және Қиыр Шығыс елдерімен өзара ықпалдастықтың тарихи сабақтастығы мен қазіргі заманғы формаларын кешенді түрде зерттеу өзектене түседі. Мемлекет басшысының көпвекторлы сыртқы саясатты нығайту жөніндегі ұстанымы шығыстанулық зерттеулердің стратегиялық маңызын арттырады.
Екіншіден, цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық берілуі шығыстану ғылымында жаңа әдіснамалық мүмкіндіктер туғызады. Сандық гуманитаристика, дереккөздерді цифрлық талдау, шығыс тілдеріндегі мәтіндермен жұмыс істеудің жаңа технологиялары осы бағыттағы зерттеулердің сапасын арттыруға жол ашады. Бұл әсіресе араб, парсы, қытай, түрік, корей, жапон, урду, пушту және басқа да шығыс тілдеріндегі жазба мұраларды қазіргі ғылыми талаптарға сай зерделеуге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, Президент атап өткен адами капиталды дамыту идеясы шығыстану мамандарын даярлаудың мазмұнын жаңартуды талап етеді. Аймақтық зерттеулер, дінтану, мәдениетаралық коммуникация, шығыс қоғамдарының әлеуметтік және саяси трансформациясы сияқты бағыттар жаңа ғылыми парадигма аясында қарастырылуы тиіс. Бұл шығыстану саласын классикалық филологиялық немесе тарихи пән ретінде ғана емес, қазіргі заманғы қолданбалы әрі стратегиялық маңызы бар ғылым ретінде дамытуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Қазақстан жаңғыруының жаңа кезеңі туралы Президент бастамасы шығыстану бағытының ғылыми әлеуетін күшейтіп, оның ұлттық және халықаралық деңгейдегі маңызын арттырады. Бұл құжат шығыстануды елдің интеллектуалдық қауіпсіздігі мен өркениеттік дамуын қамтамасыз ететін маңызды ғылыми сала ретінде қайта пайымдауға негіз қалайды. Осы тұрғыдан алғанда аталған саяси бағдарлама шығыстану ғылымының мазмұнын тереңдетіп, оның әдіснамалық және институционалдық дамуына қуатты серпін береді.
Мырзахан Егембердиев,
тарих ғылымының кандидаты









