Алматыда Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы ашылды

0
2246

Алатаудың баурайындағы Алматы тағы бір маңызды жаңалықпен ел назарын аударды. Қалада ұшқышсыз авиацияны дамытуға бағытталған инновациялық орталық жұмысын бастады. Бұл – заманауи технология мен ғылымның тоғысқан тұсы, отандық инженерия мен цифрлық индустрияның жаңа белесі. Жаңа орталықта ұшқышсыз ұшу аппараттарын жобалау, сынақтан өткізу және жетілдіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, жас мамандарды даярлау, ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру және стартаптарға қолдау көрсету көзделген. Бұл – Қазақстанның авиация саласындағы әлеуетін арттырып, технологиялық тәуелсіздікке жол ашатын маңызды қадам.

ҚАЗҰУ-ДА ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА ҚАНАТ БІТКЕН КҮН

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығының ашылуы – елдің ғылыми әлеуетін арттырып, цифрлық болашағын айқындайтын айтулы оқиға болды. Бұл бастама ҚазҰУ мен «Aerial Solutions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы өзара ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асып, отандық ұшқышсыз авиация саласын жаңа сапалық деңгейге көтеруді мақсат етеді.

Жаңа ғылыми-инновациялық орталықта отандық ұшқышсыз ұшу аппараттарының заманауи модельдерін әзірлеу басты назарға алынбақ. Мұнда оқу-өндірістік зертханалар мен арнайы сынақ полигоны құрылып, дуалды білім беру жүйесі мен халықаралық талаптарға сай сертификаттау бағдарламалары жүзеге асырылады.

Орталық қабырғасында студенттер мен тәжірибелі оқытушылардың бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіліп, ұшқышсыз ұшу аппараттары тікелей дайындалатын болады. Бұл – теория мен тәжірибені ұштастыратын, болашақ инженерлер мен мамандарды тәрбиелеуге бағытталған алаң.

Сонымен қатар, орталық аясында дрондар мен сервистерді ішкі әрі халықаралық нарыққа шығару, инновациялық стартаптарды қолдау және ғылыми идеяларды коммерцияландыру көзделіп отыр. Жобаның табысты іске асырылуы еліміздің цифрлық инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, Қазақстанның азаматтық ұшқышсыз авиация саласындағы мемлекеттік стратегиясын жүзеге асыруға тың серпін береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, «Aerial Solutions» ЖШС Авиациялық оқу орталығының бас директоры Перизат Құдайбергенова, ҚР Қорғаныс министрлігі, Әуе қорғанысы күштері, Ұлттық қауіпсіздік академиясы және Қазақстан авиация әкімшілігінің өкілдері, сондай-ақ белгілі ғалымдар мен профессор-оқытушылар қатысты.

Жиынды ашқан университет басшысы Жансейіт Түймебаев бұл орталықтың ел үшін маңызын ерекше атап өтті.

 «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында: «Біздің ұлт ретінде бәсекеге қабілеттілігіміз бен егемендігіміз осы технологияны қалай пайдаланатынымызға тікелей байланысты. Әр маман цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жұмыс барысында тиімді қолдана білуі қажет», – деп атап өткен болатын. Орталық ауқымды ғылыми жобаларды іске асыруға, заманауи дрондарды жасап, құрастыруға, білікті мамандарды даярлауға және студенттердің тағылымдамадан өтуіне кең мүмкіндік береді. Мұнда жасалған дрондар экономиканың түрлі саласында тиімді қолданылатын болады», – деді ректор.

«Aerial Solutions» ЖШС Авиациялық оқу орталығының бас директоры Перизат Құдайбергенова бұл орталық ғылым мен өндірісті тоғыстыратын маңызды алаң екенін атап өтті.

 «ҚазҰУ базасында ашылған орталық халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлауға жол ашады. Университеттің мықты академиялық әлеуеті сапалы практикалық білім беруге мүмкіндік жасап, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен цифрлық мониторинг салаларының дамуына үлес қосады», – деп айтты Перизат Құдайбергенова.

Қорғаныс министрлігі Әуе қорғанысы күштерінің бас басқармасының жетекшісі Сәкен Рүстемов те жаңа орталықтың жұмысына сәттілік тілеп, алдағы уақытта қорғаныс саласымен тиімді әріптестік орнайтынына сенім білдірді. Шара соңында қонақтар орталықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, заманауи құрылғылар мен ұшқышсыз аппараттардың жұмыс барысын тамашалады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы – тек бір оқу орнының жетістігі емес, ұлттық ғылым мен технологияның жаңа тынысы. Бұл орталықтан түлеп ұшқан идеялар мен мамандар ертеңгі күні Қазақстан аспанында ғана емес, әлемдік инновациялық кеңістікте де өз орнын табары сөзсіз. ҚазҰУ-да ашылған бұл орталық ел болашағына бағытталған сенімді қадам, ғылым мен прогрестің алтын көпірі болмақ.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here