Қазақстанды саяси жүйенің түбегейлі трансформациясы күтіп тұр

0
991

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық Құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы саяси, экономикалық, әлеуметтік және өзге де салалардағы реформаларды қамтитын ауқымды реформалық бастамалар топтамасын ұсынды. Өңірлерді дамыту, энергетикалық қауіпсіздік, экономикалық өсім, жаппай цифрландыру, инфрақұрылымды дамыту және адами капиталды нығайту мәселелері қамтылды.

Президенттің сөзіндегі негізгі бағыттардың бірі – мемлекеттік билік институттарын одан әрі жаңғыртуға қатысты ел Президентінің көзқарасын таныстыру болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа ұлттық парламенттік модельдің функциялары мен міндеттеріне нақты тоқталды. Атап айтқанда, Құрылтайда (Парламенттің жаңа атауы) 8 комитеттен аспайтын құрылым қалыптастырылып, депутаттар саны 145 адамды құрайды, оның ішінде 3 Вице-Спикер болады. Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының барлық мүшелерін тағайындау Құрылтайдың келісімімен ғана жүзеге асырылады. Жоғарғы соттың барлық судьялары Президенттің ұсынуы бойынша сайланады. Бұл жаңа Парламенттің шын мәнінде ықпалды институтқа айналуына және жүзеге асырылып жатқан реформалар шеңберінде заң қабылдау үдерісінің тиімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, елде заң шығару бастамасы құқығына ие жаңа жоғары консультативтік-кеңесші орган – Халық кеңесі (Народный Совет) құрылатын болады. Бұл институт Қазақстандағы этностардың, өңірлердің және қоғамның түрлі топтарының шешім қабылдау жүйесіндегі өкілдігін қамтамасыз етеді. Осылайша, ұлтаралық келісім саясатының сабақтастығы сақталады (оның негізгі үйлестіруші рөлін Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарып келді). Сонымен бірге, жалпыұлттық диалог үшін анағұрлым кең платформа қалыптастырылады.

Сондай-ақ, Вице-Президент лауазымы енгізіледі. Ол Қазақстанның халықаралық форумдар мен келіссөздердегі мүдделерін білдіреді, Парламентте Президенттің мүддесін таныстырады, сондай-ақ отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Жалпы алғанда, Ұлттық Құрылтайда белгіленген бастамалар саяси салада бұрын жүзеге асырылған реформаларды толықтырып, өзара байланыстырып, олардың әсерін күшейтеді. Аталған бастамаларды іске асыру елде уақыт талаптарына сай, орнықты әрі бәсекеге қабілетті мүлде жаңа саяси құрылымды қалыптастыру үдерісін аяқтайтын болады.

Максим СПОТКАЙ,
ҚР Парламенті Сенаты
Аппаратының Басшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here