Еуропа Олимпиаданы шығынсыз жып-жинақы өткізудің үлгісін көрсетіп берді. Миланда кейінгі жылдардағы ең арзан Олимпиада болды. Ресей Сочиге 50 млрд доллар кетірсе, Италия 5,2 млрд еуро жұмсаған.
Бұл елде жарыстар дайын кешендерде өтті. Италия шығынды ақтап аламыз деп отыр. Парижде де жарыстар қаланың ортасында уақытша кешендерде болып еді. Миланда да, Парижде де журналистер мен жанкүйерлер метро, пойыз, қоғамдық көлікпен қатынады. Барар жеріңе метро апарады. Қалалар арасына да пойыздар жүріп жатты. Тегін. Мықты инфрақұрылым деген осындай болса керек.
Әрі Милан қауіпсіз болды. Адамдар да Олимпиадаға келгендерге көмектесуге дайын. Құрметтеп тұр. Миланда да, Парижде де қонақ үй көп. Кореядағы Олимпиадада қонақ үй табу қиын әрі қымбат болып, пәтер жалдаған едік. Теледидардан көрген көрермен де Италиядағы Олимпиаданың мықты ұйымдастырылғанын сезініп жатқандай.
2022 жылғы Пекин Олимпиадасына да барған едім. Өте ауыр Олимпиада болған. Пандемия, шектеулер, оған қоса Ресей Украинаға басып кіреді деген әңгіме шығып жатқан. Мәнерлеп сырғанауда ресейлік Камила Валиеваның допинг дауы, «әне-міне соғыс басталады» деген жаңалықтар Олимпиададағы жеңіс пен жарқын сәттерге көлеңке түсірген еді. Сол кезде фристайлдан күміс алған украиналық Александр Абраменко мен қола алған ресейлік Илья Буров (суретте) бір-бірін құшақтап, құттықтап жатқан еді. Олимпиада біткен соң екі күннен кейін Ресей Украинаға басып кірді…
Руслан Меделбек, спорт журналисі









