Алаш күні

0
193

Әрбір мемлекеттің тәуелсіздігі жолындағы тарихында айрықша орын алатын тарихи күндер бар. Ол тарихи күнді Алаш күні деп атасақ орынды болар.

ХХ ғасырдың бас кезінен бастап, халқымыздың тәуелсіздігі жолындағы қасиетті күресті бастаған Алаш қайраткерлері 1905 жылы желтоқсан айында «Алаш» саяси ұйымын құрса, кейінгі жылдары азаттық жолындағы күресті одан әрі жандандырып, еліміздегі тұңғыш ұлттық партия құру жолында күресті өрістетті.

1917 жылы іске асырылған Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы Ресей империясында ғасырлар бойы үстемдік еткен монархиялық жүйенің тас-талқанын шығарды. Бұл оқиға – «халықтар түрмесі» атанған империя құрамындағы езілген ұлттарға, соның ішінде қазақ халқына өз тағдырын өзі шешуге берілген тарихи мүмкіндік еді. Империялық билік құлап, демократиялық бостандықтардың лебі келген осы алмағайып кезеңде қазақ зиялылары өз ұлтының болашағы үшін тарихи жауапкершілікті өз мойнына алды.

1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен Бірінші жалпықазақ съезі халқымыздың тарихындағы жаңа дәуірдің парағын ашты. Осы съездің соңғы күні, 26 шілдеде «Алаш» ұлттық демократиялық партиясын құру туралы тарихи шешім қабылданды. Бұл жай ғана саяси ұйым емес, бұл – қазақ қоғамының модернизациялануының, еуропалық үлгідегі демократиялық институттарды қабылдауының айқын дәлелі еді. Және бұл тарихи оқиға халқымыздың азаттығы жолындағы күресінің жарқын белестерінің күні болды.

ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі халқымыздың азаттығы жолындағы күрестің басында тұрған ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның: «Біздің мақсатымыз – елді билеу емес, елдің өзін-өзі билеуіне жағдай жасау» деген қағидасы бүгінгі Тәуелсіз еліміздің демократиялық ұстанымдарымен ұштасып жатыр. Он тармақтан тұратын Алаш партиясының бағдарламасындағы ең өзекті, ең өткір мәселе – жер болды. Алаш арыстары «Қазақ жерінің асты мен үстіндегі байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс» деген принципті ту ете отырып, еліміздің шекарасының біртұтастығы жолында күрес жүргізді. Олардың саяси сауаттылығы мен қажырлы күресінің нәтижесінде, солар шегендеп беріп кеткен тарихи жерлерімізде бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргетасы қаланды.

Неліктен «Алаш күні» ресми мереке болуы тиіс?

Біріншіден, 26 шілдені мереке ретінде ұлықтау – осы ұланғайыр шекарамызды бізге аманаттаған тұлғаларға деген ең жоғарғы құрмет.

Екіншіден, еліміздің тәуелсіздігі 1991 жылы бос жерден пайда болған жоқ. Ол – Алаш арыстарының қаны мен төккен терінің заңды жалғасы.

Үшіншіден, бұл күн жастарымызға Тәуелсіздік құнының қаншалықты қымбат екенін ұғындырады.

Төртіншіден, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды тұлғалардың саяси күрес жолы мен ағартушылық қызметі – бүгінгі «Адал азамат» тұжырымдамасының негізі.

«Алаш күні» – бұл өткен тарих емес, бұл – біздің мемлекеттік кодымыз. Алаш партиясының құрылған күнін ресми мереке ретінде бекіту – тарихи әділеттілікті орнату ғана емес, бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған «Тәуелсіздік және отаншылдық» құндылықтарын насихаттайтын болашаққа бағытталған стратегиялық қадам. 26 шілде күні әрбір қазақстандық азамат «Мен елім үшін не істедім?» деген сұраққа Алаш арыстарының биігінен қарап жауап іздеуі тиіс.

Алаш аты аталған жерде қазақтың рухы асқақтайды. 26 шілде күнін «Алаш күні – Ұлттық Рух мерекесі» деп бекітудің маңызы зор деп білемін.

Мұрат Ілияс, Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің 1-курс студенті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here