Қазақстан – сенімді бітімгер ел

0
676

Бүгінгі әлемдік саясат тез өзгереді: ескі одақтар сынып, кейде «ұлы державалар» өз мүддесін тиімді жүргізе алмай, шатасып қалады. Мұндай жағдайда орта деңгейдегі елдердің рөлі арта түседі. Солардың бірі – Қазақстан. Ел көпвекторлы саясаты арқылы тұрақтылықты сақтап, бейбітшілікті нығайтып отыр.

Қазақстанның халықаралық бейбітшілік миссияларындағы белсенділігі – елдің тек географиялық орналасуымен шектелмейтінін, оның жаһандық мәселелерде шешімге ықпал ете алатын күш екенін көрсетеді.

Жуырда сегіз елдің елшілері сенім грамоталарын табыс еткен салтанатты рәсімде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дипломаттарға еліміздің әлемдегі белсенді бітімгер мемлекеттердің бірі ретіндегі рөлін қайыра еске салды.

Айдың басында өткен бұл кездесуде Мемлекет басшысы қазіргі күрделі халықаралық жағдайда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңызы бұрынғыдан да арта түскенін атап өтті.

Қазіргі геосаяси кеңістікте жағдай күрделі. Бұрынғы одақтар әлсіреп, алпауыт державалардың өзара бәсекесі күшейген шақта халықаралық аренада жаңа күштер көріне бастады. Сарапшылар мұндай елдерді «орта державалар» деп атайды. Олар жаһандық саясатта теңгерімді ұстанымымен, сабырлы әрі сындарлы бастамаларымен ерекшеленеді.

Бүгінгі Қазақстан – Шығыс пен Батыстың арасындағы жай ғана географиялық кеңістік емес. Бұл – тұрақтылық пен сенімділікті сыртқа тарататын, көпвекторлы саясатты нақты бейбіт бастамаларға айналдыра білген мемлекет. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Кей жағдайда барлық мәселені келіссөз арқылы шешу мүмкін бола бермейді. Мұндай кезде бітімгер күштердің рөлі айрықша маңызды. Қазақстан – бейбіт ел, біз жаһандық тұрақтылыққа бағытталған барлық бастамаларды қолдаймыз», – деген сегіз елдің елшілерімен кездесу барысында айтқан сөзі де айқын аңғартады.

2026 жылдың көктемі Қазақстан үшін саяси кемелденудің айқын көрінісіне айналды деуге болады. Әлем астаналары ықпал аймақтарын талқылап жатқан кезде, қазақстандық «көк дулығалы» әскери қызметкерлер Голан жоталары аймағындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясында нақты іспен танылып отыр.

Ақпан айында 139 қазақстандық әскери қызметкер БҰҰ-ның «Бейбітшілікке қызметі үшін» медалімен марапатталды. Миссия командирі Анита Асманың айтуынша, қазақстандық контингент жедел әрекет ету күштерінің үлгілі стандартына айналған.

Астанадағы БҰҰ‑ға жәрдемдесу қауымдастығының басшысы Олжас Баекенов бітімгерлік Қазақстан үшін жай әскери міндет қана емес екенін атап өтеді. Оның айтуынша, бұл – мемлекеттің жаһандық қауіпсіздік алдындағы жауапкершілігінің көрінісі. Қазақстан бүгінде сырттай бақылаушы деңгейінен өтіп, халықаралық қауіпсіздік жүйесіне нақты үлес қосып отырған елдердің қатарына қосылды.

Бұл жолдың қалыптасуы да біртіндеп жүрді. 2003 жылы Ирактағы алғашқы саперлік миссиядан басталған тәжірибе бүгінде толыққанды бітімгерлік мандатқа ұласты. 2026 жылдың наурыз айында Қазақстанның Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Голан аймағындағы қазақстандық контингенттің үшінші ротациясын арнайы барып тексерді. Ал, жылдағы маңызды дипломатиялық қадамдардың бірі – Астананың Газа секторында халықаралық тұрақтандыру күштеріне қатысуға дайын екенін мәлімдеуі болды. Бұл шешім Вашингтонда өткен Бейбітшілік Кеңесінде жария етіліп, Қазақстанның бітімгерлік миссиялардағы орнын жаңа деңгейге көтерді.

Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеті тек әскери тәжірибемен шектелмейді. Алматы қаласында орналасқан Defence Tech хабы мен KAZCENT орталығы бітімгерлерді заманауи технологиялармен дайындайтын маңызды алаңға айналды. Мұнда әскери қызметкерлер виртуалды симуляторлар арқылы күрделі жағдайларда әрекет етуді үйреніп, жаңа буын минаны залалсыздандыру жүйелерін меңгереді. 2026 жылға дейін қазақстандық мамандар Голан жоталарында 1 200-ден астам жарылғыш затты залалсыздандырып, жүздеген адамның өмірін сақтап қалды.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның Голандағы дербес мандаты мен Газаға қатысты бастамасы – еліміздің халықаралық ұйымдардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алатын деңгейге жеткенін көрсетеді. Бұл ретте Олжас Баекенов: «Әлемдік саясатта ірі державалар тығырыққа тірелген кезде, орта державалар жаңа шешім ұсына алатынын Қазақстан дәлелдеп отыр», – дейді.

Бүгінде Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберін жай ұран айту үшін емес, нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізу алаңы ретінде пайдаланып келеді. Соның нәтижесінде еліміз халықаралық аренада сенімді делдал ретінде танылып отыр.

ТҮЙІН СӨЗ

Қорыта айтқанда, қазір «Qazaqstan» белгісі бар көк дулыға – бейбітшілікке деген адалдықтың, жауапкершіліктің және сенімнің белгісіне айналды.

Еліміздің бітімгерлік миссияларға қатысуы, халықаралық бастамаларды қолдауы және қауіпсіздікке бағытталған нақты іс-қимылдары оның әлемдік қауымдастық алдындағы жауапкершілігін айқын көрсетеді.

Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанның тек аймақтық емес, жаһандық деңгейде де сенімді әріптес әрі бейбітшілікке үлес қосатын мемлекет екенін дәлелдейді. Бүгінде қазақстандық бітімгерлердің қызметі халықаралық аренада жоғары бағаланып, еліміздің беделін арттыра түсуде. Сондықтан, бейбітшілікті басты құндылық ретінде ұстанған Қазақстанның бұл жолдағы ұстанымы алдағы уақытта да әлемдік тұрақтылыққа қызмет ете бермек.

Қызжібек ӘБДІҒАНИҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here