Қарқараның қоңыр самалы тербеген, Көлсайдың мөлдір айнасы ажарын айқындаған Кеген өңірі – қашанда киелі, қашанда қасиетті мекен. Бұл топырақ талай тарланның тұяғы тиген, талай дарынның қанаты қатайған құтты қоныс. Сол бір шұрайлы жерден түлеп ұшқан тұлғалардың ішінде өрнегімен ерекшеленіп, үнімен дараланған, парасат-пайымы мен кемел ойы арқылы оқырман жүрегінен орын алған арда азамат – Жақыпжан Мысабекұлы Нұрғожаев. Бұл есім – тек журналистика шеңберімен шектелмейтін, тұтас бір дәуірдің тынысын танытқан тұлға. Қаламының қарымы – қайсарлықтың көрінісіндей, ойының тереңдігі – тұңғиық дариядай, ал адамдық болмысы – Жетісудың жұпар самалындай жұмсақ, асқар Алатаудың биігіндей еңселі.
Бүгінде ағамыз сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Саналы ғұмырдың салмағы, сарқылмас еңбектің биігі, ұлт сөз өнеріне, қазақ баспасөзіне сіңген өлшеусіз еңбектің жарқын белесі. Бір адамның мерейтойы ғана емес, тұтас бір рухани дәуірдің, ұлтқа қызмет етудің, адалдық пен азаматтықтың айшықты айғағы.
Жақыпжан Мысабекұлы – Кегеннің Тасбұлақ өңірінде дүние есігін ашып, тағдырдың талайлы жолынан сүрінбей өткен, маңдай терімен мәртебе биігіне көтерілген жан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі ретінде ол білім мен білікті ұштастырып, қазақ журналистикасының қара шаңырағында шыңдалды. Республикалық «Лениншіл жас» – бүгінгі «Жас Алаш» газетінде тілшілік қызметтен бастап, бөлім меңгерушілігіне дейінгі жолды абыроймен атқарды. Кейін Шелек аудандық «Еңбек туы», облыстық «Жетісу» газеттерінде бас редактор болып, мерзімді басылымның шырағын сөндірмей, ұлттың үнін биікке көтерді. Оның қаламынан туған әрбір мақала – уақыттың тамырын дөп басқан, оқырманын ойландырған, толғандырған дүниелер еді. Жақыпжан Нұрғожаевтың тағы бір ұлы еңбегі – шәкірт тәрбиелеу. Қазақ журналистикасының толқын-толқын ұрпағын, қазіргі республикамызға танымал журналистер көшін қалыптастыруға мол еңбегін сіңірді. Қолына қалам ұстаған жас журналистердің ақылшы ағасы, қамқор ұстазы бола білді.
Қазақ әдебиетіне, журналистикасына және Мұқағалитану ғылымына қосқан ерен еңбегі үшін Жақыпжан ағамыз Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Алматы облысының және Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарының Құрметті азаматы атанды. Жақыпжан ағамыздың қарымды қаламынан, қажырлы еңбегінен, жүрек толғанысынан туған «Замана сарыны», «Көксеңгір – Қайыңдының бойтұмары», Мұқағалиға арналған «Тәңіртаудың қыраны», «Жүрегі оның жанартау» атты көптеген кітаптары оқырмандар көңілінен шықты. Сексенге келген ағамыз үлкенге ізетінен, кішіге қамқор көңілінен айныған емес.
Жақыпжан Мысабекұлы өзінің мәнді де мағыналы ғұмырын «ХХ ғасырдың таңғажайып ақыны» атанған Мұқағалидай қымбатты ағасына, шын мәнінде Мұқағалитану деп аталатын ғылымға арнап келеді. Хантәңірі шыңының баурайынан, Қарасаздың қасиетті топырағынан қанаттанып, қазақ поэзиясының асқақ тұлғасына, соны құбылысына айналған Мұқағалиды әрдайым биік қоя білді. Таудың арынды өзендеріндей қуатты талантын, ерекше қабілет-дарынын шынайы бағалады. Таңғажайып ақынның іздеушісі, сұраушысы, жоқтаушысына, мұраларын түгендеушісіне айналды. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің Мұқағалитану деп аталатын ғылымын жаңа да тың деректермен молықтырып, толықтырды.
Асыл ағамыз мен үшін – көпшілікке танымал тұлғадан әлдеқайда биік.
Әкемнің жүрегінде айрықша орын алған, тағдырына бағыт берген ардақты жан. 2000 жылы әкем Қанат Біржансалды Алматы облыстық «Жетісу» газетіне қызметке қабылдаған бас редактор Жақыпжан Мысабекұлы сол сәттен бастап тек жетекші ғана емес, өмірлік ұстазға айналды. Ол кісі әкемнің кәсіби жолын айқындап, қаламының қуатын танытқан, сөздің салмағын сезінуге үйреткен шынайы тәлімгер болды. Қиын кезеңдерде тірек болып, сенім ұялатқан қамқорлығы әкем үшін баға жетпес байлық еді. Сондықтан да әкем оның есімін ерекше ілтипатпен атап, ресми «редакторым» деуден гөрі, жүрекке жақын «ағам» деп атайтын. Осы бір қарапайым сөздің өзінде терең құрмет, кіршіксіз сенім мен ағалық мейірім тұнып тұрғандай. Бұл қызмет аясынан асып, адамдықтың асыл өлшеміне айналған шынайы байланыс еді.
Өзімнің көз алдыма Жақыпжан аға дегенде бірден аққұба жүзді, әрдайым жинақы костюм киіп, болмысымен-ақ айналасына жылу сыйлап тұратын зиялы бейне келеді. Оның байсалды да орнықты үні, «айналайын» деп басталатын мейірімді лебізі жанды тыныштандырып, көңілге ерекше бір шуақ құятын. Әр айтқан сөзі өнеге, әрбір әңгімесі өмірге бағыт сілтер терең тағылым еді.
Біз бала күнімізден оның есімін құрметпен естіп өстік. Әкемнің әңгімесінің өзегіне айналған, анамның да айрықша ілтипатпен атайтын тұлғасы – осы Жақыпжан Нұрғожаев болатын.
Бүгінде сексеннің асуына абыроймен жеткен ағамыздың бейнесі менің санамда дәл осындай парасат пен пайымға толы, жүректерге жылу сыйлаған қалпында сақталып қалған.
– Артындағы қаламгер інілеріне жақсы өнегесін қалдырып жүрген алдыңғы толқын Жақыпжан ағамыздың шығармашылығының толыға, молыға түсер шуақты шақтары алда. Қазақ журналистикасына, Мұқағалитануға қосқан еңбегі айшықты да ажарлы қаламгердің жазушылық жолдағы ұстанған бағыты айқын, салған соқпағы бедерлі де берекелі. Жақыпжан аға десек, өз оқырманын тапқан, мәңгілік сүрлеу-соқпағын салып келе жатқан «Мұқағали» журналы көз алдымызға келеді. Жақыпжан аға десек, баспаның иісі бұрқырап, жаңадан шыққан «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты Мұқағали туралы қымбат қазыналы кітап жанымызды қуанта, жұбанта түседі. Бір Алламыз деніңізге саулық беріп, қалам қарымыңыз талмай, әдебиет әлемінде самғай, өзіңіз дүниеге келген асқақ тауларыңыздың биігінен көріне беріңіз, жан аға! Мыңдаған оқырмандарыңыздың, неше жүздеген тілеулестеріңіздің Сізге деген ыстық ниеті осы, – деп жазып кетті Қанат Біржансал.
Бұл – менің әкемнің жүрегінен туған сөз. Жақыпжан ағаның 75 жылдығында жазылған осы лебіз – бүгін мен үшін баға жетпес мұра. Әр жолын оқыған сайын әкемнің үні естілгендей болады. Әр сөйлемінен оның ұстазына деген адал сезімі, шексіз құрметі сезіледі. Әкемнің жүрегіне жол тапқан ағамыз – менің де рухани бағдарым секілді. Әкемнің көзіндегі құрмет, сөзіндегі сағыныш, көңіліндегі ілтипат бәрі бүгін менің жүрегімде жалғасып жатыр.
Әкем Жақыпжан ағаны ерекше құрметтейтін. Бұл құрмет жай ғана сыйластықтан әлдеқайда биік еді. Ол – сенімге, адалдыққа, адамдыққа құрылған терең байланыс болатын. Жақыпжан аға да әкемді тек қатардағы тілші ретінде емес, өзіне жақын тартып, үлкен үміт артқан шәкірті ретінде бағалады. Ауданның жауапты, салмақты жұмыстарын сеніп тапсырып, «мына істі Қанат бітіреді» деп арқасынан қағатын. Сол сенім – әкем үшін үлкен мектеп, үлкен жауапкершілік еді. Әкем сол үмітті ақтауға барын салып, әр жазған жолына жанын қосып, журналистиканың жүгін абыроймен көтеріп өтті. Әкем өмірден өткенде, Жақыпжан ағаның егіліп жылаған сәті әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Ағаның жанары мөлтілдеп, даусы дірілдеп тұрып айтқан сөздері – әкемнің өмірінің, еңбегінің шынайы бағасы еді. Ол кісі әкемнің газетке сіңірген еңбегін ерекше тебіреніспен айтып, әр сөзін жүрегінен шығарып жеткізді. Әкемнің қаламына, адалдығына, азаматтығына берген бағасы – мен үшін баға жетпес мұра. Сол сәтте мен Жақыпжан ағаның бойынан шынайы жанашыр, кең жүректі, бауырмал ағаны көрдім. Әсіресе, шәкіртіне деген қимастығы анық сезілді. Сол бір сәтте мен шынайы ағалық мейірімнің қандай болатынын, адамға деген адал ықыластың қаншалықты терең болатынын жүрегіммен ұқтым.
Жақыпжан Нұрғожаев – артында өшпейтін із, өлмейтін сөз, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тағылым қалдырып жүрген қаламгер. Жақыпжан аға десек, көз алдымызға тұтас бір дәуір, қазақ баспасөзінің алтын кезеңі келеді. Жақыпжан аға десек, «Мұқағали» журналы, ұлттық рухтың шамшырағы елестейді. Шәкіртінің жетістігіне шын қуанатын, жоғын жоқтайтын, барын бағалайтын асыл аға бейнесі тұрады. Осындай аяулы жанның мерейтойында көңіл толқымай тұра ма?.. Әкемнің ардақ тұтқан ағасына деген ризашылық менің де жүрегімде.
Сексеннің шыңына шығып, өнегелі өмір сүрген, Жақыпжан аға – уақыттың таразысынан мүдірмей өткен, парасаттың биігінен төмендемеген сирек болмыстың иесі. Оның ғұмыры – адалдықтың айнасы, азаматтықтың айғағы, ұлт руханиятына қызмет етудің жарқын үлгісі. Қанша жыл өтсе де, қаламының табы өшпеген, сөзі салмақ жоғалтпаған, өнегесі ұрпақ жадынан өшпейтін мұндай тұлғалар елдің еңсесін тіктейтін рухани тірек. Мен де мерейлі осы белесінде жүрек түкпіріндегі шынайы ықыласымды сөзге айналдырып, қалам тербедім. Бұл құрметтің ғана емес, аманатқа адалдықтың, ұлағатқа тағзымның белгісі. Уақыт алға жылжыған сайын адам жадында бәрі бірдей сақтала бермейді. Бірақ жүрекке із қалдырған жандар ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан да мұндай абзал жандардың әрбір сәті біз үшін тағылым, әрбір сөзі өмірлік сабақ. Жақыпжан ағаның жүріп өткен жолы тек өткеннің естелігі емес, бүгінгі мен ертеңгі ұрпаққа бағыт-бағдар болар жарық шамшырақ іспетті. Оның сабырлы болмысы, парасатқа толы пайымы, адамға деген шынайы жанашырлығы уақыт озған сайын көмескіленбей, керісінше, айқындала түсетіні анық. Осындай асыл азаматтың ғибратты ғұмырына қарап, адамдықтың қадірін тереңірек сезінеміз, өмірдің мәнін ұғынамыз. Жақыпжан ағадай тұлғалардың бар болуы – біздің рухани байлығымыз, маңдайымызға біткен бақ десек артық емес. Ғұмырыңыз ғибратқа толы болып, өнегеңіз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін, ардақты аға! Сіздің өмір жолыңыз – жүректерге жылу сыйлайтын мәңгілік шырақ болып қала бермек.
Индира БІРЖАНСАЛ












