Ақылбек Шаяхмет 75 жасқа толды

0
179

Көрнекті қазақ ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ профессоры, Халықаралық шығармашылық академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының, Мұхаммед Хайдар  Дулати атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың және тәуелсіз «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты Ақылбек Шаяхмет биыл 75 жасқа келеді.

Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және Мәскеуде Әдебиет институтын бітірген қаламгер халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қостанай облыстық ұйымының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі, Қостанай облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, ұлт саясаты жөніндегі Қостанай  облыстық комитеті төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, облыстық білім департаменті директорының орынбасары, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақ және орыс филологиясы институтының директоры, Журналистика факультетінің деканы, ҚМУ Медиа-орталығының директоры болып қызмет атқарды.

Қаламгер «Құрмет» орденінің иегері. «Хакім Абай», «Ататүрік», «Ахмет Байтұрсынұлы», «Түркі халықтары бірлігі», «Абдулла Арипов» медальдарымен марапатталған. Қостанай облыстық Меценаттар клубы сыйлығының бірнеше мәрте лауреаты, Қостанай облысының, Қостанай қаласының және Жітіқара ауданының Құрметті азаматы.

Автордың шығармалары ағылшын, түрік, әзербайжан, орыс, өзбек, қырғыз, саха тіліне аударылған. Балаларға арналған өлеңдері мектеп оқулықтарына енген. Биылғы жылы оның он төрт  томдық шығармалар жинағы Астанада «Фолиант» баспасынан жарық көрді.

Ақылбек Шаяхметтің мерейтойына арналған шығармашылық кеші 15 мамырда сағат 16.00-де Астана қаласында Radisson Hotel Astana мейрамханасында (Сарыарқа даңғылы, 4) өтеді.

«Қазақ» газетінің оқырмандарына ақынның жаңа жырларын ұсынып отырмыз.

РЕДАКЦИЯ

 

Өтірік және Шындық

 

Әй, жалған-ай, жалған-ай!

Шындықтың да шырқыраған жері осы.

Кісі көрдім қол-аяғы балғадай,

Көкке жеткен төбесі.

 

Баста – қалпақ,

Сырт киімі – жағалы,

Мінген аты – тағалы.

Ерінінің ұшыменен айтылған

Әрбір сөзі бағалы.

 

Түрін көріп кетті менің күлкім кеп,

Аңғарғаным, күңкіл көп.

– Өтірік қой.

Танымадың қалайша?

Деген сөзді естідім,

Сұрағанда: «Бұл кім?» – деп.

Жауап бердім мен оған:

«Танымауым мүмкін!» – деп.

 

Қызыл іңір.

Күн батқанда кешқұрым

Қатқыл дауысын естідім.

Сөзі мығым.

Айтқаны анық.

Керемет!

Қайран, шындық!

Көзі ғой деп ескінің,

Қарап едім түре кеп.

 

Тыңдаушысы –

Үркердей топ сөз ұғар,

Құлағы бар,

Шүңірейген көзі бар.

Аяғы жоқ,

Қолы да жоқ.

Сөйлеп тұр,

Шындық дейтін мүгедек.

 

Мінбеден айтылар сөз

 

Қуанады барша жұрт,

Теңесті деп терезем.

Жабырқадың қаншалық,

Қиналғанда Жаңаөзен?!

 

Көрген кезде тозақты,

Қабаған ит талаған.

Арашалап қазақты,

Шыққан кім бар арадан?!

 

Жері де жоқ шегінген,

Ағайынды Шетпеде.

Байладың ба өлімге,

Қимасаң да өкпеге.

 

Жалындаған жастардың,

Жүре алдың ба қасында.

Байпатшаның месқарын,

Болдың ба әлде асыңда?!

 

Қойдан жуас қазақты,

Тоғытқанда түрмеге.

Құлан тартып азапты,

Жылан жатты іргеде.

 

Көбісінде шама жоқ,

Өзін өзі бағалар.

Албастыны аға деп,

Мансаптыны жағалар.

 

Сорлылардың сорына,

Келген кісі тым биік.

Қаңғыбастың қолына,

Жүреді олар су құйып.

 

Көбейген соң кешірім,

Тып-типыл боп кекілің.

Жатқа кетті жесірің,

Шетке кетті жетімің.

 

Телмірген соң Батысқа,

Күнін көру жеңіл ме?

Ұлың кетті АҚШ-қа,

Қызың кетті негрге.

 

Оның басты себебі –

Біздің қазақ бауырмал.

Теңін тапса береді,

Сұрамайды қалың мал.

 

Жақындатып алысты,

Көрдің талай құқайды.

Аға қылдың орысты,

Құда қылдың қытайды.

 

Мінсе мінсін желкеге,

Елдің ішін шулатпа.

Келімсегің – көрпеде,

Келіншегің – тулақта.

 

Миың болса басыңда,

Жақыныңды жолатпа.

Сақтаған бар асың да,

Баққан малың – қонаққа.

 

Аты шығып келеді,

Той жасаса арам бай.

Оның басты себебі,

Біздің қазақ қонақжай.

 

Аузын ашпай жараның,

Қасыған соң қотырды.

Тажал ашып аранын,

Тексіз төрге отырды.

 

Көріп өмір шыжығын,

Сөз сөйлесең күнұзын.

Шалап болып қымызың,

Дақпырт болды қызығың.

 

Жарымаған жақсыға,

Біздің қазақ мақтаншақ.

Қарсы шықса басшыға,

Аузын жабар аттан сап.

 

Қонып жүрген түсінде,

Бастарына бақ не бір.

Қылшығы жоқ ішінде,

Біздің қазақ ақкөңіл.

 

Өз үйінде нанға да,

Отырса да жарымай.

Тіреп тұрған жарға да,

Жатқа берер сары май.

 

Келешекке нық сенер,

Көп шаруаға үлгермей.

Сыртқа жонын көрсетер,

Арықтығын білдірмей.

 

Тілерсегі тілініп,

Ырсиса да қабырға.

Төмен қарап, бүгіліп,

Шақырады сабырға.

 

Арып-ашып келгенде,

Сән-салтанат құрғандар.

Сорлы қазақ өлгенде,

Жоқтарсыздар, туғандар.

 

Шық серпіліп түнектен

 

Барша жұртқа белгілі,

Біз қонақжай халықпыз.

Өнеге мен үлгіні,

Өзгелерден алыппыз.

 

Ата-бабам жүрген жер,

Аты шулы Арбатқа.

Ат-арбамен кіргендер,

Тарап кеткен жан-жаққа.

 

Мылтықтарын кезенген,

Жайлап алған қоңысты.

Дос еді деп ежелден,

Әспеттейміз орысты.

 

Суға салған қайықты,

Ескекшілер сенімді.

Урал қылды Жайықты,

Волга қылды Еділді.

 

Бұзылды ма қанымыз,

Дұшпан басқа секірді.

Ардақтаймыз әлі біз.

Павел менен Петрді.

 

Қабағынан сескеніп,

Мәз боп арақ құйғанға.

Жүрсе-дағы төс керіп,

Төс береміз Иванға.

 

Болсақ-тағы мазақ көп,

Құда болып басқа ұлтқа.

Арланамыз қазақ деп,

Жазуды да паспортқа.

 

Бізді көріп, тамсанып,

Төрге шыққан төре көп.

Сүйтіп жүріп ән салып,

Би билейміз керемет.

 

Ебін тапқан келімсек,

Жер-суыңды сатып ап.

Көздеріне көрінсек,

Қылар түгел ақымақ.

 

Кеудедегі бықсыған,

Намыс оты жанбаса.

Қалмаса да түк шыдам,

Жер басқаның далбаса.

 

Мына шексіз ғаламда,

Неден, неге тарықтың?

Аллаға емес, адамға,

Құл боларың – анық бұл.

 

Жасыруға бола ма,

Шыққан сөзді жүректен.

Сәуле түссе санаға,

Шық серпіліп түнектен.

 

Ойланбаймыз неге біз?

 

Сөз кернейді көмейді,

Естіген ел не дейді?!

Кедей қылып байларды,

Қайыршы қып кедейді.

Тұрған заман қай кезде,

Бізді есіркеп, елейді?!

Жауды жығар күші жоқ,

Туған елмен ісі жоқ,

Батырлар да көбейді.

Өлеңдері өлексе,

Жүлде алатын дәметсе,

Ақындар да көбейді.

Күтіп алып қонағын,

Баққан басшы қабағын,

Жақындар да көбейді.

Қызметті бай қылған,

Бет-ауызын май қылған,

Қатындар да көбейді.

Биіктегі мырзалар,

Тағдырына ырзалар,

Оларға түк демейді.

Үйге қолы жетпеген,

Сөзі ешкімге өтпеген,

Паналайды жер үйді.

Жеген кісі ақысын,

Оның толық қақысын,

Қай уақытта төлейді?

Май асаған бал жалап,

Сәби туса «іңгәлап»,

Ата-анасы не жейді?

Арылмаса сор қалың,

Ел-бесікте туғанын,

Жер-бесікке бөлейді.

Ойланбаймыз неге біз,

Алты ай қатқан көбе мұз,

Қай мезгілде ериді?

Жеріңді бер қытайға,

Қызыңды бер орысқа,

Сонда жерің кеңиді.

Біздің қазақ жаманды,

Арам менен харамды,

Көріп барып жериді.

Сабақ болса өткенің,

Осы күнге жеткенің,

Өнегеңді бер игі.

 

Шопан ата, қайдасың?

 

Шопан ата, қайдасың,

Көрдің бе ыққан отарды?

Білген ел қой пайдасын,

Қойдай момын атанды.

 

Қойшы қойды айдайды,

Ешкі  алдайды қой бастап.

Қозы да үрке қарайды,

Қошқар шықса ойқастап.

 

Бақташысы қас қылған,

Қойды айдаса тақырға.

Қой терісі астынан,

Шықпай қасқыр жатыр ма?!

 

Қазаққа қой құт еді,

Көріп жүрген не қызық.

Құдаларын күтеді,

Құйрық-бауыр жегізіп.

 

Дұрыс шығар есебі,

Табақ тартса тойда да,

Көтереді деседі,

Семіздікті қой ғана.

 

Қозы ма, әлде тұсақ па?

Не де болса, бұл анық.

Күйлі марқа пышаққа,

Тұрады екен сұранып.

 

Қойы барлар өсетін,

Мансаптан кім құр қалар?

Қақтап жейді төс етін,

Қымыз ішкен мырзалар.

 

Басын тартып кезбеге,

Ұсынған соң жамбасын.

Төрін берсе өзгеге,

Құдай басқа салмасын!

 

«Қой мінезді халықпыз» –

Деп мақтанға салынып.

Жүргендейміз анық біз,

Өзге жұртқа бағынып.

 

Құйрығымен жер сызып,

Қадалса да қылтанақ.

Сойып жейді ел семізін,

Жүнін қылып ұлтарақ.

 

Шартық қойды бүлдіріп,

Бағы қалған ортайып.

Жүрген жерін жүн қылып,

Ісегінде қартайып.

 

Көштен қалған ақсақ қой,

Түстен кейін маңырап.

Жатқан мал аз жамырап,

Қора қалды қаңырап.

 

Жаз жайлауға сиып жүр.

Тарылтса да өрісін.

Қалың әскер киіп жүр,

Тон қылып қой терісін.

 

Басшылар да шыныққан,

Жағаларын елтірі.

Сақтасын деп суықтан,

Көтереді жел күні.

 

Тоғандарға қаншама,

Байғұс қойды тоғыттық.

Малмаңдай боп тұрса да,

Үндемейтін, жарықтық.

 

Саулықтар да безбүйрек,

Іріктелген семізден.

Жалғыз төлін әлдилеп,

Тумай қойды егізден.

 

Жылтыраған көзі бар,

Кеткен бе әлде еті өліп.

Жаутаңдайды қозылар,

Емізіктен сүт еміп.

 

Қырда, төсте, беткейде,

Маңырайды шерменде.

Қой да тұяқ серіппей ме,

Жан алқымға келгенде.

 

Тағы сынға түсті ме,

Мұңын шақсын кімге олар?

Бозторғай қой үстіне,

Жұмыртқалар күн болар.

 

Бақташы

 

Шопан қойын бағады,

Елдің қамын табады.

Баққан малын шүйгінге,

Жайбарақат жаяды.

 

Аш бөріден қорғайды,

Кең даланы шарлайды.

Қалып қалған тасада,

Төлдің жайын барлайды.

 

Төзіп талай сынаққа,

Малды айдайды жыраққа.

Әбден шөлі қансын деп,

Әкеледі суатқа.

 

Күн ұзақта бақташы,

Барлық малдың жақтасы.

Кешке шаршап келер деп,

Күтеді оны отбасы.

 

Ел басқарған көсем де,

Топ бастаған шешен де.

Бақташыға ұқсайды,

Қазір біздің осы елде.

 

Өтіп дәурен сағынған,

Өрісі де тарылған.

Құр қалмаса болғаны,

Қолыңдағы барынан.

 

Ойда жоқта табылған,

Ойдан да олар арылған.

Қасқырларды көрмейді,

Қой терісін жамылған.

 

Ақша кетпей ойынан,

Айырылса қойынан.

Кей бақташы малын да,

Ұрлап сатып байыған.

 

Ашылмаса араны,

Қадағалар қораны.

Қас-қабақты бағатын,

Бақташылар шамалы.

 

Шалап ішкен шөлдесе,

Жан еді ғой ол кеше.

Төбеті де үрмейді,

Майлы жілік бермесе.

 

Мал толса да қораға,

Мақтануға бола ма?!

Адал болсын асың да,

Жаманатқа жолама!

 

Тым тереңде жата ма ой,

Ақсақалдар батагөй.

Деуші еді ғой: «Ебін тап,

Қой асығын сақа қой!»

 

Тірелгенде ат басы,

Сәл аялдап, тоқташы.

Мына дәуір өзіңнің,

Пиғылыңдай, бақташы!

 

* * *

Күн өтіп кетті ме шекеден,

Жаз кетіп барады көшемен.

Ағарып кетіпті сақалым,

Жап-жас едім ғой кеше мен.

 

Жапырақ сарғайған күз төніп,

Суланған басқан із сыз келіп.

Үйлер де тұрғандай сызданып,

Жоғалып әдемі қыз-көрік.

 

Білемін өзімнің шамамды,

Кім білген жас кезде бағамды?!

Бүйірден сумаңдап соқты жел,

Еріксіз көтердім жағамды.

 

Қаңғыбас ит

 

Қаңғыбас итті сабалақ жүнді,

Көрдім бе десем түсімде.

Бауыры батпақ, көздері мұңды,

Жүр екен бақтың ішінде.

 

Іштегі ойын жасыра да алмай,

Мүсіркеп тұр ма дүйім ел?!

Қожайын, бәлкім, асырай алмай,

Шықты ма қуып үйінен?!

 

Жүрсе де, байғұс, дірдектеп, тоңып,

Кісі жоқ оған жолаған.

Шынжырда тұрса босаға қорып,

Болатын ит қой қабаған.

 

Ит түгіл кейде кісі де пұлсыз,

Ашқұрсақ болып жүргенде.

Хайуан ба тілсіз, адам ба үнсіз,

Ашиды жаның кімдерге?!

 

Абалай алмай шығарып үнін,

Бұғып жүр енді қояндай.

Мекендеп алған ағаштың түбін,

Маскүнем жатыр оянбай…

 

Байлаудағы ит

 

Темір шынжыр, қайыс ноқта,

Байлаудағы ит қабаған.

Босап кетсе қожа жоқта,

Көрінгенді талаған.

 

Болса болды сүйек-сорпа,

Баста үйшігі су өтпес.

Қажет емес жібек-торқа,

Басқа түк те дәметпес.

 

Жатқанда да болмайды алаң,

Аста киіз төселген.

Қызғанышпен қарайды оған,

Қаңғыбас ит көшеден.

 

Жүргенімен жұғын ішіп,

Сол иттердің біразы.

Қожайынға құрақ ұшып,

Ит-тірлікке разы.

 

Үрген ит

 

Үрген ит те бір жағдайды білген ит,

Үрмес еді жат кісіні көрмесе.

Үндемейді сыртта қаңғып жүрген ит,

Үрген итке өкпелеме ендеше.

 

Жүйкең тозар шәуілдеуін қоймаса,

Канденнен де кейде қорлық көресің.

Бірақ, сенің балағыңа жармасса,

Балтырыңды қорғау үшін тебесің.

 

Берген асын итаяқтан жалаған,

Қорып тұрса қожайынның қақпасын.

Ауласында ит ұстаса қабаған,

Ондай үйге тіреп қайтем ат басын?!

 

* * *

 

Жаз өтті,

Көк шалғын қурады.

Күз жетті,

Көкті бұлт торлады.

Көктем кеп,

Жайнады көк пен жер.

Қыс кетті,

Бір күндей болмады.

Мезгілді байқамай тез өткен,

Тағы да келеді кезекпен,

Көрініс жылдағы.

 

* * *

 

Құбылаға бұрып тұрып бетімді,

Ауыз ашып құрмамен,

Білдіріп ем ниетімді.

Құрма дәмді деседі жұрт өзіме,

Құрмадан да өрік дәмді секілді.

 

Жалғанда да басып жүріп әр ізді,

Ұмытпадым мойындағы парызды.

Зәмзам балдай дейді ғой жұрт өзіме,

Туған жердің өзенінен ішкен су,

Одан тәтті тәрізді.

 

Көрдім түнде, көктен жұлдыз жиі ақты,

Өзіме де қойдым талай сұрақты.

Қасиетті деседі ғой Меккені,

Оған титтей күмәнім жоқ.

Алайда өз мекенім одан артық сияқты.

Ақын туралы лебіздер

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

«Әріптестеріңіз өзіңізді бүгінгі заманымыздың көкейкесті мәселелерін көтеріп, қоғам дамуына үн қосып жүрген қарымды қаламгер ретінде жақсы біледі. Туып-өскен өңіріңізде өнер мен мәдениеттің кең қанат жаюына, ана тіліміздің мәртебесінің биіктеуіне жан-жақты атсалысып жүрсіз. Қостанай мемлекеттік университетінде қызмет жасап, журналист болуға талпынған жастардың білікті мамандық иесі атануына үлес қостыңыз. Елдің бірлігін, Тәуелсіздіктің тарихи маңызын, халықтар достығын, адамзат құндылығын арқау еткен өлеңдеріңіз жырсүйер қауымның оң бағасын алып отыр. Алдағы уақытта да тартымды туындыларыңызды ұсынып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіңізге тілектеспін! Сізге зор денсаулық, отбасыңызға береке тілеймін.»

Сәкен сері Жүнісов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

«Ақылбек Шаяхметтің поэзиясында әдемі сурет те, кесек ойлар да, тегеурінді түйіндер де бар. Ол сан қырлы, жазық даланың алуан түрлі шөп пен гүлге толы, шалғын иісі аңқыған, еккен егіні шалқыған образын көкірегіне құйған, сол даладан нәр жиған бал арасына ұқсайды. Ақынның өзі жазғанындай, ол қарағайға қарсы біткен бұтақтың қылқаны, бірде қуанышты, бірде қасіретті мәңгі әуені үзілмейтін Өмірдің қатты тартылған ішегі тәрізді. Оның дауысы кейде қатты шықса, кейде өте нәзік. Осы өмір заңын өнерде де тең ұстайды.»

Жұмекен Нәжімеденов, қазақ гимнінің авторы:

«Ақылбек Шаяхметовтың өлеңдерімен мен 1968 жылдан таныспын. Мектеп кабырғасынан басталған Ақылбектің ақындығы үздіксіз өсу, өрлеу үстінде. Оның өлеңдері аудандық, облыстық газеттерден бастап, республикалык «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Балдырған» журналында жиі-жиі жарияланып жүр. Нені де болсын жырлағанда өзінше, өз көзімен көріп жырлауға талпынатын жас ақын жырлары ой соңылығымен, образ жаңалығымен баурайды. Қай тақырыпты жырласа да ақын болып, азамат болып жырлайды…»

Төлен Әбдік, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

«Қазақта екі түрлі ақын бар. Бірі –  Құдай  бойына қабілетті берген, бірақ өзіндік үлкен принцип жоқ, сондықтан, мықтының сойылын соғып, жағымпаздықпен күн көреді. Екіншісі – Құдай берген талантты қор қылмай, арының құлы болып, шындық пен әділ сөзден таймай, қиындыққа жасымай, тура жүреді. Ақылбек осының екіншісіне жатады деп ойлаймын. Кісілігі жоқ таланттың барынан жоғы жақсы. Ал кісілікті оқып, үйрену қиын, тегінде оны да құдай адам бойына өзі сыйлайтын болу керек.»

Ұлықбек Есдәулет, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: 

«Қостанайға қанша келіп жүрсем де, Ақылбекті қанша көріп жүрсем де,  асау бір толқынға қарсы жүзген қайраткер қайсарлықты көремін. Ол жалғызбын деген жоқ. Артында қалың ел барына сенді. Кейде маған Ақылбек мұзжарғыш кеме сияқты көрінеді. Тоң мен мұзды бұзып-жарып артынан жол салып келеді. Ал енді ол жол ашылғаннан кейін ол жолмен жүру кейінгі толқынға да, ел-жұртқа да жеңіл емес пе? Ақынның әдебиеттегі, мәдениеттегі, ұлттық тілді орнықтырудағы, ұлттық мүдделерді қорғаудағы жанкешті еңбегі ерекше. Қайраткерлігіңіз үшін, қайтпайтын, қажымайтын, талмайтын қайсарлығы үшін және осындай азаматты берген Қостанай топырағы үшін біз – бүкіл қаламгерлер қауымы қарыздармыз деп есептеймін.»

Несіпбек Аитов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

«Біздің тұсымызда сонау көнеден қалған, Абайдың көзін көрген немесе соларды көрген ақсақалдар болушы еді. Олар елдің арғы-бергі әңгімесін, шешендік сөздерді судай ағызып отыратын. «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген бар. Баяғы біз көрген әжелер мен аталар жоқ. Бұның бәрі – заманның зар­дабы. Құдайға шүкір, оңтүстік өңірлердегі, Шығыс Қазақстан мен батыс аймақтардағы халқымыздың тілі жақсы сақталған. Ал солтүстіктің жағдайын біліп отырсыздар. Соның өзінде ол аймақтан да жақсы ақын­дар шығып жатыр ғой. Мәселен, қалың көк мұздың арасынан маздаған шоқтай болып Ақылбек Шаяхмет жүр».

Серікбай Бисетаев, екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қостанай облысының құрметті азаматы:

        «Туған еліне өлшеусіз мұра қалдырған Ыбырай, Шоқан, Нұржан, Бейімбет, Ахмет, т.б. атақты ел ағалары болса, олардың жолын қуған жерлесіміз Ақылбек Шаяхмет те ұлтымыздың нағыз ақыны, арқалы, біртуар қаламгері. Ақылбекте нағыз ақындарға тән қасиеттер бар. Ақкөңіл, адал, аңқылдақ, сөз өнерінің нағыз ұстасы. Оның таланты елді сүйсінтеді, ниеті түзу, көңілі ақ ақын ойы мен пікірін ашық айтады. Ойына келгенін бүгіп қалуды білмейді, әділдікке, шындыққа жүгінеді. Ақылбекке ақындық ананың ақ сүтімен келген. Сөз сиқырын мейліңше еркін меңгерген. Қазақы қара тілге де, орыс тіліне де жүйрік. Ол қазақтың әргі-бергі тарихының көп беттерін ашқан, тарих тағылымын да жете меңгерген ғалым. Ақын туындылары әр кезеңдегі уақытпен үндес болып келеді, сол дәуір шындығын жыр жолдарымен өрнектей біледі. Ақылбек бүгінгі өз буынының жоғын жоқтайтын, мұңын мұңдайтын ақын.»

Жанұзақ Аязбеков, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:

 «Сонымен, Ақылбек азаматты танығандаймыз, әйтсе де поэзиясының әлпеті қандай деп сұраңыз. Сайын даланың жусанына кіндігінен байланған қазақ ақындары қандай болушы еді?! Арқалы,  адуынды, сыршыл, мұңшыл, ділшіл, діншіл дейсіз бе, бәрі де бар. Оқығанда ықтияттап аңысын аңдаңыз. Өйткені, өлеңдерінің мінезі – парадокс. Жырларының ішкі түйсігі де құбылмалы, сынаптай сырғып тұрады. Оқып отырып, енді ішіне ендім дегенде, зып етіп жоқ болып,  саған сыртқы қаудыраған шапанын ғана тастап кеткендей күй кешесің. Ақылбек поэзиясының жанына еніп, өзегін табу, бүлкілдеп соққан күретамырының соғысын білу үшін, өзіңіз де оның ішкі әлеміне енуіңіз керек.»

Нұртас Исабаев, Президент стипендиясының иегері:

«Мәскеуде Әдебиет институтында оқып жүрген кезімізде, қостанайлық ақын досым Ақылбек Шаяхмет екеуміз шығармаларын орысша жазатын белгілі жазушы ағамызбен бірге шай ішіп әңгімелесіп отырғанбыз. Ондай ақын-жазушылар бас қосқан отырыста ақындар міндетті түрде өлең оқимыз. Мен өз өлеңдерімді жатқа дұрыс оқи алмаймын. Ақылбек алып денесімен шайқатылып, көзін жұмып алып, қолын сермеп қойып өлеңдерін тоқтаусыз жатқа оқығанда сахнадан көргендей ерекше әсер аласыз. «Алматыда қыз атының көбін-ай, Бақыт деген бір есімнің жоғын-ай»,  «Жүрек менің алақаным достарыма ашылған, Жүрек менің жұддырығым қастарыма ашынған» деген сияқты тауып айтқан теңеулерімен адамды бірден баурап алады. Бірақ жазушы ағамыз оны мақтаудың орнына: «Ақылбек, институтта оқып жүріп, осы уақытқа дейін өлеңдеріңді орысшаға аударатын аудармашы таппағаныңа менің қарным ашады», – деп орыс тілінде сын айтты. Сол кезде қызуқанды Ақаң шарт кетіп: – Маған біреулер сияқты орыстарға танылудың қажеті жоқ, қазағым таныса жетеді. Мен өлеңді өз халқым үшін жазамын. Орыстар керек болса өздері аударып алады, – деді де, орнынан атып тұрып бөлмеден шығып кетті. Жазушы ағамыз булығып, не дерін білмей қып-қызыл болып кетті. Қазір сол Ақылбек досымның жетпіске жуық кітабы жарық көріпті. Көптеген өлеңдері орыс тіліне аударылған. Бұл күнде бүкіл елімізге, түрік әлеміне танымал ақын.»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here