Қазақ баспасөзінің тарихы – ұлт тарихының ажырамас бөлігі. Халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, қоғамдық пікір қалыптастырып келе жатқан газет-журналдар қай кезеңде де ел өмірінің айнасы болды. Журналистер күні қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде өткен «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» атты тағылымды кездесу ұлттық баспасөздің өткені мен бүгініне үңіліп, оның болашағы туралы ой қозғауға мүмкіндік берді. «Естуші мемлекет» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға «Қазақ» газетінің бөлім редакторы Индира Біржансал қатысып, ғасырлық басылымның бүгінгі тынысы мен алдағы жоспарлары жайында әңгіме өрбітті.
Басқосу барысында ғасырдан астам тарихы бар «Қазақ» газетінің ел өміріндегі орны, ұлт руханиятына қосқан үлесі және бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі маңызы кеңінен сөз болды.
– Ахмет Байтұрсынұлының музей-үйінде өтіп жатқан бұл кездесудің мәні ерекше. Өйткені, ұлт баспасөзінің негізін қалаған тұлғаның өнегелі жолын насихаттау әр журналистің парызы. «Қазақ» газеті өткен ғасырда халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаса, бүгін де сол миссиясын жалғастырып келеді. Қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған заманда баспасөздің міндеті бұрынғыдан да арта түсті. Біз оқырман сұранысына сай жаңашыл жобаларды жүзеге асырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді басты назарда ұстаймыз. Газет – халықтың үні, қоғамның айнасы. Сондықтан оның ертеңі де, бүгіні де елмен бірге жасай береді деп сенемін, – деді Индира Қанатқызы.
Бүгінде бас редактор Жасұлан Мәуленұлының жетекшілігімен «Қазақ» газеті ұлттық мүдде мен қоғамдық ойдың өзекті мәселелерін көтеріп, тың жобалар мен жаңа идеяларды жүзеге асырып келеді. Басылым дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, ақпарат кеңістігіндегі беделін нығайтып, оқырманмен байланысын жаңа деңгейге көтеруде. Тағылымды кездесудің басты құндылығы Ахмет Байтұрсынұлы аманат еткен ұлт баспасөзінің миссиясын жас буынға түсіндіру, журналистиканың қоғам алдындағы жауапкершілігін насихаттау болды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қара шаңырағында өткен бұл кездесу қатысушыларға қазақ журналистикасының өткені мен бүгінін сабақтастыра танытты. Баспасөздің қоғамдағы орны, ақпарат кеңістігіндегі жауапкершілігі және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі рөлі жан-жақты талқыланды. Тағылымы мол шара жастардың журналистикаға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ұлт баспасөзінің болашағына деген сенімін нығайтты. Ғасырлық тарихы бар «Қазақ» газеті де өз миссиясын абыроймен жалғастырып, ел мен қоғамның үнін жеткізетін маңызды рухани мінбер болып қала беретіні анық.
Әділет БАҚЫТКЕРЕЙ,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі»
Ахмет Байтсұрсынұлы музей-үйінің экскурсия жетекшісі









