2029 жылға дейін Қазақстан энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 трлн теңге бағыттайды. Бұл қаражатқа 84 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту, жалпы қуаты 7 309 МВт болатын жаңа генерация көздерін іске қосу және 27 энергетикалық нысан салу жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев мәлімдеді.
Ұлттық жобаны іске асыруға жұмсалатын инвестициялардың жалпы көлемі 13 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық секторға, 6,2 трлн теңге энергетика секторына бағытталады. Нәтижесінде, елдегі инженерлік инфрақұрылымның орташа тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендеп, апаттылық деңгейі 25%-ға қысқарады», – деді Асан Көбентайұлы.
Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық жоба табиғи монополиялар субъектілерінің 247 кәсіпорнын қамтиды. 2029 жылға қарай жоғары тәуекел аймағынан 70 коммуналдық кәсіпорынды шығару жоспарланып отыр. Сондай-ақ, тұрақты инфрақұрылымы бар кәсіпорындардың үлесі шамамен үштен екіге дейін артуы тиіс.
2026 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қаржыландыру өткен жылмен салыстырғанда екі есеге ұлғайтылды. Бұдан бөлек, Ұлттық жобаны іске асыру үшін жеке және шетелдік инвестициялар тартылды. 2026 жылға мақұлданған қарыз қаражатының көлемі 625 млрд теңгені құрады.
2025 жылы жоба аясында 6,6 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, оған 547 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар, сегіз кәсіпорын «қызыл аймақтан» шығарылды.
Биыл тағы 12 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту жоспарланған. Бұл мақсатқа 1 трлн 138 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 759 млрд теңге құрылыс жұмыстарына бағытталады. Ал, 379 млрд теңге көлеміндегі жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, отандық өндірушілерден материалдар сатып алынуда. Сондай-ақ, 2026 жылы тозу деңгейі аса жоғары санаттағы тағы сегіз кәсіпорынды тозу деңгейі орташа санатқа шығару жоспарланып отыр.
Қали ҚАМБАРОВ









