Білім бастауы – кітапханада: заманауи кітапхананың жаңа мүмкіндіктері

0
147

Білім күні – білім мен ізденістің, жаңа мақсаттар мен үлкен мүмкіндіктердің бастауы. Осы айтулы күн қарсаңында білім алушылар үшін кітапхананың маңызы ерекше. Өйткені, кітапхана – тек кітап сақталатын орын ғана емес, ол білім мен ғылымды тоғыстыратын, студенттің ізденісіне бағыт беретін заманауи білім кеңістігі.

Бүгінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасы білім беру үдерісінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде өз қызметін заман талабына сай жетілдіріп келеді. Кітапхананың негізгі мақсаты – білім алушыларды қажетті оқу, ғылыми және әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз ету, олардың ақпаратты тиімді іздеуіне және ғылыми ізденіс жүргізуіне жағдай жасау.

Қазіргі кітапхана қызметі дәстүрлі кітап берумен ғана шектелмейді. Ғылыми-әдістемелік бағыттағы жұмыстармен қатар, ақпараттық технологияларды пайдалану, электронды ресурстармен жұмыс істеу, оқырмандарға кеңес беру және кітапхана қорын заманауи талаптарға сәйкес толықтыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

Кітапхана студенттерге қолайлы аймақтарды қарастырған. Ашық қор ретінде ұйымдастырған екі үлкен оқу залы, студенттердің жеке және топтық жұмыстарын жасай алатын тыныштық аймағындағы кабинкалар, демалыс бөлмесі, аналар бөлмесі және балалар ойын бөлмесі, іс-шаралар мен ғылыми жұмыстар жүргізуге арналған конференц-зал мен академиялық жазылым орталығы, компьютерлік лаборатория бар.

Халықаралық ынтымақтастық – жаңа мүмкіндіктер бастауы

Университет кітапханасының дамуындағы маңызды бағыттардың бірі – халықаралық ынтымақтастықты кеңейту.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі ретінде шетелдік кітапханалармен кәсіби байланыс орнатып, ынтымақтастық туралы келісімшарттар жасау бағытында жұмыстар жүргізе бастады. Бұл – кітапхана ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.

Халықаралық әріптестік аясында кітапхана мамандары шетелдік тәжірибені зерделеп, кәсіби семинарлар мен кездесулерге қатысып, кітапхананы басқарудың жаңа тәсілдерімен танысуда. Мамандардың шетелге барып, семинарларға қатысуы – кәсіби біліктілікті арттырудың ғана емес, озық тәжірибені университет кітапханасының жұмысына енгізудің тиімді жолы.

Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу арқылы кітапхана қызметін ұйымдастыру, оқырмандарға қызмет көрсету, заманауи ақпараттық ресурстарды пайдалану және кітапхана кеңістігін білім алушыға қолайлы орта ретінде қалыптастыру бағыттарына ерекше назар аударылуда.

Мыңдаған студентке – сапалы кітапханалық қолдау

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде мыңдаған студенттер білім алуда. Осындай үлкен білім алушылар қауымына қажетті әдебиеттерді ұсыну, оқу құралдарымен қамтамасыз ету және ақпараттық қолдау көрсету – кітапхана қызметкерлерінің негізгі міндеттерінің бірі. Миллиондық оқу, ғылыми, көркем әдебиеттер мен мерзімді басылымдармен қатар, электронды кітапхана, электронды дерекқорлармен оқырмандарды, студенттер мен оқытушыларды кітаппен қамтамасыз етіп отырмыз.

Жаңа оқу жылы қарсаңында кітапхана мамандары студенттерге қажетті оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды дайындап, кітап қорын ретке келтіріп, білім алушылардың сұранысына сәйкес әдебиеттермен қамтамасыз ету жұмыстарын атқаруда.

Әсіресе, бірінші курс студенттері үшін кітапхананың мүмкіндіктерімен танысу маңызды. Кітапхана қызметкерлері жаңа білім алушыларға кітапхана ережелерін, кітап қорын пайдалану тәртібін түсіндіріп, қажетті әдебиеттерді табуға көмектеседі. Бұл жұмыстар оқу жылының Бейімделу апталығында жүргізіледі. Бұл – студенттің университет өміріне бейімделуіне және оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруына ықпал ететін маңызды қолдау.

Кітапхана – білім мен ғылымның заманауи орталығы

Бүгінгі студенттің ақпаратқа деген сұранысы жоғары. Сондықтан, заманауи кітапхана оқырманға қажетті ақпаратты жылдам әрі сапалы ұсынуға ұмтылады. Осы тұрғыдан алғанда кітапхана қызметкерлерінің жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Ғылыми-әдістемелік жұмыстар, халықаралық тәжірибе алмасу, кәсіби біліктілікті арттыру, кітап қорын толықтыру және студенттерге ақпараттық қолдау көрсету – барлығы бір мақсатқа бағытталған. Ол – сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасау.

Білім күні – жаңа оқу жылының ғана емес, жаңа ізденістердің де бастауы. Ал, сол ізденістің алғашқы мекендерінің бірі – кітапхана.

Кітапхана – өткеннің рухани мұрасын сақтап, бүгінгі білімге қызмет етіп, болашақтың ғылымына жол ашатын орта.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасы да жаңа оқу жылында мыңдаған студентке есігін айқара ашып, білім алушылардың сапалы білім алуына, ғылыми ізденісіне және кәсіби дамуына өз үлесін қоса береді.

Ұлбала Нысанбаева,
Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханасының жетекші кітапханашысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here