2026 жылғы 17 қыркүйекте «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасында Вашингтон университетінің (АҚШ) профессоры, Түркі және Орталық Еуразия зерттеулері бағдарламасының директоры Талант Мауқанұлының «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» тақырыбында ғылыми дәрісі өтті.

Іс-шараға ғылыми қауымдастық өкілдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, зерттеушілер, докторанттар, магистранттар мен студенттер, сондай-ақ кітапхана және архив саласының мамандары қатысты.
Талант Мауқанұлы – түркітану, әлеуметтік-мәдени лингвистика және Орталық Еуразияны зерттеу саласының маманы. Ол Индиана университетінде PhD дәрежесін алған. Ғалымның зерттеулері түркі тілдерін әлеуметтік-мәдени тұрғыдан зерделеуге, лингвистикалық антропологияға және аз санды тілдерді зерттеуге бағытталған. Қазіргі ғылыми ізденістерінің бірі – XVIII–XIX ғасырлардағы қазақ тілі мен қоғамы туралы мәліметтер қамтылған шағатай тіліндегі архивтік қолжазбаларды зерттеу, ғылыми сипаттау, каталогтау және кешенді талдау.
Дәріс барысында қолжазба дереккөздерін зерттеудің өзекті мәселелері, оларды жүйелеу, ғылыми сипаттау, каталогтау және пәнаралық тұрғыдан зерделеу бағыттары қарастырылды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, қолжазба мұрасын зерттеу саласындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Талант Мауқанұлының айтуынша, қолжазба мұрасын зерттеу бағытындағы Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығы жас зерттеушілер үшін жаңа ғылыми мүмкіндіктерге жол ашады. Ғылымды дамыту жолында екі ел ғалымдарының білім мен тәжірибе алмасуы, бірлескен зерттеулер жүргізуі маңызды. Ал шағатай тіліндегі қолжазбаларды зерттеуде қазақ тілін жетік меңгерумен қатар, қыпшақ, оғыз, түрік, өзбек, араб және парсы тілдерін білу деректердің мазмұнын терең түсінуге мүмкіндік береді.
Шетелдік ғалыммен кездесу отандық және шетелдік зерттеушілер арасындағы ғылыми байланысты нығайтып, Қазақстанның қолжазба мұрасын зерттеу, ғылыми сипаттау, каталогтау және цифрландыру бағыттарында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Іс-шара жас ғалымдар үшін ғылыми пікір алмасу және кәсіби тәжірибе жинақтау алаңына айналды.








