Ұлт тарихында тағдырдың талқысына түсіп, өзі өмірден өтсе де, сөзі мен сазы, ойы мен өнегесі халық жадында қалған тұлғалар бар. Олардың әрқайсысының артында қалған мұра белгілі бір кезеңнің шежіресі ғана емес, елдік сананың, ұлттық рухтың айнасы. Сондай тағдырлы есімнің бірі – әнші-композитор, ағартушы, ел мұрасын жинаушы, тілші, қайраткер, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қапез Байғабылұлы.

Биыл халқымыздың біртуар перзенті Қапез Байғабылұлының туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған орай, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Қапезден қалған қолжазба» атты тағылымды дәріс-семинар өтті. Танымдық басқосу ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның шығармашылық мұрасын жаңаша пайымдап, кейінгі ұрпаққа аманат болған қолжазбаларының мән-маңызын зерделеуге арналды.
Тұлға қалыптастыру департаменті ұйымдастырған шараға университеттің студенттері мен оқытушылары қатысты. Дәріс-семинарды QyzPU Басқарма мүшесі Әлеуметтік даму және студенттік істер жөніндегі проректор Жекен Думан Құрманғазыұлы ашып, жүргізіп отырды.
Жиынның мәні – Қапез мұрасын өткеннің еншісінде қалған тарихи дүние ретінде ғана қарастыру емес, оның азаматтық болмысын, ағартушылық ұстанымын, өнері мен сөз өнеріндегі ізін бүгінгі ұрпақ санасымен сабақтастыра зерделеуінде. Шараны ашқан Думан Құрманғазыұлы Қапез Байғабылұлының артында қалған рухани мұраның мәніне тоқталып, мұндай тұлғалардың өмір жолын зерделеудің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.
– Қапездің артында қалған мұра – халқына деген адалдығы мен азаматтық ұстанымының айқын көрінісі. Оның терең ойы мен тағылымды сөзі бүгінгі жастарға елді сүюге, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге, білім мен өнерді құрметтеуге үндейді. Осындай тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын зерделеу – рухани сабақтастықты жалғастырудың маңызды жолы, – деп атап өтті Думан Құрманғазыұлы.
Шын мәнінде, Қапездің ғұмыры – өз дәуірінің күрделі шындығымен біте қайнасқан тағдыр. Оның шығармашылығынан ел өмірінің тынысы, халықтың мұң-мұқтажы, ұлттық дүниетаным мен азаматтық ойдың бедері аңғарылады. Бұл – тұтас бір тарихи кезеңнің рухани болмысын бағамдау.
Дәріс-семинарда белгілі ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы сөз сөйлеп, Қапез Байғабылұлының қайраткерлік және ағартушылық болмысына кеңінен тоқталды. Ғалымның айтуынша, ұлт тағдыры сынға түскен алмағайып кезеңде ел үшін еңбек еткен азаматтардың әрбір сөзі мен жазбасының өзіндік салмағы бар. Қапездің қолжазбалары да осы тұрғыдан алғанда аса құнды рухани дерек.
– Қапез Байғабылұлы ұлт тағдыры қыл үстінде тұрған шақта жанкештілік танытқан қайраткер-ағартушы. Оның шығармашылығы мен қолжазбаларында басы артық сөз жоқ, әр тіркестің астарында тарих пен шындық жатыр. Халқым деген Қапездің қалпын бұзбай, шығармашылық мұрасын зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі буынның парызы, – деді Сағатбек Медеубекұлы жеткізді.
Ғалымның бұл пікірі Қапез мұрасының басты ерекшелігін аңғартқандай. Қолжазба қағазға түскен сөз ғана емес. Оның әр жолында автордың заманға көзқарасы, елге деген жауапкершілігі, азаматтық ұстанымы мен ойлау жүйесі сақталады. Ал уақыт өткен сайын мұндай жазбалардың тарихи құндылығы арта түспек. Қапездің бізге жеткен мұрасы да осындай зерделеуді қажет етеді. Өйткені оның шығармаларында өнер мен ағартушылық, елдік ой мен ұлттық сана өзара сабақтасып жатыр.
Жиын барысында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, әдебиеттанушы, мәтінтанушы, көне қолжазбалар мен фольклор зерттеушісі Нұржұма Елесбай Қапез Байғабылұлының түпнұсқа қолжазбаларына ғылыми талдау жасады. Мәтінтанушының зерттеуі Қапез шығармаларының тек мазмұндық қырын ғана емес, қолжазбаның өзіне тән ерекшеліктерін де тануға мүмкіндік берді. Түпнұсқа мәтін – автордың ойын дәл қалпында жеткізетін, дәуір тынысын сақтайтын баға жетпес дерек. Сондықтан мұндай мұраларды ғылыми айналымға енгізу, жүйелеу, салыстыра зерттеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу – әдебиет пен тарих үшін маңызды міндет.
Қапездің қолжазбаларына үңілу арқылы сол кезеңдегі тілдік қолданысты, халықтың дүниетанымын, өнер мен сөзге деген көзқарасты да бағамдауға болады. Бұл ретте мәтінтану ғылымының маңызы айрықша. Себебі уақыт өте келе ауызша жеткен немесе түрлі нұсқада сақталған шығармалардың түпнұсқасын айқындау – үлкен ғылыми жауапкершілікті талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, дәріс-семинардың атауының өзі – «Қапезден қалған қолжазба» – терең мәнге ие. Бұл атау бір адамның жазып қалдырған дүниесін ғана емес, ұлт жадында сақталуы тиіс аманатты меңзейді.
Қапез Байғабылұлының тұлғасын оның әншілік-композиторлық қырынсыз елестету мүмкін емес. Оның шығармашылығындағы саз – сол дәуірдің үнін жеткізетін рухани арна. Дәріс-семинардың мазмұны да осы ерекшелікті ескеріп, сөз бен сазды сабақтастырды.
Кездесудің көркемдік өзегін ән мен рухани мұра сабақтастығы айқындады. Қазақстанның халық әртісі Рамазан Стамғазиев және оның шәкірттері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттері Нұртуған Абылай, Салтанат Амантұр, Таңжарық Әлдібай, Еламан Бекбатыров халық әндерімен қатар Қапез Байғабылұлының шығармаларын орындап, оның ән мұрасының өзіндік болмысын танытты. Әуелі орындалған халық әндері қазақ ән өнерінің табиғи арнасын сезіндірсе, Қапез шығармалары сол дәстүрдің белгілі бір кезеңдегі жалғасы әрі өзіндік өрнекпен байытылған көрінісі ретінде қабылданды.
Қапез әндеріндегі басты ерекшеліктің бірі – әуен мен мәтіннің ажырамас бірлігі. Оның шығармаларында туған жерге деген іңкәрлік, ел тағдыры, адам болмысы, сағыныш пен сыршыл сезім қатар өріліп отырады.
Рамазан Стамғазиевтің орындаушылық мектебі де осы тұстан анық байқалды. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастық әннің әуенін дәл жеткізумен ғана шектелмей, сөзді сезіну, тынысты дұрыс алу, дауыс бояуын шығарманың табиғатына қарай құбылту секілді кәсіби ұстанымдардан көрінді. Әсіресе халық әндерінің кең тынысын сақтай отырып, Қапез шығармаларының нәзік иірімдерін жоғалтпай орындауға ұмтылыс байқалды. Осылайша кездесудегі әндер Қапез мұрасын еске алудың көркем бір көрінісіне айналды. Бірі халықтан жеткен дәстүрдің тамырын танытса, бірі – сол дәстүрді өз шығармашылығымен толықтырған Қапездің дара қолтаңбасын аңғартты. Ал, жас өнерпаздардың орындауында бұл мұраның бүгінгі сахнада қайта түлеп, келешек ұрпаққа жалғасып келе жатқаны сезілді.
Ән арқылы Қапез әлеміне бойлау – оның рухани болмысын танудың тағы бір жолы. Өйткені кейде тарихи дерек айта алмағанды ән айтады. Қаламмен қағазға түскен ойды саз жүрекке жеткізеді. Осы тұрғыдан келгенде, Қапездің әндері – оның дәуірімен бүгінгі күнді жалғап тұрған рухани көпір. Жас өнерпаздардың орындауындағы халық әндері мен Қапез шығармалары дәріс-семинардың мазмұнын байытып қана қоймай, жас буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттырды. Әсіресе университет студенттері үшін мұндай кездесу тарихи тұлғаны оқулықтағы дерек арқылы емес, оның сөзі мен сазы арқылы тануға мүмкіндік берді.
Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына арналған бұл басқосудың тағы бір маңызды қыры тұлға мұрасын жастар тәрбиесімен сабақтастыруында. Ұлттық құндылықтарды ұлықтау, ел тарихын білу, өткеннің өнегесін бүгінгі күнмен байланыстыру жас ұрпақтың рухани қалыптасуындағы маңызды бағыттардың бірі. Ал, Қапез сияқты тағдырлы тұлғалардың өмір жолы осы құндылықтарды нақты ғұмыр өнегесі арқылы танытады. Ол қиын кезеңде елдің сөзін сөйлеген азамат. Халық мұрасын жинаған зерттеуші. Өнерді өмірінің өзегіне айналдырған композитор. Ағартушылық жолды ұстанған ұстаз.
Осындай сан қырлы болмыс бір адамның бойынан тоғысқанда, оның артында қалған мұраның да салмағы бөлек болары анық. Бүгінгі ұрпақ үшін Қапездің тағдыры – тарихтың бір парағы болса, шығармалары сол тарихтың үнін сақтаған рухани жәдігер. Қолжазбалары – уақыт пен ұрпақ арасындағы алтын арқау. Ұлтқа қызмет еткен тұлғаның аты ұлықталып қана қоймай, оның сөзі мен сазы, қолжазбасы мен ойы жас ұрпақтың рухани әлеміне жол тартты.
Индира БІРЖАНСАЛ








