Ұлттық болмыс әлемдік сахнада

0
81

Халықаралық сахнада елдің атын шығару жеке жеңістен әлдеқайда биік міндет. Өйткені сұлулық байқауы сыртқы келбетті ғана емес, ұлттың мәдениетін, рухани құндылықтарын және қоғам алдындағы жауапкершілігін танытатын мінберге айналып келеді. Осы үдеден шығуды мақсат еткен «Қазақстан Аруы – 2026» байқауының жеңімпазы Алина Ри Пуэрто-Рикода өтетін «Ғалам Аруы – 2026» халықаралық додасында Қазақстанның намысын қорғауға дайындалып жатыр. Алматыдағы Kosmos мейрамханасында өткен баспасөз конференциясында оның байқауға әзірлігі, әлеуметтік бастамалары мен ұлттық нақышты заманауи үлгіде сөйлететін сахналық образы таныстырылды. Басты мұрат әлемдік аудиторияға қазақ мәдениетінің байлығын паш етіп, еліміздің халықаралық аренадағы абыройын асқақтату.

«Мен осы байқаумен бір жыл бойы өмір сүріп келемін. Жақында «Ғалам Аруы» сахнасында Қазақстанның атынан шығатыныма әлі де сене алар емеспін. Менің мақсатым – елімізді лайықты таныстырып, баршамыз мақтан тұтатын нәтижеге қол жеткізу. Қазір әрбір қазақстандықтың қолдауы мен үшін ерекше маңызды. Еліміздің бірлігін бірге көрсетейік!» – деп пікір білдірді Алина Ри.

Бұл сөздерден халықаралық додаға деген жауапкершілікпен қатар, ел сенімін ақтауға деген ұмтылыс та аңғарылады. Өйткені әлемдік сахнада өнер көрсету жеке қатысушының жетістігімен шектелмейтін, тұтас елдің мәдени келбетін танытуға жол ашатын мүмкіндік.

Баспасөз мәслихатындағы көпшілік назарын аударған маңызды жаңалықтың бірі Алина Ридің «Ғалам Аруы – 2026» байқауында киетін ұлттық киімінің тұжырымдамасы болды. «Қазақстан Аруы» байқауының серіктесі SV Muse брендімен бірлесіп әзірленген сахналық образда қазақ халқының бай мұрасы мен заманауи сәндік шешімдер өзара үйлесім тапқан. Киімді әзірлеуге жұмсалған қаржы 5 миллион теңгеден асса, оның салмағы шамамен 30 келіні құрайды. Алайда бұл образдың ерекшелігі тек құны мен көлемінде емес. Оның әрбір бөлшегі ұлттық мәдениеттің көркемдік сипатын танытып, Қазақстанның өзіндік болмысын әлемдік кеңістікке жеткізуге бағытталған. Костюмнің басты ерекшелігі сахнада арнайы техникалық механизмнің көмегімен ашылатын алып қанаттар. Мұндай ауқымды шешім шығармашылық ізденісті ғана емес, сәндік бөлшектердің дәл үйлесуін, құрылымның мұқият есептелуін және сахналық қозғалысқа бейімделуін талап етеді. SV Muse командасы образдың тұжырымдамасын әзірлеуден бастап, оның көркемдік мазмұны мен техникалық орындалуына дейінгі жұмысқа атсалысқан. Киімнің түсі мен символикасында Қазақстанның көк аспаны, алтын реңк және ұлттық мәдениеттің байлығы көрініс тапқан. Пішіні мен ауқымы арқылы халқымыздың тарихи жады, дәстүрге деген құрметі және рухани мұрасы бейнеленеді. Ұлттық нақышты заманауи сахналық өнермен ұштастыру – образдың басты идеясы. Әлемдік байқауларда ұлттық киім қатысушының сахналық келбетін толықтыратын сәндік элемент қана емес. Ол – елдің тарихы мен мәдениетін көркем тілмен жеткізетін, халықтың ерекшелігін танытатын символдық туынды. Осы тұрғыдан алғанда, Алина Риге арнап жасалған костюм еліміздің рухани байлығын жаңа қырынан көрсетуге бағытталған. Ұлттық киімді әзірлеуге қолдау көрсеткен SV Muse брендіне ұйымдастырушылар тарапынан алғыс білдірілді. Алина Ридің халықаралық байқауға дайындығындағы тағы бір маңызды бағыт – қоғамдық маңызы бар бастамаларға қатысуы. Алматы қаласындағы Insight мектебімен бірлесіп жүзеге асырылған қайырымдылық жобасы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға және инклюзия мәселесіне қоғам назарын аударуға арналған. Жобаның негізгі мақсаты – әр баланың жеке ерекшелігін құрметтейтін, оның қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін және өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасайтын орта қалыптастырудың маңызын насихаттау. Инклюзивті қоғам құру – тек белгілі бір мекеменің міндеті емес. Бұл – ортақ түсіністікке, тең мүмкіндікке және өзара құрметке негізделетін ұзақ мерзімді жұмыс. Әр баланың әлеуетін ашуға жағдай жасау, оның қажеттіліктерін ескеру және қоғам өміріне белсенді араласуына қолдау көрсету осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Алина Ри өзінің қоғамдық ықпалын пайдалана отырып, көпшілік назарынан тыс қалмауға тиіс мәселелерді көтеруге және әлеуметтік бастамалардың кеңінен таралуына үлес қосуды көздейді. Мұндай жұмыс халықаралық байқаудың мазмұнын тереңдетіп, сұлулық ұғымының сыртқы келбетпен ғана өлшенбейтінін аңғартады. Шын мәнінде, қоғамдық жауапкершілік пен жанашырлық – қазіргі заманғы көшбасшылықтың маңызды белгілері. Ал инклюзияны қолдауға бағытталған бастамалар қоғамдағы мейірім мен түсіністікті нығайтуға қызмет етеді. «Ғалам Аруы – 2026» байқауында жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін қатысушының дайындығымен қатар, көрермендердің қолдауы да маңызды рөл атқарады. Баспасөз конференциясында қазақстандықтарға дауыс беру арқылы Алина Риге қолдау көрсету мүмкіндігі туралы ақпарат берілді. Ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке сәйкес, MU Fan қосымшасындағы дауыс беру нәтижесі үздік отыздыққа өтуге ықпал етуі мүмкін. Дауыс беру қорытындысы бойынша алғашқы үштікке енген қатысушылар ТОП-30 қатарына автоматты түрде өту мүмкіндігіне ие болады. Баспасөз конференциясы өткен кезде Алина Ри рейтингте 12-орында тұрған. Бұл көрсеткіштің өзгеруі көрермендердің белсенділігіне байланысты болғандықтан, ұйымдастырушылар отандастарды дауыс беруге қатысуға шақырды. Әрбір қолдау қазақстандық арудың мақсатына жақындауына ықпал ететін мүмкіндік ретінде бағаланады. Дегенмен халықаралық байқаудың мәні тек рейтинг пен жүлделі орынға тірелмейді. Мұндай алаңдар арқылы елдің мәдениеті, ұлттық киім үлгілері, қоғамдық құндылықтары мен заманауи даму бағыты кеңінен таныстырылады. Әр қатысушының сахнадағы бейнесі мен ел атынан айтқан сөзі де осы таныстырудың бір бөлігіне айналады. Қазақстан атынан әлемдік сахнаға шығу үлкен сеніммен бірге зор жауапкершілік жүктейді. Алина Ридің халықаралық додадағы жеңісі ұлттық болмысты қаншалықты терең таныта алуына да байланысты. Әлемдік сахнада қазақ қызының сымбаты мен салиқалы ұстанымын, ұлттық мәдениет пен қоғамдық жауапкершілікті қатар көрсету  үлкен сенім әрі зор міндет. Үздік отыздыққа ену мақсатына бағытталған дайындықтың нәтижесі байқау күндері белгілі болмақ. Алайда ел намысын арқалаған әрбір қадамның мәні жүлдемен ғана өлшенбейді. Ең бастысы  әлем назарын Қазақстанға аударып, ұлттың рухани байлығы мен заманауи келбетін қатар таныту. Өйткені халықаралық сахнадағы шынайы жетістік  ел абыройын асқақтата білуде.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here