Тарих үнін тыңдаған жас маман

0
26

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жас әрі терең білімді азаматтар – ұлтымыздың басты капиталы және қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші» деп өз сөзінде жас ұрпақтың қоғамдағы орнын айқындай түскен. Шын мәнінде, елдің ертеңі – білімге ұмтылған, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, туған жерінің тағдырына бейжай қарамайтын жастардың қолында. Мен де бүгінде еңбек жолымды осындай сенім мен ұстанымның аясында туған жерімде бастауды өзім үшін үлкен мәртебе санаймын.

Мен үшін білім алу әрдайым өмірлік мақсаттың маңызды бөлігі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде «Аударма ісі» мамандығы бойынша білім алған жылдарым кәсіби қалыптасуыма ғана емес, әлемге деген көзқарасымның кеңеюіне де ықпал етті. Қара шаңырақта өткен әрбір күн мені ізденуге, талаптануға, өзіме жоғары мақсат қоюға тәрбиеледі.

Университет қабырғасында жүргенде білімді тек дәріс пен оқулық көлемінде қабылдамай, оны ғылыми ізденіспен ұштастыруға талпындым. Осы еңбегімнің нәтижесінде оқуымды қызыл дипломмен аяқтадым. Мен үшін бұл – сыртқы мәртебеден бұрын, бірнеше жыл бойғы ұмтылыстың, тәртіп пен ізденістің жемісі.

Сонымен бірге, республикалық деңгейдегі «ҚР бойынша үздік студент» атағына ие болуым – студенттік жолымдағы маңызды жетістіктердің бірі. Бұл марапат маған қуаныш сыйлағанымен қатар, үлкен жауапкершілікте жүктеді. Себебі жетістікке жету – бір белеске көтерілу болса, сол деңгейден төмендемей, одан әрі даму – одан да үлкен міндет. Ғылыми ізденісімнің нәтижесінде «Фараби әлемі» студенттердің халықаралық ғылыми конференциясында I дәрежелі дипломмен марапатталдым. Ғылыми жұмысқа дайындалу барысында зерттеу жүргізу, дерекпен жұмыс істеу, ғылыми ойды жүйелеу және өз тұжырымымды көпшілік алдында қорғау тәжірибесін жинақтадым. Бұл менің кәсіби қалыптасуыма ғана емес, өзіме деген сенімімді арттыруға да ықпал етті.

Бүгінде мен Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінде экскурсия жетекшісі болып жұмыс жасаймын. Университеттен кейін туған жерімде қызмет атқарып, кәсіби жолымды өз өлкемнің тарихы мен мәдениетінен бастау мен үшін ерекше мәнге ие. Себебі туған жердің тарихын тану – өткенді білу ғана емес, бүгінді бағалап, келешекке дұрыс бағдар жасау.

Музей – жай ғана жәдігерлер жинақталған орын емес. Ол – уақыт пен бүгінді жалғап тұрған рухани кеңістік. Мұндағы әрбір бұйым, әрбір құжат, әрбір тарихи дерек белгілі бір дәуірдің тынысын сездіреді. Кейде бір ғана жәдігердің өзі тұтас бір кезеңнің шежіресін айтып тұрғандай әсер қалдырады.

Осы ортада еңбек ете жүріп, туған өлкенің тарихына басқаша көзқараспен қарай бастадым. Бұрын кітаптан оқып, деректен таныған дүниелерді енді нақты жәдігерлер арқылы сезіну – адамға ерекше ой салады. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген халық даналығының мәнін де осындай сәттерде тереңірек түсінесің.

Экскурсия жетекшісі – өзіндік жауапкершілікке ие қызмет. Тарихи немесе мәдени мазмұндағы ақпаратты өзге тілге жеткізгенде оның сыртқы формасын ғана емес, ішкі мазмұнын да сақтауға тура келеді. Ұлттық ұғымдардың, тарихи атаулардың, дәстүрлі түсініктердің өзіндік бояуы болады. Сол бояуды жоғалтпай жеткізу – кәсіби шеберлікті талап етеді.

Мұқағали Мақатаевтың «Отан! Отан! Бәрінен биік екен» деген жүрекжарды сөзі туған жер ұғымының адам санасындағы орнын айшықтай түседі. Өзімнің кәсіби жолымды Кеген жерінде бастап, осы өлкенің тарихы мен мәдениетін насихаттайтын ортада қызмет етуім де мен үшін кездейсоқ таңдау емес. Туған жердің рухани мұрасына өз еңбегім арқылы аз да болса үлес қосу – көңіліме жақын міндет.

Жас маман үшін еңбек жолының алғашқы кезеңі – жаңа ортаға бейімделумен шектелмейді, өзін кәсіби тұрғыдан танытатын уақыт. Университетте қалыптасқан теориялық білім нақты жұмыста тәжірибеге айналады. Әр тапсырма жаңа жауапкершілік жүктейді, әрбір жұмыс күні бұрынғыдан өзгеше тәжірибе сыйлайды. Осы арқылы адамның өз мүмкіндігін тануы да, әлсіз тұстарын жетілдіруі де жүзеге асады.

Жас маманның алдында әрдайым таңдау тұрады: дайын жолмен жүру немесе өз жолын қалыптастыру. Мен өз жолымды біліммен, ізденіспен және еңбекпен қалыптастырғым келеді. Себебі адамды биікке жеткізетін – бір күндік жетістік емес, күн сайынғы талпыныс.

Бүгін мен өзімді үлкен жолдың басында тұрған жас маман ретінде сезінемін. Артымда – университет қабырғасында жинаған білімім, студенттік жылдардағы ізденісім мен жетістіктерім. Ал алдымда – жаңа тәжірибе, жаңа міндеттер мен жаңа мақсаттар.

Біліміме – бағыт, еңбегіме – жауапкершілік, туған жеріме – қызмет болсын деген ниетпен кәсіби жолымды жалғастырғым келеді. Мен үшін Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі бүгінгі еңбек – жай ғана қызмет орны емес, өз білімімді ел игілігіне жаратуға мүмкіндік беріп отырған үлкен өмір мектебі.

Нұрланқызы Дариға,
Кеген аудандық тарихи-өлкентану музейінің экскурсия жетекшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here