Әйел кәсіпкер десе ойымызға алдымен сұлулық индустриясы, сән немесе қоғамдық тамақтандыру саласы келеді. Алайда қазіргі таңда кәсіпкерліктің шекарасы гендермен өлшенбейді. Бұл — ең алдымен, кәсібилік пен жауапкершілік әрі тұрақты дамуды талап ететін сала.
Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі Айнұр Досабаева дәл осы ұстанымымен қауіпсіздік индустриясында өз орнын қалыптастырған кәсіпкерлердің бірі.
Еңбек жолын KZ Protection Group компаниясында бухгалтер болып бастаған ол бүгінде компанияның құрылтайшысы әрі бас директоры.
Айнұр Досабаева 1986 жылы 27 ақпанда Жетісу облысының Жамбыл ауылында дүниеге келген. 2003 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің Экономика және құқық факультетіне «Есеп және аудит» мамандығы бойынша оқуға түседі. Университет қабырғасында алған білімі оның кәсіби қалыптасуына берік негіз қалады. Қаржылық есеп, жүйелі талдау және ресурстарды тиімді басқару дағдылары кейінгі кәсіпкерлік қызметінің маңызды тірегіне айналды.
Ол еңбек жолын 2012 жылы KZ Protection Group компаниясында бухгалтер қызметінен бастады. Алайда Айнұрдың кәсіби ізденісі қаржылық есеппен ғана шектелген жоқ. Компанияның ішкі үдерістері мен нысандардағы операциялық жұмыстарға араласа жүріп, қауіпсіздік саласының қыр-сырын терең меңгерді. Жинақтаған тәжірибесін басқарушылық қабілетімен ұштастыра отырып, компанияның дамуына белсенді үлес қосты және біртіндеп басшылық деңгейіне көтерілді.
Айнұр Досабаеваның жетекшілігімен компанияның қызмет аясы кеңейіп, корпоративтік қауіпсіздіктің бірнеше бағытын қамтитын кешенді жүйе қалыптасты. Бүгінде KZ Protection Group физикалық күзет, терроризм тұрғысынан осал нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүктерді қарулы сүйемелдеу, пульттік күзет, жедел әрекет ету топтарының жұмысы, бейнебақылау, қолжетімділікті бақылау жүйелері, өрт дабылы, инженерлік-техникалық қауіпсіздік, консалтинг және мамандарды даярлау бағыттарында қызмет көрсетеді.
Компания дамуының маңызды кезеңдерінің бірі – Қазақстан аумағындағы филиалдық желіні кеңейту болды. Белсенді даму кезеңінде ұйымдағы қызметкерлер саны 5 мың адамға дейін жетті. Компанияның кәсіби бейінінде көрсетілген тапсырыс берушілер мен серіктестер қатарында «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз», «Ембімұнайгаз», «Каспий Битум», «Қазпошта», «Петросан» және басқа да ұйымдар бар.
Компания Қазақстан аумағында мұнай өнімдері мен стратегиялық маңызы бар жүктерді сүйемелдеу бағытында 13 жылдан астам уақыт бойы қызмет көрсетіп келеді. Мұндай ауқымды жұмысты ұйымдастыру кәсіби даярлықты ғана емес, тиімді басқару жүйесін, тәуекелдерді дәл бағалауды және кез келген жағдайға жедел әрекет етуді талап етеді. Айнұр Досабаеваның басқарушылық ұстанымында тәртіп пен жауапкершілік, заң талаптарын сақтау, қызметкерлермен тиімді қарым-қатынас орнату және қауіп-қатерлердің алдын алу маңызды орын алады.
Қазіргі таңда қауіпсіздік саласы технологиялық даму мен жаңа тәуекелдерге байланысты түбегейлі өзгеріп келеді. Осыған орай, компания қызметінде заманауи шешімдерге, кәсіби даярлыққа және қауіпсіздікті кешенді қамтамасыз етуге басымдық беріледі. Айнұр Досабаеваның стратегиялық бастамаларының бірі – Қауіпсіздік академиясын дамыту.
Академия аясында корпоративтік қауіпсіздік, терроризмге қарсы қорғалу, алғашқы көмек көрсету, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету, жер сілкінісі мен табиғи апаттар кезіндегі қауіпсіздік, сондай-ақ түрлі қатерлердің алдын алу бағыттарында білім беру бағдарламаларын дамыту көзделген. Бұл бастама қауіпсіздік мамандарының біліктілігін арттырып қана қоймай, қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Айнұр Досабаева кәсіби тәжірибесімен бөлісуге де ерекше мән береді. Ол бизнес-форумдар мен салалық конференцияларда спикер ретінде қатысып, корпоративтік қауіпсіздік пен басқару мәселелері бойынша ой бөліседі. Сонымен қатар кәсіпкерлік, кәсіби білім беру және көшбасшылық бағыттарын дамытуға үлес қосып келеді.
Бүгінде ол KZ Protection Group компаниясын дамытуды, қауіпсіздік саласындағы жаңа жобаларды іске асыруды және мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды жалғастыруда.
Айнұр Досабаеваның бухгалтер қызметінен ірі компанияның басшылығына дейінгі кәсіби жолы білім мен тәжірибені ұштастырып, үздіксіз ізденудің маңызын көрсетеді. Оның жетістігі – бір күнде келген нәтиже емес, жылдар бойы қалыптасқан еңбекқорлықтың, табандылықтың және жауапкершіліктің жемісі.
Оның басты мақсаты – қауіпсіздік саласындағы тәжірибесін біліммен ұштастырып, қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үлес қосу. Өйткені тұрақты жетістік компанияның көлемімен ғана өлшенбейді. Оның шынайы мәні – адамдарға беретін мүмкіндігі мен қоғамға тигізетін пайдасында.
Оның бұл бағыттағы бастамалары жүзеге асып, кәсіби тәжірибесі мен еңбегі ел игілігіне қызмет ете берсін.









