Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты азайтуға 24 қарашаға дейін уақыт берді

0
18

Мемлекет басшысы Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту жөнінде ұсыныс беруді тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының сөзінше, жоғары лауазымға ие болу – әрқашан және әрдайым жүктелетін жоғары жауапкершілікті дұрыс түсіну деген сөз.

– Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын, яғни өзгермейтін ұстаным, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы кезде біз кейбір келісімдер мен шарттарды қайта қарағандарын, оларға қол қою қате шешім болғанын айтты.

– Бірақ биліктің кәсіпкерлерге кедергілер, тосқауылдар жасайтын ойы да, ниеті де жоқ. Керісінше, біз оларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз және алдағы уақытта да солай болады.  Бәріңіз де білесіздер, мен келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге арналған тағы бір үш жылдық мораторий жариялау туралы тапсырмамды бердім. Елімізде біртіндеп орнығып жатқан «Заң мен Тәртіп» құқықтық стратегиясының түпкі мәні де – осы: әділеттілік қағидатына және заң талаптарына сай көмекке мұқтаж адамдарға, сондай-ақ кәсіпорындарға қолдау көрсету, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жағдай қаншалықты күрделі болса да «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтап қалмайды, үздіксіз жүре беретінін алға тартты.

– Мемлекеттік компанияларға қарасты барлық мекемелер қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр. Жалпы, бұған ешқандай себеп те жоқ. Керісінше, жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан күрес инвесторлар мен несие берушілердің аталған институтқа деген сенімін арттырып, олардың мейлінше тиімді, ашық және жемісті жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп санаймын, – деді ол.

Президент бас прокуратура жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын заңсыз иемденген активтерді қайтарғанын еске салды. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына жұмсалды. Қазіргі таңда 383 нысан, соның ішінде медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер, спорт кешендері салынып бітті. Жұмыс жалғаса береді. 

– Қалыптасқан жағдайға қарағанда, нысандар қаншалықты сапалы салынғанын тексеруге себеп бар сияқты. Өйткені нысандардың, соның ішінде жолдардың сапасы талапқа сай болмайтын жағдай жиі кездеседі. Дегенмен осы оқиғаның өзі жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсы, яғни, басты дерті екенін айқын көрсетіп отыр. Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін, – деп тапсырды Тоқаев.

Еске салсақ, кеше ҰҚК «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыпов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е. Отыншиев және сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген өзге де тұлғалар ұсталғанын хабарлады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here