Құқық пен жауапкершілік: жастар арасында ашық диалог өтті

0
496

2026 жылғы 12 қарашада Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Менің құқықтарым басқа адамның құқықтары басталатын жерде аяқталады» тақырыбында TEDx үлгісіндегі ашық дискуссия өтті.

Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуге, өзгенің пікірін құрметтеуге, жеке шекараны сақтауға және еркіндік пен жауапкершіліктің арақатынасын ұғынуға ықпал ету.

Ашық дискуссияға колледждің «Ар-намыс» саяси-интеллектуалды клубы мен «Парасат» дебат клубының мүшелері, жалпы саны 100 студент қатысты. Кездесудің модераторы – «Парасат» дебат клубының жетекшісі Беген Сырым Серікұлы.

Іс-шараға спикер ретінде қала прокуратурасының бөлім аға прокуроры Уалиева Асель Нурлановна, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор Нысанбай Ескендір Бекболатұлы, Көкшетау қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Пазыл Перизат Бақытқызы, «Есбол» қорының өкілі Жағупар Даниал, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Хуанған Айғаным Нұрболатқызы және «Парасат» дебат клубының мүшесі Ақарыс Талғатұлы шақырылды.

Кездесу барысында қоғамдық мораль, сөз бостандығы, жеке шекара, әлеуметтік желідегі жауапкершілік, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтық мәдениет мәселелері талқыланды.

Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Хуанған Айғаным Нұрболатқызы қоғамдық мораль мен әлеуметтік қысым мәселесіне тоқталып:

«Қоғамдық мораль – қоғамда қалыптасқан әдеп, тәрбие, салт-дәстүр мен адамгершілік нормаларының жиынтығы. Біз көбіне қоғам қалыптастырған нормаларға сүйеніп өмір сүреміз. Алайда қазіргі таңда қоғамдық қысым, соның ішінде буллинг мәселесі де өзекті болып отыр. Әлеуметтік желілерде әртүрлі кеңес берушілердің пікіріне сүйеніп, өз таңдауымызды өзгелердің көзқарасына бейімдеп жатамыз. Соның салдарынан адамның өзіндік ерекшелігі жоғалуы мүмкін. Сондықтан әр адам өз таңдауын өзі жасап, жеке көзқарасын қалыптастыра білуі керек», – деп атап өтті.

Қала прокуратурасының бөлім аға прокуроры Уалиева Асель Нурлановна жастардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ заң алдындағы жауапкершілік туралы айтып:

«Әр адамның құқықтары бар, сонымен қатар міндеттері де бар. Білім алу, өмір сүру және өз құқықтарын қорғау – әр азаматтың негізгі құқықтарының бірі. Ал Конституция нормаларын сақтау, табиғатты қорғау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, өзгелердің құқықтары мен жеке шекараларын құрметтеу – әрқайсымыздың міндетіміз. Заңнамада тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық және азаматтық жауаптылық түрлері қарастырылған. Өз құқығын қорғау барысында туындаған келіспеушіліктерді жанжалға, тіпті төбелеске жеткізу адамның қылмыстық жауаптылыққа тартылуына себеп болуы мүмкін», – деді.

Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор Нысанбай Ескендір Бекболатұлы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, білім алуға жауапкершілікпен қарамау, бос уақытты тиімді пайдаланбау, отбасындағы және оқу орнындағы бақылаудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ жасөспірімнің жеке жауапсыздығы құқық бұзушылыққа алып келуі мүмкін.

«Парасат» дебат клубының мүшесі Ақарыс Талғатұлы сөз бостандығы мен жеке жауапкершіліктің байланысына тоқталып, адамның өз ойын білдірумен қатар, айтқан әрбір сөзіне жауап бере білуі қажеттігін атап өтті.

Көкшетау қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілі Пазыл Перизат Бақытқызы жастардың құқықтық мәдениеті мен қоғамдық қарым-қатынас мәдениетіне қатысты:

«Әр адамның өз пікірін еркін білдіруге құқығы бар. Алайда бұл құқық басқа адамның пікірін қорлауға, біреуді кемсітуге немесе оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіруге жол бермейді», – деп өз ойын білдірді.

Дискуссияның интерактивті бөлімінде студенттерге күнделікті өмірден алынған нақты жағдаяттар ұсынылды. Атап айтқанда, әлеуметтік желіде адамның рұқсатынсыз фото және бейнежазба жариялау, өзге пікірге құрметпен қарау, қоғамдық орындардағы тәртіп пен өзара сыйластық мәселелері бойынша студенттер өз көзқарастарын білдіріп, белсенді пікір алмасты.

Кездесу ашық пікір алмасу, өзара құрмет және диалог форматында өтті. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, азаматтық ұстанымын нығайтуға және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге ықпал етеді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here