Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтар күні «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» тақырыбында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кем дегенде 5 филиалын ашу керектігін атап өтті. Бұл жаңа заманның заңды талабы екені даусыз.
Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті еліміздегі жоғары аграрлық білім беру сапасын әлемдік стандарттарға дейін көтеру, әлемдік жетекші университеттердің озық тәжірибесін жинақтау және енгізу, жаңа білім мен технологияларды трансферттеу мақсатында үздіксіз ізденіс үстінде келеді.
Осыған орай университет өзінің инновациялық дамуында ауыл шаруашылығы мамандықтары мен орман ресурстары бойынша әлемдік QS рейтингінде №1 университет болып табылатын Вагенинген университетінің (Нидерланды Корольдігі) озық тәжірибесін басшылыққа алады.
Вагенинген ғылыми-зерттеу университетінің (WUR) әлемдік деңгейдегі университет ретінде қалыптасуы мен даму тәжірибесі университеттің 20 жыл бұрын қосылған бес ғылыми-зерттеу институттарымен сәтті интеграциялануымен байланысты болып отыр.
Вагенинген университетінде кәсіпорындарды, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдарды, университетті қамтитын Wageningen Metropolitan Food Clusters желісі құрылған. Бұл желіге ҚазҰАЗУ да қосылды.
Вагенинген университетіне мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі, соның нәтижесінде әлем бойынша бизнесті өзіне тарта алатын 20-дан астам агроинновациялық кластер әзірленіп, енгізілді.
Университет ғалымдарының WUR-мен 20 жыл бойы жүйелі жүргізген бірлескен жұмысының нәтижесінде 2019 жылдың 30-31 қазанында Қазақстан Үкіметі делегациясының Нидерланды Корольдігіне сапары барысында «Қазақ ұлттық аграрлық университеті» КеАҚ және Вагенинген университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде ҚазҰАЗУ базасында Вагенинген университетімен жұмыс Институты ашылды.
Осылайша, ҚазҰАЗУ Вагенинген университетінің білім беру бағдарламаларын енгізу бойынша Наньян технологиялық университетінен (Сингапур) кейін әлемдегі екінші ЖОО болды.
WUR-ға сапар аясында тараптар ҚазҰАЗУ базасында Вагенинген университетінің сарапшыларының кеңесімен Қазақстанда сұранысқа ие бағыттар бойынша «Ветеринариялық тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және технологиясы», «Өсімдіктер туралы ғылым мен технология» екі білім беру бағдарламасын ашуға келісті.
Білім беру бағдарламаларының мақсаты – ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыру, дұрыс тамақтану саласында инновацияларды әзірлеу және енгізу, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қауіпсіз өнімдерді өндіру және аграрлық секторды биологизациялау үшін жаңа буын кадрларын даярлау болып табылады.
Әзірленген «Ветеринариялық тағам өнімдерінің қауіпсіздігі және технологиясы», «Өсімдіктер туралы ғылым мен технология» білім беру бағдарламалары ҚР БҒМ Білім беру бағдарламаларының ресми тізіліміне енгізілген. Бұл білім беру бағдарламалары Германияның ACQUIN агенттігінде халықаралық аккредитациядан өтті және оларға халықаралық аккредиттеу сертификаттары берілді.
Сапалы білім беру үшін, атап айтқанда, мамандардың практикалық дайындығын күшейту мақсатында институтта қуатты ғылыми-білім беру инфрақұрылымы құрылған.
Нидерландтық Dutch Fruit Solutions Kazakhstan (DFSK) компаниясымен бірлесіп, «Агроуниверситет» оқу-тәжірибелік шаруашылығы базасында «Қарқынды бақ» ғылыми-зерттеу орталығы, «Ақылды жылыжай» құрылды, онда студенттерге агротехникалық, ұйымдастыру-шаруашылық іс-шараларын өткізуге және ғылыми-зерттеу жобаларды жүзеге асыруға, қорғауға, сондай-ақ жеміс-жидек өсіру саласындағы заманауи инновациялық технологияны практика жүзінде меңгеруге толық мүмкіндіктер жасалған.
Бүгінде Институтта тек қазақстандық емес, шетелдік студенттер де білім алуда. Студенттер арасында БҰҰ даму бағдарламасы аясында оқуға түскен студенттер де бар.
Оқуды аяқтағаннан кейін түлектер WUR қабырғасында магистратураны жалғастыруға мүмкіндік беретін Вагенинген университетінің сертификаты және ҚазҰАЗУ дипломын бірге алып шығады. Мамандарды дайындаудың мұндай форматы елден шықпай-ақ ағылшын тілінде сапалы жоғары білім алуға мүмкіндік береді. Оқу құны Вагенинген университетімен салыстырғанда 2,5 есе арзан. Сабақтарды Вагенинген университетінің және әлемнің басқа университеттерінің жетекші ғалымдары жүргізеді. Институт студенттері Вагенинген университетінде диплом алдындағы тәжірибеден өтіп, диплом жұмысын сол оқу орнында қорғап қайтады.
WUR тәжірибесі бойынша халықаралық стандарттар деңгейінде зерттеулердің ғылыми экожүйесінің құрылымын үйлестіру және ұйымдастыру үшін университеттің ғылыми қызметін қайта құрылымдау, ғылыми-зерттеу институттарымен және агробизнестің жетекші кәсіпорындарымен интеграция процестерін жандандыру жүргізілді. Осылайша, аграрлық зерттеулердің бағыттары бойынша 6 ірі ғылыми топ құрылды: «Өсімдік шаруашылығы», «Мал шаруашылығы және тамақ өнімдері», «Ветеринария», «Табиғи ресурстар», «Агроинженерия» және «Әлеуметтік ғылымдар». Бейінді кафедралар кіретін Халықаралық білім Хабы құрылды. Профессорлардың жетекшілігімен кафедралардың әр тобында сапалы тамақтану және қоршаған ортаны зерттеу саласы бар. Сондай-ақ, Халықаралық агротехнологиялық Хаб ашылды, оның құрамына нақты басым ғылыми бағыттарға негізделген 11 ҒЗИ, 8 инновациялық орталық, 49 зерттеу зертханасы, 18 халықаралық орталық кіреді.
Зерттеу бағыттары бойынша барлық топтар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҰАҒБО» КеАҚ бейінді ҒЗИ және агробизнес кәсіпорындарымен интеграцияланған ортақ жүйеге енгізілген.
Жүргізілген жұмыс нәтижелерінің қорытындысы бойынша 2020 жылы оқу орнымыз Үкімет қаулысымен зерттеу университеті мәртебесіне ие болды. 2021 жылдың қараша айында университеттің қарамағына төрт бейінді ҒЗИ берілді: Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты, жеміс-көкөніс шаруашылығы ҚазҒЗИ, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ҚазҒЗИ, сондай-ақ Агроинженерия ҒӨО бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларды жүйелі жүргізуге, инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және алынған ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуге мүмкіндік берді.
Осылайша, ел халқының өмір сүру сапасын жақсарту үшін табиғи ресурстарды тереңдетіп зерттеу мақсатындағы іргелі ғылыми зерттеулерді дамытуға, студенттерді болашақ кәсіби мансабын меңгеруге дайындауға және қоғам үшін қажетті құндылықтар жасауға бағытталған университеттің миссиясы қайта қаралды.
ҚазҰАЗУ базасында Вагенинген университетімен жұмыс жасау институтының ашылуы шетелдік студенттерді ғана емес, бүкіл әлемнің жетекші ғалымдарын да әріптестікке тартуға мүмкіндік берді. Бұл Мемлекет басшысының білім беруді интернационализациялау, аграрлық еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды сапалы даярлау жөніндегі тапсырмасын шешуге мүмкіндік береді, сол арқылы Қазақстандағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
ҚазҰАЗУ Басқарма төрағасы – ректоры,
ҚР ҰҒА вице-президенті, академик