Әділетті мемлекет: Заң, тәртіп, теңдік

0
7228
«Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы» жаңа Заң күшіне еніп, елеулі резонанс туғызған Заңда халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған бірқатар шектеуші шаралар мен ынталандырушы нормалар бар...

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Халқымыздың біртуар перзенті, баһадүр Бауыржан Момышұлының ұлағатқа айналған осы бір сөзінің астарында салиқалы мағына, салмақты мән жатыр. Әділетті Қазақстанның басты бағдары да батырдың осы бір орамды ойымен сабақтас.

Заң, тәртіп, жауапкершілік – бүгінгі күнде үлкен маңызға ие. Бұл құндылықтар қоғамды ізгі мақсатқа жұмылдырып, еліміздің егемендігі мен жеріміздің тұтастығын сақтауға сеп болмақ. Қазіргі күнде Қазақстанда заң үстемдігінің берік орнығуына, сот төрелігінің әділ атқарылуына ерекше маңыз берілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын реформалау қолға алынып, жүйелі түрде жүргізілуде. Жаңашылдықтар мен оң өзгерістер қоғамның мызғымас тұғырын қамтамасыз етіп, заң мен тәртіптің салтанат құруына сеп болмақ. Саладағы реформалардың мазмұны алдағы уақытта да жан-жақты толыға түспек. Бұл – ел Президентінің басты ұстанымы.

Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң – отбасылық институтты нығайтуға, нәзікжандылар мен жеткіншектерге қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді…

ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ ҚАЛАЙ ОРНАМАҚ?

Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елде заң үстемдігін қамтамасыз ету тұрғысындағы маңызды іс-шараларды атап өтті. Соның ішінде Президент қазылар қауымын қайта іріктеп, судьялардың мәртебесін арттыру турасында айтты.

 «Қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің ұсынысымен көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгерді. Сонымен қатар Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізілді. Бұдан бөлек, Жоғары Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілі енгізілді. Салаға білікті де білімді заңгерлерді тарту үшін қолайлы һәм материалдық жағдай жасау қажеттігі назарға алынды. Сондай-ақ күштік құрылымдардың сотқа ықпалын азайту бағытында да нақты істер қолға алынды. Президенттің пәрменімен судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылып, олардың қызметіне араласуды шектеу қойылды. Сот төрелегі саласындағы реформалар бұнымен ғана шектелмейді. Ол судьяларға да елеулі жауапкершілік жүктейді. Адам тағдырын таразыға салатын судья өрескел қателік жіберіп, өз ісіне немқұрайлы қараған жағдайда Қазылар алқасы күшін жойған әрбір сот актісін егжей-тегжейлі тексеруі тиіс.

Мемлекеттің де сот процесіне қатысуы азайтылмақ. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік органдар арасындағы сот даулары ретке келтіріліп, оңтайлы шешім шығару мәселесі назарға алынды.

Халықтың сот пен судьяға деген сенімі – мемлекет пен билікке деген сеніммен пара-пар. Сондықтан да сот жүйесін жетілдіру бағытындағы іс-шараларды сапалы әрі тиянақты жүзеге асыру – басты басымдықтың бірі.

ЖАҢАШЫЛДЫҚ ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСҚА ЖОЛ АШАДЫ

Еліміздің сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар аталған құжатқа енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Заңда сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру қарастырылған.

Заң жобасына енгізілген түзетулер үш бағытта іріктелген. Атап айтқанда, бірінші бағыт – Сот жюриінің жұмысын жетілдіруге бағытталған. Екінші бағыт – сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның ұйымдастырылуы мен қызметінің тәртібін өзгертуді қарастырады. Үшінші бағыт – судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға қатысты.

Жаңа нормаға сәйкес Сот жюриінің жұмысы жетілдіріледі. Судья тарапынан болған заң бұзушылық жөніндегі барлық материалдар тікелей сот жюриіне жіберіледі. Бұл судьялар тарапынан заң бұзушылықтарды болдырмауға оң әсерін тигізіп, теріс әрекеттердің алдын алуға септеседі. Олардың өздері сот жюриіне іс жіберілгенге дейін барлық материалмен танысу мүмкіндігіне кепілдік алады.

Сонымен қатар, жаңадан тағайындалған судьялардың кәсіби қызметін бағалау қазіргідей бір жыл емес, алғашқы үш жыл еңбегінің нәтижесі бойынша жүргізіледі. Жаңа нормаға сәйкес қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша дербес кассациялық сот құрылады. Оған қалалық немесе аудандық сот шешімімен келіспеген тараптар шағымдана алады.

Сот төрелігі академиясының түлектерін Жоғары Сот кеңесінің ұсынысымен маман тапшы аудандардағы судья лауазымына тікелей тағайындау тәртібі енгізілді. Бұл шара өңірлерді қажетті кадрлармен қамтуға ықпал етеді. Бүгінде еліміз бойынша 350-ден астам судья жетіспейді. Әсіресе, шалғай аудандарда тапшылық сезіледі. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында үш жылдан бері судья жоқ. Себебі, мамандар орталықтан шалғайда орналасқан елдімекенге барғысы келмейді. Осы орайда айта кетерлігі, судьяларды конкурссыз тағайындау тәжірибесі Германия, Испания, Франция, Түркия сияқты бірқатар мемлекетте қолданылады. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот кеңесінің төрағасы Денис Шипптің айтуынша, судья лауазымына бос орындар саны жыл сайын орташа есеппен 20-30 бірлікке өсіп келеді. Көбінесе қажеттілік шалғай елдімекендерде байқалады. Оның пайымдауынша, урбанизация үрдісі бүкіл әлемге тән. Сондықтан мамандардың барлығы ірі қалаларға баруға талпынады. Ұсынылған заң жобасының түзетуіне сай егер қандай да бір ауданда бос орынға байқау жарияланып, ешкім ынта танытпауына байланысты ол өтпеді деп танылған жағдайда, тікелей тағайындау жүйесі қолданылады. Конституциялық заң жобасын талқылау барысында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары бірқатар ұсыныстар жасады. 6 шілде күні Президент Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР-ның Конституциялық заңына қол қойды.

Халық қалаулыларының пайымдауынша, заңнамалық өзгерістер судьялар жұмысының сапасын арттыруға және олардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасайды. Бұл дегеніңіз – сот төрелігін атқару сапасын қамтамасыз ету және судьялардың кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік бермек.

МАҢЫЗДЫ ЗАҢДАР ҚАБЫЛДАНДЫ

Заң үстемдігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі – заңнаманы жетілдіру, қоғам үшін маңызды заңдарды қабылдау. Мемлекет басшысының бастамасымен және халық қалаулыларының ұйытқы болуымен ел өміріне елеулі өзгеріс, тың жаңалық алып келген бірқатар заңдар қабылданды. Мәжіліс қабырғасында сан мәрте сүзгіден өткізіліп, қоғамда кеңінен талқыланған заңдардың ішінде әйел құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң, ғылым және білім, денсаулық сақтау, есірткі және адам саудасы, ауыл шаруашылығы, ойын бизнесі, Ұлттық қордан балаларға қаражат бөлу, мемлекеттік сатып алу, көші-қон сияқты нормалар бар.

Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң – отбасылық институтты нығайтуға, нәзікжандылар мен жеткіншектерге қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуға және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді. Енгізілген түзетулер қоғамда егжей-тегжейлі талқыланып, жете зерделенді.

Қазақстанда азартқа арбалып, құмар ойынға құныққандардың қарасы күрт көбейген. Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, соңғы екі жыл көлемінде елімізде 440 мыңнан астам адам бәс тігуге дәндеп, лудомания дертіне шалдыққан. Бұл – бізге белгілі дерек. 2022 жылы 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап, қайтыс болған. Оның әрбір бесіншісі өз өмірін құмар ойынның кесірінен қиған. Талай шаңырақтың шайқалып, ерлі-зайыптылардың ажырасуына да осы құмарлық тікелей себепкер болуда. Мәселен, Қазақстандағы 40 пайыздан астам отбасы шектен шыққан ойынқұмарлықтың кесірінен ойрандалған. Тажалға тежеу жасау мақсатында Үкімет бірқатар жаңа шаралар қабылдап, тиісті нормаларды әзірледі. Бұдан бөлек, «Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі туралы» жаңа заң күшіне енді. Лудоманиямен күрес туралы заң аясында 2 кодекс пен 7 заңға 50-ден астам түзету енгізілді. Елеулі резонанс туғызған Заңда халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған бірқатар шектеуші шаралар мен ынталандырушы нормалар бар.

Парламентте қаралған мәселенің бірі – борышкерлердің ахуалы. Қазақстанда 9 миллионға тарта тұрғынның 8 триллион теңге көлемінде қарызы бар. Оның ішінде 1 миллион 700 мың адам борышын өтей алмай отыр. Қарыз алып қайтара алмай жүргендердің жалпы берешегі – 1 триллион 400 миллиард теңге. Бүгінде жүйесіз жұмыс істеп, қызметі реттелмеген шағын қаржылық ұйымдардың санынан жаңылысуға болады. Талабы оңай болғандықтан аталған мекемелерден кәмелет жасына толмағандар да онлайн түрде несие ала береді. Соңында өздері өтей алмай, ата-анасы төлеуге мәжбүр болады. Жаңа заңға сәйкес енді ресми кірісі көрсетілмесе студенттерге де кредит берілмейді. Алдағы уақытта коллекторлық ұйымдардың қызметіне де шектеу енгізілді. Жаңа заңнамаға сәйкес, аталған мекемелер банктерден тұтынушылық және шағын несиелерді сатып алуына тыйым салынып отыр.

Енді есірткі өндіріп, жасырын зертхана ашқандарға жаза қатаңдамақ. Жаңадан қабылданған «Есірткі өндіруді және сатуды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулер» туралы заң нашақорлық пен есірткі бизнесіне мемлекеттік және қоғамдық қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге бағытталған.

Халықаралық ұйымның дерегіне сүйенсек, 2024 жылғы талдаудың қорытындысы бойынша Қазақстан есірткі тұтынудан әлемде сегізінші орынға шыққан. Әсіресе, отандастарымыздың қатарында синтетикалық есірткіге есі кеткендердің саны күрт көбейген. Осы тараптағы деректер мен дәйектерге тоқталсақ.

Былтыр елімізде 75 есірткі зертханасы анықталып, 100 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленген. Арнайы жүргізілген операция барысында 37 тоннаға жуық қарасора қолға түскен. Мемлекет талай жанның тағдырын тәлкекке салған тажалмен күресті күшейтуде. Ел Үкіметі нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар қабылдады. Ал жаңа заңнама есірткіні өндіру, тасымалдау және таратуға түбегейлі тосқауыл қойып, нашақорлар санын азайтуды көздейді.

Президент қол қойған маңызды заңдардың бірі – «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы. Бұл – қазіргі күнде көптеген ел үшін өзекті саналатын адам саудасының алдын алуға және оған тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін маңызды құжат. Заң Мемлекет басшысының адам саудасына қарсы іс-қимыл шараларын күшейту, сондай-ақ вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған.

Жаңа мәтіндегі Қылмыстық кодекске «адам саудасына байланысты қылмыстар» деген жаңа ұғым енгізілді. Ол адам ұрлау, адамды заңсыз бас бостандығынан айыру, адам саудасы, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сату, жезөкшелікпен айналысуға итермелеу және басқа да қауіпті қылмыстық әрекеттерді қамтиды.

Заңда мұндай қылмыстарды жасағаны үшін татуласу арқылы қылмыстық жауапкершіліктен босатуға тыйым салынады.

Сонымен қатар адамның кәмелетке толмағанын біле тұра, жезөкшелік немесе сексуалдық сипаттағы қызметтерін пайдаланғаны үшін алғаш рет қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Заңда кәмелетке толмаған адамды сексуалдық сипаттағы қызмет көрсетуге, соның ішінде мұндай істі насихаттау немесе жарнамалау арқылы тарту фактілері қылмыс деп танылады.

Заңда балаларды, әсіресе, жаңа туған нәрестелерді сату фактілеріне тосқауыл қою үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жаңа баппен толықтырылды. Бұл норма жаңа туған нәрестені тастап кету, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жеткіншектердің келіп түсуі және жеткізілуі туралы қандай да бір фактілерді хабарламағаны үшін лауазымды тұлғаларға жауапкершілік жүктейді.

Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша, елімізде жыл сайын адам саудасына байланысты 150-ге жуық қылмыс тіркеледі. Оның ішінде адам саудасының құрбандарын жолдаумен, жалдаумен және қанаумен айналысатын трансұлттық топтардың да заңсыз әрекеттерінің жолы кесіледі. Мемлекет басшысы бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында адам саудасына байланысты және мәжбүрлі еңбектің құрбаны болған шетелдік азаматтарды қоса алғанда барлы адамға көмек көрсету жөнінде нақты шаралар қабылдауға ерекше назар аударған болатын.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Кейінгі жылдар белесінде ел Президенті елімізде демократиялық, саяси реформалардың бірнеше маңызды топтамаларын ұсынып келеді. Нәтижесінде, қазақ қоғамында ұзақ жылдар бойы қордаланған көптеген мәселелер оң шешім тапты. Жүйелі жұмыстар қолға алынды. Демократия – өз құқығыңды көшеде айқайлап талап ету ғана емес, өзгенің де құқығын сыйлау һәм мойындау. Сөзімізді Мемлекет басшысының пайымды пікірімен түйіндейміз: «Хаос жағдайында даму, тұрақтылықты сақтау және реформалар жасау мүмкін емес. Заң мен тәртіп – тұрақтылығымыздың негізі».

Жандар ТҰРАРҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here