Фосфор өндірісіндегі жаңа белес: «ЕуроХим» компаниясы елімізде фосфор алқабын құра ала ма?

0
271
Фото: Жамбыл облысының әкімдігі. Игорь Ахмеров, Ерсайын Нағаспаев, Ербол Қарашөкеев және Чжао Минвэй.

Соңғы жылдары Жамбыл облысы еліміздің өнеркәсіптік дамуының маңызды орталықтарының біріне айналып келеді. Өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалар жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне әрі экономиканың әртараптануына жол ашып жатыр. Солардың бірі – Жаңатас қаласының маңында пайдалануға берілген жаңа күкірт қышқылы зауыты. Мамандар бұл жобаны Қазақстандағы болашақ химия кластерінің негізін қалайтын маңызды бастама ретінде бағалап отыр. Ғасырлық тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы тақырыпқа тоқталмақ.

ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖАҢА ЖОБА

Үш кезеңнен тұратын жоба Қазақстан Үкіметінің қолдауымен халықаралық «ЕуроХим» компаниясы тарапынан жүзеге асырылып жатыр. Алдымен өңірде жылына 840 мың тонна фосфорит ұнын өндіретін тау-кен кешені бой көтерді. Екінші кезеңде күкірт қышқылы өндірісі іске қосылды. Алдағы уақытта минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіптік өнімдер шығаратын химия кешені салынбақ. Оның іске қосылуы 2027 жылға белгіленген.

Жаңа зауыт жылына 800 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы болмақ. Өндірілген өнім химия кешенінің ішкі сұранысын қамтамасыз етумен қатар, елдің ішкі нарығына да жеткізілмек. Алдағы уақытта фосфорит кенін өндіруден бастап, минералды тыңайтқыштар мен дайын химиялық өнім шығаруға дейінгі барлық өндірістік кезең бір алаңда жүзеге асырылады. Бұл өңірде заманауи әрі толық циклді химия кластерін қалыптастыруға жол ашады.

Жобаның барлық кезеңі толық аяқталғаннан кейін мұнда 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, бюджетке түсетін салық көлемі артып, Қазақстанның минералды тыңайтқыштар өндіру саласындағы әлеуеті күшейе түспек.

Әлемдік минералды тыңайтқыштар индустриясында өзіндік орны бар «ЕуроХим» компаниясы сату көлемі жөнінен саланың үздік бестігіне кіреді. Бүгінде кәсіпорын өнімдері әлемнің 70-тен астам еліне экспортталып, халықаралық нарықта кеңінен танылған.

ІРІ ӨНДІРІСТІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Жаңа өндіріс орнын іске қосу рәсіміне Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, «ЕуроХим» компаниясының бас директоры Игорь Ахмеров және «Тяньчэнь» компаниясының бас директоры Чжао Минвэй қатысты.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа зауыттың іске қосылуын өңір үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға деп бағалады. Оның айтуынша, мұндай жобалар Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға әрі отандық шикізатты тиімді игеруге жол ашады.

– Бүгінде химия өнеркәсібі экспортқа бағытталған әрі көптеген саламен тығыз байланысқан экономиканың маңызды бағыттарының бірі болып отыр. «ЕуроХим-Қаратау» жобасының іске асуы Жамбыл облысының өндірістік әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, оның отандық өнеркәсіпті дамытудағы рөлін айқындай түсті, – деді Ербол Шырақбайұлы.

 «ЕуроХим-Қаратау» жобасы кезекті өндіріс орнын салумен шектелмейді. Ол әлемдік химия өнеркәсібіндегі озық тәжірибелерге негізделген, жоғары технологиялы әрі бірегей өндірістік кешен қалыптастыруды көздейді. Қазақстан Үкіметінің қолдауымен 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба бүгінде өңірдің индустриялық дамуына тың серпін беріп, жаңа өндірістік инфрақұрылымның қалыптасуына ықпал етпек.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Қазақстанның шикізатқа тәуелділікті азайтуға, индустриялық әлеуетті күшейтуге әрі жоғары қосылған құны бар заманауи өндірістерді дамытуға бағыт алғанын атап өтті.

Министрдің пікірінше, бүгінде өңдеуші өнеркәсіп ел экономикасының өсіміне серпін беретін негізгі салалардың біріне айналған. Соңғы екі жылда оның экономикаға қосқан үлесі тау-кен өндіру секторынан тұрақты түрде жоғары болып келеді. Бұл үрдіс биыл да сақталған. Әсіресе химия өнеркәсібіндегі өсім айқын байқалады. Қазіргі уақытта сала шамамен 20 пайызға өсіп, полипропилен, күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар мен лак-бояу өнімдерінің өндірісі ұлғайып отыр.

Сондай-ақ министр жаңа «ЕуроХим» зауытының іске қосылуын Қазақстан өнеркәсібіндегі ауқымды құрылымдық өзгерістердің бір бөлігі ретінде бағалады. Оның айтуынша, күкірт қышқылы металлургиядан бастап минералды тыңайтқыштар өндірісі мен уран өнеркәсібіне дейінгі көптеген сала үшін стратегиялық маңызын сақтап отыр.

– Бүгінде Қазақстанда күкірт қышқылына деген сұраныс жылына 3,5 миллион тоннадан асады. Сондықтан жылдық қуаты 800 мың тонна болатын жаңа зауыттың іске қосылуы елдің стратегиялық маңызы бар өнімге деген ішкі сұранысын қамтамасыз етуге, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және өңдеуші салалардың дамуына серпін береді, – деді Ерсайын Қайырғазыұлы.

Жаңа кәсіпорынның ашылуы 300-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген. Сондай-ақ «ЕуроХим» компаниясы ұзақ жылдар бойы Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. 2012 жылдан бері компания өңірдегі әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды жаңартуға шамамен 29 миллион АҚШ доллар көлемінде инвестиция салған.

ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ХИМИЯ КЛАСТЕРІНЕ БАСТАР ЖОЛ

Жаңа зауыттың іске қосылуы «ЕуроХим» компаниясы жүзеге асырып жатқан ауқымды жобаның маңызды кезеңдерінің бірі саналады. «ЕуроХим» компаниясының бас директоры Игорь Ахмеров жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен компания акционерлері мен Мемлекет басшысына алғыс білдірді. Компания өкілінің айтуынша, бұл бастама жеке өндіріс орнын ашумен шектелмей, Қазақстанда толыққанды химия кешенін қалыптастыруға бағытталған.

– Бұл нысан пайдалануға оңай берілген жоқ. Келер жылдың көктемінде біз осында тағы да бас қосып, ауқымды әрі күрделі жобаның келесі кезеңін іске қосамыз деп үміттенемін. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашып, жоғары білікті кадрлар даярлауға әрі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек. Нәтижесінде бұл өңірде қазақстандық фосфор кластерін дамытуға жол ашылады, – деді Игорь Ахмеров.

Компания өкілдері жобаның өндірістік маңызына тоқталса, өңір басшылығы оның аймақ пен ел экономикасына тигізер әсеріне назар аударды. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, аймақ бүгінде еліміздің химия өнеркәсібіндегі жетекші орталықтарының бірі. Бұл кәсіпорын өңірде қалыптасып жатқан ірі өндірістік кешеннің аясын кеңейтіп, болашақта әлемдік деңгейдегі химия кластерін құруға негіз қаламақ.

– Биыл облыста 47 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жеті ірі зауыт бар. Жалпы, Жамбыл облысының инвестициялық қоржынында құны 5,6 триллион теңгені құрайтын 116 нақты жоба бар. Бұл бастамаларды алдағы төрт жылда жүзеге асыру көзделген, – деді өңір басшысы.

Жобаның экологиялық қауіпсіздігіне қатысты Ербол Қарашөкеев зауыт құрылысы кезінде озық технологиялар мен әлемдік үздік тәжірибелер қолданылғанын тілге тиек етті.

– Бұл зауыт әлемдегі осыған ұқсас кәсіпорындардың ішіндегі экологиялық талаптарға ең жоғары деңгейде сай келетін өндіріс орындарының бірі. Біз мұндай ірі индустриялық жобаларды жүзеге асыру кезінде ең алдымен экологиялық қауіпсіздікке басымдық береміз. Жобаны іске асыру барысында қоршаған ортаны қорғау, энергияны үнемдеу әрі озық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше мән беріледі, – деді Ербол Шырақбайұлы.

ӨҢІРЛІК ДАМУҒА НЕГІЗ БОЛҒАН ЖОБА

Ауқымды өндірістік жобаның жүзеге асуы бірнеше жылға созылған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Компания өкілдерінің айтуынша, жаңа кешенді қалыптастыру барысында технологиялық мүмкіндіктермен қатар, өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға да ерекше мән берілген.

Игорь Ахмеров күкірт қышқылы өндірісін іске қосу компания үшін ең күрделі кезеңдердің бірі болғанын жасырмады. Оның айтуынша, жоба технологиялық шешімдерден бастап ұйымдастыру мәселелеріне дейін үлкен еңбекті талап еткен. Бұл бағыттағы жұмыстар шамамен он жыл бұрын басталған.

– Кен орнындағы кен өндіру жұмыстары 2016 жылы басталды, ал химия кешенінің нысандарын салу 2022 жылдан бері жүргізіліп келеді. Іске қосылған күкірт қышқылы зауыты – болашақ химия кешенінің алғашқы бөлігі. Ал фосфорит кенін өндіру мен фосфор ұнын ұнтақтауды қамтитын тау-кен кешенінің құрылысы толық аяқталған. Бүгінде химия кешенінің құрылысы соңғы кезеңге жетті. Барлық құрылыс жұмыстарын биылғы қарашаның соңына дейін аяқтап, кәсіпорынды 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді «ЕуроХим» компаниясының басшысы.

Игорь Ахмеров жобаға жергілікті ресурстар мен кадрларды тартуға ерекше мән берілгенін атап өтті. Оның сөзінше, өндірісте пайдаланылатын шикізат түгелдей Қазақстанда өндіріледі. Кәсіпорындағы мамандардың 80 пайызға жуығы – жергілікті тұрғындар. Ал технологиялық инфрақұрылымды құру ісіне қытайлық мердігер компания қатысқан.

Мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтқан Игорь Ахмеров жобаның үкіметаралық келісім аясында жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, келісім бойынша компанияға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, жоба корпоративтік табыс салығы мен пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтан босатылған.

Ахмеровтың сөзінше, жобаның басты құндылығы – Қазақстан аумағында қалыптасқан өндірістік база. Бұл геосаяси сын-қатерлерге қарамастан, елде құрылған өндірістік қуаттар, технологиялар мен жұмыс орындары Қазақстанның негізгі артықшылығы болып қала береді.

– Бұл жерден ешқандай жабдық әкетілмейді. Ешкім ешқайда кетпейді. Осы жылдар ішінде қалыптасқан өндірістік тәжірибе де өңірде қалады. Ең бастысы, жұмыс орындары сақталады. Біз өңірдің кадрлық әлеуетін одан әрі дамытуға ниеттіміз. Қазір техникалық колледж ашу мәселесін талқылап жатырмыз. Ал химия кешені толық іске қосылған кезде жұмыс орындарының саны айтарлықтай артады. Кәсіпорында ең алдымен қазақстандық мамандар еңбек етуі тиіс деп санаймыз. Сол үшін Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп тұрғын үй, балабақша және басқа да әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу мәселелерін қарастырып жатырмыз. Бұл жоба Қаратау мен Жаңатастың дамуына жаңа серпін береді, – деді «ЕуроХим» компаниясының бас директоры.

Компания басшысы жобаның өңірлік маңызымен қатар, оның ішкі нарық үшін стратегиялық рөліне де тоқталды. Ахмеровтың айтуынша, күкірт қышқылы экспорттық өнім емес. Ол толықтай Қазақстандағы өндірістік кәсіпорындардың қажеттілігіне жұмсалады. Негізгі тұтынушы – «Қазатомөнеркәсіп». Сонымен қатар, өнім «Қазфосфат» пен өзге де отандық компанияларға жеткізіледі. Кейін бұл күкірт қышқылы химия кешенінде дайын өнім шығаруға пайдаланылып, сол өнімдер әлемнің 20-ға жуық еліне экспортталмақ.

ОТАНДЫҚ КАДРЛАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Жобаны Жамбыл облысында жүзеге асыру туралы шешім ең алдымен өңірдің бірегей шикізат қорына байланысты қабылданған. Өйткені, мұнда Қазақстандағы ең ірі фосфорит кен орындарының бірі – Қаратау фосфорит бассейні орналасқан.

Кен орнының қоры 13 миллиард тоннадан асады деп бағаланады. Сондықтан дәл осы өңірде ауқымды химия өндірісі мен минералды тыңайтқыштар шығаруды дамыту – заңды құбылыс. Бүгінде мұнда химия саласының ірі кәсіпорындары, соның ішінде «Қазфосфат» пен «ЕуроХим-Қаратау» шоғырланған.

Өндірістің тұрақты дамуы үшін заманауи технологиямен қатар, кәсіби мамандар даярлау да маңызды. Сондықтан компания жобаның барлық кезеңінде жергілікті кадрларды оқыту мен жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлген.

Компания жергілікті кадрларға басымдық беріп отыр. Осы мақсатта мамандарды арнайы оқыту және «ЕуроХим» тобының шетелдегі кәсіпорындарында тағылымдамадан өткізу қарастырылған. Мәселен, жобаның екінші кезеңі барысында бірқатар маманды оқыту үшін Мысырға жіберу көзделген.

Бүгінде компания жобаның келесі кезеңіне дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Оның аясында қосымша 500-ге жуық маманды тарту көзделіп отыр. Бұл – жоғары біліктілікті қажет ететін өндіріс. Сондықтан кәсіпорындағы еңбекақы деңгейі де сәйкесінше жоғары болып, 500 мың теңгеден басталады.

 ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бүгінде әлемдік бәсекеде табиғи байлықтың мол болуы жеткіліксіз. Негізгі мәселе – сол ресурсты өңдеп, одан сұранысқа ие өнім шығара білуде. Жамбыл жерінде қолға алынған ауқымды жоба осы бағыттағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Сондықтан бұл жобаның нәтижесі бір кәсіпорынның іске қосылуымен емес, алдағы жылдары өңір мен ел экономикасына қосар үлесімен бағаланбақ.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here