Қазақ жерін тартып алуды тоқтатуды талап еткен орыс қайраткері

0
4827

Қазақ халқы – отарлық озбырлықтың зардабын басынан кешіріп, оның бар ауыртпалығын мойнымен көтерген халықтардың бірі. Халқымыздың басына төнген осынау қиын-қыстау заманда мүмкіндігінше халқымызға көмек қолын созып, оның мүддесін қорғап, жанашырлық танытқан өзге ұлттардың арасынан шыққан озық ойлы гуманист тұлғалардың да болғанын айтуға тиіспіз. Сондай жандардың бірі – XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі орыстың саяси қайраткері Тимофей Иванович Седельников.

Тимофей Седельников 1876 жылы ақпан айында Оңтүстік Оралдағы (қазіргі Орынбор облысының Сарактай ауданы) Спаск селосындағы Орынбор әскері казагының отбасында дүниеге келді. Сегіз жылдай казактар мектебінде оқығаннан кейін жоғарғы Орал қалалық мектебінде оқиды. Одан соң, Уфа қаласындағы училищеде оқып, жер өлшеуші мамандығын алып шығады.

1896-1903 жылдары арнайы жерге орналастыру экспедициясының құрамында жер өлшеуші және статист болып Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарында еңбек етті. Жергілікті қазақ халқының тұрмыс салтын, шаруашылығын зерттеумен айналысты. Қазақтармен тығыз араласып, олармен қазақ тілінде еркін сөйлесетін болған. Өзі толтырған анкеталық сұрақтың жауабында «Қазақ тілін білемін, сөйлей аламын» деп жазыпты. Қазақ жерінде жұмыс істеп, қазақтар өмірімен жете танысқан және қазақ жерінде Ресей империясы тарапынан жүргізіліп жатқан отарлық саясатты өз көзімен көріп қаныққан Тимофей Седельников өзінің азаматтық гуманистік көзқарасын танытып, бұл қанаушылыққа батыл қарсылығын көрсетті. Өйткені, бұл жылдары Қазақстанда жер мәселесінің ушығуы өзінің жоғары «деңгейіне» жеткен еді. Сонау XVIII  ғасырдан бастап, қазақ жеріне әскери бекіністер салып, қазақ жерін тартып алуды бастаған Ресей империясы XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде отаршылық саясатын бұрынғыдан да күшейте түсті. Бұл отарлық қанау ХХ ғасырдың бас кезінде күшейе түсті. Ресей империясы қазақ жерлерін жаулаған кезде және аймақты бағындырып ұстап тұруда, шекараны күзетуде казактардың әскери күшіне иек артты. Кешегі ұры-қарылардан, қылмыскерлерден құрылған топтың қолына қару беріп, қазақ жерін жаулап алуға аттандырған Ресей империясы басып алған жерлердің ең құнарлы бөлігін соларға берді. Сібір казак әскерлеріне 5 миллион, Орал казак әскерлеріне 6 миллион, Жетісу казак әскерлеріне 600 мың десятина қазақтардың жері тартып әперілген болатын (Азиатская Россия. С.Петербург. 1914. т.1. с. 382-383).

Ресей империясы Қазақстан мен Орта Азияны басып алғаннан кейін, осы үлкен аймақты ұстап тұру үшін казактардың әскери күші жеткіліксіз екенін түсінді. Сондықтан 1860 жылдары қазақ жерін толық жаулап алғаннан кейін бұл аймақта орыстардың санын көбейту мемлекеттік деңгейде қолға алынды. Арнайы қоныс аудару басқармалары құрылып, бұл басқармалар Ресейдің ішкі аудандарынан қазақ жеріне орыс шаруаларын кезең-кезеңмен қоныс аудару ісімен айналысты. Бұл істің «ұқыпты» іске асырылғаны соншалық, қоныс аударушылар үшін арнайы мемлекет қаржысы бөлініп, қоныс аударушылардың жолында арнайы тұрақтар ұйымдастырылды. Онда қоныс аударушыларға дәрігерлік қызмет көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Қоныс аудару басқармасының есебінен тыс Қазақстанға өз бетімен босып, тонау жолымен баюды мақсат етіп келген кезбелердің санында да есеп болған жоқ. Ресей үкіметі тарапынан Қазақстандағы басы бос артық жерлерді анықтау үшін арнайы экспедициялар жасақталып жіберілді. Мәселен, 1891 жылы 25 наурызда қабылданған «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы» жаңа ереже күшіне енгеннен кейін орыстың белгілі земство статисі Фёдор Щербинаның бастауымен 1895 жылы қазақ даласындағы «басы артық» жерлерді анықтау үшін экспедиция ұйымдастырылды. Бұл экспедиция 1896-1899 жылдары Торғай, Ақмола, Семей облыстарының жерін аралап, бұл облыстарда «басы артық» 22 592 000 десятина жер бар деген шешім шығарған. Осы шешімнің негізінде Ресей империясының үкіметі қазақтың Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Сырдария, Жетісу облыстарына орыс шаруаларын қоныстандырудың жоспарын жасады.

Сонымен, Ресей империясының қазақ жерін отарлау саясатының нәтижесінде жүргізілген жұмыстар өз «нәтижесін» беріп, ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақстанның кейбір аймақтарында жергілікті тұрғындардан келімсек қоныстанушылардың саны артып шыға келді. ХХ ғасырдың бас кезінде Ақмола облысындағы халықтың 58%-ын келімсек орыстар құрады. 1897 жылы санақ бойынша, олар облыстағы халық санының 33%-ын ғана құраған болатын. Келімсектердің екінші ірі шоғырланған жері Торғай облысы болды. 1897 жылы ондағы орыстардың саны 35 028 адам болса, 1911 жылы 235 480 адамға өсті. Яғни, 14 жылдың ішінде 7 есеге өскен (Азиатская Россия. С.Петербург. 1914. т. 1. с. 69). Бұларға Ресей империялық үкіметі тарапынан берілген жеңілдіктер мен жағдайын жақсартуға мақсатталған әлеуметтік көмектің де мөлшері қомақты болды. Отбасының әрбір мүшесіне 30 десятинадан жер берілді. Әскери қызметтен және барлық алым-салықтан 15 жылға босатылды. Пайыздық өсімсіз қарыз ақша, үй салу үшін құрылыс материалдары тегін берілген. Қазақтың құнарлы жерлері тартып әперіліп, Ресейлік империялық билік тарапынан әлеуметтік жәрдем алған орыс шаруалары аз ғана уақыттың ішінде байып алды және Сырдария облысының әскери губернаторы Гродековтың «Түркістандағы әрбір жаңа орыс поселкасы, орыстың әскери батальонына тең» (Галузо П.Г. Вооружение русских переселенцов в Средней Азии (исторический очерк). Ташкент. 1926. с. 5) деген сөзі шындыққа айналып, бұл қоныстанушылар Ресей империясының өлкедегі саяси тірегіне айналды.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейден қазақ жеріне қоныс аударушылардың легі толастамауына байланысты мұнда басы бос жерлер азайып, жер иесі қазақтар мен орыс қоныс аударушылары арасында жер үшін талас күшейіп, оның арты ұлтаралық қақтығыстардың жиілеуін күшейтті. Фёдор Щербина экспедициясының құрамында Қазақстандағы артық жерлерді анықтау онда қоныс аударушыларды орналастыру жолында үлкен «еңбек сіңірген» және қоныс аударудың жай-жапсары жөнінде бірнеше еңбектер жазған профессор Александр Кауфман 1905 жылдың өзінде-ақ «Қоныс аудару және отарлау» деген еңбегінде: «Я не рискую ошибиться, если скажу, что степные области ни в коем случае не дадут еще такой же площади земель, годных для крестянской колонизации, какая уже была отведена к 1905 году в размере 3 миллионов десятин», – деп жаза отырып (әңгіме 1893-1905 жылдар аралығындағы далалық өңірден тартып алынған жерлер туралы болып отыр, – Д.С.), қазақ жерінің шамадан тыс тартып алынғанын мойындайды және қазақ даласын орыстардың отарлауы аяқталды деп есептеу керек деген қорытынды жасайды (Кауфман А.А. Переселение и колонизация. СПБ. 1905. с. 231). Бірақ, қазақ жерін отарлау бұдан кейінгі жылдары да жалғасып жатты.

Жерді тартып алу қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы мен тұрмыс-тіршілігіне ауыртпалық алып келгенін айқын түсінген гуманист Тимофей Седельников ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ Ресей империясының отарлық саясатын әшкерелеп дабыл қақты. Отарлау саясатының зардаптарын және бұған дейінгі қазақтардың дәстүрлі жер шаруашылығын ғылыми негізде дәйектеп, алғаш көтергендердің бірі де Тимофей Седельников болды. Қазақтардың жерді пайдалану дәстүріне соққы болып отырған Ресей империясының қоныс аудару саясаты жөніндегі ой-тұжырымдарын 1905 жылы жарияланған «Қырғыз (Қазақ) даласындағы жер үшін күрес және үкіметтің отарлық саясаты» атты еңбегінде кеңінен ашып баяндады. Озық ойлы зерттеушінің бұл еңбегі Ресей қоғамының демократиялық бөлігінде үлкен қозғалыс туғызды. Осы еңбегі үшін Ресей империясының ішкі істер министрі Пётр Дурновоның талап етуімен жұмыстан шығарылды. Қазақтар арасында жұмыс істеген және жер шаруашылық маманы Тимофей Седельников қазақ даласындағы жерді пайдаланудың түрін аймақтың климаттық жағдайына байланысты бірнеше түрге бөліп қарастырады. Қазақтардың жерді пайдалану ісінде тек бір шаруашылық түрін қарастырып, «басқа түрлерін ұмыту – халықтың қалған бөлігін «тағдыр тәлкегіне» ұрындыру» деп есептеді. Сондықтан ол алғашқы кезекте қазақтардың өзін жерге орналастырып, одан кейін қоныс аударушыларға жер бөліктерін беруді ұйымдастыруды жақтады.

Қазақ жерін отарлау саясатына ашық қарсы шыққан ол: «Қазақ даласын казактардың отарлауы XVIII ғасырдың орта кезінен басталғанын көріп отырмыз және бұл отарлау ХІХ ғасырдың соңғы кезеңіне дейін жалғасып, қазақтардан ең құнарлы 10 миллионнан аса десятина жер тартып алынды. Казактардың отарлауынан кейін, қазіргі уақытқа дейін жалғасып отырған «бос жерлер» деп аталатын қоныстанушыларға арналған жер иеліктерін құру жалғасуда» деп жазады (Седельников Т.И. Борьба за землю в Киргизской степи и колоннизационная политика правительства. С.Петербург. 1907. с. 19).

Қазақ даласының жер жағдайымен жеке таныс және өз ісінің білгір маманы Тимофей Седельников Ресей әкімшілігінің тапсырмасымен қоныс аударушылар үшін «басы бос» жерлерді анықтау мақсатында Қазақ жеріне жіберілген Фёдор Щербинаның және Александр Кауфманның экспедицияларының нәтижесінде анықталған «бос жерлер» туралы анықтамаларын қатты сынға алып, қазақ даласында басы бос артық жерлер жоқ деген қорытынды жасайды.

Жерді пайдалануды, қазақ жерлерін тартып алуды және Ресейдің орталық аудандарынан қоныс аударуды тоқтату жөніндегі Тимофей Седельниковтың пікірі сол кезеңдегі қазақтың ұлттық зиялыларының пікірімен үндесіп жатқан болатын. Ол өз еңбегінде қазақтардың өз өкілдерін Бірінші Мемлекеттік Думаға сайлауға дайындап жатқанын, конституциялық демократиялық партияның бағдарламасын қабылдағанын, кадеттер партиясының бағдарламасын қазақ тіліне аударған Оралдық кадет партиясының қазақ өкілдері жер мәселесіне байланысты ресми тексттің орнына өздерінің талаптарын: «Қазақтың жерлері тек қазақ халқының мәңгілік жеке меншігі болуы керек. Қазақ жерлерін мемлекеттік меншік деп таныған және оған орыс мұжықтарын қоныс аудару туралы заңдар жойылуы тиіс. Қазақтардың еркінен тыс орыстар қазақ жерлерін уақытша пайдалануға да, мәңгілік пайдалануға да тартып алмауы тиіс», – деп қойғанын жазған болатын (Седельников Т.И. Борьба за землю в Киргизской степи и колоннизационная политика правительства. С.Петербург. 1907. с. 61).

Қазақ халқының жанашыры гуманист, озық ойлы Тимофей Седельников ХХ ғасырдың бас кезінде бүкіл Ресей империясы қоғамында үлкен айтулы оқиға болған Дума сайлауына Орынбор губерниясынан депутат болып сайланады. Және осы Бірінші Мемлекеттік Думада өзінің белсенділігімен көзге түсті. Дума мінберінен өзі шыққан әлеуметтік топ казактардың мәселесін көтерді. Ол халықтан бөлек және билік халыққа қарсы пайдаланып отырған казактардың әскери топ болуына қарсы болды. 1906 жылы 3 мамырда Думада сөйлеген сөзінде казактарды ауыр әскери тәртіптен босатуға, оларды орыс халқының және өздерінің жауы қылып отырған адамзатқа жат әскери тәртіптен босатуға шақырды (Государственная дума. Стенографический отчеты. 1906 г. Сессия 1. СПБ. 1906. т. 1. с. 113-114).

Бірінші Мемлекеттік Думаның депутаты Тимофей Седельников алыстағы қазақ халқының басынан кешіп жатқан мұң-мұқтажын да ұмытқан жоқ. 1906 жылы 4 мамыр күні сөйлеген сөзінде империя аймағындағы аграрлық мәселені көтеріп, қазақ даласында жер отарлаудың тым оспадарлықпен жүргізіліп жатқанын, қазақ жеріне орыс шаруаларын қоныстандыру саясаты біржақты жүргізіліп отырғанын сынаумен бірге, қазақтардың жерін тартып алуды тоқтатуды, Думада жер мәселесін алдыңғы кезекте талқылауды талап етті. Ол Дума мінберінен: «Қырғыз (Қазақ) жеріне қоныстандыру ісі жергілікті халықтың жерін тартып алу арқылы іске асырылуда», – деп батыл түрде қазақ даласында болып жатқан шындықты көтерген болатын (Государственная дума. Стенографический отчеты. 1906г. Сессия 1. СПБ. 1906. т. 1. с. 204-205).

Бірінші Мемлекеттік Думадағы депутаттардың демократиялық бөлігі үкімет алдында «Қазақ даласында заңсыз қоныс аударушылар қоныстарын құру туралы» заңсыздықтар жөніндегі депутаттың талабын қолдаған еді. Өкінішке қарай, сол кезеңдегі Ресейдің және оның қол астындағы халықтардың алдынғы қатарлы бөлігінің Ресейді демократияландыру жолындағы ұсынған: «Министрлердің дума алдындағы жауапкершілігін енгізу, барлық азаматтық бостандықтарға кепілдік беру, өлім жазасын алып тастау және толық саяси кешірім беру, ұлттық азшылық өкілдерінің талаптарын қанағаттандыру, жалпы тегін білім беруді орнату және аграрлық реформаны жүргізу» бағдарламасын ІІ Николай патша қабылдамай, Бірінші Мемлекеттік Думаны таратуға бұйрық берген еді. Думаның таратылуына наразылық білдіріп, Дума мүшелерінің Выборгтегі жиналысына қатысып және сондағы үндеуге қол қойғандардың ішінде Тимофей Седельников те болды. Осы үндеуге қол қойғаны үшін оған айып тағылып, сотталған еді.

Бірінші Мемлекеттік Дума таратылғаннан кейін Ресейдің орталық аудандарында әртүрлі жұмыстарды атқарған Тимофей Седельников 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін өзінің туған өлкесі Орынбор губерниясына оралып, мұндағы саяси өзгерістердің бел ортасындағы Орынбор казак әскерінің әскери тобының мүшесі, оның демократиялық бөлігінің жетекшілерінің бірі болды. 1918 жылы Кеңес өкіметі жағына өтеді. 1918-1919 жылдары Кеңес өкіметінің басшысы Владимир Лениннің тапсырмасымен Башқұртстанда БОАК-нің өкілі және Башқұрт ревкомының мүшесі болып жұмыс істейді.

Тимофей Седельниковтың қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғап, оның болашағы жолындағы табанды талаптары Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің мүшесі болған кезінде де айқын көрінді. 1920 жылы 20 ақпанда БОАК Қазревкомның жаңа құрамын бекіткенде оның мүшесі болып Тимофей Седельников те кірген болатын. Топтық қарсылықтан туындаған Азамат соғысының бел ортасында құрылған бұл Ревкомның алдындағы басты жұмыстарының бірі Ресей империясының кезіндегі «бөлшекте де билей бер» саясатының салдарынан жан-жаққа бөлшектеніп кеткен байырғы қазақ жерлерін біріктіру, жинастыру, болашақ құрылғалы жатқан автономияның шекарасын белгілеу жұмыстары болды. Кеңестік негіздегі автономияны жариялау жөніндегі құрылтайға дайындық жұмыстарын да Қазревком жүргізген болатын. Бірақ, бұл жұмыстар оңайлықпен жүргізілген жоқ. Орталықтан келген өкілдер жергілікті большевиктермен санаспастан, белден басып, ұлт мәселесінде ұлы державашыл шовинизмді ұстанды. Орталықтың өктем өкілдері жергілікті халыққа тізесін батыруға тырысты. Қазревкомның мүшелерінің арасында айтыс-тартыстың өршігені соншалықты оған КСРО басшысы Владимир Лениннің тікелей араласуына тура келді. Осы айтыстың бел ортасында болып, оның ұлттық мүддені ту еткен, сол жолда күрескен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топ жағында өзге ұлт өкілдері арасынан тек Тимофей Седельниковті көреміз.

Озық ойлы гуманист қазақ халқының тағдыры шешілер жауапты кезеңде өзінің азаматтық көзқарасын тағы да танытып, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғаларды қолдады, қазақ халқының мүддесін жақтай білді және оның ұлттық мүдде жолындағы талаптарының орындалуын табанды түрде талап етті де. Тимофей Седельниковтің Қазревкомдағы негізгі жұмыстарының бірі – Бірінші жалпықазақ съезіне дайындық және оны өткізу болды.

Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің 1920 жылы 10 сәуірде болған мәжілісі көңіл аударарлық. Мәжілісте «Қостанай уезіне және Қазақстанның басқа да талас тудырып отырған жерлеріне байланысты Ахмет Байтұрсынұлын Мәскеуге іс сапарға жіберу керек пе, әлде бұл мәселені Мәскеуден ревком төрағасы Станислав Пестковский келгенше кейінге қалдыра тұру керек пе» деген пікір талас өрбиді. Ревком мүшесі Тимофей Седельников қордаланған мәселені шешу үшін тез арада Ахмет Байтұрсынұлын Мәскеуге жіберуді табанды түрде ұсынып, «бұған дейін Мәскеуде бірнеше рет болған Пестковский ештеңе шеше алмады, оған үміт артудың қажеті жоқ» деген ой айтады. Тимофей Седельниковтің Ахмет Байтұрсынұлын Мәскеуге тез арада жіберу керек деген ойының екінші бір себебі – Ревкомның өз ішінде алдағы құрылғалы жатқан Қазақ кеңестік автономиясының құрылымы мен әдіс-тәсілдері жөнінде қарама-қайшылық күшейіп келе жатқан болатын (Протоколы Революционного комитета по управлению Казахским краем (1919-1920): Сборник документов. Алматы: Ғылым, 1993.-277 с.). Бұл кезде Мәскеуде жүрген Пестковскийдің өзі байланыс арқылы Ревком мүшелерімен сөйлескенде, БОАК-тің жанындағы Қазақ Ревкомының тұрақты өкілдігін қайта құру үшін, Қазақстанды материалдық және қаржылай жағынан қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында оның қызметін күшейту үшін беделді тұлға Ахмет Байтұрсынұлының тез арада Мәскеуге келуін жақтайды.

Сонымен, 1920 жылы сәуір айында Мәскеуге аттанған Ахмет Байтұрсынұлы КСРО басшысы Владимир Ленинмен кездескенде, қазақ жерінің шекарасын айқындау барысында талас тудырып отырған Семей мен Ақмола облыстары, Қостанай уезі, Орынбор губерниясын экономикалық, саяси, тарихи-этнографиялық тұрғыдан Қазақстанға қосудың тиімділігін нақты көрсетіп, Ресей империясы кезінде қазақтардан тартып алынып, орыс шаруаларына берілгенін дәлелдеп береді.

Ахмет Байтұрсынұлының Владимир Ленинмен кездесуінде назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе – қайраткер тұлға Қазақ автономиясының құрылымы және қазақ халқының болашақ дамуы жөніндегі өз ұсыныстары мен Тимофей Седельниковтің ұсыныстары жазылған хаттарды табыстауы болды. Қайраткер тұлғалардың Лениннің атына жазылған бұл хаттарының мазмұнын үндес еді деп айтуымызға болады.

Ахмет Байтұрсынұлы Кеңес өкіметі билікті неғұрлым ұлт зиялылары арқылы жүргізсе, қазақ халқының сеніміне соғұрлым тезірек ие болатындығына баса назар аудара отырып: «Өзінің туған халқының еркін болуын аңсайтын қазақ интеллигенциясы интернационалдан басқа жолды қаламайды, егер мұндай интеллигент қазақтар бар болса, тіпті ол коммунис еместігіне қарамастан, адал ұлтшыл ретінде-ақ Кеңес өкіметінің сенімін ақтар еді. Өйткені, ол шексіз сүйетін халық мүддесі оны Кеңес өкіметінің айтқанын орындауға мәжбүр етеді», – деп жазса, Тимофей Седельников: «Қазақ интеллигенциясына жол ашу керек, олардың алқымына қанжар тақап, «коммуниске өт» дегенді қоюымыз керек. Мұның бәрін олардың өзі ақырындап, ақылмен және мақсатты түрде жүзеге асырады», – деп жазады.

Жалпы, алдағы құрылғалы жатқан Қазақ автономиясындағы ұлт мәселесі жөніндегі көзқарасын Тимофей Седельников 1920 жылы сәуір айында жазылған «Қазақ мәселелері жөніндегі тезистерінен» деп аталатын еңбегінде білдірген еді. Онда қазақ халқының өздерінің ұлттық автономиясын құрудағы істерінің сәтсіз аяқталғанын, одан кейінгі қадамында не көрсе де, Кеңес өкіметімен бірге көруге талпынып отырғанын баяндаудан бастаған автор: «Қазақтар тең праволы болуды қалайды. Оларға үстемдік емес, азаттық тән, ал басқаның есебінен күн көру оларға мүлде жат нәрсе. Табиғатында соғыс құмар емес қазақтар басқыншылық дегенді де білмейді. Мінездері кіді, өркөкірек башқұрттар болса өздерін татарларға қосуға үзілді-кесілді қарсы. Олар мұның орнына өздерінен он есе көп қазақтарға қосылуды мейлінше қалап отыр. Басқа халыққа деген сенім, міне осындай-ақ болар», – деп, қазақ халқының бойындағы адами асыл қасиеттеріне тоқталуымен бірге, кеңестік құрылысқа тартылып отырған қазақ халқына көмек қолын шынайы түрде соза отырып, олардың ұлттық тең құқылығын қамтамасыз ету, қазақтарға көбірек сенім мен техникалық жабдықтар жөнінен көмек беру мәселелерін баса көрсетіп: «Ұсақ күдік, орынсыз қамқорлық, күштеп орыстандыру азайса, Кеңес өкіметі, РКП Қазақ автономиялы-территориялық республикасында табысқа солғұрлым тезірек жеткен болар еді», – деген қорытынды жасайды (Қазақстан коммунисі. 1991. №10. 78-79).

Қазақ халқының жанашыры Тимофей Седельниковтың қазақ халқының ұлттық автономия құру жолындағы күресіне көмегі, қазақтың ұлттық зиялы қауым өкілдерін қолдауы және оны шынайы негіздеп, айтқан ұсыныс пікірлері мен жазған еңбектері қазақ халқына «жоғарыдан» қарайтын өлкені билеп-төстеп, еркінсіп қалған шовинистерге ұнаған жоқ. Олар істің мәнін бұрмалап, жала жауып Тимофей Седельниковті айыптап жазған хаттарын жан-жаққа жөнелтіп жатты. Ревком мүшесі В.Мюрет 1920 жылы 14 сәуір күні «Қазақ өлкелік партия органдарына» арнап жазған хатында Тимофей Седельниковті: «…жергілікті коммунистердің бір бөлігі қазақ ұлты құрып барады деп есептейтіндігін нығырлай мәлімдеп, өзінің барлық баяндамаларында қазақ халқын орыс коммунистерінің орынсыз шабуылынан қорғау керек деп айрықша дабырлатып келеді» деп айыптаумен қатар, «партияның беделін түсірді, қазақ шовинистерінің қазақ бұқарасын коммунистерге айдап салуына жол ашты, Седельниковтің сөздерінен көбіне қазақтың шовинистік иісі аңқып тұрғандықтан, оған арнайы партиялық бақылау орнату қажет» деумен барлық партия ұйымдарын оған қарсы шабуылға шығуға шақырады (Қазақстан коммунисі. 1991. №10. 80 б.).

Ревком мүшелері Авдеев, Кулаков дегендер Седельниковті айыптап орталыққа жазған хаттарында мәселені одан әрі күрделендіре түсті. Мәселен, Қазақ өлкелік революциялық комитетінің төрағасы Пестковскийдің (Пестковский бұл уақытта Мәскеуде болатын, – Д.С.), Орталық комитеттің хатшысы Крестинскийдің және БОАК-нің төрағасы Енукидзенің аттарына жолданған хаттарында «бұған дейін де ревкомдағы ауыр ахуалды телеграф арқылы хабарлап айттық, осы мәселе жөнінде кеңірек хабарлама беруді жөн көрдік» деп бастаған олар барлық айтыс-тартыстың негізі Седельниковтің Қырғыз (Қазақ) ұлтшылдарының ресми көсемі болып, коммунистерге қарсы ашық түрдегі шовинистік күресті жүргізіп отырғандығынан дей келе: «…шеткері аймақтардағы шовинистік көңіл-күйдегі орыс коммунистеріне қарсы күресуге шақырды. Осының барлығы ашық түрде жиналыстарда айтылды. Соның салдарынан ұлтшылдар бас көтеріп, оның төңірегіне жиналуда. Олардың осы уақытқа дейін көсемі болмаған болса, Седельниковтің бейнесінде өз көсемдерін тапты. Ол Қырғыздардың (қазақтардың) ұлтшылдық идеологиясының незігін қалады» деп көпірткен болатын (ҚР ПМ. қор-811, т-20. іс-568. пп 90-91).

Сонымен қатар, олар қазақ халқының ғасырлар бойы тапталып келген құқығын қорғап, қазақ халқының басқалармен тең дәрежеде дамуына және ұлттық құқығының сақталуы жолында аянбай күресіп келген қайраткерге қарсы негізсіз жалған айыптауларын тоқтатқан жоқ. 1920 жылы 27 сәуір күні өткен РКП(б) Қазақ өлкелік ұйымдастыру бюросы Президиумының мәжілісінде Тимофей Седельниковтің жеке мәселесін қарап, оған мынадай айыптар тақты: «1. Мейлінше көкезулікке салынған Седельников өзінің барлық сөзінде коммунистерге қарсы қазақтардың ұлтшыл насихатын жүргізіп келген. 2. Партия өкілдері мен жергілікті партия ұйымдарын ұлы орыс шовинизмі дертіне шалдыққан деп айыптап, ұлттар арасына от жағады. Мұның сыртында бірқатар коммунистердің қазақтарды құрып бара жатқан халық деп есептейтіндігін мәлімдейді. 3. Осы мәселеде ол қазақ ұлтшылдары мен Алашорда өкілдерімен бірлесіп, түрліше кеңестерді тұрақты түрде өткізіп, олардың нақты көмегіне сүйенуде. Оның Алашорданың ұлтшыл қазақ тобының басшысы ретіндегі коммунистік ұйымдарға деген көзқарасы анықталып болды» (Қазақстан коммунисі, 1991. №10. 81 б.).

Озық ойлы гуманист, азаттық пен әділдіктен таймаған Тимофей Седельников өзін айыптаған топ өзінің үстінен партиялық бақылау орнатса да, партиялық және жалпы жиналыстарда сөйлеуге тыйым салса да, қазақ халқының мүддесін қорғауын қаймықпай жалғастыра берді. 1920 жылы мамыр айында Лениннің атына жазған хатында тағы да қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығын көтеріп, «қазіргі биліктің «өзін-өзі билеу» жөніндегі түсінігі бұрынғы отаршылдық биліктен еш айырмасы жоқ, тек сыртқы келбетін қызылға айырбастап қойғаны болмаса» деген еді.

1920 жылы маусым айында Тимофей Седельников Қазақстаннан БОАК-нің қарамағына шақырылып алынды. 1921 жылы РКФСР егін шаруашылығы комиссариатында одан кейінгі жылдары жұмысшы-шаруа инспекциясының комиссариатында жұмыс істеді.

Сол кезеңдегі орыстың прогресшіл өкілдерінің алдыңғы қатарлы өкілдерінің бірі, саяси қайраткер, қазақ халқының жанашыры 1930 жылы 26 мамырда қайтыс болды. Қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғап, жанашырлық танытқан орыстың озық ойлы саяси қайраткерін ұлықтау мақсатында көше аттарын беріп, ескерткіш қойып ұлықтау – біздің азаматтық борышымыз.

Досалы САЛҚЫНБЕК,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here