

Серік Шайман 1946 жылы 19 қарашада Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Торғайдағы Ыбырай Алтынсарин мектебінің (1966), Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің түлегі (1972).
1974-1977 жылдары Торғай (Қостанай) облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, лекторлар тобының меңгерушісі; 1977-1979 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Торғай облысындағы меншікті тілшісі; 1979-1997 жылдары Қостанай облыстық «Торғай таңы» газетінің жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары, бас редакторы; 1997-2011 жылдары Қостанай облыстық телерадиокомпаниясы директорының орынбасары, бас редакторы; 2011-2012 жылдары «Жас Өркен – Қостанай» журналының бас редакторы; 2012-2017 жылдары А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика кафедрасының аға оқытушысы қызметтерін атқарды. 2006 жылдан бері республикалық «Қазақ» газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі.
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқытушы болған жылдары аймақтық журналистиканың дамуына өзіндік үлес қосып, бір топ журналистер шоғырын қалыптастырды. Ол «Жылдар мен ойлар» (2008), «Дала демі» (2011), «Іңкәр дүние» (2012), «Торғай толғауы» (2025) кітаптарының авторы.
Серік Әбішұлының отандық журналистикадағы еңбегі мемлекет тарапынан да марапатталды. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының (1989), Қостанай облыстық меценаттар сыйлығының (2008), Бейімбет Майлин атындағы әдеби сыйлығының (2011) лауреаты; ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет грамотасымен наградталды (2001); Қазақстанның Құрметті журналисі (2010); «Халық алғысы» медалінің (2021) және «Еңбек ардагері» төсбелгісінің (2023) иегері атанды.
Құрметті Серік Әбішұлы!
Ағайын-туыстың жанашыры, ат байлар темір қазығы, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған немерелерінің атасы, аяулы жар болып, сексеннің сеңгіріне сергек шыққанның өзі үлкен бақыт. Алда тоқсан жас қол бұлғап тұр. Әрқашан ел-жұртыңызбен, жақындарыңызбен, бала-шағаңызбен сол асудың биігінде жүргейсіз.
Төменде сексеннің сеңгіріне сергек шыққан қалам иесінің әңгімесін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
«Qazaq» газетінің ұжымы
Қоңыр күздегі кездесу
(новелла)
Астанадағы қалалық әкімдіктің Абай көшесі жағындағы жаяу жүргіншілер жолағы. Қарсы келе жатқан екі әйелдің иықтылауы мені көрер көзге соғып өтті. Жалт қарадам, ол да сояудай тістерін ақситып маған қарап ыржиды. Бойшаң денелі екен, арық та емес, толық та емес тарамыстай тартылған шымыр дене.
– Ты что, широкийсің бе? – дедім әдейі жартылай орысша, жартылай қазақша сөйлеп.
– Көзіңе қарамайсың ба? – деді ол.
– Мен жолымды көріп келе жатырмын. Ал, сен телефонға тұмсығыңды тығып алып алдыңдағы адамды басып кете жаздадың ғой!
– Ой, пәлі-ай, алпамсадай еркексің, мен сені қалай басады екем? – деді ол осы сөзге мән бере сөйлеп.
– Қайдан білейін, анау иығыңмен соғуыңа қарағанда… – деп мен де күлдім. Енді оның жанындағы ортадан жоғары бойлы, аршыған жұмыртқадай аққұба әйел әңгімеге араласты.
– Ағай, «Көрмес, түйені де көрмес» демекші, сіз ғой бізді басып кете жаздаған. Өзіңіз сұмдық бір ауыр ойдың үстінде келе жатқандайсыз, – деді ол.
Әйелдің көзіне көзім түсіп еді, ішім шоқ түскендей солқ ете қалды.
«Апырау, мынау таныс көз ғой» деп ойладым. Көзі күліп тұрған сияқты, бірақ бір мұң ба, сағыныш сазы ма, әйтеуір біртүрлі сезім сергелдеңі сезілгендей болды.
– Иә, ой үстінде келе жатқаным рас, – дедім мен ақтала сөйлеп. – Осыдан 30 жылдай бұрын мына ғимараттың жетінші қабатында отырып едім. Көп нәрсе есіме түсіп келе жатқаны ғой.
– Ә, бәсе, ендеше сіз біз ойлаған адамның өзі болып шықтыңыз, – деді ол. – Сіздің есіміңіз Дүйсен болуы керек. Редакцияда жұмыс істедіңіз.
Мен енді екі әйелге жалтақ-жалтақ қарадым. Караған сайын санамдағы көмескі көріністер бой көтеріп, оларды тани түскендей болдым.
– Біз мына жердегі баспаханада жұмыс істедік. Сендер бір жақтан келіп съездің материалдарын көшіріп бастыңдар – деді ұзынтұра қара әйел. – Мен Бақытжамалмын, ал мынау Бәтес, өзің көңілдес болған…
«Қайдағы Бәтес?! Мынау екеуі де тұрмыс тауқыметінен ыңыршағы айналып мылжа-мылжасы шыққан кемпір емес пе? Бәтес қайда, бұл қайда?» – деп ойладым. Екінші бір ойым: «Өзіңе қарасаңшы, шашың әппақ қудай көзіңнің асты талаурап тұр, ірік-ірік етеді. Бетіңдегі әжімдер егістік жерді парша-парша еткен солдат мінген машинаның ізіндей».
Қара қатын нахалдау екен:
– Ей, Дүйсен! Шынымен бізді танымай тұрсың ба? Әлде әдейі танымаған сыңай танытпақпысың? Санаңды жаңғырт, көзіңді аш, – деп арс-арс етті.
Мынау әйел маған пәле болып жабысты. Сөзі мірдің оғындай. Амалым таусылып:
– Отырайықшы, тұрып сөйлесе береміз бе? – дедім.
Сөйтіп жақын тұрған бір орындыққа жайғастық, қара қатын қалтасынан темекісін алып, бұрқыратып сора бастады.
Иә, бұл баяғы Бақытжамалдың өзі болса керек. Қалада туып, асфальтта өскен безбүйрек, ә десең, мә дейтін кәдімгі бетпақ, зауза қоңыздай қыздардың бірі.
Әліде бірдеңені еске түсіру үшін жақын жердегі балмұздақ дүңгіршегіне жүгіріп барып үш қорап алдым.
– Баяғы әдетің қалмапты ғой. Енді бізге гүл әкелуің ғана жетпей тұр, – деп қара қатын тағы түйреп өтті. Жанындағы әйелге қарап едім, оның көзі нұрланып күлім қағады. Маған біртүрлі елжірей қарайтын сияқты. Осы бір көзқарас менің санамдағы тот басып қалған елестерді қайта жаңғыртты.
Ерейментау, газет. Брежневтің съезде сөйлеген сөзі төрт бет. Оған бүкіл есеп-қисабын, сөйлеушілердің сөзін қосқанда газет алты бет болып шықпақшы. Біздің жаман баспаханамыздың қуаты жетпейді. Басшылық газетті Целиноградта бастырайық деп шешті. Мен жауапты хатшымын, Бас редактордың бірінші орынбасары екеуміз тағы бір үш қызметкерді ертіп облыс орталығына келдік. Съезд басталып кетті. Бас хатшы әдеттегідей көпіртіп сөйледі, айтпақшы сөйлемейді, біреудің жазып бергенін оқиды. Оның өзінде қақалып-шашалып, икемге келмейтін жағы кейде қарысып қалып жататын. Орыс редакциясы рахат, телетайптан түскен материалды бірден баспаханаға теруге жібереді. Біз орысша баяндаманы Алматыда ҚазТАГ аударып бергенше сарғайып, түн жамылып отырамыз. Мен ол кезде отыз екідегі қыз таңдап, үйленбей жүрген сұрбойдақпын. Баспахана толы қыз-келіншек, әр ұлттың өкілі бар. Солардың арасынан осы Бәтес көзіме жылыұшырай кетті. Құралай көз, құмырсқа бел, кеудесі де, бөксесі де шығыңқы. Аяғы түп-түзу, бойшаң, бөксесін сәл бұраңдатып, ойнақтай басып бара жатқанда көз сүрінеді. Мінезі ашық, ибалы, иманды адам сияқты. Менің қыз таңдаудағы өлшемдеріме тура келіп тұр. Жасы жиырма төртте. Жұмыс бабымен жүріп оп-оңай танысып кеттік.
Арада бірталай уақыт өткен соң, қонақ үйдегі бөлмеме алып келдім. Енді шешіне бергенімізде ол мені құшақтап тұрып, құлағыма «мен қыз емеспін» деп сыбыр ете қалды. Мен ештеңе аңғара алмай, мең-зең қалыпта бір сәт тұрып қалдым. «Бұл сөзді неге айтты? Менің өмір көрген сақа жігіт екенімді білген қыз бәрібір біледі ғой. Одан да шындықты өзім айтайын деді ме екен», – деп ойладым. Бірақ, аласұрған сезім қуаты оны елете ме? Біз құшақтасқан қалыпта төсекке құлай кеттік…
Жоғарыда айтылған сөздің мәнісін сол күні ол өзі былай деп баяндап берді:
– Оныншы сыныпты бітіріп жатқан кезіміз. Біздің қалада ол кезде қазақ мектебі болмады. Мен орысша оқыдым, бүкіл тәрбием де, өмірге көзқарасым да орысша болды, – деп бастады Бәтес әңгімесін. – Сол кезде мектеп бітірушілердің бір үйге жиналып, сауық құратын салты болды. Пәтер жалдап аламыз, болмаса ата-аналары дачаға кеткен үйге жиналамыз. Сол күнгі бас қосуымыз ерекше көңілді болды. Қолға түсе бермейтін жаңа әндер жазылған пластинкалар табылып, есімізден танғанша биледік. Ол кезде «Портвейн-ІІ», «Портвейн-12» деген винолар болатын, соның үш-төртеуін босаттық. Ұлдар да, қыздар да масаң тартып далаға шығып кетті. Мен басым ауырып, бөлек бір бөлмеде жатқанмын, қайдан келгенін білмеймін Андрей деген сыныптас ұл жып етіп менің жаныма жатып алды. Күнде көріп, ойнап-күліп жүрген ұл ғой, онша қысыла қойғаным жоқ. Көрпемді тұйықтап, оранып алғанмын. Ол мас болып қалған сияқты.
– Валя, білесің бе? Мен саған 8 сыныптан бері ғашықпын, – деп қояды. Сол кездегі дәстүр бойынша қазақ қыздың да, ұлдың да атын орысша айтатын. Мінайдар деген жалғыз ұл болды. Оны елдің бәрі Миша дейтін.
– Әй, Андрей, – дедім мен оған, – қайдағы ғашықтықты айтып жатсың? Сен орыс, мен қазақ емеспін бе? Одан да бұл сөздеріңді анау Светаға айт. Өзі қандай сұлу десеңші! Сен де оны жек көрмейсің.
– Жек көрмейтінім рас, бірақ ол тарпаң тай сияқты. Алдына барсаң – тістейді, артынан ерсең – тебеді. Дикарка! Сенің мінезің жібектей, әрі әдемісің, – деді ол.
– Сонда сен не, Ромео, мені мінезім жұмсақ болғаны үшін ұнатасың ба? Әлде «айтқаныма көне береді ғой» деп ойлайсың ба? Білесің бе, біздің менталитет қандай қатал?! Әке-шешем өліп бара жатса да мені саған бермейді, – дедім мен.
– Сендерде алып қашу салты бар ғой, мен сені алып қашамын, – деді ол.
– Қай жаққа апармақшысың сонда?
– Павлодарда маманың туыстары тұрады, сонда апарамын.
– Мынау тұрған Павлодар ма? Біздің жақтың қуғыншылары лезде жетіп барады ғой онда. Және жай емес, милициямен барады, Андрей! Басына бәле тілеп нең бар?
Мен оның мұрнын екі саусағымен қысып-қысып жібердім. Ол мені сүйгісі келіп ұмтыла түсті, ерніміз абайсызда жабысып қалды. 16-17 жаста ғана болатын ыстық сүйістің уыты бойымды бұлағаны сондай мен не болып, не қойғанын білмей қалдым. Ол жауырыны қақпақтай, мығым ұл еді. Мені қаспен, көздің арасында бүріп тастады. Масаңдығым ба, мен де жөндеп қарсыласа алмадым… Соңынан ал келіп жылайын, ағыл-тегіл.
– Құрттың, бүлдірдің бәрін. Мен енді кімге керекпін! Зорладың, соттатам сені, – деп қоямын. Андрей мені құшақтап ол да жылап отыр.
– Жылама, Валя мен саған үйленемін, – дейді.
– Cен бұл сөзді мен милицияға шағым береді, – деп қорыққаннан айтып жатырсың ғой, – дедім әлі де өксігімді баса алмай.
– Жоқ, Валя мен сені шын сүйемін, – деді ол көзі жасаурап…
Осыдан соң Бәтес үндемей ұзақ жатты. Мен де ішкі эмоциясын тисын деп ештеңе айтпадым. Үріп ауызға салғандай әдемі қыз, құшағымда жатыр, отбасын құруға болатындай-ақ қыз…
– Содан соң не болды? – дедім мен ұзақ үнсіздікті бұзып.
– Не болушы еді, институттың 3-курсында оқып жүргенімде менің әкеме келді, үйленгісі келетінін айтты. Әкемнің сегіз өрім дыраудай қамшысы болатын, Андрейді арқасынан екі рет осып өтті, «енді қайтып, менің қызыма жолама» деп үйден қуып шықты.
– Маған мас болып құлап жатса да, босағамда ит болып үрсе де қазаққа шығасың, енді қайтып орыс-морысыңды көрсетпе! – деді.
Қызға қатты жаным ашып кетті, аядым. Үйленсем бе екен деп те ойласып жүрдім. Бірақ, «оның бетің басқа біреу ашты ғой» деген бір түйін ой менің санамда тас болып қатып қалды. Қанша тырыссам да, соны жеңе алмадым. Енді тағдырдың тәлкегін қарашы? Қаншама жылдан кейін кездесіп тұрмыз. Әңгімеміз онша жараспады, қоштасарда ол:
– Бала-шағаң бар шығар? – деді.
– Шүкір, бар, немерелерім де азамат болып қалды, – дедім мен, «Ал, өзіңше?» деген сауал көкейімде тұрса да айта алмадым.
– Мен сол соқа басым күйінде қалдым, – деді ол дауысы құмығып. – Саған зор үміт артып едім. Тіпті, шын қөңіліммен сүйдім десем де болады. Қайырып бір соғар-ау деп қаншама күттім десеңші! Жұмыс орныңа да іздеп бардым. Сен дүниенің басқа бір түкпіріне кетіп отырыпсың. Сөйтіп жоғалып кетті ғой, ғайып болып, әйтпегенде мен сенің әйелің болатын едім!
Бұл сөзді ызғар қосып, азалы үнмен айтты.
– Рақмет, – дедім мен. – Рақмет! Кінә менен… Кешір?!
«Әттеген-ай, өзімді шын сүйген әйелді кезінде бағалай алмағанымды қарашы» деген бір ауыр ой жан дүниемді оттай шарпып өтті…
Сол сәтте «Мәселенің басқа жағы ше?!» деген баяғы ескі шешімім босағадан сығырая қарап: «Дүниені тап-таза күйінде көргің келетін морализм-ай, мынау өмірден іздегеніңді таптың ба?» деп күліп тұрған сияқты көрінді.











