Адамның ғұмыры жылдармен өлшенгенімен, оның өмір жолына берілетін баға елге сіңірген еңбегімен айқындалады. Бірі өз биігін жеке жетістігімен танытса, енді бірі туған жердің өркендеуіне үлес қосып, халықтың сенімін ақтауды өмірлік мұратына айналдырады. Мұндай жолда жылдар тәжірибеге, тәжірибе тағылымға, ал атқарылған еңбек азаматтың өмірлік шежіресіне айналады. Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Күнесбайұлының мемлекеттік қызметтегі 35 жылға жуық еңбек жолы ел басқару ісінің жауапкершілігін терең сезініп, туған өлкенің тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан ғұмыр белесі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауылдардың ахуалы, халықтың талап-тілегі мен ел болашағы – ұзақ жылғы қызметінің өзегіне айналған мәселелер. Зейнет демалысына қадам басар тұста өткенге көз жүгіртіп, атқарылған істі саралау, өмірлік тәжірибені кейінгі буынмен бөлісу азаматтық жолдың мәнін аша түсетін сәт. Біз Кеңес Күнесбайұлымен болған сұхбатта оның еңбек жолы мен өмірлік ұстанымын, туған жердің бүгінгі тынысын, отбасы құндылықтарын және мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін сөз еттік. Сондай-ақ, өміріне бағыт берген ұстаздары мен ағаларының өнегесіне тоқталып, ел ісіне енді араласып жүрген жастарға айтар аманатын сұрадық.

Қызметтің биігі – халықтың сенімі
– Әңгімемізді балалық шағыңыздан бастасақ. Қай жерде дүниеге келдіңіз? Туған жеріңіз бен өскен ортаңыз азаматтық болмысыңыздың қалыптасуына қалай әсер етті?
– Мен 1963 жылғы 9 қазанда Жылысай ауылында дүниеге келдім. Қарапайым малшының отбасында тәрбиеленіп, ауыл өмірінің тыныс-тіршілігін көріп өстім. М. Горький атындағы орта мектепте білім алдым. Бала кезден бойыма сіңген қазақы тәрбие, ата-анамның өнегесі мен ауыл ортасының тағылымы өмірлік ұстанымдарымның қалыптасуына негіз болды. Адамның азамат болып қалыптасуы ең алдымен отбасынан басталады деп ойлаймын. Ата-ананың берген тәрбиесі, үлкендердің өнегелі сөзі, күнделікті еңбектің қадірін түсіну тұлға болмысына ықпал ететін басты құндылықтар. Біз өскен ортада адал еңбек етуге, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуге, уәдеге берік болып, адамдық қасиетті бәрінен жоғары қоюға ерекше мән берілетін. Ауылдың қарапайым тіршілігі де маған көп нәрсе үйретті. Еңбектің қадірін ұғындырды, төзімділікке баулыды, елмен етене болудың маңызын көрсетті. Бүгінде қандай қызмет атқарсам да, сол бала күнгі тәрбиені, туған жерден алған тағылымды өмірімнің темірқазығы санаймын. Өйткені адамның қай салада жүрсе де, адамдық болмысы мен азаматтық ұстанымына негіз болатын құндылықтар – отбасынан дарыған тәрбие мен өскен ортаның өнегесі.


Отбасы – өмірдің тірегі, көңілдің медеті
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз. Сіз үшін отбасының орны мен қадір-қасиеті неде?
– Мен үшін отбасы – өмірдің мәні, көңілдің медеті, қай кезде де сүйеніш болатын ең қымбат құндылық. Адамның қызметтегі жетістігі мен қоғам алдындағы абыройы өз алдына, ал шаңырағының шаттығы мен жақындарының амандығынан асқан бақыт жоқ деп білемін. Жұбайым Бану екеуміз өмір жолын бірге жүріп өтіп, үш ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде солардың қызығын көріп, немере сүйіп отырған жайымыз бар. Ұрпағыңның өсіп-өніп, өз алдына шаңырақ көтеріп, өмірден өз орнын тапқанын көру – ата-ана үшін өлшеусіз қуаныш. Мұндай бақытты ешбір дүниемен салыстыруға келмейді.Отбасының қадірі – бір шаңырақ астында өмір сүрумен ғана өлшенбейді. Ол – өзара сыйластықта, түсіністікте, қиындықта бір-біріне демеу болып, қуанышты бірге бөлісе білуде.
Отбасы адамға күш береді, жігерін жанып, алға ұмтылуына себеп болады. Қызмет жолында түрлі жауапкершілікті арқалап, талай міндетті атқарған сәттерде де жанұяңның қолдауы мен жақындарыңның сенімі ерекше демеу болады. Меніңше, адам өмірінің шынайы байлығы – артында қалған атақ-дәрежесі ғана емес, тәрбиелеп өсірген ұрпағы, сыйлаған жары, амандығын тілеп отыратын жақындары. Сондықтан отбасының тыныштығын сақтап, балаға өнегелі тәрбие беру, ұрпаққа ізгілік пен адамгершіліктің мәнін ұғындыру әрбір ата-ананың ең маңызды міндеті. Біздің бар тілегіміз балаларымыздың амандығы, немерелеріміздің қуанышы, шаңырағымыздың берекесі. Осыдан артық бақыт бар деп ойламаймын.
– Мемлекеттік қызмет – үлкен жауапкершілікті, табандылықты және ел алдындағы адалдықты талап ететін жол. Сіз талай жылдан бері Кеген ауданының әкімдік жүйесінде еңбек етіп, ел басқару ісінің түрлі кезеңдерінен өттіңіз. Өткен жолыңызға көз жүгірткенде, мемлекеттік қызметтің сізге үйреткен ең басты сабағы қандай?
– Мемлекеттік қызметте 35 жылға жуық еңбек ету мен үшін үлкен өмірлік мектеп. Осы уақыт аралығында ел басқару ісінің қыр-сырын меңгеріп, ауданның тыныс-тіршілігімен етене таныстым. Қоғамның өзгеру кезеңдерін бастан өткеріп, жергілікті басқару жүйесінің ерекшеліктерін іс жүзінде таныдым. Соның бәрі адамды тәжірибе жинақтауға, байыппен ой түюге және әрбір шешімге салмақпен қарауға үйретеді. Мемлекеттік қызметтің маған берген ең басты тағылымы – жауапкершілік пен адалдықтың ажырамас ұғымдар екені. Себебі мемлекеттік басқаруда қабылданған әрбір шешімнің ар жағында белгілі бір мәселе, елдің мүддесі, халықтың тұрмыс-тіршілігі тұрады. Әсіресе, аудан деңгейіндегі қызметте тұрғындардың күнделікті өміріне қатысты мәселелермен бетпе-бет келесің. Ауылдардың жағдайы, әлеуметтік нысандардың жұмысы, инфрақұрылымның дамуы, халықтың өтініш-тілегі – мұның бәрі ұдайы назар аударуды қажет етеді. Сондықтан қандай міндет жүктелсе де, оны орындауға жауапкершілікпен қарап, мәселенің мәніне терең үңілу маңызды. Менің пайымдауымша, мемлекеттік қызметкердің кәсіби біліктілігі оның атқарған жұмысымен ғана емес, қабылдаған шешімінің негізділігімен, халықпен қарым-қатынасымен және сенімге қаншалықты адал болғанымен бағаланады. Қызмет барысында кез келген мәселені жан-жақты зерделеп, қолданыстағы заңнама талаптарын басшылыққа алып, елдің мүддесін ескеру қажет. Осы жылдар ішінде бір нәрсеге көзім жетті: елдің сенімі бір күнде қалыптаспайды. Ол күнделікті еңбектің, әділ шешімнің, ашық қарым-қатынастың және берген уәдеге беріктіктің нәтижесінде орнығады. Сондықтан мемлекеттік қызметте жеке бастың мүддесінен бұрын қоғамдық мүддені қою, әрбір іске адамгершілік тұрғысынан қарау басты қағида болуы керек. Енді еңбек жолыма қорытынды жасайтын кезеңге келгенде, ең алдымен, елге қызмет етудің маңызын тереңірек сезінемін. Атқарған жұмысыңның мәні лауазымыңның деңгейінде емес, сол қызмет арқылы елге қаншалықты пайдаң тигенінде. Мен үшін мемлекеттік қызметтің басты өлшемі де, жылдар бойы ұстанған өмірлік қағидам да осы.
Еңбектің бағасы – елдің ықыласы
– Әкімдік қызметтің сырт көзге көріне бермейтін жауапкершілігі мен қиындығы аз емес. Қызмет жолыңызда сізге ерекше ой салған, қиындыққа қарамастан алға ұмтылуға жігер берген қандай оқиғалар болды?
– Мемлекеттік қызметтің өзіндік ерекшелігі сол – оның нәтижесі халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен өлшенеді. Кейде сырт көзге шағын ғана мәселе болып көрінген жағдайдың өзі белгілі бір отбасы немесе тұтас бір ауыл үшін аса маңызды болуы мүмкін. Сондықтан жергілікті басқару жүйесінде әрбір өтініштің астарындағы мәселені түсініп, оның шешілу жолдарын қарастыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қызмет барысында түрлі қиындықтарға кезігесің. Бір мәселенің шешімі жедел табылса, енді біріне уақыт, жан-жақты зерделеу, бірнеше мекеменің үйлесімді жұмысы қажет болады. Мұндайда асығыс шешім қабылдаудан гөрі, жағдайды байыппен бағалап, заң талаптары мен нақты мүмкіндіктерді ескере отырып әрекет ету маңызды. Маған осындай сәттерде күш беретін нәрсе атқарылып жатқан жұмыстың ел игілігіне бағытталғанын сезіну. Тұрғындардың мәселесі шешіліп, ауылдың жағдайы жақсарып, қолға алынған істің нақты нәтижесі көрінгенде, еңбегіңнің мәнін терең түсінесің. Халықтың ризашылығы да осындай нақты істерден туындайды деп ойлаймын. Дегенмен, мемлекеттік қызметкердің міндеті тек алғыс естумен шектелмейді. Кейде мүмкіндіктің шектеулі екенін түсіндіріп, мәселенің шешілу мерзімін нақтылауға немесе басқа жолын қарастыруға тура келеді. Ең бастысы – халықпен ашық сөйлесіп, әрбір өтінішке немқұрайды қарамау. Меніңше, ел басқарудағы маңызды қасиеттердің бірі – сабыр мен табандылық. Қандай жағдайда да мәселенің байыбына бару, ортақ шешімге келуге ұмтылу және бастаған істі нәтижесіне дейін жеткізу қажет. Ұзақ жылғы қызметімде түйгенім халықтың сенімі үлкен міндет жүктейді. Сол сенімге лайық болу үшін күн сайын адал еңбек етіп, елдің мұң-мұқтажын ортақ жауапкершілік ретінде қабылдау керек. Мен үшін қиындыққа қарамастан алға ұмтылудың мәні де осында: қызметтің шынайы бағасы айтылған сөзден емес, ел игілігіне айналған істен көрінеді.
– Адамның азаматтық болмысы мен кәсіби қалыптасуына айналасындағы ортасы, тәлімін алған ұстаздары мен өнегесін көрген тұлғаларының ықпалы зор. Ұзақ жылғы еңбек жолыңызда Сізге бағыт-бағдар беріп, өмірлік ұстанымыңызға әсер еткен, үлгі тұтатын азаматтар кімдер?
– Адамның қалыптасуы үздіксіз жүретін үдеріс. Өмір бойы біреуден тәлім алып, біреудің өнегесінен ой түйіп отырасың. Меніңше, кісінің кемелденуі айналасындағы адамдардың қадір-қасиетін танып, жақсысынан үйреніп, көргенінен қорытынды жасай білуімен де өлшенеді. Ең алдымен, мектептегі ұстазым әрі сынып жетекшім, кейін әріптесім болған Тергеусізова Жаңалша апайымды ерекше құрметпен еске аламын. Ұстаздың шәкірт жүрегіне сіңірген тәлімі жылдар өткен сайын терең мәнге ие болады екен. Жаңалша апайымның берген білімі, адамдық болмысы мен өмірлік өнегесі мен үшін әрдайым қымбат. Ұстаз бен шәкірт арасындағы сыйластықтың уақыт өте келе әріптестік қарым-қатынасқа ұласуы да мен үшін орны бөлек өмірлік сабақ болды.
Мемлекеттік қызмет жолында да тәжірибесімен бөлісіп, ой-өрісімнің кеңеюіне ықпал еткен ағаларым аз емес. Солардың қатарында Райымбек ауданының бұрынғы әкімі Байғожа Нұрғожаевты, аудан әкімінің бұрынғы орынбасары Тоқмолдаев Бағашарды және мемлекет және қоғам қайраткері Босатқан Ұлдарбековті айрықша атап өтер едім. Олардың ел басқару ісіндегі тәжірибесі, жауапкершілікке көзқарасы мен азаматтық ұстанымы маған көп нәрсе үйретті. Мемлекеттік қызметтің мәні тек ұйымдастырушылық қабілетпен шектелмейтінін, оның ар жағында ел алдындағы міндет пен халыққа деген жанашырлық тұратынын осындай азаматтардың өнегесінен ұғындым. Сонымен қатар, руханият пен өнер әлемінде де қадір тұтатын тұлғаларым бар. Режиссер, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері Нұрқанат Жақыпбайдың шығармашылық ізденісі мен өнерге деген адалдығы, ал сазгер, мәдениет саласының қайраткері, өзіме өмірде аға тұтатын Жақсылық Әбдірамановтың өнерпаздық болмысы мен адамдық қасиеттері маған ерекше әсер етті. Өнер адамдарының өміріне жақын болу дүниеге кеңірек көзқараспен қарауға, рухани құндылықтардың қадірін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Әрине, әр адамның болмысы әртүрлі, әрқайсысының өмірлік тәжірибесі де өзінше құнды. Бірі еңбексүйгіштікке баулыса, енді бірі сабыр мен парасаттың маңызын ұғындырады. Өмір жолымда жолыққан ұстаздарым мен ағаларымның тәлімін бағалайтыным да сондықтан. Олардың әрқайсысынан алған рухани сабақтарым мен үшін уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін өмірлік қазына.
Халық сенімі – қызметтің басты өлшемі
– Кеген ауданы – тарихы терең, табиғаты көркем, елдік дәстүрі берік қасиетті мекен. Осы өңірдің тыныс-тіршілігімен етене таныс, дамуына ұзақ жылдар бойы үлес қосып келе жатқан азамат ретінде ауданның бүгінгі даму қарқынына қандай баға бересіз?
– Кеген ауданының дамуын сөз еткенде, ең алдымен, оның табиғи әлеуеті мен тарихи тамырына, ең бастысы, туған жердің тағдырына бейжай қарамайтын еңбекқор халқына тоқталуымыз керек. Хантәңірінің баурайында орналасқан, шежірелі тарихы мен бай рухани мұрасы бар бұл өлкенің мүмкіндігі мол. Сол мүмкіндікті ел игілігіне жарату, ауданның әлеуетін арттырып, ауылдардың өркендеуіне жол ашу – ортақ міндетіміз. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, елді мекендердің тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жұмыстардың маңызы зор. Өңірдің келешегі инфрақұрылымды жетілдірумен ғана шектелмейді. Ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу, экономикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және жастардың туған жерінде тұрақтап, еңбек етуіне жағдай қалыптастыру да айрықша назарды қажет етеді.
Әрине, кез келген өңірдің даму жолында шешімін күткен мәселелер мен жүзеге асыруды қажет ететін міндеттер болады. Кеген ауданы да бұдан тыс емес. Маңыздысы – бар мүмкіндікті дұрыс бағалап, басым бағыттарды айқындап, қолға алынған жұмысты жүйелі жалғастыру. Мұндай істе жергілікті басқару органдарының жауапкершілігімен қатар, тұрғындардың белсенділігі мен елге деген жанашырлығы да үлкен рөл атқарады. Мен туған өлкенің болашағын ел бірлігімен, еңбектің берекесімен және ұрпақтар сабақтастығымен байланыстырамын. Кегеннің табиғи байлығын, тарихи-мәдени мұрасын сақтай отырып, оны келер буынға көркейген күйде табыстау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Туған жердің қадірін білу оны жақсы көрумен ғана өлшенбейді, оның дамуына нақты үлес қосумен бағаланады. Өңірдің өркендеуі ортақ мақсат жолындағы үздіксіз еңбектің жемісі. Сондықтан Кегеннің келешегі үшін атқарылатын әрбір игілікті істің түпкі мақсаты халықтың тұрмысын жақсартуға, ауылдардың әлеуетін арттыруға және жас ұрпаққа мүмкіндігі мол мекен қалдыруға бағытталуы керек. Біздің басты мұратымыз да – осы.
– Ұзақ жылғы еңбек жолыңыздың бір белесіне қорытынды жасап, зейнет демалысына қадам басқалы отырсыз. Артыңызға көз салғанда, атқарған қызметіңізге қандай баға берер едіңіз? Мемлекеттік қызметке енді келген жас мамандарға қандай ақыл-кеңес айтып, қандай қасиеттерді аманаттар едіңіз?
– Адам өмірінде өткен жолына ой жүгіртіп, атқарған ісіне есеп беретін кезеңдер болады. Мен үшін осындай сәтте ең алдымен елге қызмет еткен жылдарым, сол жолда кездескен азаматтар, бірге еңбек еткен әріптестерім және атқарылған жұмыстар еске түседі. Мемлекеттік қызметте 35 жылға жуық уақыт еңбек ету аз мерзім емес. Бұл жылдар маған тәжірибе жинақтап қана қоймай, өмірді тереңірек түсінуді, әр іске байыппен қарауды, адаммен қарым-қатынаста сабыр мен парасатты сақтауды үйретті.
Әрине, қандай қызмет атқарғаныңа бағаны өзің емес, ел береді. Сондықтан өткен жолыма баға бергенде, белгілі бір лауазымды иеленгенімді емес, сол қызмет арқылы туған өлкенің дамуына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қаншалықты үлес қоса алғанымды маңызды санаймын. Мінсіз атқарылған жұмыс болды деп кесіп айту қиын. Уақыт талабына сай шешімін күткен мәселелер де, алда жалғасын табуы тиіс міндеттер де әрдайым болады. Ең бастысы жүктелген жауапкершілікті сезініп, өз міндетіңді адал атқаруға ұмтылу. Мен осы ұстанымнан айнымауға тырыстым.
Ал, мемлекеттік қызметке жаңадан келген жастарға айтарым ең алдымен, білімге ұмтылып, ізденуден жалықпау керек. Заман өзгерген сайын басқару тәсілдері де жаңарып, қоғамның талабы арта түседі. Сондықтан кәсіби біліктілікті үнемі жетілдіріп, заңнаманы терең меңгеріп, тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесін тыңдай білу қажет. Кез келген тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, мәселенің мәнін түсінуге және оның тиімді шешімін табуға дағдыланған жөн.
Сонымен бірге қызметтік білім мен тәжірибенің өзі жеткіліксіз. Мемлекеттік қызметкерге адамгершілік, әділдік, сабыр, қарапайымдылық және халықпен тіл табыса білу қасиеттері де қажет. Тұрғындардың өтінішін мұқият тыңдап, әр адамның мәселесіне құрметпен қарау қызметтік міндет қана емес, азаматтық мәдениеттің белгісі. Қандай биікке көтерілсе де, адам өз болмысын жоғалтпай, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, айналасына адал қарым-қатынас таныта білуі керек. Жастарға айрықша айтқым келетіні қызметте өсуге ұмтылған дұрыс, бірақ мансапты мақсаттың өзіне айналдыруға болмайды. Лауазым уақытша, ал адамның ел алдындағы еңбегі мен азаматтық беделі ұзақ сақталады. Сондықтан әрбір істің нәтижесіне мән беріп, берген уәдеңе берік болуға, бастаған жұмысыңды соңына дейін жеткізуге ұмтылу қажет.
Жастардың өсіп, тәжірибе жинап, ел ісіне араласқанын көру – аға буын үшін үлкен қуаныш. Олардың арасынан білімді, парасатты, ел мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қоя білетін азаматтар көп шықса екен деймін. Қызметтің шынайы абыройы атақпен де, лауазыммен де өлшенбейді. Ол – халықтың сеніміне селкеу түсірмеу, туған жерге пайдаңды тигізу және өзіңнен кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық із қалдыру. Мен үшін елге қызмет етудің мәні де, өмірлік ұстанымымның түйіні де осы.
– Кеңес Күнесбайұлы, әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ












