Бішкекте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылады

0
1601

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған делегация арнайы жұмыс сапарымен Қырғыз Республикасына барды. Сапар аясында Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық Кеңесінің 9-шы отырысы өтті. Отырыста екіжақты қарым-қатынас бағыттары талқыланып, Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалын ашу жөнінде келіссөздер жүргізілді.

Іссапар барысында білім ордасының басшысы Жансейіт Қансейітұлы Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Жылдыз Бақашова, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Болотбек Купешевпен кездесулер өткізді. Кездесуге Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев та қатысып, тараптар қос елдің жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тараптар білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту әрі нығайту мақсатында ҚазҰУ мен Қырғыз Республикасының ЖОО арасындағы әріптестікті жандандыру, екі ел аумағында өткізілетін конференция, симпозиум, семинар, дөңгелек үстелдерге ЖОО оқытушы-профессорлық құрам мен ғылыми қызметкерлерді тарту, академиялық ұтқырлық шеңберінде қос елдің ЖОО арасында дәріс өткізу және білім беру бағдарламаларымен алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.  

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Ж.Түймебаев Қырғыз Республикасының жетекші жоғары оқу орындары Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті және К.Қарасаев атындағы Бішкек мемлекеттік университетінде болып, аталған оқу орындары мен ҚазҰУ арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, ректор Бішкек әкімінің м.а Бақтыбек Құдайбергеновпен кездесіп, сапар соңында халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Бішкекте ашылған Абай атындағы Қырғыз-қазақ мәдени орталығында болды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here